Сайтқа кіру Тіркелу

Бабалар қамшыны киелі санаған

Рухани - танымдық сүрлеулер
Бабалар қамшыны киелі санаған
Ат абзелдері – ер - тұрман құрамына кіретін жүген, ноқта, қамшы сияқты тұрмандар, қайыстан тілінген таспалардан жасалады. Таспалар қолдану ретіне қарай қамшы өргенде әрқалай тіліне береді. Жалпақ тілінгендері – түйін үшін, жіңішкелері өрім үшін пайдаланылады. Өрімшілер тұрмандарды түйіп те, өріп те жасай береді. Бұлардың шыдамдылығы өруден гөрі түюге байланысты болады екен. Содан да «Тұрман түйіннен тозады» деген сөз бекер емес. Өрімнің сапалы, сырты біркелкі, кедір - бұдырсыз, бір жағынан жұмырланып, көз тартардай жылмағайлау болуы үшін таспаның бір жақ қырын майдалай сыдырып алып отыратын болған.
Қамшылар көлік айдауға арналғандықтан, жасалуы мен қолданылу ретіне қарай, өрме қамшы, ат қамшы, түйе айдайтын үйір - шыбыт қамшы, арба және соқа қамшы болып бөлінеді. Ат қамшының салт қамшы, ат соғар, ат жүгіргіш, шыбыртқы деген түрлері бар.
Қамшының сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі болады.
Өрімнің басына темірден бүркеншік салып, сабына шегелеп, алақанына жіңішке таспадан кекілдік тағады.
Өрілген таспа санына байланысты қамшыны төрт, бес, алты таспалы қамшы деп атайтын болса, сегіз өрім, қырық өрімді қамшылар да кездеседі. Тек екі таспадан ширатылса – еспе, бір ғана таспдан жасалса – сапалық аталған.
Шыбыртқы қамшы – атты демеп қана отыруға төрт таспадан өріледі. Таспа саны одан әлденеше есе көп қамшыны «дойыр» қамшы атаған. Ішіне қорғасын өзек салып әлденеше таспадан өріп, дырау және бұзау тіс қамшылар жасалған. Бұрынғы түсінік бойынша, өрме қамшы мен кәдімгі ат қамшы қасиеті бар, киелі саналған.
Олар мынадай болып келеді.
Қолдану мақсатына сай ұзындығы төрт, көбінесе алты тұтам болып, көбінде тобылғыдан сап жасаған. Сирек болса да тау текенің мүйізінен, еліктің тұяғынан да сап жасала берген. Бірақ осы қамшы сабының да адамға әсер етер киесі бар деген сеніммен кейбіріне тоқтау салып та отырған.
Мысалы, тұяқ сапты қамшыны жасы елулерге келіп қалған, бала - шағалы өзіндік отбасы бар, жалғыз болып сопайып қалуына қаупі жоқ ел ағаларына ғана ұстауға болатындығын ескерген.
Түтінін түтете алмай, тұяқтай жалғыз бас болып қалу қаупі бар екендігін ескеріп, қариялар тұяқ сапты қамшыны ұстауға жас балаларға рұқсат етпеген.
Бала - шағасы болып, тобылғыдай топ болып тұтасып өссін, малың көбейсін деген мақсатпен жас жігіттерге тобылғы сапты қамшыны пайдалануға кеңес берген.
Мүйіз сапты қамшыны көсегелері көктеп, өсіп - өніп, ойға алған мақсаттарына жетсін деп ұстатқан.
Сондай - ақ, бұрыннан келе жатқан ырым бойынша, қамшыны бүктеместен бесіктегі баланың жастығының астына өрімін салбыратып жастаса, бала шошымайтын көрінеді.
Мал басы аман болып, үйінен молшылық кетпеуі үшін қамшыны көрінетін жерге, кереге басына ашық іліп қояды.
Қамшыны жартылай бүктеп, іліп қоюдың мәнісі: қамшы иесінің ауру - сырқауы жазылып кетуіне септігі тисе деген мақсатты көздеген.
Екі бүктелген қамшыны беліндегі белбеуіне қыстырып, не болмаса оны қонышына тығып алған адамды көрсең, онда ол адамның астындағы атынан немесе алдындағы малынан айырылғандығының белгілі деп түсіну керек.
Сонымен бірге ата - бабаларымыз алдарындағы малдарынан небір лажсыз себептер салдарынан оның ішінде ұры - қарыға қолды болып та айырылып, тосын келген індеттен бар малы қырылып қалған болса, мұндай жағдайды, жол айырығына бақан орнатып қойып, оған қамшыны екі бүктеп қою арқылы білдіретін болған.
Бұрынғылар «жер сабағандай болмауың керек» деген ұстаныммен көлікте келе жатқанда, ұзын қамшыларды жинамастан артына сүйретіп жүруді жаман ырымға санап, қамшының ұшын жинап жүруді талап етіп отырған.
Қыздарымызға байланысты айтылатын ырымдар бойынша, тұрмысқа шықпаған қыздың төсегінің басында жартылай ашылып, қамшы ілініп тұрса, ол қыздың басының бостығын, ал қамшы бүктеліп тұрса, керісінше мағына – сөз байласқан жері бар екендігін білдірген.
Дырау, дойыр және бұзау тіс қамшылардың киесі сол, қарулы қолмен қайраттана сілтегенде, кімді де болса сілейтіп, иесіне үстемдік сыйлайды екен.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×