Жүйрік аттың басты жабдығы – өте жіңішке өрілген жеңіл ноқта - жүгендер. Бұдан кейінгісі кежім. Шабандоз ер - тоқыммен шабатын болса, онда жүйрікке арналған жеңіл ер ерттейді.
Көшпелі халықтар жүйрік жарыстырғанда аттарды алысқа айдап барып, арнайы мәре белгілеп сол жерден жіберетін болған. Тіпті кейбір аламан жарыстарда мәреге барған аттарды бір қондырып, тынықтырған соң ертеңінде жарыс жолына шығарған.
Күйлі атты екі апта уақыт күнде ұзындығы 15 метр арқанмен қураған шөпке арқандап, таңертеңнен түске дейін және кешқұрым екі рет жайылтып отырады және күніне екі рет ат қанша су ішкісі келсе, сонша суарады.
Жүйрікті баптау кезінде жылқының ішкі ағзасында өзгерістер орын алып, салмақ түсетіндіктен бауыры зақымданады. Оның белгісі жылқының танауынан шырыш сияқты қою сұйық ағады. Бұндай жағдайда жұпар жаңғағының күлін жегізеді.
Ат абзелдері – ер - тұрман құрамына кіретін жүген, ноқта, қамшы сияқты тұрмандар, қайыстан тілінген таспалардан жасалады. Таспалар қолдану ретіне қарай қамшы өргенде әрқалай тіліне береді.