Сайтқа кіру Тіркелу

Ана тілі сабақтарында оқушылардың тіл байлығын дамыту

Ана тілі сабақтарында оқушылардың тіл байлығын дамыту

Қарағанды қаласы, Қазыбек Би ауданы
«№6 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Кордабаева Жулдыз Мухаметжан

Бастауыш мектепте оқытылатын әр пәннің оқушы тілін дамытуға қосар үлесі болғанмен, бұл үлкен міндетті жүзеге асыруда «Ана тілі» пәнінің атқаратын қызметі зор. Пәннің негізгі мақсатының өзі – оқушының сөздік қорын дамыту. Және сөздік қормен қоса оқушының тіл мәдениеті нормаларын меңгеруіне түрткі болады. Оқушылардың таза, жатық, түсінікті сөйлеуін қалыптастыру – осы пәннің міндеттерінің бастысы. Осы орайда белгілі ғалым Н. Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - дейді. Жалпы, ана тілі сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғышарты қаланады.

Сабақ үстінде жаңа сөз үйретілумен қатар сол сөзді дұрыс қолданудың қажеттілігі туралы мұғалім тарапынан ескертіліп, ана тілінің ұлылығы, байлығы туралы мәселе кешенді қарастырылғанда ғана оң шешімін таппақ.
Тіл байлығы - сөз байлығы. Лингвист - ғалым М. Балақаевтың: «Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт», - деген пікірімен келіспеске болмайды.
Бастауыш мектепте ана тілі сабағында сөздік қорды дамыту жұмыстары түрлі әдіс - тәсілдер арқылы жүзеге асады:
 сұрақ - жауап;
 әңгімелесу;
 әңгімелеу;
 түсіндіру;
 зерттеу;
 түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы.

Сабақ сайын өтілген тақырып ауқымына қарай кем дегенде екі - үш сөзден болсын оқушының лексикалық минимумы артып отырады. Және барлық үйренген сөзі күнделікті өмірде белсенді қолданыла бермеуі мүмкін. Көнерген сөздер (зат, киім - кешек, салт - дәстүр, музыкалық аспаптар, ай, жыл, қару - жарақ атаулары), кәсіби сөздер т. б. қажеттілік болмаса, үнемі белсенді қолданысқа түсе бермейді. Осыдан келіп сөздік қордағы сөздерді белсенді және белсенді емес сөздер деп қарастыру қажеттігі туындайды.

Тіл байлығын арттырып, оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіруде мәтіндермен жұмыс жүргізу аса маңызды. Көркем мәтінге тақырыптық талдау жасап, негізгі ойын анықтау, кейіпкерлердің іс - әрекетіне баға беру, сол арқылы оқушы танымын кеңейтіп, тәрбиелік жағына көңіл бөлу – бастауыш сынып бағдарламасында ескерілетін жайт. Алайда, көркем мәтінді оқыған соң, талдаған тұста сөздік жұмысын жүргізу одан әрі оқушының барынша дұрыс түсініп, барлық талдауларға еркін қатысуына түрткі болады. Тіл дамыту жұмыстары жүйелі жүріп, оны дұрыс меңгеруі үшін әр оқушыда жеке сөздік дәптер болуы керек. Мұғалім оқушылардың дәптеріне төмендегідей кесте сызып беріп, оның тұрақты толтырылуы талап етілсе құба - құп.

Жаңа сөз Мағынасы Синонимі Антонимі

Тек дәптерге жазғызып қою жеткіліксіз. Енді танысқан сөзді санада тұрақтандыру үшін жаңа сөзбен түрлі жұмыстар жүргізіледі:
 мүмкіндік болса, заттың өзін көрсету;
 суретін көрсету;
 синониммен түсіндіру;
 антонимдері арқылы түсіндіру;
 мұғалімнің жалпы түсініктеме беруі т. б.

Мақал - мәтелдер мен тұрақты тіркестерді үйрету барысында да оқушының тіл байлығы артады. Оқулықта берілген және басқа да мақал - мәтелдерді, тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру – мұғалімнің күнделікті жұмысының бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмауы үшін оны сөздік дәптеріне жаздырып, әр тоқсанда соларды көбейту кестесі тәрізді жатқа жаздырып, бақылау жұмыстарын алуға болады. Мақал - мәтелдерді қаншалықты білетінін анықтау үшін әрі мейлінше көп меңгерулері үшін осы бағытта сайыс сабақтар ұйымдастырылады. «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» тәрізді сайыстар оқушының тіл байлығының артуына ғана емес, ой - өрісінің, танымының артуына ықпал етпек.

Оқушының тілін байыту жұмыстары тіл мәдениетімен тығыз байланысты екені белгілі. Тіл мәдениеті бойынша бастауыш сынып оқушыларына мына талаптар қойылады:
- сөздерді лексикалық, фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;
- орфография, орфоэпия нормаларын сақтай білу;
- ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;
- шамасы жеткенше ертегі, әңгіме жаза білу т. б.
Тіл дамытудағы өнімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсыр - малар – тіл мәдениеті талаптарын жүзеге асыруда аса тиімді. Оның түрлері:
 шығарма, әңгіме жазу;
 сурет бойынша әңгіме жазу;
 икемі бар балаларға өлең шумақтарын жазғызу;
 ертегі жазу;
 көркем шығарма оқу;
 сайыс, рөлдік ойындарға қатыстыру;
 әркімнің қабілетіне қарай деңгейлік жеке тапсырмалар беру;
 сөзжұмбақтар құрастыру;
 газет - журнал шығарту;
 балаларға арналған басылымдардағы сөзжұмбақ, ребустарды шешкізу;
 жұмбақтар құрастырту;
 хат жаздыру;
 белгілі бір шығармаға қысқаша пікір жаздыру т. б.
Оқушының сөздік қорын арттырып, сөйлеу тілін байытуда сыныптан тыс оқуға да үлкен талап қойылады. Сыныптан тыс оқу мектеп бағдарламасында арнайы ескеріледі, міндетті шығармалар тізімі беріледі, сағат саны көрсетіледі. Әйтсе де, тек көрсетілген тізіммен шектеліп қалмай, сабақ үстінде үйде оқып келуге оқушыларға қызықты әңгімелер мен ертегілер ұсынылса, бұл біріншіден, нақты мақсатқа жетуге, екіншіден, оқушылардың одан әрі де көркем шығарманы өз бетімен қызығушылық танытып оқуына септігін тигізеді. Оқылған шығарманы тексеріп, сараптаудың жолдары көп;

 түсінгенін әңгімелету;
 сұрақтарға жауап бергізу;
 кейбір үзінділерді жатқа айтқызу;
 оқыған кітабы бойынша таныс емес сөздерін сөздік дәптеріне жазып отыруға дағдыландыру;
 кейіпкерлер іс - әрекетіне баға бергізу;
 әңгімелердің ұқсастығын салыстыру;
 ең соңында сол шығармаға ұқсатып әңгіме жаздыртып көру т. б.
Мұғалім осындай жұмыстарды атқарту арқылы оқушылардың өздігінен кітап оқуына бағыт береді. Көркем шығармамен жұмыс – оқушының тілін байытудың ең тиімді жолы. Көркем шығарманы көп оқу арқылы оқушының танымы артып қана қоймайды, ойын жүйелі жеткізуді, байланыстырып сөйлеуді, тілдің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын дұрыс меңгеруді үйренеді. Алайда, көркем шығармамен жұмыс істеу барысында есте ұстайтын жайт: шығарманың оқушының жас ерекшелігіне сай болуы, мазмұнының қызықты болуы, тәрбиелік мәнінің зор болуы, оқушыны жалықтыратындай тым көлемді болмауы.

Сонымен бірге ана тілі сабағында өтілген материалды бекіту үшін оқушының ауызша сөйлеу мүмкіндігін арттыруға назар аударған дұрыс. Мұның төте жолы – түрлі рөлдік ойындар. Ондай ойындар оқушының тілін, еске сақтау қабілеттерін арттырады, зейінін шоғырландыруға көмек көрсетеді. Ойын барысында өзіне бекітіліп берілген рөлді ойнау үшін оқушы ізденеді, талаптанады, жинақталады, айтатын сөзін салмақтайды. Белгілі бір жағдаятқа өзі кіріп, өз басынан өткереді. Нәтижесінде сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына осы ойынның жәрдемі тиетінін түсінеді.

Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай - ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Мұндай жұмыстар оқушының білімін ғана жетілдіріп қоймайды, жеке дара шығармашылық қабілетінің ашылуына түрткі болады.
Сабақ үдерісінде мұғалімнің басшылығымен мұндай жұмыстар жүзеге асырылып, жүйелі орындалып отырса:
- оқушының сөздік қоры мен тілін байытуға ықпал етеді;
- ауызша және жазбаша тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;
- сауатты жазуға үйретеді;
- оқушы өз бетімен шығармашылықпен айналысуға үйренеді.
Қорыта келгенде, мақала көлемінде ана тілі сабақтарында оқушының тіл байлығын арттыруға жәрдемі тиетін әдіс - тәсілдер мен іс - әрекет түрлері қарастырылды. Осындай жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырса, кез келген мұғалімнің мақсатына жететіні даусыз.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Рахметова С. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми - әдістемелік негіздері: педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. - Алматы: 1994
2. Уәлиханұлы Н., Тілемісұлы Н. Сөз мәдениеті. - Алматы: 2002
3. Балақаев М., Серғалиев М. Оқулық. - Алматы: Зият Пресс, 2004. - 140 б
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
«Әдеби тіл мәдениеті» арнайы курсының бағдарламасы 10 – сынып

«Әдеби тіл мәдениеті» арнайы курсының бағдарламасы 10 – сынып

Осы ұсынылып отырған арнайы курс бағдарламасын 10 - сыныпқа арналған факультатив сабақ ретінде қолдануға болады. Қазақ тілі сабақтарында да жақсы...
«Әдеби тіл мәдениеті» арнайы курсының бағдарламасы

«Әдеби тіл мәдениеті» арнайы курсының бағдарламасы

Осы ұсынылып отырған арнайы курс бағдарламасын 10 - сыныпқа арналған факультатив сабақ ретінде қолдануға болады. Қазақ тілі сабақтарында да жақсы...
Сөздікпен жұмыс

Сөздікпен жұмыс

Орыс сыныптарында қазақ тілі пәнінің көздейтін мақсаты оқушыларды қазақша сөйлеуге, өз ойын басқаға түсіндіре алатын, біреудің сөйлеген сөзін,...
Қазақ тілін оқыту барысында оқушының сөздік қорын байыту арқылы тілін дамыт ...

Қазақ тілін оқыту барысында оқушының сөздік қорын байыту арқылы тілін дамыт ...

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Базилова Перизат...
Сөздік жұмысы арқылы оқушылардың тілі мен ойлауын дамытудың жолдары

Сөздік жұмысы арқылы оқушылардың тілі мен ойлауын дамытудың жолдары

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті №216 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлдана Сансызбаева Сөздік жұмысы арқылы оқушылардың...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×