Айтатын құран сөзiн молда қайда?
Дүние үшiн ойлағаны амал, хайла.
Айтайын бұрынғының нақыл сөзiн
Қайырдан аз да болса көрген пайда.
Дүние өтер бәйге атындай желiп шауып,
Шөп шығар тақыр жерге жаңбыр жауып.
Бiр жаяу жолаушы боп келе жатып,
Бiр сандық жарқыраған алды тауып.
Қуанды алтын ғой деп көрген заман,
Ұмтылды алайын деп соған таман.
Жалтырап жатқаннан соң қолына алды:
“ Кез болды жоқ жерден- деп-қайдан маған?!”
Сандықтың, ала сала, ауызын ашты,
Сап-сары көрдi iшiнде алтын тасты.
“Жоқ жерден бердi ғой-деп-құдай маған!”
Шаттанып қуанғаннан судай тасты.
Қуанып ол сандыққа салды қолды,
Қолына алып едi, жылан болды.
Бiр сәтте өсiп кеттi айдаһардай,
Таппады құтылуға қашар жолды.
Жылан айтты:
-Сен қайдан душарластың?
Жай жатқан сандық едім , ауызымды аштың.
Тiрiлттiң менi қозғап қолыңа алып,
Құйрығын жатқан жылан өзiң бастың.
Қолыңа алдың ойлап ненi?-дейдi,
-Осынша әуре қылып менi!- дейдi.
Ауызға ашылған соң қорек керек,
Жұтамын ендi амалсыз сенi,- дейдi.
-Мекенім едi менiң сандық iшi,
Жоламай кетушi едi милы кiсi.
Тынбайтын қолға алғанның басын жұтпай,
Құдайдың бұл әзелден жазулы iсi.
Кез қылды сенi құдай маңдайыма,
Бұйрықты болғаннан соң таңдайыма.
Сен менен құтыламын деп ойласаң,
Сыйғызып бұрынғыдай сал жайыма.
Бекiтiп бұрынғыдай ауызымды жап,
Боламын өсе берсем мен күһi қап.
Ендi сенi жұтудан басқа iсім жоқ,
Кәнеки, болысатын кiсiңдi тап!
Қайралып шықыр-шықыр азу тiсi,
Қарасы көрiнбейдi таудан кiшi.
Әлсiреп, сасып адам тұрғанында,
Көрiндi көз iшiнде отыз кiсi.
Қуанды бердi ғой деп құдай жәрдем [жардам],
Табылды бiр отыз жан жоқтан, бардан.
Жалынды байғұс жаяу алдын тосып:
-Құтқар,- деп,-мен сорлыны айдаһардан!
Мән-жайын бастан-аяқ көрдi байқап,
Айдаһар жолатпайды бәрiн жайқап.
Бәрi де көп тұра алмай кете барды:
“Болмас, болмас!”- дестi де, басын шайқап.
-Келедi қалай жұтсам, саған шамам,
Бастырман аяғыңды жалғыз қадам!
-Деп ақырып айдаһар тұрғанында,
Кез болды құдай айдап бiр бес адам.
Жалынып оларға да жылап бақты,
Зар тұтып, басындағы мұңын шақты.
-Бұған бiр амал-хайла табыңдар!-деп,
Қарасып бiр-бiрiне иек қақты.
Бiрi айтты:
Бұл айдаһар, емес кiшi,
Жиылса, бүтiн дүние жетпес күшi.
Бесеуміз бұған айла, не табамыз?
Бiз түгiл түк қылмапты отыз кiсi.
Келмейдi саған лаж [ғылаж] қолымыздан,
Алмайды, берсек, ат пен тонымыздан!-
Олар да аяңдасып кете барды:
-Өзіміз қалмайық,- деп,-жолымыздан!
Айдаһар ақырумен жақын келдi,
Өлерiн сорлы жаяу анық бiлдi.
“Кеттім ғой су түбiне!”- деп тұрғанда,
Селтеңдеп бiр жарты адам шыға келдi.
Басына бiр қиын iс түскен шағы,
Тынбайды жалынудан тiл мен жағы.
“Тал қармар суға кеткен”- дегендейiн,
Жалынды жан хайласы оған-дағы.
Жарты адам ыңғайланып тұра қалған,
Сөзiне мұның айтқан құлақ салған:
-Айдаһар, айтқаныңның бәрi өтiрiк,
Нанбаймын мен орынсыз сөзге жалған!
Қыспаққа бұл сорлыны алып тұрсың,
Сен қалайша өтiрiкке нанып тұрсың?
“Iшiнде көздей сандық жатып ем”,- деп,
Жоқ жерден бiр пәленi салып тұрсың!
Ынсапқа қарасайшы есiң жиып,
Өтiрiктен ау жасап, бұрыш қиып.
Көрiнген мынау тұрған денеңменен
Жатасың сен сандыққа қалай сыйып?
Нандырдың талай жанды таңырқатып,
Өтiрiгiң болды әшкере, таңдай атып.
Сөзiңдi әуел маған рас қылшы,
Сандықты қылдың мекен, қалай жатып?
Жұлқынды, айдаһарды ашу қысты,
Жұлындай түтiн болып аспанға ұшты.
Түтiннен ұшқын болып көзге түсiп,
Сандыққа ұшып келiп қайта түстi.
Ойда жоқ жерден ойлап амал тапты,
Сандыққа айдаһарды сүйтiп сапты.
-Бәрекелдi, айтқаның рас екен!- деп,
Сандықтың, тарс еткiзiп, аузын жапты.
-Құтылдың халас,- дейдi,- мұнан аман,
Бұл өзi малғұн едi сондай жаман.
Маңына ендi қайтып жолай көрме,
Қарасын анадайдан көрген заман.
- Жүрегім менiң қорқып, дүрсiлдейдi,
Сен не еткен тайсалмайтын ерсiң?!- дейдi.
-Перi мен перiштенiң бiрiсiң бе?
Жөнiңдi айт, жаным, жарты кiсім ?!-дейдi.
-Ақымақ, ақылың жоқ сенiң өзiң,
Осыған жетпей тұр ма әлi көзiң?!
Не дейсiң, бұл айдаһар, дәнеме емес,
Аузыңнан абайсызда шыққан сөзiң.
Жамандық алтындай боп түсер көзге,
Қызықты нәрсе жоқ боп онан өзге.
Аузыңнан бiр жаман сөз шығып кетсе,
Қаларсың әр орнында жанжал сөзге.
Жамандық қайдан туар, тiлден туар,
Әркім де ғақыл болса, тiлiн буар.
Шығарсаң бiр жаман сөз сен аузыңнан,
Артыңнан айдаһар боп сенi қуар.
Оразаң отыз күнгi- отыз кiсiң,
Бес кiсi- бес намазың, бiлемісiң.
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Бұлармен дәнемеге келмес күшiң.
Қысылды, мен болмасам, шыбын жаның,
Дәрменiң қалмап едi, құрып әлiң.
Танып қой, танымасаң, мен боламын,
Дүниеде қылған қайыр- жарты наның!
Шықпаған, сараңдықтан, бүтiн- қолдан,
Қалмас ең болса бүтiн, мұнша жолдан.
Дүниеде қылған қайыр ықсаныңыз,
“Тар жер, тайғақ кешуде” пана болған.
Бозбала, бiр көрерсiң өлім бетiн,
Тiл алсаң, өлім бетiн көрмей, күтiн.
Өлім нен күнi бұрын күтiнбесең,
Бұрқылдап әр тесiктен шығар түтiн.
Жиылса бiр араға тамам түтiн,
Түтiннiң не болатын көрдiң бетiн.
Қайыр, ықсан, сауапты,- жарты қылмай,
Қыла гөр күнi бұрын соны бүтiн.
Жеміссiз, құр қақайған болма терек,
Басқаға, бiр отыннан, неге керек?
“Ал хасанат из һыбын алсиат”- деп,
Мағынасын бұл аяттың бiлсең керек.
Жарты нан
- ramuk_b
- 8 желтоқсан 2018
- 1732
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жарты нан, Жарты нан өлеңі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Мен бүгiн Оразамын!
Отыз жыл бойы Ораза ұстаған бір адам құдық басына келiп, су алу үшiн кезекке тұрады....Дүние мен өмір
Бiлiмдiлер насихат көп жазады, Адам үшiн уайым жеп жазады. Байқап оқып отырсам, cоның бәрi Дүниенi «сұм», «алдамшы» деп жазады....Соқыр, саңырау және жалаңаш
Жалғанда таппай бiр жар жалғыз жүрдім, Кез болмай мен иеме далаға үрдім. Айтқанмен көп соқырға кім нанады, Дегенмен жұрт көрмеген бiр iс көрдім....Нәпсi аждаһа
Дүние, ойлай берсем, жалған дейдi, Әркім дi әлекке тек салған дейдi. Дүниенi өле-өлгенше қуып-қуып, Ауызы аңқиып [құр босқа] қалған дейдi....Ит дүние
Бұ дүние жолдас емес адамзатқа, Кетедi, қайта тастап жанған отқа. Дүниенiң жамандығын көзiне айтып, Ғазал қып бес-алты ауыз жаздым хатқа....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.