Абайдың төртінші қара сөзі
ТӨРТІНШІ СӨЗ
Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.
Әрбір уайым - қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым - қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым - қайғыменен бол демеймін. Уайым - қайғысыздығыңа уайым - қайғы қыл дағы, сол уайым - қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым - қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!
Шығар есігін таба алмай, уайым - қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де - бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі - өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар - ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет - аузын түзеп, бай - бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.
Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін - бірі аңдып, біріне - бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ - өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.
Абайдың басқа да қара сөздері
Қара сөздер. Абайдың төртінші қара сөзі
- ramuk_b
- 25 қараша 2018
- 1922
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Абайдың төртінші қара сөзі, абай құнанбаев қара сөздері, абайдың қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, Абайдың төртінші қара сөзі
Ұқсас жаңалықтар:
Қара сөздер. Абайдың отыз төртінші қара сөзі
Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз...Қара сөздер. Абайдың жиырма төртінші қара сөзі
Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі,...Қара сөздер. Абайдың жиырмасыншы қара сөзі
Тағдырдың жарлығын білесіздер - өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген....Қара сөздер. Абайдың он бесінші қара сөзі
Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты...Абай қара сөздерін адам тәрбиесінде пайдалану
Астана қаласы, Н. Назарбаев университетінің оқытушысы Әбіжанова Самал...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.