Сайтқа кіру Тіркелу

Тәуелсіздік құндылықтары

Тәуелсіздік құндылықтары

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі, елдігіміздің еңсесін асқақтатар қасиетті құндылықтар. Көк байрағымыз, айбынды Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымыз – халқымыздың ғасырлар бойғы арман - мұратын, азаттыққа деген ұмтылысын, ұлттық рухы мен тарихи жадын бойына тоғыстырған қастерлі нышандар. Олардың әрбір бейнесі мен бедерінде ұлтымыздың тағдыры, даналығы мен дүниетанымы, өткені мен болашағының сабақтастығы көрініс тапқан. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді ұлықтау – тәуелсіздікті қастерлеу, ел тарихын тану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу деген сөз.
Осы игі мақсат аясында әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында «Тәуелсіздік құндылықтары» тақырыбында ашық кураторлық сағат ұйымдастырылды. Тағылымы мол кездесу Қазақстанның мемлекеттік нышандарын шетелдік жастарға кеңінен таныстыруға, олардың тарихи мәні мен рухани құндылығын ұғындыруға, еліміздің ұлттық мәдениеті мен тәуелсіздік мұраттарына деген құрметін қалыптастыруға арналды.
Рухани мазмұны терең іс - шараға кафедра оқытушыларымен бірге Қытай, Корея, Жапония, Венгрия, Канада және өзге де мемлекеттерден келген шетелдік студенттер белсенді қатысты. Әлемнің әр түкпірінен келген жастардың бір ортада бас қосуы кездесудің мәдениетаралық сипатын айқындап, Қазақстанның тарихы мен ұлттық құндылықтарын танытудың маңызын арттыра түсті.
Шара шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының орындалуымен ашылды. Әнұранның асқақ әуені жиынға айрықша салтанат беріп, қатысушыларға мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі мәртебелі орнын сезіндірді.
Кездесу барысында спикерлер мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихына, олардың мазмұндық ерекшеліктері мен ұлттық дүниетанымдағы орнына кеңінен тоқталды. Көк Тудың аспан түстес бояуы бейбітшілік пен ашықтықты, алтын күн жарқын болашақ пен өміршеңдікті, қыран құс еркіндік пен биік мұратты бейнелейтіні түсіндірілді. Ал Елтаңба төріндегі шаңырақтың ортақ Отанымыздың, ынтымақ пен бірліктің символы екені атап өтілді. Мемлекеттік Әнұранның елдік рухты асқақтатып, отансүйгіштік сезімді оятудағы айрықша мәні де жан - жақты баяндалды. Сонымен қатар «Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты елдің рәміздерін құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі» екенін ерекше атап өтті. Мемлекеттік рәміздердің авторлары, олардың жасалу тарихы мен көркемдік ерекшеліктері туралы тағылымды мәліметтер беріліп, рәміздерді пайдалану және Мемлекеттік Әнұранды орындау тәртібі түсіндірілді.
Кездесудің танымдық мазмұнын толықтыра түсу мақсатында Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған бейнематериалдар көрсетілді. Бейнефильмдер арқылы шетелдік студенттер еліміздің тәуелсіздік тарихымен, ұлттық нышандардың қалыптасу жолымен және олардың терең мағыналық сипатымен жақынырақ танысты. Студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Бұл өзара сұхбат кездесудің мазмұнын байытып, әртүрлі мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайта түсті.
Мемлекеттік рәміздерді шетелдік жастарға таныстыру – еліміздің тарихы мен мәдениетін насихаттаудың, ұлттық құндылықтарымызды халықаралық деңгейде дәріптеудің маңызды жолы. Өйткені өзге елден келген әрбір білім алушы қазақ халқының рухани әлемімен танысу арқылы Қазақстан туралы танымын тереңдетіп, халқымыздың мәдени мұрасы мен елдік дәстүріне құрметпен қарауды үйренеді.
Осы тұрғыдан алғанда, әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылатын мұндай тағылымды іс - шаралардың мәні ерекше. Университет қабырғасында шетелдік жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың қазақ халқының тарихын, тілін, мәдениетін және ұлттық болмысын тануына баса назар аударылады. Бұл – білім мен тәрбиені ұштастырып, мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды ұстанымдардың бірі.
«Тәуелсіздік құндылықтары» атты ашық кураторлық сағат шетелдік студенттердің белсенді қатысуымен өткен мазмұнды мәдени - танымдық кездесуге айналды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған бұл шара Қазақстанның тәуелсіздік тарихын танытып қана қоймай, түрлі елдерден келген жастардың бір - бірінің мәдениеті мен рухани мұрасына деген құрметін арттыруға ықпал етті.
Елдіктің еңсесін көтеріп, тәуелсіздіктің тұғырын бекемдейтін мемлекеттік рәміздер – халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы. Оларды қастерлеу – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа аманат. Ал осы асыл құндылықтарды әлемнің әр түкпірінен келген жастарға таныту – ұлттық рухымызды асқақтатып, Қазақстанның халықаралық білім және мәдениет кеңістігіндегі беделін нығайтудың жарқын көрінісі.

А. Саденова., Т. Курманова
Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі халқымыздың рухын, ұлттық салт - санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман -...
«16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» тақырыбындағы к ...

«16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» тақырыбындағы к ...

Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы...
25 қазан – Қазақстан Республикасы күні!

25 қазан – Қазақстан Республикасы күні!

25 қазан - Қазақстан Республикасы күні мемлекеттіліктің символы болып саналатын маңызды мереке, еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы...
Шетелдік студенттер Есік мемлекеттік тарихи - мәдени қорық - мұражайын тама ...

Шетелдік студенттер Есік мемлекеттік тарихи - мәдени қорық - мұражайын тама ...

Бүгінгі жаһандану үдерісінде Қазақстанның мәдениет тарихында мұражайлар ерекше орын алады. Мұражайда көрсетілген мәліметтер мен заттар – тарих куәсі,...
Тарихы терең Түркістан

Тарихы терең Түркістан

Қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи - мәдени білімдерін көтеру және ой - танымын...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, ҚазҰУ, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×