2023 жыл 13 желтоқсан шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық кітапханасында ҚазҰУ - нің 90 жыл толуына орай ҚР Халық жазушысы, ардагер қаламгер Ә. Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бір ғасыр бір жыл» атты әдеби - жыр кеші өтті.

Әдеби - кеш аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан «Мәңгілік махаббат жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Әдеби іс - шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті жазушы Ә. Нұршайықовтың шығармашылық және қоғамдық қызметін кеңінен насихаттау.
Әдеби - жыр кештің шымылдығын жазушының қызы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанар Әзілханқызы Нұршайықова ашып берді. Ол келген қонақтар мен әдеби - жыр кешіне қатысушыларға алғысын білдірді. Әдеби - жыр кешінде кафедраның қауымдастырылған прфессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлбағиза Мұсаева модератор болды.
Әдеби - жыр кеші екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде оқушылар мен студенттер майдангер жазушының шығармалары мен поэзиясынан, сонымен қатар өздері жазған жырлардан үзінді оқыды.

Екінші бөлімде лицей, колледж, дайындық кафедрасы, халықаралық қатынастар факультеті студенттерінен құралған командалар өзара сынға түсіп, Халық жазушысының өмірі мен шығармашылығына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Модератор Гүлбағиза Мұсаева ортаға асық иірушіні шығарып, асық иіргізді. Рет бойынша шыққан бір команда сұраққа жауап беріп болған соң иірілген асық алшысынан түссе, ұпайының еселенуіне мүмкіндік алды. Сайыс қорытындысы бойынша 1 - орынды бейіндік мектептен жасақталған «Меңтай» тобы, 2 - орынды халықаралық қатынастар факультетінің «Мәңгілік махаббат» тобы, 3 - орынды ЖОО дейінгі білім беру факультеті ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының «Тағылым» командасы жеңіп алды. Кеш соңында филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Гүлназ Машинбаеваның тобында қазақша үйреніп жүрген жапон қызы Риса Икодзе Мөлдір Әуелбекованың репертуарынан «Туған жер», Абайдың әні «Көзімнің қарасы» әндерін нақышына келтіре орындап, әннен шашу шашты.
Әдеби - жыр кеші келген қатысушы және ұйымдастырушылармен бірге естелік суретке түсумен аяқталды. Сонымен қатар ҚР Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» қызметінің кітапханашысы С. Т. Жақсылықова кітапхана қорынан ұйымдастырылған «Мәңгілік махаббат жыршысы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Әдеби - кеш өте жоғары деңгейде өтті.
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының оқытушылары
М. П. Ешимов, Г. Ә. Машинбаева, Г. Ә. Мұсаева, Р. И. Дүйсенбаева