Тақырып: 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі
Сабақтың мақсаты:
а) 1986 жылғы Алматы оқиғасының себептерін, сипатын, қозғаушы күштері мен тарихи маңызы білдіру.
ә) Ұлттық қатынастағы жылдар бойы қордаланған шиеленіс пен жүйенің ұлт саясатын өзгертуге қабілетсіздігін таныту.
б) Ұлттық байланыстың тоналуы; қазақ халқының экономикалық мүддесінің құлдырау себебін алу.
в) Ұлтшылдық, ұлтжандылық, ұлттық сөздерінің мән - мағынасын алу.
г) 80 - жылдардағы Пленумдар мен конференциялардың мән - мағынасы, мәніне талдау жасау, қоғамдық саяси өмірдің іріп - шіріп бара жатқан принциптерімен таныстыру.
Тәрбиелік мақсаты:
1986 жылғы Алматы оқиғасының алты құрылықты аралап кеткен ұлы оқиға екенін.
Жеңіп алған демократиясымен салыстырғанда құрбандығы жүз есе қымбатқа түскендігін.
Ар - намыстың ұлттық қасиеттің тәуелсіздік туының желбіреуіне жеткізген ұлы рух болғанын.
Қоғамды дағдарысқа алып келген тоталитаризм мен әкімшілік жүйе ғана емес, ең бастысы ұлттық проблемалардың шешілмеу екендігіне көз жеткізе отырып оқушы бойына патриоттық тәрбие мен саяси көзқарасты қалыптастыру.
Тақырыптық байланыс: Өткен сыныптардағы білімді еске түсіру.
Сырым, Кенесары, Исатай, Махамбет бастаған көтеріліспен байланыстыру.
Жаңаөзен, Қарағандыдағы оқиға, Теміртау, Орал қаласындағы жастардың қозғалысы туралы шолу жасау
Күнделікті өмірмен байланыс:
Тәуелсіздік шежіресі.
Заңдар, қаулы - қарарлар.
Әлемдік қауымдастыққа танылу жағдайларымен таныстыруда баспасөз құжаттарын басшылыққа алу
Сабаққа қажетті көрнекі құралдар:
1. Оқушылар шығарған газеттер:
а) Желтоқсан желі
ә) Иесі - қазақ, киесі - ғажап
б) Желтоқсан құрбандары
Сабақтың түрі: Зерттеу сабағы
Сабақтың әдісі: Оқушылардың өздігінен ізденіп ойларын ортаға салуға негізделіп құрылған.
Сабақта негізгі ой толғаушылар:
Тарихшы оқушы
Саясаткер оқушы
Заңгер оқушы
2 - саясаткер оқушы
Сарапшы оқушы
Әр ой - толғауға оқушы қатысады. Сұрақ - жауаптар болып, пікірталас туындайды. Зерттеу жұмысын мұғалім оқушыларға алдын ала береді. Тарих пәні кабинетінде қосымша әдебиеттер, газет - журналдар мен дидактикалық материалдың молынан болуы мен мектеп кітапханасының материалдық жағдайының жақсы болуы мұғалім мен оқушылар үшін тиімді болар еді.
Сабақтың мазмұны мен барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
Сынып төрайымының сабаққа қатысушы оқушылар жайлы мәліметі тыңдалады.
2. Сабаққа кіріспе.
Мұғалімнің алғашқы сөзі. Сабақ жоспарында көрсетілген тақырып бойынша қаралатын білімдік, танымдық, тәрбиелік мәселелерге сипаттама жасайды. Бұл тақырыпты зерттеуге уақыт берілгендігі, онымен тарихшы, саясаткер, заңгер, сарапшы оқушылар айналысқанына тоқталып өтеді. Алғашқы сөз кезегі тарихшы оқушыға беріледі. «Қазақстан Республикасының Әнұраны» айтылады.
Тарихшы оқушы -
Елбең – елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
Ақсауыт киген темірден.
Алатаудай бабалар
Аруағыңмен жебей көр!
(Қ. Рысқұлбеков)
Ғасыр айрығына жақындаған кезде бұрынғы өткен ата - баба рухы көтерілген тәрізді. Азаттық жолында халқына адал қызмет еткен еткен хандар мен батырлар есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылып қалды. Енді солардың қатарына Қайрат пен Ләззат сияқты мыңдаған Отан сүйгіш ұлдар мен қыздардың есімі тіркелді. Олар ғасыр айрығында халқының азаттығы жолында құрбан болды.
2. Әміршіл - әкімшіл жүйенің қабырғасы қақырайтын уақыт келіп жетті. Бұл жүйенің қабырғасын қақыратып, күлін көкке ұшырған 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғаның дүмпуі алты құрылықты аралап кетті. Бұл оқиға себеп 1986 жылы Желтоқсанның 16 күні таңертеңгілікте Қазақстан Компартиясы Комитетінің 5 Пленумы болды. Пленумда КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г. П. Разумовский жүргізді. Пленум бар болғаны 17минутқа созылды. Республиканы ширек басқарған саяси қайраткерді ауыстыру сияқты аса маңызды мәселе осыншалықты қысқа мерзімде шешілді. Д. А. Қонаевты орнына Г. П. Разумовскийдың ұсынысы бойынша бұған дейін КОКП - нің Ульяновск облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып істеген, республикаға мүлдем бейтаныс Г. В. Колбин тағайындалды.
3. Мұндай волюнтаризммен Қазақстан бірнеше рет кездесіп отырған жақ еді. Желтоқсанның 17 - сі күні таңертең Алматыда жаппай толқу басталды. Ол республиканың Басқа қалаларына тарады. Шеру бейбіт және саяси сипатта болды, онда басқа халықтарға қарсы атой салушылық, мемлекеттік құрылысты жоюға деген үндеулер болмады. Әміршілдікке дағдыланған республика басшылары жастардың талап - тілектерін тыңдағысы келмеді. Саяси наразылықты үкімет билігіне төнген қатер деп бағалады. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, сан жағынан демонстранттарды тарату кезінде партия комитеттері мен үкімет тарапынан бақылаусыздыққа жол берілді. Үкімет орындарының жағдайды болжау алмауы қасіретті салдарларға соқты. Демонстранттар мен тәртіп сақшылары жағынан адамдардың қазаға ұшырауына жол берілді.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қозғаушы күші студент жастар болып, кейінгі күндері әр түрлі мамандық иелері мен оқу орындарының, мекемелердің басшылары болды.
1986 желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы өте зор
17желтоқсан жаңару, жаңғыруды тарих бетіне алып келді.
Тәуелсіздікке жол ашты.
Қоғам ағзасында асқынып кеткен тоталитаризмнің жүрегін жаншып, миын шашты.
Әміршіл - әкімшіл жүйенің ауыр зардабынан белін көтере алмай тұрған демократияның басын көтеріп, қолына таяқ ұстатып, тәй - тәй бастырған қазақ жастары бүгінде халқының мақтанышы.
Қазақ халқының әлемдік қауымдастыққа танылуына. әлеуметтік - экономикалық, саяси - идеологиялық, жағынан еркін дамуына кедергі болған отаршылдықтың қамытын жұлып лақтырған желтоқсанның жұлдыздары еді.
2. Саясаткер оқушы:
Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 86 - ның желтоқсаны туралы шындық, мерзімді баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. «Қылышы - жоқ» деп баспасөз өз бетінен алаңдағы оқиғаның ақиқатын батыл айта білген қазақ ақын жазушылардың есімін бүгінде бүкіл әлем таниды.
Ақын Мұхтар Шаханов былайша жыр толғады. Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның Айналайын, алтын әнім,, жас өркені халқымның Желтоқсанда шындық жырын жырлаймын деп шарқ ұрдың, Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындық. Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның. Айналайын, жас өркені халқымның Егемендікке жетіп, еркін өмір сүру еліміз үшін қымбатқа түсті Қайрат пен Ләззат сияқты қызғалдақтардың өмірі қиылды.
Ұлттық қатынастағы жылдар бойы қордаланған шиеленіс, әкімшіл - әміршіл жүйенің ұлт саясатын өзгертуге қабілетсіздігі мен құлықсыздығы 80 - жылдардың ортасында басталған қоғамға реформа жасау жағдайында 1986 жылдың желтоқсанында әлі буыны бекімеген жас демократияның әміршіл - әкімшіл жүйемен ашық қақтығысын алып келді. Желтоқсанда Алматыда болған оқиғалардың негізінде тұтас тарихи, әлеуметтік - экономикалық және саяси факторлар жатыр. Мұның тарихи тамыры патша үкіметінің отаршылдық саясатында жатыр, большевиктер оны индустрияландыру, ұжымдастыру, тың және тыңайған жерлерді игеру барысында одан әрі жалғастырды. Осылардың салдарынан ұлт демографиялық жағынан үнемі «аза» берді, жалпы одақтың министрліктер мен ведомстволар ұлттық байлықты тонау саясатын мығым ұстап Қазақстанның мемлекеттік егемендігі аяққа басылды.
Маңызды саяси шешімдер Мәскеуде қабылданып, ұлттық республикаларға директива ретінде жіберіліп отырды. Қандай болмасын жоғарғы жақпен келіспеушілік немесе қарсылық «партиялық тәртіпті бұзу» немесе «ұлтшылдық» деп бағаланып, іле - шала қатаң жазаланды. Теміртау оқиғасы, Ақмоладағы жаппай толқу жасырын, жабық күйде қалдырылды. 70 - 80 жылдардағы ұлттық санадан гөрі Кеңестік салт - сана көбірек дәріптелді. Ұлт республикаларында, қоғамдық - саяси өмірде европоцентризм басым болды. КСРО халықтар мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің асыра бағалау процесі жүрді, мұның өзі социалистік республикалардың ұлттық мемлекеттік, егемендік мемлекеттік және территориялық тұтастығын мойындамауға алып келді. Біздің тарихымыздың бөліп алмауға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік цивилизациясы мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді
1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Интернационализм түсінігі жаттанды идеологиялық құрсауда болды. Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдады.
Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Одақтас республиканың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың эзін - өзі билеуі іс жүзінде болмады. Интернационализмді дұрыс түсінбеу Қазақстанда тіл саясатында тек ұлтаралық қатынас тілін ғана қолдап, ал ұлт тілі туралы үндемей қалуға әкеліп соқтырды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60 пайызы, қазақ тілін орыстардың 1 пайызы меңгерді. Кітаптың 95 пайызы орыс тілінде басылып, теледидар хабарларының 70 пайызы эфирге орыс тілінде шықты. Қазақ елінің аясы тартылып, елдің тозуына, Семей полигонындағы жарылыстан жер тозуға айналды. 1986 жылғы желтоқсаншы жастардың жан жарасының түйіні осында жатты.
Г. В. Колбиннің республиканың жоғары басшылығына тағайындалуы толқу үшін сылтау болды. Наразылыққа жылдар бойы қорланған себептер түрткі. Халықты ашындырған орталықтың дәстүрлік өктемдік әрекеттері мен қайта құру жарияланған демократиялық принциптер арасындағы қарама қайшылықтар еді.
1986 жылы желтоқсан оқиғасы үшін жауапқа тартылғандар өздерінің «Желтоқсан» партиясын құрды. Республика Жоғарғы Кеңесінің төралқасы 1986 жылы 16 - 17 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнаулы комиссия құрды.
Оқиғаға тарихы әділ саяси баға берілуін талап ету үшін 1986 жылы мамыр айында Алматыда «Желтоқсан» ұйымдық партия құрылды. Сонау жиырмасыншы жылдардың бас кезінде «Алашорда» партиясы тартылғаннан кейін Қазақстандағы құрылған алғашқы ұлттық саяси ұйым осы «Желтоқсан» болды.
1989 жылы Алматы медицина институтында өткен үлкен жиында 1986 жылғы оқиға кезінде өздерінің заң бұзар әрекеттерін ақтауға тырысқан сот, прокуратура өкілсымақтарына «Желтоқасандықтар» мықты тойтарыс берді. Содан кейін «Желтоқсан» оқиғасының үш жылдығы ҚазҰҮ - да, Қыздар педагогикалық, Халық шаруашылығы және Театр - көркемсурет институттарында үлкен басқосулар арқылы атап өтілді.
Осы жиыннан кейін 1989 жылғы 14 қарашада негізсіз жабылған М. Шаханов басқарған «Желтоқсан» тексеру комиссиясы өз жұмысын қайтадан жалғастыру керектігі туралы үкімет басшыларының алдында талап қойылды. Үкімет орындары бұл талапты атүсті тыңдағандықтан 1990 жылы 15 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің үйі жанында «Желтоқсандықтар» аштық жариялауға мәжбүр болды.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси аштық жариялаушы «Желтоқсандық» азаматтар Ә. Мүлкібаев, Қ. Халмұратов, М. Көбенов, Қ. Тәшеновтердің жанкешті батылдығының жанашыры бола білген астана халқы ауызбірлігінің нәтижесінде 14 жылға сотталған К. Күзембаев, 15 жылға сотталған Ж. Тайжұмаев түрмеден босатылды. Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігін қалпына келтіруде, қоғамды демократияландыруға бағытталған мәселелерді көтерді. 1990 жылы бірнеше рет мыңдаған адам қатысқан саяси митингілер өткізді. Сол жылы 20 мамырда «Желтоқсан» Қазақстанның ұлттық демократиялық партиясы болып жарияланды.
Ақиқат үшін, ел намысы үшін қандықол жазалаушыларға әділ жаза талап ету тек «Желтоқсандықтардың» ғана емес, демократияшыл барлық адамдардың азаматтық парызы деп білу керек.
3. Заңгер оқушы:
Алматыдағы желтоқсан оқиғасы «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағаланады. Демонстранттарды уақытша ұстау бөлмелері мен арнайы бөлімдерге, тергеу бөлімдеріне жеткізіліп, қаланың сыртына әкетілген адамдардың саны 8, 5 мың адамнан асқан. Оқиғаға қатысқандарға қарсы қылмыстық істер қозғау, сот - тергеу жұмыстары кезінде дөрекі заңсыздықтарға орын берілді. Тергеу, әдеттегідей асығыс, ойдан шығарылған және айыптаушылық пейілде жүргізілді.
Жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарда қудалау жүргізілді. Ашық сот процестері жүргізілді, Барлық жерде комсомол, партия кәсіподақ жиналыстары өткізіліп, оқиғаға қатысқандарды институттардан, жұмыстан шығару ұсынылды. Бұл шаралардың барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, жұмыстан шығарылды. 52 адам партия қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, денсаулық сақтау және көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан шығарылды, Жоғары оқу орындарынан 12 ректоры қызметінен алынды. Тәртіп сақтау органдары ұстағандарын ұрып - соққан, киімсіз қала сыртына апарып тастаған. Партия органдары құқық органдарына айыптау қорытындыларын тез шығару жөнінде қысым жасады. Демонстранттарды қуып таратуда темір таяқтар, саперлық күректері, иттер пайдаланған. Прокуратура мұндай заңсыздыққа көңіл бөлмеді. Көптеген кінәсіз адамдар түрмеде жатты. Демонстранттарға нашақор, маскүнемдер деген жала жабылды. Әр түрлі себептермен Ләззат Асанова, Ербол Сиатаев, Сабира Мұхамеджанова сияқты қызғалдақтардың өмірі қиылды. Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков Тұтқындалды. Оған түрмеде Савицкийді өлтірдім деп мойнына алуды талап етіп, азаптап ұрып соғып қысым көрсетті.
Қайрат Рысқұлбеков 1987 жылғы 16 маусымда Қазақстан Жоғарғы сотының үкімімен қылмыс кодексінің 60, 65, 73 - і бабымен айыпталып, ату жазасына кесілді. Кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумі оған кешірім жасап, жазаны 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Ресейдің Ивдель қаласындағы колонияға кетіп бара жатқан жолда 1988 жылы 13 мамырда Семей түрмесіне әкелінген ол 21 мамыр күні өмірімен қоштасты. Еврейде, орыста, ұйғырда басқарған, қолы жеткеннің бәрі биліктің билігін үйіріп келіп, басынан құс ұшырмаған қазақ елінің кезекті 21 - шы басшысының зобалаңына ұшырып, 21 жасқа қараған шағында тұтқындалып, 21 кұн нақақтан шырылдап, Семей түрмесінің 21 - камерасында 1988 жылы 21 мамыр күні қапылыста дүниеден өткен Қайрат 21 ақпан 1992 жылы ақталды.
Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесіне Венгрия, Польша, Германия, Америка, Түркиядан өлім жазасына кесілген қазақ жасына кешірім жасауды сұраған жедел хаттар бірінен соң бірі келіп жатты
Бұл демократияның алғашқы қарлығашына деген дүние жүзі халықтарының көрсеткен құрметі еді.
М. С. Горбачев қайта құруды қолға алған сәтінде бостандық, гуманизм, демократия, адам құқығын биікке көтері идеяларына әрқашан бас иетінін мәлімдейтін еді.
Бірақ оның бәрі құр ауа, бос лепес болып шықты. Көп ұзамай КСРО бір - біріне жауыққан республикалар одағына айналып, көп жерде азамат соғысының алғашқы ұшқындары жылтырады. Деке адамның құқығы түгілі, бүкіл ұлттың құқығын табанмен таптап тұрған әкімшіл - әміршіл жүйедегі мемлекеттің Конституцияның күлі көкке ұшты. Қоғамдық өмірі қозғалмайтын қара судай болып борсып қалған коммунистік қоғам - КСРО - да демократия, адам құқығы, бостандық жолында қарлығаштай болып қазақ жастарының бас көтеруі бүкіл әлем халықтарын әлі күнге таң қалдырады.
Халық қаһарманы атанған Қайрат Рысқұлбековтің есімі тарих бетінде мұзда жанған алау болып мәңгі қалды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2002 жылы мамыр айында заң жобасы жасалды. Осы заңның 3 - бабында Мемлекеттік жастар саясатның мақсаттары мен принциптері қарастырылған.
. Жастардың рухани, мәдени білімін, кәсіптік қалыптасуы мен дене тәрбиесін дамыту үшін әлеуметтік - экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлары мен жеңілдіктер жасау, бүкіл қоғам мүддесі үшін олардың шығармашылық әлеуметін ашу.
Олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Жастарға көмек беру және әлеуметтік қызметтер көрсету.
Жастардың әлеуметтік – маңызды бастамаларын қолдау мақсатында жүзеге асырылады.
2 тармақ 1 - тарау
Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени құндылықтарының басымдығы
Тән саулығын сақтау және нығайту.
Адамгершілік және рухани даму
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру
Жастардың құқықтары мен бостандығын қорғау
Азаматшылықты қалыптастыру
4. 2 - саясаткер оқушы
ХХ ғасырдың 80 жылдары іс жүзінде КСРО - дағы барлық республикаларды аса ауыр әлеуметтік - экономикалық жағдайлар қалыптасты.
Қоғамның саяси ұйымдасуы, экономикалық қатынастардың күні өткен жүйесі КСРО - ны күрделі дағдарысқа әкеліп тіреді. Дағдарысқа тіреген жағдай бұрынғы басшылықтың толғағы жеткен өзгерістерді жүзеге асыруға дәрменсіздігінен ғана емес, оның қажеттілігін түсінуге қабілетсіздігінен, барлық жастарының тіпті азаматтардың жеке өмірінің бір орталықтан басқарылуынан, партиялық және мемлекеттік функциялардың қосылып кетіп, оның төрешілдерінен, заңдылықтың бұзылуынан, қоғамдық - саяси өмірдің аса маңызды мәселелері бойынша жариялылықтың болмауынан айқын көрінеді. Қоғамдық өмірдегі оның негізгі белгілері; тұрмыстық деңгейдің нашарлауы, материалдық игіліктерді бөлуде теңгермешіліктің етек алуы, әлеуметтік әділеттіліктің жиі бұзылып отыруы, күнделікті тіршіліктің бұрмалануы, ұлтаралық қатынастардағы шиеленістер, адамгершіліктің азуы асқындады. Сондықтан сәуір (1986ж) пленумы, одан кейінгі пленумдар да, КОКП - ның 27 съезді де КСРО - ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмайтын еді. Жеделдету бағытының сәтсіздікке ұшырауына негізгі кінәлілері жекелеген басшы коммунистер Мәскеуде В. В. Гришин, Ленинградта Г. В. Романов, ұлттық республикаларда Д. Қонаев пен Г. Алиев сияқты басшылар аталып тұрды. Қоғамдық саяси өмірдегі қарама - қайшы ситуациялар 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына жеткізген процесс болды.
1986 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің кезектен тыс пленумын шақырып, 17 минутта еліне деген орасан зор еңбегі бар ұлы тұлға - Д. А. Қонаевты кетіру, тіпті Отанның ыстық - суығына отыз жылдай күйіп - піскен, жүрегі, жаны ауырған әзиз адамға бір ауыз алғыс сөз айтылмауы, демократия, гуманизм, адам құқығына еш күмән келтірмейтін аңғалақтаған қазақтарды алаңнан бірақ шығарды. Ақыры сақылдаған сары аяздан, тоталитаризмнің темір шоқпарынан сескенбеген қазақ жастарының қызыл қаны демократияның тұңғыш ізіндей болып ақ қардың бетінде алаулап, лапылдап жатты. Қара тамған қызыл қанның орнына көктемде қызыл раушан гүлі пайда болды. Қасиетті «Құран Карим» кітабында «Раушан гүлі» бірігу және рухани ашылудың белгісі деп қаралады. Бүгін Тәуелсіз Қазақстан Республикасы рухани орталыққа айналған тәрізді.
Тәуелсіз қазақ халқының құшағында ал қызық раушан гүлдері құлпырып, олар желтоқсандықтардың рухына бас иіп, тағзым етеді. М. С. Горбачевтың басындағы бақ құсын үркітккен алғашқы қоңырау - Қазақстандағы саяси, экономикалық, ұлттық, әлеуметтік жағдайды ескерместен авторитарлыққа салынуы, нәтижесінде Желтоқсан оқиғасына әкеліп соққан кеудемсоқтығы болды. М. Горбачевтың кеудесі Ұлы Қытай қорғанындай болып тұрған империяның қабырғасын қазақ жастары түкке тұрғысыз қаңбақтай лақтырып, нақақтан қан төккен адамның басында бас тұрмайтының тарих бетінде мәлімдеп, дүние жүзінде паш етті.
5. Сарапшы оқушы
Кеңес дәуірінде қазақ мектептерінде ұлт тарихы оқытылмады. Тіл мен дінді жойып, ұлт тарихын жауып тастап, салт - дәстүр, әдет - ғұрыптан жұрдай етіп жалаңаштап, гендік жағынан жоюды мақсат еткен сұрқия саясат жүзеге аспай қалды. Тарихшы оқиғасының мазмұнын толық ашты.
Саясаткер оқушы қоғам ағзасындағы ауруларды дәл тауып, оның асқынбаған жағдайларын нақтылап көрсете білді. Отаршылдық саясаттың бейнесін ашты. «Алаш» партиясының ізін басқан «Желтоқсан» ұлттық саяси ұйымының жұмысының жеңіске толы істерін толық баяндап өтті.
Саясаткер өз сөзінде қоғамдық дағдарысқа жеткізген процестер мен ситуациялық жағдайларға тоқталып идеологиялық күретамырына балта шабу ешқандай нәтижеге апармайтынын мәлімдеп өтті. Авторитарлық өктемдіктің ешуақытта абырой таппайтындығын, ерте не кеш пе оның күйремей қоймайтын жағдайларын көрсетті.
Бақыттың бастау бұлағы еркіндік екендігіне тоқталды. Авторитарлық тұрған жерде еркіндік жоқ, еркіндік болмаған жерде дамудың болмайтындығына көз жеткізді.
Ия, еліміз еркіндік алды және еркіндікте дамудың, танылудың әлемдік деңгейге көтерілудің қиындықтарын бастан көшіріп көптеген жеңістерге өзі жеткізіп келеді. Тұңғыш Президент сайлауда, мемлекеттік рәміздер қабылдаудан бастап ұлы оқиғаға толы жылдарды өткізіп келеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері бүгінгі күнге дейін, атқарылып жатқан істер, көзі ашылған бұлақтың өзіне айналып, өзінің теңізге құйылғаны тәрізді. Еуразиялық экономикалық САММИТ - тен, Еуропалық саяси ұйымдар мен әлемдік даму деңгейінен көріне білу, қазақ халқының рухани күштің иесі екендігінің дәлелдеді
3. Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Сарапшы оқушының сөзін қуаттай келіп Мағжан Жұмабаевтың: «Мен жастарға сенемін» өлеңінен бірнеше шумақтар оқиды.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар.
Сөздерінде жалың бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
1986 жылғы желтоқсан көтерілісі
- Дидар
- 23 наурыз 2013
- 19057
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Тарих, Зерттеу сабағы, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі
Ұқсас жаңалықтар:
Тәуелсіздік таңы
Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, оқушыларды желтоқсан құрбандарымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан аға -...Тәуелсіздік күні
Мақсаты: оқушыларды Отанды сүюге, қазақ елінің рәміздерін қастерлеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Көрнекілігі: Қазақстан картасы....Тәуелсіздік тірегім, елім деп соққан жүрегім
Сабақтың мақсаты: Оқушыларды туған жерін, елін, Отанын сүюге, қазақ елінің ұлттық нышандарын қастерлеуге, жерін, оның табиғаты мен байлық қазынасын...Тәуелсіздік - ел тірегі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп - гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Мейрманова Жансая Төленбекқызы...1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы
Сабақтың мақсаты: - Қазақстандағы 1986 жылы желтоқсан оқиғаларының себептері, салалары туралы түсінік беру; - Желтоқсан құрбандарының ерлігіне баға...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.