Сайтқа кіру Тіркелу

Бабы қанған жүйріктің белгісі

Атбегілік арналары
ЖҮЙРІКТІҢ БАБЫН БІЛУ
Бабы қанған жүйріктің белгісі
Құйрық - жалын түйіп, бала мінгізгенде күнге қарап есінейді.
Артынан қарағанда аяғын алшаң басады.
Шақпақ, қоң етінің қан тамырлары адырайып көрінеді.
Шапқанда терлемейді, бусанып қана қояды.
Еріккен кезінде ауыздығын қарш - қарш шайнап, езуіндегі сулығына тілін орап алады.
Көздері танадай жарқырап ойнақшиды.
Құлағын қайшылап - қайшылап, төрт аяғын ортекеше көтере басып ойнайды.
Мойнын күлдіреуіштей иіп, жер тарпып, басын сүзе шұлғып тұрады.

Жүйрікті қырлау
Бабы қанған, жаратуы келіскен жүйрікті ары қарай толық жетілдіріп баптауды атбегілер жүйрік қырлау дейді. Жүйрік қырлау немесе өткірлеу ісі нағыз бапкерлердің қолынан келетін шаруа. Атбегілер қырлайтын жүйрікті семіз, орташа, арық деп танып, осы үш жағдайдың біріне орайластырып баптайды.
Бұл дегеніміз – жүйрік жылқы еті семіз болса жақсы шаба ма, әлде, орташа қоңды күйде шапқанды ұната ма, немесе арық күйінде бабы толық қана ма, осыны дәл басып танып, баптау ісі.
Семіз күйінде қырланған жүйрік жауынды - шашынды, салқын ауа райында жақсы шабады.
Арық күйінде қырланған жүйрік күн көзі өткір ыстық өлкеде жақсы шабады.
Орташа етті қырланған жүйрік ауа райының кез келген жағдайында шаба береді.
Тәжірибелі атбегілер жүйрік қырлағанда қысқа жарыстарға салады. Ол жүйріктің тарамыс - сіңірін жұмсарту үшін қажет.
Жалпылама қолданылмайтын тек көп жыл бапталған атақты жүйріктерге қатысты жасалатын торғын қыр дейтін баптаудың түрі бар. Бұл дәл бәйге болардан бір күн бұрын кешкі салқын түсе жаратуда тұрған жүйрікті 2 шақырым қашықтыққа қатты шаптырып қолтық жаздыруды айтады.
Жүйрік қырлауды әр атбегі өзінің таным - түйсігіне байланысты әрқилы атқарады.
Толық қырланған (бапталған) жылқының сипаты:
Денесі ширап, бұлшық еттері қатаяды.
Төрт аяғын ешқандай бұлғақсыз тең басады.
Төсінің ойма еті дөңестеніп тұрады.
Ұйқышыл, жатаған келеді.
Алдына қарай созылып керіледі.
Көзінің кірпігі қайырылып, алысқа тесіліп қарайды.
Түр - тұлғасы сылаңдап көрінеді.
Жаңбырлығы қабындайды.
Артқы аяқтарын кезек - кезек созып, сілкиді.
Кірпігіне сән кіреді.
Қырлаған жүйріктің бұл белгілері 3 - 5 күннен соң көзден тасаланады.

Бабы бұзылған жүйріктің белгісі
Жаратып, байлап - баптап отырған жүйріктің бабы бұзылатын жағдай жиі кездеседі. Бұл баптау кезеңдері мен уақытты дәл үйлестіре алмаудан туындайды. Нақтырақ айтқанда, баптау ісін дәл бәйге болатын күнге сәйкес келтіре алмау деген сөз. Белгісі:
1. Қабағы салыңқы тартады, іші босап, тезегі сұйылады, түр - түсі қаралтым тартып, мінезі құбылады.
2. Тұмсық - танауының еті жиырылып, көзі қызарып былшықтанады, құлағы салбырайды.
3. Сауыры бозамықтанып, тері кірлеп, жаясынан өн қашады.
4. Шауып келіп тоқтағанда аяғының астынан шошынып үркеді.
5. Тартылған ішегі босағандықтан жүргенде тынысы тарылып, ентікпе пайда болады.
6. Кермеде көп тұрып жалыққан жылқы керілгенде белін садақша иіп, мазасы кетеді.
7. Дүркін - дүркін пысқырып, үрке - шошып, тыпыршып жер тарпиды.
8. Қан айналымы бұзылған жылқы үздіксіз қасынады.
9. Байланған орны сәйкес келмегенде (ойпаң немесе желдің бағыты теріс, т. б.( жылқының зәрі қанкүрең түсті болады.
10. Бос жібергенде өз ығымен аунап - қунамайды.
11. Жай тұрғанда екі бүктетіліп, сымбатынан арылады.
12. Жаясының көбірі түсіп, дүркін - дүркін зәр шығарады.
13. Терінен ащы дәм шығып тұрады.
14. Көзінің суағарын былшық басады.
15. Мінезі шәлкес, қытымырланады.
16. Ұйқысы қашады.
17. Алаң көңіл, жүргенде сүрінгіш, көп пысқырып, жөтеліп тұрады.
18. Тезегі жарты құмалақтанып шашырамай, жапаланып түседі.
19. Шауып келіп тоқтағанда екі бүйірін соғып, еңсесі төмен түсіп, сенделіп төрт аяғын сылбыр басады.
20. Тісі жарақаттанып сызат түсе береді және жеген шөбін дұрыс қорытпай, тастаған тезегінен жас шөптің иісі шығады.
21. Аузы - мұрны қатпарланып, мұрнынан сары түсті су ағады.
22. Мінезі тарылып, үркіп ұйықтамайды.
23. Таңертең ұстатпай қашады, жымыраңдап иесін қорқытады, кейде теуіп, тістейді.
24. Пықырауық келеді, күркілдеп жөтеледі.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Жүйріктің бабын білу

Жүйріктің бабын білу

Бабына келген жүйрік байлаулы тұрғанда шекесінен қарап, кербезденіп оқыранып тұрады. Діңгекке әкеліп жалғыз өзін байлағанда шыр айналып, ұзаққа...
Жүйрік баптаудың негіздері

Жүйрік баптаудың негіздері

Жүйрік баптаудың ең негізгі көрсеткіштерінің бірі – іш тарттыру. Бұны ауызекі тілде: ішін қатыру, ішін жарату, ішін буу, т. б. (өңірлік...
Жүйрік баптаудың негіздері

Жүйрік баптаудың негіздері

Аттың терін алу кезінде орынсыз қинап, етін ауыртып, сіңірін создырып, бойын алдырудан сақтану керек....
Жүйрік баптаудың негіздері

Жүйрік баптаудың негіздері

Қара жарыстың, яғни, жаратудың дұрыс - бұрыстығын аттың теріне қарап анықтайды. Аттың терін алу – ат баптаудың басты шарттарына жататын аса маңызды...
Атбегілік арналары: Жүйрік баптаудың негіздері

Атбегілік арналары: Жүйрік баптаудың негіздері

«Жүйріктің ішін тарғаяқтатып (жеңіл шабыс) тарттыр, терін желдіріп ал, тезегін шоқырақтатып түсір, көңілін сылаңдатып сергіт» дейтін көнеден келе...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×