Адамзат қоғамы түрлі халықтардан және олардың ұлттық сипаттарынан құралатыны ақиқат. Ерте заманнан келе жатқан көне жол бар: дәстүріміз бен салт - санамыз, тіліміз бен дініміз, әдет - ғұрпымыз – ұлттық құндылықтарымыз. Бұл – мақтанышпен айтуға тұратын баға жетпес байлықтарымыз. Осы игіліктерді сақтап қалу, болашақта елдің атын өшірмей ұстар ұрпақ пен ұлттық нышандарымызды өлтірмейтін жастарымызды отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіре отырып рухты тұлға ретінде тәрбиелеу – бүгінгі білім беру ошақтарының басты парызы. Болашақ елдің азаматтары қазақ елінің тілін, мәдениетін, салт - дәстүрін, ата тарихын, мәдениеті мен өнерін жақсы білуі тиіс. Бұл – бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі.
Осы мақсатта Әл - Фараби атындағы ұлттық университетіміздің https://farabi. university жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде жастарымыздың бойындағы рухты ояту, жүрек көзін ашу, білім мен өнердің қиын да қызық бағытында бәсекеге қабілетті таланттарды даярлау мақсатында құрылған «Асыл сөз» стартабы жұмыс жасайды. Стартаптың мақсаты: көркем сөз оқу шеберлігіне даярлау, поэзияға бейімді жастардың шығармашылығын шыңдау, олардың тырнақалды туындыларын жарыққа шығару, өнер байқауларына, білім сайыстарына қатыстырып, қоғамдағы өз орнын айқындауға бағыттау. Биылға оқу жылының басынан бері осы мақсатта бірнеше шараларға қатысып, шәкірттеріміз мараптаттарға ие болуда. Алдағы сүйікті университетіміздің 90 жылдық мерейтойына арнап өз туындыларымен, өнерлерімен үлес қосуды жоспарлаудамыз. Қазіргі кезде бұл құрылымда факультетіміздің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы, колледж, лицей шәкірттерінен дарынды балалар топтастырылуда. Олардың арасында болашақ журналист, филолог, өнер саласының сахнасында ұйымдастырушы, жүргізіші, актер мамандығын таңдаған жастар бар.

Биылғы оқу жылында стартап мүшелері «Атамекенім - Қазақстан», Ә. Нұршайықовтың 101 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бір ғасыр, бір жыл» әдеби кешіне, «Мағжан оқуларына» қатысып, өздерінің талаптарын ұштады. Жүлделі орындарға ие болып, ұстаздарының ризашылығына бөленді. Алдағы уақытта университетіміздің 90 жылдығына орай, М. Мақатаевтың туған күніне қарай әдеби кеш өткізу жоспарлануда. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, талантты жастардың талабын ұштап, олардың шығармашылық бағыттарын айқындап, түрлі додаларға қатыстыру арқылы, бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз. Шетелден келген қандас бауырларымыз жат елде оқып, білім алса да, өз ана тілдеріне деген зор сүйіспеншілігі мен құрметтерін жоғалтпаған. Жүректерінің түкпірлерінде атажұртқа деген зор махаббатпен өскен ұл - қыздардың рухтары мықты!
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ
жоғары оқу орнына дейінгі білім беру
факультетінің аға оқытушылары
Ж. С. Әділханова, С. Р. Нұртілеуова