Ұлттық құндылықтарды оқытуда интербелсенді әдістерді тиімді қолдану
Қазақ халқы ұрпақтың саналы да білімді азамат болып дамуын, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мәдениет құндылықтары арқылы жүзеге асырып, тәрбиелеп келеді. Ежелден қазақ қоғамы өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтап қалуға аса мән беріп келген. Ұлттық салт - дәстүрлерді елдің бірлігін қамтамасыз ететін берік қағидалар ретінде ұстанған. Ол құндылықтардың негізі – халқымыздың әдеби, мәдени, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклоры. Халқымыздың көптеген мақал - мәтелдерінің мәнділігі мен мазмұндылығы аса құнды қазына болып табылады. Оқушылардың бойында патриоттық сезімді оятатын батырлар жыры да бай құндылықтарымыздың қатарынан табылады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» сөзбен шешкен ата - бабаларымыз өз ұрпағына тәлім боларлық асыл мұраларды ұрпақтан - ұраққа жеткізіп келеді.
Ұлттық құндылықтарды оқыту үрдісіне енгізу арқылы халқымыздың асыл мұралық рухани байлығымен өсіп келе жатқан ұрпағымызды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылыққа, отаншылдыққа баулимыз. Халқымыздың қастерлеуге, жаңғыртуға тұрарлық ұлттық мәдени құндылықтары туралы мәнді де мазмұнды ойларын халықтың игілігіне қолдана отырып, жас ұрпақты, елімізге ие болатын азаматтарды оқыту мен тәрбиелеуде қолдануымыз қажет. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан - жақты дамытуға қолайлы, шығармашылық оқу әрекетін қалыптастырып, өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеміз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқушы бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді қалыптастырудың басты құралы болып табылады. Ана тілін оқып - үйрену арқылы олар Қазақстанның мәртебесін көтеруге және туған халқының өткені мен бүгіні, болашағы жайлы мағлұматтар ала отырып, танымдық, тәрбиелік, білім - дағдыларды үйренеді. Оқушыларға сабақ барысында мақал - мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр жаттатып, ертегілерді мәнерімен баяндауға үйретіп, рухани құндылықты бойына сіңіре білуіміз қажет. Жастайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген бала ешқашан ұлттық келбетін жоймайды.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда қолданылатын шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында оқушылар өздері іздене отырып, тілге деген құрметі артады, әр тақырыптың мәнін ашып, талдайды. Сабақ барысында оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастырудың да маңызы өте зор. Өйткені сол арқылы оқушылардың белсенділігі, іс - әрекетінің дербестігі артады. Өзіндік жұмыстарға мұғалімнің тапсырмасы бойынша жоспар жасау арқылы істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалау арқылы орындайтын жұмыстарды жатқызуға болады. Сонымен қатар оқушылардың өзіндік жұмысының түріне олардың өз еркімен жаңа амал - тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары да жатады.
Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біздің қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішінде орын - орынына дұрыстап қоя білуді айтамыз» деген пікірінде қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері толықтай қамтылған. [1; 3]
Ұстаз – сабақтағы басты тұлға. Ол оқушының білім алу дағдысы мен іскерлігін қалыптастырады. Сабақта түрлі оқыту әдістерін алмастыра пайдаланып, оқушының танымдық әрекетіне мақсат қоя отырып басшылық етеді. Сондықтан оқыту үрдісінде ұстаздар сабақтарында тиімді әдіс - тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыларды сапалы білім алуға баулиды. Қоғамдық сананы жаңғырту – оқытудың жаңаша тәсілдерін қолдану, білім беруді ақпараттандыру.
Интербелсенді оқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы:
1) барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау;
2) әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін
ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғануына мүмкіндік жасау;
Интербелсенді оқу/оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанады. Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу/үйренудің) мазмұны мен қорытынды нәтижесінде өзі үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, түсінігімен алмасады, жоғары нәтижеге (білімге) қалай жете алатындығын анықтайды. Мұндай қарым - қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін - бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау атмоферасында өтіп, жаңа білім игеруге жағдай жасайды. [2; 3]
Осы интербелсенді оқытуда оқушылардың барлығын сабаққа белсенді араласуға, білімін ортаға салып талқылау, өз ойларын талдау, пікірталас және өз пікірін дәлелдеу негізінде ұйымдастыруға болады. Сонда ғана басқалармен өз білгенін бөлісу арқылы жаңа білім алуға ынталанады.
Сабақ барысында мәтінмен жұмыс жасағанда: оқушылар мәнерлеп оқиды, түсініксіз сөздермен жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде олар шығармашылық жұмыспен айналысады, бұл түртіп алу, ойлану, диалог құру, интербелсенді әдістерді қолдану.
Білімді игеру үшін оқушы еңбектенуі керек, үйренуге ұмтылып, білуге ынталануы қажет. Өзін білімді боламын деп сезінген оқушы оқығанын есінде сақтап, түсінеді және қолданып, талдау жасап, бағалай білетін болады. Оқушы оқу үрдісінде өзін басты тұлға ретінде сезініп қана үйренеді.
Біздің пәніміз оқушыға рухани азық беретін пән. Сабақта қандай тәсіл қолдансақ та ең маңыздысы ұлттық мәдени құндылықты беруде бағыт - бағдарымыз дұрыс болу керек. Егер сабақта қандайда бір жаңалық болса, оқушы да қызығушылықпен тыңдайды. Сабаққа қызықтырып, жаңа әдіс - тәсілдер, ойсергектер, топқа бөлу сияқты тәсілдерді қолдану өте тиімді. Ал интербелсенді оқытуда үйренушілер мынандай әрекеттерді атқаруға дайын болу керек:
– бірлескен жұмыс,
– танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту,
– бастамашылдық,
– кері байланыс жасау,
– проблема шешу, шешім қабылдау.
Интербелсенді оқу/оқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көзқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауабы болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады. [2; 38]
Сабақ барысында әр оқушының ойлап сөйлеп, әр сөзін мұқият тыңдап орнымен қолдануының мәні зор. Өзара сөйлесу кезінде бірі - бірінің пікірі, мінез - құлқы, ой - өрісі, сөйлесе білу мәдениеті әдебін көрсетеді. Сөз байлығын терең білуде халық тілінің дәстүрі мен әдеп ерекшеліктерін меңгере білуді қажет етеді. Ана тілімізді қастерлеп, қадірлеу – ежелгі салтымыз.
Мектеп оқушыларына қазақ халқының салт - дәстүрлері арқылы ұлттық рухта тәрбиелеу мүмкіндіктері ауыз әдебиетінде тұнып тұр десек те болады. Ол жөнінде:«Ауыз әдебиеті елдің белгілі ұғымын білдіреді, жалпы дүниеге көзқарасын сездіреді» – деп, ұлы ғалым Мұхтар Әуезов ауыз әдебиеті нұсқаларының қазақ әдебиеті бағдарламаларына енуіне негіз қалап берді. [3.].
Ауыз әдебиетінің түрлерін саралай келе, Мұхтар Әуезов ертегілер бала танымының, адамгершілік рухының дамуына ықпал еткіш мәніне ерекше тоқталады. Тұрмыс – салт ертегілерінің қайырымдылыққа қаскөйлікті, еңбекқорлыққа жалқаулықты жеңдіру арқылы жас ұрпақты адалдыққа, табандылыққа, ізгілікке, еңбексүйгіштікке баулитынын айтады. «Бұл ертегілер балалардың ой - санасын, оларды өздерінің күш - жігеріне сене білуге, тапқырлыққа баулиды, мақсат - мұратына жетуге үйретеді», - дейді ұлы жазушы.
Сондықтан сабақ барысында топтық жұмыс кезінде тақырыпқа сәйкес рөлдік ойындарды қолдану оқушының шығармашылық дағдыларын жетілдіруге мүмкіншілік береді. Өзіне бөлінген рөлді жоғары деңгейде орындауға деген ынтасы артады. Топта ортақ пікір қалыптасып, бірлесе шешім қабылдайды. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі артады.
Интербелсенді әдіс - тәсілдерді қолдану барысында әр ұстаз соның тиімдісін таңдаса ғана ұтады. Сапалы білім беру мен ұлттық құндылықтарды баланың санасына сіңіру арқылы ғана нәтижелі білімге қол жеткіземіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қапалбек Б., Жолшаева М.. Қазақ тілі. Әдістемелік нұсқау.(5 - сынып) – Алматы: Мектеп, 2017. – 3 б.
2. Әлімов А. «Интербелсенді әдістерді қолдану: Оқу құралы. – Алматы, 2015.
3. Әдебиет оқыту әдістемесі. Жалпы білім беретін мектептің 7 - сынып мұғалімдеріне арналған. – Алматы: Атамұра, 2012.
Досмайлова Кульжамал Узенбековна
№47 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог - сарапшы
Ұлттық құндылықтарды оқытуда интербелсенді әдістерді тиімді қолдану
- ramuk_b
- 23 мам 2023
- 2760
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Ұлттық құндылықтар, интербелсенді әдістер
Ұқсас жаңалықтар:
Интербелсенді оқыту технологиясы
Сабақ оқытуды ұйымдастырудың негізгі түрлері өте көп. Демек, әрбір сабақ оқу үрдісіндегі шешуші буын, сондықтан ол - оқытуды жетілдіру, қажетті...Жаңа технология арқылы баланы оқыта отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағ ...
Бүгінгі таңда Қазақстанның дүниежүзілік білім кеңістігіне ену қажеттілігі көтеріліп отырған кезеңде білім беру мәселесін, әдіс - тәсілдерді...Назарбаев зияткерлік мектебінің білім сатысы оқуы
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Күйкен орта мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Матниязова Айнур...Оқу мен оқытуда жаңа әдіс - тәсілдерді топтық жұмыстар арқылы қолдану
Атырау қаласы, Д. Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Каримова Гульмира Сафиуллиевна...Ақпараттық - қатынастық технология арқылы бастауыш сынып оқушыларының ауызе ...
Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы №217 Б.Шалғынбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жақсыбаева Гүлдана Бауыржанқызы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.