Әдістемелік семинар өтті
Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ және орыс тілдерін оқитын шетелдік студенттерді тілдік ортаға бейімдеу» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты оқытушылардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету, шығармашылықтарын дамыту болды.
Шетелдік студенттерге тіл үйретіп, білім беру үшін оқытушы алдымен оқу үдерісінің дұрыс жүргізілуін жетік меңгеруі керек. Бұл тұста педагогикалық қабілеттілік пен ұстаздық өрелік қажет. Мұндай кәсібилікке бірден бір себеп болатын орта - кафедра. Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының білім әлемінде желкен кергеніне де биыл 35 жылдың жүзі болыпты. Осы уақытқа дейін кафедраның ғылыми - әдістемелік базасы дамып, қасиетті қарашаңырақ аясында көптеген жас мамандарының топшысын қатайтып, қияға самғатты.
Бұл кафедра шетелдік жастарды тәрбиелеуде өте жоғары маңызға ие. Шетелдік азаматтарды қалай оқыту керек, студент бойына қандай қасиеттерді сіңіріп, нені үйретуді басты назарға ұстаған жөн деген сияқты тәрбие сауалдарына жауап беретін бірден бір орта. Ұзақ жылдар бойы кафедрада педагогика саласында білікті мамандар даярлап, республикалық, әлемдік деңгейде ғалымдар қалыптастырды.
Семинар барысында бүгінгі таңдағы тіл туралы ең өзекті мәселе талданып, тіл үйренушінің тілді шет тілі немесе екінші тіл ретінде меңгеруі мен қолдануында сол үйренген тілдің қалыптасуына арқау болып отырған мәдениетті үйренудің маңыздылығы және тіл үйрету барысында оқылып отырған тілді қолданушы халықтың мәдениетін оқытудың жолдары мен әдіс - тәсілдері, бағыттары жайлы мәселелер талқыланды.
Бұл семинарға қатысушылар рет - ретімен түрлі тақырыптарда өз баяндамаларын оқыды, әртүрлі тың тақырыптар тыңдалды. Баяндамашылар баяндама барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп, қызу талқылауға қатысты. Сондай - ақ, семинарға қатысушылар тіл меңгертудегі тіл мен мәдениеттің байланысы, тіл мәселесінің қазіргі жағдайы туралы өз ойларын ортаға тастап, өзекті тақырып төңірегінде пікір алысты.
Семинардың соңында оқыту бағдарламаларын жетілдіру, келешекте тиімді әдістерді жүзеге асыру мақсаттары айқындалып, әдістемелік талқылау өтті.
А. Е. Саденова., Л. С. Торохтий
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының оқытушылары
Әдістемелік семинар өтті
- ramuk_b
- 20 қараша 2019
- 1442
- 0