Бала емізіп отыр ана, ойын бөлмей басқа түк,
Бұл минуттан басқалардың көксегені бос бақыт.
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Мейірімі күн нұрындай махаббатқа жалғанып!
Қайран дүние-ай, қайтіп айтам аналардың сол шағын,
Ақ мамасын қорғап жатқан нәрестенің саусағын.
Қайтіп айтам шымырлаған тұла бойды теңіздей,
Айту айып, ана болып бір өмірді емізбей!
Көздерінен шуақ отын жарқыратып, маздатып,
Бұл шағынан анаға түк керек болмай тәж-бақыт.
Бәрінен де ерек болып, еш дүниеден жасқанбай,
Баласын ол емізеді, жерді емізген аспандай!
Тұла бойы тұрса ананың тамыры иіп, нөсерлеп,
Тебе ме, деп әттең дүние-ай, шошынамын «есер» кеп.
Ана көкірек жаңбыр болып тұрса бір сәт сіркіреп,
Қорқытпаса екен деймін, аспан асты күркіреп!
Басына ұстап шексіз-шетсіз бақыт деген шатырын,
Бала емізіп отыр ана, ақырын жүр, ақырын.
Еміп жатқан күн нұрындай, мейірімнен, қызудан,
Әз ананың әппақ сүтін, лайламасын қызыл қан!
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Болашақпен бүкіл жаны сол арқылы жалғанып.
Жан-жүрекке ана-жердей, алысқа бір жол шегер,
Ей, адамзат, әкет әрі, қолыңда оқ болса егер!
* * *
Көктегі күн шуағы жанымда бар сен үшін,
Бала деген ананың бүтін жаны, тегі шын.
Бағбандаймын мен де бір, бағып-қағып, суарып,
Күтіп жүрген күздегі, күтіп жүрген жемісін.
Күз келгенде, жемісін бағбандар жинайды,
Үзуге ерте біреуін, үзуге ерте қимайды.
Өзің салған іздерді, аңғармайсың, әй, балам,
Қызықтайсың, суреттей жүзімдегі шимайды.
Жердің сабыр, төзімі, дархандығы даланың,
Бір ән құрап тұрады жүрегінде ананың.
Бір қызуым іштегі сыртқа шықпай әйтеуір,
Бір құдіретті сезіммен күйіп-жанып барамын.
Ана жыры тербейді, жер-күн атты жыр-әнді,
Ана жаны анаға айтпаса да сыралғы.
Құсбегінің көңілі анада бар қосымша,
Балапаннан баулыған биіктікке қыранды.
Ана көңіл мазасыз, басылмайтын бір дауыл,
Ана көңіл сөнбейтін оттарындай түнгі ауыл.
Балапаннан баулыған қыран деген бір құсым,
Болмаса екен, әйтеуір, қарға, торғай, қырғауыл.
Көктегі күн шуағы, жердің сабыр-төзімі,
Көктеміне толғатқан аналардың өз үні.
Дүниеде ешқандай болмас еді жауыздық,
Бар адамның анадай, болса жүрек сезімі!
* * *
Тарқаған жоқ, ей, ұлым, әлі сенің толғағың,
Жұмбақ болып көрінер маған алғы жолдарың.
Жанға тыныш жай тілеп, тайғақ болма өскенде,
Арманыңның әрқашан ала жүгір жел жағын.
Үйретпедім саған шын, ата мені «мама» – деп,
Ұрып-соғу біреудей, бойға біткен жоқ әдет.
Әке болып бір ақын жырға қосса жалғызын,
Тентегімді мен неге жыр етпеймін ана боп.
Бір ойлыға еліктеп отырғам жоқ әрине,
Бір қолымда қыл қалам, бір қолымда бар ине.
Суыртпақтап бір сырды өзің жайлы айтайын,
Біздегідей бір тентек бар шығар-ау әр үйде.
Азамат бол, әйтеуір, ойында бар Отаны,
Анаң бәлкім айта алмас, үлгілі сөз аталы.
Тұла бойым тұңғышым, мынау титтей кеудемнен,
Саған деген бір сезім лықсып шығып жатады.
Өзің барда мәз болып, шалқып-байып жүрем мен,
Көздерімді жасырам, қара бұлттай түнерген.
Өзің үшін, шекіскен ағайынмен табысып,
Түсіп сенің араңа, алыстадым біреуден...
Бір сезімнен бір сезім шыға берер туындап,
Сен секілді ол дағы, қояр емес тынымды ап.
Жапырағым көкпеңбек, саулығыңды тілеймін,
Бұтағымнан үзілмей, тұрса екен деп шуылдап...
* * *
Саған жұмбақ бар менің бір бақыт пен бір қайғым,
Шертілетін тілімен сезім атты сырнайдың.
Айтар едім қайғымды, досым оған сенбейді,
Сондықтан да мен ылғи бақытымды жырлаймын...
Айтар сырым азайып, қалар содан, жан балам,
Ұшқынысың сен де бір талабымның жанбаған.
Дәл өзіңдей сүйкімді бере алмасам жыр жазып,
Кінә қойып, әйтеуір өкпелеме сен маған.
Қылығыңды қызықтап жоқты-барды жыр еттім,
Тұла бойды беймәлім билеп алып бір екпін.
Ойнап жүрсің жүйкеме, ойнай берші, жермін мен,
Ойнап жүрген сен емес, бөлшегі жан-жүректің.
Мені көрме тек қана, кеңістікке қара анау,
Батқан күннің соңында қызғылт бояу, бар алау.
Көзге сені дәріптеп, күн де бүгін туғандай,
Есімді алған мейрімнен ерігіш боп барам-ау!..
Өз жолыңа өрілер өмірдегі бар ізім,
Сұрамашы біреуден, сұрамашы «нан» үзім.
Ақын болу даңқты емес менің арманым,
Адам болып адамға, ана болу – парызым!..
* * *
Өлең болып төгілсін, төгілсінші көз жасым,
Өзің үшін терейін тереңдегі сөзді асыл.
Бітіп қалған көзімді уақыт, жел қозғасын,
Бықсып қалған бір шоғым қайта тұтап маздасын.
Көкірегіме кептелген бір түйінім жазылсын,
Өзің жайлы ауырлап барады ғой жазу шын.
Жалғыз рет оралған, өмірдегі жазымсың,
Жалғыз рет оралған, көңілдегі сазымсың.
Ақ-қараны әлі анық айырмайсың, түстеп сен,
Бұзып, күліп тұрасың, бір нәрсені істетсем.
Қазір бәрін кешіріп, кешірумен жүріп мен,
Қалар ма екем өскенде, саусағымды тістеп мен...
Айырмайсың, сен әлі қасың я жауың кім,
Айырмайсың, сен әлі қасиетін бауырдың.
Алаңсызсың сен әлі, бақыттысың сол үшін,
Көрген жоқсың тепкісін, тағдыр атты дауылдың.
Саған әлі айтарым, анаң болып, көп, балам,
Сенсіз таңым атпаған, сенсіз кешім батпаған.
Өсіп-толған бір жігіт болсаң-дағы күні ертең,
Көрінесің бәрібір нәрестедей боп маған.
Өзің үшін бөгелсем, деймін кейде, мен өлмей,
«Әже» болып момақан, жұрт көзіне еленбей.
Көз алдымда көркейіп өссең деймін, жан балам,
Ана-жерге тамырын жайып тұрған емендей!
* * *
Өмірімнің осынау думаны – сен,
Көңілімнің шешусіз жұмбағы сен.
Аналық бір махаббат барады өртеп,
Кішкентай көкірегімді туғалы, сен.
Қалғысам, саған ұлым, сүйенермін,
Сүйенермін, сезіммен тиеген мұң.
Көңіліме өлшеусіз кеңдік бітіп,
Бар адамды келеді сүйе бергім.
Аласа емес, әуелден өрмен келем,
Балаң қалса, бақыт қой өлген деген.
Арпалысам, ұйқысыз бұрын-соңды,
Мұндай күйге тап болып көрген жоқ ем.
Көкірегіме сағыныш, өксік толып,
Асқарымда ақ бұлттар көшіп-қонып.
Ана кеудем бүкіл бір дүниені,
Тербетеді, түн бойы бесік болып.
* * *
Жер әлемнің ана, бала – ұраны,
Ана, бала – достықтың, тыныштықтың құралы.
Тірі отырса анасы, шал дегенің шал емес,
Бүгін туған баламен құрдас болып тұрады.
Жер әлемде осынау ана, бала – бір ұғым,
Адамзатқа әйгілеп, ұғындырар ұлы күн.
Жер әлемнің алдымен ана байқап тамырын,
Амандығын тілейді, әрқашан да тірінің...
* * *
Бақыт деген немене, бақыт – сенің шаттығың,
Айқай-шусыз басталып, аяқталған сәтті күн.
Бақыт деген немене,
бақыт – сенің түнгі ұйқың,
Жүзіп шыға келетін бет-жүзіңе пәктігің.
Бақыт деген немене, ғашықтық па деуші едім,
Жаулап алған жастықпен жүрегіңнің бөлшегін.
Бақыт деген ал қазір алыста емес, әй, балам,
Бақыт деген – саулығың,
саулығың ғой ол сенің.
Бақыт деген сөзге бір жауап таппай жүр едім,
Жиі соғып өзімшіл, өрге тартып жүрегім.
Жер-анаға күн қандай керек болса қызулы,
Саған менің қызуым керек сондай, білемін.
Сен туралы басыма келмей қойды сүйкімді ой,
Өлең деген ой емес, кейде сағым, сиқыр ғой.
«Бақыт деген немене?» десең, рас айтайын,
Күндізгі ойның ол сенің, түнгі тәтті ұйқың ғой!
* * *
Аналардың көңілі ақ, жаны ізгі,
Бар болмысы бұлтсыз аспан тәрізді.
Ешбір ана ойламаған туам деп,
Еш уақытта жауызды!..
Қайран ана, қастерлейміз атыңды,
Жамандыққа төзбес жаның қатулы.
Ешбір ана мылтық беріп ұлына,
Еш уақытта үйретпеген атуды!..
Шыр еткеннен нәрестесін әуелде,
Тербепті ана, бейбіт әлди өлеңмен.
Бар адамзат сүйе білсе анасын,
«Соғыс» деген болмас еді әлемде!
* * *
Өзің жайлы жыр жазу емес, бәлкім, тапқырлық,
Өзің жайлы жанымды сезім бұрғы жатты үңгіп.
Жазылмаған қағазға күнделігім едің сен,
Жазамын деп бір сырды, өзіме-өзім таптым жүк.
Сенсіз күлкім күлкі емес, таңым күліп атпайды,
Соқпақ сезім бір ұшы саған келіп тоқтайды.
Саған деген сезімнің сұрамаймын ақысын,
Ана деген ақ сүтін баласына сатпайды...
Жанымдағы жайқалған әнге толы бір бағым,
Кешіре гөр, өскенде ұнамаса жырларым.
Көкіректегі бір түйін жас боп келер көзіме,
Еске түсіп кеткенде сонау балаң жылдарым.
Жаныңа мен жан балам, жапырақтай жамалдым,
Өмірге де, өзіңе алма-кезек алаңмын.
Ана болып мен саған, төгіп жүрмін аямай,
Маған деген кешегі махаббатын анамның...
Өзің жайлы жыр жазу, емес, бәлкім, тапқырлық,
Анаң айтқан ақылды өзгелерге айт сыр ғып.
Топырағын бір уыс ана-жердің түйіп ал,
Сапар шегіп қиянға, бастаса егер жат құрлық!
* * *
Тыншытпайды қайтемін, бұл көңілім,
Аңсағандай көктемнің гүлді өңірін.
Гүлді өңірге көп болды бармағалы,
Өзіңсіз ашық жатыр күнделігім.
Тыншытпаса қайтемін, бұл көңілім,
Сұлу сөз де оралмай тілге бүгін.
Жырлы өңірге көп болды соқпағалы,
Жұмбақ болып барады сырлы өмірім.
Тыншытпаса қайтемін, бұл көңілім,
Аңсағандай шабыттың жыр желігін.
Бір кезде ғой бүкпесіз толтырушы ем,
Көңілімнің өлеңмен күнделігін.
Ашық жатқан аспаннан күлсе күнім,
Еске аламын уақыт, жыл сенімін.
Тыншытпайды көңілім, қозғау тілеп,
Қозғалмаудан қорқамын білсең, ұлым!..
* * *
Сүттен қаймақ айырып, сөйле, сөйле, сөйле тіл,
Сөйлемесең, сезіммен сығалайды ой жетім.
Қатал болып кетем-ау, қатал болып кейде тым,
Иен бақытқа бермейтін, менің титтей бейнетім.
Бірің ай да, бірің күн, бірің таңғы Шолпансың,
Қиқу шықса, қызатын көңілімсің, арқамсың.
Кейде түнде біреуің қыңқылдайсың жөтеліп,
Ауырғандай дәл өзім, дірілдеймін, қорқам шын!..
Тіл де қаңсып қалады, сондай кезде өшігіп,
Әншейінде сөйлейтін жібек жіпше есіліп.
Үш тірлікке осынау ана болып, шырылдап,
Өз анамның қадірін біліп жүрмін кешігіп.
Бала туу қиындау, одан қиын – жеткізу,
Жұмыс қой бұл, меншікті жасап алған ет қызу.
Өлең туу қиындау, одан қиын бірақ та,
Ойыңды анық мүдірмей оқушыға өткізу!..
Сүттен қаймақ айырып, сөйле, сөйле, сөйле тіл,
Мылқау болып қалушы ең, мылжың болып кейде тым.
Көрінген соң, әйтеуір көз алдымда жүрші аман,
Иен бақытқа бермейтін менің титтей бейнетім!
* * *
Анам қайда кешегі, бала кезде ұрсатын,
Ана жанын жырлауға болмай жүр ме мұрсатым.
Айналайын, әй, балам, тыңда саған айтайын,
Балалықтың елесін, сол ананың бір сәтін.
Онда біз де өзіңдей, көктеген жас өрім ек,
Қоңыр самал ескенде, қоңыр тартып төңірек.
Қоңыр үнмен ауқаулап, анам байлар ырғалып
Қоңыр белден қайтқанда, қоңыр сиыр мөңіреп...
Қоңыр самал ескенде, қозғап жусан, бұтаны,
Қоңыр дала кешкілік, қоңыр сағым жұтады.
Сол бір шақта келеді көзіме анам бейнесі,
Құлағыма келеді, күрпілдеген сүт әні!..
Бала емізіп отыр ана
- ramuk_b
- 16 қыркүйек 2019
- 1422
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Бала емізіп отыр ана өлеңі, тақпақ, жыр, ана туралы тақпақ, Қанипа Бұғыбаева өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Бақыт геометриясы
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене, Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?" Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,...Дос болам десең
Дос болам десең, Досымды сыйла, қымбаттым! Досыңа сонда, Досыммен ғана қымбатпын....Құлыншағым, сөйледің! Шықты-ау тілің
Құлыншағым, сөйледің! Шықты-ау тілің! Жарығым, құйттай күнім! Тіліңдегі "ападан" басқасын мен, айым – ау, ұқпай тұрым!...Бақытты бол
Өр көңілім саған қарай сүйреген, Әнім едің шырқай салған кештерде. Тұрып-тұрып қайтушы едім үйге мен, Терезеден сенің шамың өшкенде....Бадувалова Аружанның өлеңдері
Ана Анам менің ақылды, Анам менің мейірбан. Ана сен маған қымбатсың, Өмірдегі жан анам. Бақыттымын мен балаң, Күліп жүрші жан анам, Саған бақыт...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.