Әр мұзбалақ өз әнін айта келер,
Айта білу ежелден байтақ өнер.
Тауға шығып ән салсаң
(О, керемет!)
Жаңғырық боп дауысың қайта келер.
Жауап беріп жататын сан қылыққа,
Бір заңдылық жатыр сол жаңғырықта.
Иә, оған күмән жоқ, сондықтан да
Басымды ием сол ұлы заңдылыққа.
I
Масаң - мадар көңілі тасып елтіп,
Нөкері мен тазысын қасына ертіп.
Тінти қарап мұнартқан Сұңқар тауға
Келе жатты Жұдай хан түлкі аулауға.
Көз ұшында атты әйел ербелеңдеп.
Кесіп өтті хан жолын көлденеңдеп.
Лезде ханның от шашып түлкі көзі
Қаһарланды:
- Ұстаңдар!
Бұл кім өзі?
Қанжығаға көкпарша бөктеріңдер,
Сөйтіп, менің алдыма ап келіңдер!
Алып келді.
Әйел тым ажарлы екен.
Ажарлы екен,
Ажары базарлы екен.
Шіркін, мұндай жары бар ер жігіттің
Шаттығының жалауы тозар ма екен?!
Қандай әсем қарақат бұла көзі
Әттең...
Әттең...
Жүкті екен бірақ өзі.
Тағдырына өкпелі сөзі бардай,
Нөкерлер тұр сұлудан көзін алмай:
Міне, нағыз өмірдің сәнді өрнегі".
Тек хан ғана әйелге мән бермеді.
- Күнәһар жан, періштем сен емессің,-
деп ақырды ол,
- Жолымды неге кестің?
Әйел
Не тілейсіз ұқпадым мына менен,
Байқағам жоқ.
Сондықтан кінәлі емен.
Қажып біттім,
Көп болды жолда келем,
Текті қыран ойнамас қарғаменен.
Халім мүшкіл.
Жүктімін көрмейсіз бе?
Ат үстінде ауырып зорға келем.
Жұдай хан
Байқағам жоқ дейсің, ә, дегелегім,
Көзіңді ойып тастасам не дер едің?
Әйел
Көз оятын, немене, салтыңыз ба,
Күш көрсетпес әлсізге хаса тарлан!
Жұдай хан
Жоқ, мен сені жазасыз босата алман.
Әйел
Дүниенің ластаған көкірегін
Дәніне ұқсас зұлымдық кекіренің.
Босатыңыз, өмірге ертең келер
Нәрестемнің атынан өтінемін.
Жұдай хан
Ешкім маған мұрындық бола алмайды,
Ал нәрестең жарық күн көре алмайды.
Әйел
Не деп тұрсыз, мұныңыз айуандық қой.
Жұдай хан
Айттым бітті,
Атқан оқ оралмайды.
Қаһарлы хан осылай кәрін септі,
Кәрін септі, жас гүлге өлім септі.
Аттан түсіп барды да қатуланып
Ішке теуіп құлатты келіншекті.
Қасіретке куә боп дала жатты,
Өз жолымен хан кетіп бара жатты.
ІІ
Біреулерді өр тағдыр өкпелетті,
Біреулердің мерейі көкке жетті.
Біреулерді заманы шетке тепті,
Содан бері он сегіз көктем өтті.
Мизам айы.
Көңілі тасып елтіп,
Нөкері мен тазысын қасына ертіп,
Оймен қарап сәлделі Сұңқар тауға
Келе жатты Жұдай хан түлкі аулауға.
Қаһар кеткен,
Әл кеткен таяғынан,
Хандығы да әзер тұр аяғынан.
Шашы ағарған,
Қартайған,
Ал өңгесі
Өзгермеген секілді баяғыдан.
Еске түсіп істері өткендегі
Ойы бір сәт шарықтап көкке өрледі.
Анау төбе зымырап қашқан жауды
Қуып жетіп тас-талқан еткен жері.
Анау белес өзіне қарсы шыққан
Туысқанын арбаға жеккен жері.
Мына бір сай тас табан етігімен
Жүкті әйелдің ішіне тепкен жері.
Сол шақ өзі күз бе еді, көктем бе еді?
Ал ана әйел бір керім өндір екен,
Қайтті екен ол?
Қиналмай өлді ме екен?
Көз аша алмай батар күн, атар таңға
Кеткен шығар, әрине, жаһаннамға.
Ханның әрбір қимылы зарлы бір ән,
Мұң сорғалап заразап жарлығынан.
Кісіге еткен зорлық пен зомбылықтың
Ләззат алып келіпті барлығынан...
Кенет алдан атты адам ербелеңдеп
Тұра қалды хан жолын көлденеңдеп.
Бұл кім өзі?
Бұл кімнің мұзбалағы?
Қарақшы ма жайлаған тұз даланы.
Хан нөкері қылышын суырғанша
Шыға келді тасадан жүз қаралы.
Бәрі тамам.
Енді қай айла қалды?
Қалың әскер хан қолын байлап алды
Байлап алып
Баяғы келіншекті
Азаптаған қан құйлы сайға апарды.
Міне, ғажап!
Топ жиде арасында
Қару-жарақ, салтанат бәрі осында.
Құрма кілем үстінде жігіт отыр
Он жеті мен он сегіз арасында.
Хан жігітке қадады түлкі көзін: -
Ұнамай тұр, әй бала, бұл мінезің.
Ұры итіндей бұқпайлап ен даланың
Кімді тәлкек етпексің сен, қарағым?
Танымасаң танып қой.
Осы өлкенің
Әміршісі Жұдай хан мен боламын.
Жігіт
Болсаң бопсың,
Мен емес паңданарың.
Кері бұрар тарихтың доңғалағын.
Бүгінгі ұры,
Ертеңгі күллі әлемнің
Әміршісі ұлы хан мен боламын.
Тірлігіңде желігің басылмаған
Хан едің сен,
Сол үшін асыл бағаң.
Жоғары шық, әзірге қонағымсың
Ет пісірім сәттен соң басыңды алам.
Солай, шалым, тосылма, жоғары шық,
Бақыт бүгін басыңнан барады ұшып.
Қайтпас сапар алдында әлденіп ал
Ұлы ханның қолынан шарап ішіп,
Тұрғандай - ақ қадірмен жанға санап
Жігіт күліп ұсынды ханға шарап.
Сосын кайта жалғады әңгімесін:
- Солай, шалым,
Сен қай бір мән білесің?
Алмас қылыш секілді халық деген.
Ұстайтындар аз оны парықпенен.
Жұмсай білу бір өнер,
Қайрай білу бір өнер,
Құрсай білу бір өнер.
Сол қолыңнан шығарсаң,
Өз басыңа тіленер.
Сен соны бір ұқпадың, милау шалым,
Ерте жетті сондықтан қирау шағың.
Ұсақ ләззат болды да бар арманың
Ат басынан алысты көре алмадың.
Ал мен сенен қу болам әлдеқайда
Төрт құбылам,
Төркінім толған айла.
Жүрегіңнің үрейлі дүрсілдерін
Тыңдап тұрмын.
Жараспас күрсінгенің,
Өз басыңды өзіңе сый етер ем,
Амал қанша
Жолымда тұрсың менің?!
Амал қанша...
Сен оған өкпелеме
Өмір ылғи адамға көктеме ме?
Мынау ұлы безеу бет паң даланың
Осал тұсын мен оңай аңғарамын.
Бірақ сендей хандардың көзін құртпай
Мен қалайша әлемге хан боламын.
Бақыт бүгін басыңнан барады ұшып,
Әлденіп ал, бейшара, шарап ішіп.
Қартайсаң да,
Желігің басылмаған
Хан едің сен.
Сол үшін асыл бағаң.
Сол үшін де өзіңді ардақ тұтып,
Алтын сапты қылышпен басыңды алам.
Жұдай хан
Бір дүлегей екенсің дінің мықты
Құтқармассың,
Сеземін...
Күнім бітті.
Құтқармассың
Ой, алла - ай, жап - жас болып,
Қайдан біліп алғансың зұлымдықты.
Жігіт
Жас болсам да тұзым көп татып көрген
Іздеп өтем өлгенше бақытты ерден.
Әйтсе де мен ең үлкен зұлымдықты
Анамның құрсағында жатып көргем,
Намысымның құзарын төркіндеген
Құпиям ол
Ешкімге шертілмеген.
Жә, жә, неден қорғалап тосылайын
Саған өлім,
Маған бақ - бас уайым.
Сәлден кейін өлесің,
Өліктен мен
Құпиямды несіне жасырайын.
Анам марқұм
Жан бопты сөзі ілікті
Тірлік мәнін бірлік деп сезініпті.
Маған жүкті кезінде жолаушылап,
Бір еріккен залымға кезігіпті.
Әлгі залым аңғартып сусын дара
Қан төгуді аңсапты құшырлана:
Ішке теуіп анамды өлтіріпті
Алдын кесіп өткені үшін ғана.
Кеудесінде игілік мақсат тұнып,
Бұлақ ағып жатыпты сақ-сақ күліп.
Мен жатыппын іңгәлап, өмір тілеп,
Өлі анамнан аяғым ақсақ туып.
Бағың жанса бас құрар амал-айла,
(Әйтсе де адам оны әр кез бағалай ма)
Содан мені бір қойшы тауып алып
Сый орнына тартыпты
Тарағайға.
Ал Тарағай ежелден еркі мықты
Әйелім ұл туды деп желпініпті.
Жұртқа жайып жүрер деп құпиямды
Қойшы шалды бір түнде өлтіріпті.
Рас, әлі шытырман таңдар алда,
Бірақ менің қайғым зор аңдағанға.
Зұлымдықпен алысып аман қалып,
Зұлымдықпен көз аштым мен ғаламға.
Шақырғанмен қол бұлғап мақсат небір
Талайларды жазықсыз ақсатты өмір.
Мен де ақсадым анамнан тумай жатып
Содан қазір есімім Ақсақ Темір.
Жұдай ханның зәресі ұшып кетті,
У ішкендей денесі ысып, кепті.
Дірілдеген қолынан шарап толы
Сапар кесе еденге түсіп кетті.
Өмір өзі-ақ шығарды - ау масқарасын,
Суға алдырған сорлыдай баспанасын.
Есі кетіп,
Аңырып отырды да
Жұдырықтай бастады қасқа басын.
Уақыт соқты әр демін санаттырып
Бақыт одан қашқандай балақ түріп.
Сәлден кейін ең соңғы сөзін айтты,
Жас жігітке кіжіне қарап тұрып:
- Өкінем - ау,
Өкініш өрт емес пе.
Табиғатты кім айтқан сезімсіз деп.
Өзгеге еткен зорлығың ерте, кеш пе
Таппай қоймайды екен-ау өзіңді іздеп.
Іздеп тапты - ау,
Айтайын, ал дайындал,
Қорықпаймын жазаңның қандайынан.
Айтпас едім,
Бәрібір өлтіресің,
Айтсам сипай қоймайсың маңдайымнан.
Жата бермес шындық ит босағада,
Тура қара
Жүзіңді тасалама.
Бұдан аттай он жеті көктем бұрын
Мен өлтіргем анаңды осы арада...
Кірпияздау күйге орап жарқын шақты
Кенет қылыш жарқ етті алтын сапты.
Осынау бір қанды кез ғаламатты ішке тоқып,
Күрсініп дала жатты.
Күнбатысқа созылған терең саймен
Ханның басы домалап бара жатты.
Жаңғырық немесе Ақсақ Темір қалай басталды
- ramuk_b
- 18 қазан 2018
- 2494
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жаңғырық немесе Ақсақ Темір қалай басталды өлеңі, Мұхтар Шаханов өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Мықты әйел...
*Мықты әйел боламын деп жүріп, көз жасыңды ешкімге көрсетпей, ішке жұттың. *Мықты әйел боламын деп күндіз - түні еңбек еттің, аз ұйықтадың....Үш аю
Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде үш аю тұрыпты. Олар түнімен тоғайды аралап, күн ысыған кезде үңгірге кіріп жатады екен. Ең ірісі және...Ат пен есек
Біреудің есегі мен бар еді Аты, апарар бір қалаға болды заты. Аты мен есегіне артып алып, Аяңдап жолға түсіп келе жатты....Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап
Сен жыладың, жігітім, Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын, Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым....Қыран тағдыры
Баяғыда, Бабамыздың бабасының бабасы Жүрген кезде сүйенбей таяғына Көңіліне пәктіктен өсірген гүл, Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.