Сайтқа кіру Тіркелу

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауы

Құрметті отандастар!

Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері!


Қазақстан Республикасы Конституциясының 59 - шы бабына сәйкес VIIІ шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

Құрметті депутаттар!

Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлықтай өзгерді. Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады.

Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды. Небәрі екі айда 1200 - ден астам елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесті, тұрғындардың тыныс - тіршілігімен танысты.

Мен баршаңызға табысты қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа сессияда жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады деп ойлаймын.

Құрметті отандастар!

Баршаңызға мәлім, мен жыл сайын халыққа Жолдауымды Парламент сессиясының ашылуында жариялаймын. Бүгінде бұл жақсы дәстүрге айналды. Мұның айрықша мәні бар.

Себебі дәл осы сәтте және дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт - бағдары айқындалады. Нақты тапсырмалар беріледі, жаңа міндеттер жүктеледі. Парламент, Үкімет және басқа да құзырлы органдар тың қарқынмен іске кіріседі. Бір сөзбен айтсақ, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бұл іс - шара өте маңызды.

Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді.

Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 400 - ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300 - ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады.

Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.

Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе - теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде "күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасы барынша орнықты. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.

Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.

Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан - жақты әлеуметтік - экономикалық реформаға ұштастыру қажет.

Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті.

Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда - саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.

Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық - түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын - соңды болмаған сын - қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.

Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.

Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады.

Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай. Сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.

Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.

Жолдаудың толық нұсқасын жүктеп алу
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Президент Қ.Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына шолу

Президент Қ.Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына шолу

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Парламент сессиясының ашылуында өзінің "Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты" атты...
Жолдау жүктеген маңызды міндет

Жолдау жүктеген маңызды міндет

Президент Қасым - Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауы...
Сапалы білім – болашақ кілті

Сапалы білім – болашақ кілті

Қазақ елі әр жылы жаңа үмітпен күтетін президент Жолдауының бұл жолы 1 қыркүйекте «Білім күні» мерекесімен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа -...
Қазақстан Президенті елдің жаңа экономикалық бағытын жариялады

Қазақстан Президенті елдің жаңа экономикалық бағытын жариялады

Мемлекет әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайға дайын болуы керек. Еліміздің жаңа экономикалық бағытының жеті негізгі қағидаттарын Қазақстан Президенті...
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек

Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр. Елімізде жер - жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×