Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668 — 1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен.
Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. 18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, 14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай.
Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.