Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, бейнефильм, музыка, қанатты сөздер, батырдың киіміндегі жыршы, М. Ғабдуллиннің шығармаларынан көрме
1 - жүргізуші:
Армысыздар, ардақты ұстаздар, кешке қатысушылар! Мектебіміздің 6 - 8 сыныптарының қатысуымен Кеңес Одағының Батыры, педагог, қазақ әдебиетіндегі рухани асыл қазынаның зерттеушісі мен жинаушыларының бірі, фольклортанушы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер.
2 - жүргізуші:
Осы кеште мерейтой иесінің өмірдеректері, әдебиетке қосқан үлесі, ол кісі туралы жазылған өлеңдер мен зерттеген батырлық жыры «Қобыланды батыр» жырынан үзінді тыңдайсыздар. Батыр - ұстаз - ғалым туралы презентация мен бейнефильмдерді тамашалайсыздар. Мәлік атаның ержүректік, батырлық, қайсарлық және адами қасиеттеріне зер салу мақсатында «Мәлік Ғабдуллин - Кеңес Одағының Батыры» атты баяндамашыларды ортаға шақырамыз.
1 - оқушы:
Ерлік ақылмен, ақыл санамен келеді. Санаңыз жетілсе – ғалым. Ерлік пен ақыл ұштасса батыр боласыз. Міне тең тастаған тұлпардың төрт тағанындай батырлық пен ғалымдықты бойына жиған қазақтың біртуар ұлдарының бірі
халқымыздың қалаулы ұлы, қоғам қайраткері, педагог, публицист, академик, Батыр жауынгер - жазушы, зерек ғалым Мәлік Ғабдуллин осыдан жүз жыл бұрын, қыстауға жиналып жатқан қарбалас шақта Көкшетаудағы Зеренді көлінің сыртында «Қойсалған» деген жерде (Қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы елді мекен) қараша үйдің ішінде 1915 жылы дүниеге келді. Құжат бойынша 15 қараша делінгенмен, қызы Майдан Ғабдуллинаның айтуынша: «Әкем қараша күзде ең алғаш қар жауған күні дүниеге келіппін» дегендіктен, алғаш қар жауған күні әкемізді туған күнімен құттықтайтынбыз»- дейді.
Әкесі Ғабдолла Елемісов сауатты адам болған. Бірақ жиі - жиі ауратын. Сондықтан бүкіл шаруашылық ауыртпалығы өте ақылды, мейірімді анасы Әлия Оспанқызының иығына түседі. 1923 жылы Қойсалғаннан 3 - 4 шақырым жердегі Құлет дейтін ауылда бастауыш мектеп ашылады. Осы мектепте 4 жыл оқиды. Алғашқы ұстазы Рамазан Нұғыманов деген кісі болған.
2 - оқушы:
Балдырған шағында тынышсыз заманға кез болса да, мамыражай ауылда бастауыш мектепте оқиды да, Көкшетау қаласындағы балалар коммунасында жетінші класты бітіреді. 14 жасынан бастап атақты жазушы С. Мұқановтың тәрбиесін алады. Білімін жетілдіру мақсатымен Алматыға келіп жұмысшы факультетіне түседі. 1931 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына қабылданып, оның қазақ тілі мен әдебиеті факультетін ойдағыдай тәмамдап шығады. 1935 жылы «Пионер газеті» редакторының қызметінде, 1936 - 38 жылдары Қызыл Армия қатарында болады. 1938 жылы аспирантураға
түседі. Кандидаттық диссертациясын аяқтау кезінде соғыс басталады.
3 - оқушы:
1941 - 1945 жылдар аралығында Мәлік Ғабдуллин Ұлы Отан Соғысына қатысады. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап соғыстың соңына дейін фашистік күштерден Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. Аға политурк болады. Майданда И. В. Панфилов атындағы 8 - гвардиялық дивизияда жауға қарсы шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік ата сарбаздардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Алайда алған жарақатына қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№1035) Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылы 30 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бұл атақпен қоса Ленин ордені және «Золотая Звезда» медалімен қоса марапатталады.
4 - оқушы:
Қазақ жерінің қос қиырында өмірге келіп, пешенесіне қан майдандағы ерлігімен, бейбіт заманда қалам қуатымен танылу жазылған, тағдырлас қос арыс – Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы арасындағы рухани байланыс Екінші дүниежүзілік соғыс жер - жаһанды шарпыған жылдардан басталыпты.
1941 жылы Алматы қаласының түбінде жасақталған 316 - атқыштар дивизиясы (командирі генерал - майор И. В. Панфилов) құрамында қос қыран майдан шебіне аттанады. Автоматшылар ротасының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин мен батальон командирі Бауыржан Момышұлының таныстығы осы кезден бастау алады. Қызмет бабы, соғыс жағдайына байланысты үнемі бетпе - бет жүздесіп, пікір алмасып отыруға мүмкіндік жоқ еді. Рухани үндескен қос батыр өздерінің аман - саулықтарын, түрлі тақырыптағы ой - пікірлерін хат арқылы бір - біріне жолдап отырды. Ол хаттар негізінен төте жазумен жазылған және барлығы бірдей сақталмағандығын ескерген жөн. Себебі, Мәлік Ғабдуллиннің бірнеше қап материалдары, өзінің айтуынша, соғыс кезінде бомба түсіп жанып кеткен. Қазірде бізге жеткен хаттардың өзі біршама екендігін ескерсек, екі тұлға арасындағы тығыз байланыстың қандай болғандығын айқын аңғарамыз.
Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағын беруде Бауыржан Момышұлының үлкен қажыр - қайрат танытып, көп еңбек сіңіргендігіне тарихи құжаттар куә. Майдан даласында ерлік көрсеткендердің өзіне кешегі бұратана ұлттардың өкілі ретінде шекеден қарайтын шовинист шенділерді мойындатып, дала ұландарының адал еңбегін дәлелдеу оңай болмаған. Мәліктей батыр інісінің ерлік ісін елемеу – арға сын деп ұқты Баукең. Бұл Мәлікке ғана емес, барша қазақ солдаттарына берілген атақ еді. «... Маған герой атағын берді. Бұл атаққа ұсынуда Баукеңнің еңбегі зор, оны айтып, болмаса, жазып бітіре алмаспын. Тірі болсақ, Баукең еңбегін ақтау өз алдына. Герой атағын бесбармақпен қарсы алу керек емес пе? Әттең, не керек, қолдың қысқалығы және бұрын болмаған жаңа қызмет орны көп әсерін тигізді. Оқасы жоқ, аман болсақ, бес бармақ емес, он бармақ жазармыз».
Бауыры Батыр атанғанда ең алғашқы болып құттықтаған да Бәукең болатын.
5 - оқушы:
Мәлік Ғабдуллин де өз кезегінде Баукеңнің жары Жамалға жазған хаттарында үнемі оның ерлік істерін, азаматтығын, қайсарлығын тамсана айтумен болады: «Мен бұрын Бауыржанды, шынын айтқанда, білмеуші едім. Ол екеуімізді таныстырған жер – көкала түтіні бұрқыраған майдан болды. Батырлық, ерлік, өжеттік – бір кісінің бойында болатын қасиет емес. Сол сияқты, мінезі мауа, көңілі шат, мінезі мейірімділік қасиет те екінің бірінде бола бермейді. Адамдағы осы екі қасиет бір кісінің тұлғасынан табылуы өте сирек. Бірақ, осы екі қасиеттің екеуі де Бауыржанда бар. Мен мұны жақсы білемін. Мен жазушы адам емеспін. Егер жазушы я ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батырым Бауыржан» деген хикая да жазған болар едім» дейді жан сырын ақтара.
Бұл сөздерден Мәліктің адам тани білетін, азаматты бағалай білетін көрегендігін байқауға болады. Баукең екеуінің арасындағы қарым - қатынас әріптестік пен әскери жарғының аясында ғана қалып қоймай, аға мен іні, ұстаз бен шәкірт арасындағы нық байланысқа айналғанын көреміз. Мәлік Ғабдуллин өзі ұстаз тұтқан Бауыржан ағасын әрдайым ұлықтап отырғандығын тек хаттарынан ғана емес, мақалаларынан да байқауға болады.
Ардақты Бауке!
«Ақыл менен айбаттың,
Арнасы едің қайраттың,
Төгілген кезде қызыл қан,
Қысылған кезде шыбын жан
Алмадың тыным неше күн,
Жайланып кірпік қақпадың,
Сезбедің күннің батқанын,
Сарғайып таңның атқанын,
Қарсақ жортпас қарсаңнан,
Жолбарыс жүрмес жылғадан,
Құлан баспас тақырдан,
Тағалы ат тайған мұздардан,
Терістен соққан ызғардан,
Қарға қонбас қара ағаш,
Нелер биік құздардан,
Аяғың басып аттадың.
Қандасқан жаумен қағысып,
Неше күн тамақ татпадың,
Ата менен ананың,
Бесіктегі баланың,
Іні менен ағаның,
Жеңге менен келіннің,
Еркелеп өскен еліңнің,
Көк орай нұрлы жеріңнің
Сенімін адал ақтадың.
Ар, ұят, намыс сендегі –
Күшті еді - ау соққан дауылдан.
Сізге арнаған міндеті –
Сөздер еді осы, «Бауыржан!»
Темір жақты, жез таңдай,
Айыр көмей, ақ маңдай
Атанам деп талпынған
Болып еді кездерім.
Нөсерлете төгілген
Бір кездегі сөздерім,
Қазір менен аулақтап,
Көрдің бе, Бауке, безгенін.
1 - жүргізуші:
Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің арнайы шақыртуымен 1943 жылы тамыз айының 6 - 24 күндері туған еліне келеді. Осы сапарында жыр алыбы, ғасыр куәгері Жамбыл Жабаевқа барып сәлемдеседі. Бұл 23 - 24 тамыз күндері еді. Батырмен орыс балалар әдебиетінің көрнекті өкілі ақын Самуил Маршак, академик, дипломат ақын Төлеген Тәжібаев және академик - жазушы Сәбит Мұқанов, тағы біраз зиялылар барады. жамбыл төрде төрт қабатталған көрпенің үстінде отыр екен. Бір топ ел адамдары өшін қоршап алған. Қарт ақынмен бірінші болып Сәбит Мұқанов сәлемдесіп:
- Жәке, майданнан күтіп отырған балаңыз мына жігіт, - деп ол Жәкеңе Ер Мәлікті таныстырады.
- Кел, қасыма отыршы! батыр келеді деген хабарды мана күндіз естіп едім, майдан төрінен келетін арыстанды өзім қарсы алайын деп, күн ұзаққа далада болдым - дейді Жамбыл,- баяғыдағы Ер Тарғын, Қобыланды, Сұраншы, Өтегендер секілді алып тұлғалы алпамса шығар десем, өзің талдырмаш қана жігіт екенсің ғой?!
Мәліктің әңгімесінен майдан даласындағы жігіттердің ерліктеріне қанық болып, жас жігіттің сөзін ұнатқан ақын домбырасын күйлеп, әдемі, ұзақ сонар жырын айтқан екен.
Батырым - Мәлік беренім,
Жүйрігім, озған өренім.
Халқы сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін.
«Ел күйзелген кезінде,
Ерлік еткен, бауырым,
Жау жағадан алғанда,
Батырлық еткен, бауырым,
Ел намысын құрметтеп,
Ер намысын ардақтап,
Құтты болсын айтамын,
Шын жүректен, Мәлігім!»-
Батырым – мақтанамыз сендей ұлға
Қосамыз атыңды өлең - жырға.
Намысын ер қазақтың жауға бермей,
Болдыңдар жүрекке жан, елге тұлға,
«Батыр аға»
Айыртау, Зерендідей кімде тау бар,
Ел сәні Қошқарбай мен Имантаулар.
Жыланды, Сырымбет тау, Жалғыз таулар,
Бәрі де көктен түскен ай арулар.
Оқжетпес алтын арқау сұлу жырға,
Қыраны ұя салған биік шыңға.
Ағамыз батыр Мәлік шыңда туып,
Шыңдалған шар болаттай өшпес тұлға.
Ата - баба қазағымның данасы,
Туады екен аталардан дарасы.
Қанай биден Мәлік батыр тараған,
Қасиетті халқымыздың баласы.
Қазағым, құтты болсын қуанышың,
Мәліктей батыр тұлға туғаны үшін.
Бүгінде әлем жатыр сыйлап бізді,
Қалайша елжіремес бұған ішің.
Қойсалған батырдың көркем елі,
Зеренді Көкшеміздің сұлу жері.
Жаралған елінің топырағында,
Мәлік батыр Көкшетаудың асыл ері.
Батырым Мәлік, жер жарып даңқың, таныды алыс Алашың,
Ояттың, талай із қалдырып, жастардың ойлы санасын.
Жазушы болдың, жанашыр болдың еңбек еттің сен ел үшін,
Зерттеуші болып, зерттедің халық ауыз әдебиетінің саласын.
Мәңгілік мұра - ұрпағың үшін өзіңнен қалған қолтаңба,
«Білімнің ізі, ерліктің күші» жүректе қалған сол таңба.
Өн бойы қайсарлықтан жаратылған,
Өтіпті бұл өмірден дара тұлғам.
Мәлік аға - мәңгілік ел есінде,
Зерендідей киелі жерде туған.
Көрініп ақыл - ойдың асқарынан,
Інжу - маржан төгілтіп дастанынан.
Ұстаз, ғалым, жауынгер – Мәлік ата,
Жүректердің төрінен орын алған.
6 - оқушы:
1946 жылдан бастап Мәлік Ғабдуллин запастағы подполковник болады. Сұрапыл соғыстан соң елге аман қайтып, түрлі салаларға белсенді қызмет етеді. Артынан өшпес із қалдырады. 1959 жылы оған «Филология ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесі тағайындалады.
Соғыстан кейінгі жылдарды ғылыми - педагогикалық салада қызмет атқарады, 1946 - 1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және Әдебиет Институтында директорлық қызметте болады, 1951 - 1963 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ - де ректорлық қызмет атқарады. 1963 - 1973 жылдары Қазақ КСР-ға Тіл және Әдебиет Институтында Фольклор бөлімінде меңгеруші болып істейді.
2 - жүргізуші:
Мәлік Ғабдуллиннің әдеби қызметі 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100 - ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Ғалымның зерттеген негізгі еңбектері қазақ халқының батырлық эпостары, мақал - мәтелдері, айтыстары мен халық әндері болды. Қазақ әдебиетінің көптомдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. КСРО Жоғары Кеңесінің 2 - 4 шақырылымдарында депутаттық мандатқа ие болады. Мәлік Ғабдуллин «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдандық очерктер» (1949), «Достар, жолдастар жайлы» (1969), «Ызғарлы жылдар» (1971) атты көркем әдеби шығармалардың авторы болып табылады. Ғалымның әдеби туындыларының кейбірі И. П. Щеголихан көмегімен орыс тіліне аударылды.
1 - жүргізуші:
Ғалымның фольклордағы еңбегінің ең биік белесі «Қобыланды батыр» жыры болып табылады. Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан мәдени мұрамыз. Батырлар жырының ішіндегі ең көлемдісі де, көркемі де «Қара Қыпшақ Қобыланды батыр» жыры. Бұл жырды зерттеген кезде ғалым көп қиындықтарға ұшырағанын жасырмады. Бұл жырды зерттеу барысында жырдың сөздік қорына, онда кездесетін көне сөздерге көп көңіл бөлген.
2 - жүргізуші:
«Қобыланды батыр» жырынан 6 А сынып оқушысы Бағрам Тоқтар үзінді оқиды.
1 - жүргізуші:
Батырлық, ерлік жайлы ақындар қанша өлең арнады, көреген данышпандар қанатты сөздер айтты, халық арасында қаншама мақалдар бар десеңші. Халық қаһарман деп білген Бауыржан Момышұлының қаншама қанатты сөзі бар.
2 - жүргізуші:
Соның біразын есімізге түсірейікші. Тыңдармандардан сұрайық.
1. Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті.
2. Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.
3 Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
4. Ерлік - тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.
5. Өршіл рухтан - өлмес ерлік туады.
6. Қарабет болып қашқанша - қайрат көрсетіп өлген артық.
1 - жүргізуші:
Мәлік Ғабдуллин, ол кісі туралы ғана емес бірталай әдебиет пен тарихқа қатысты жайттардан хабардар еттік деп ойлаймын.
2 - жүргізуші:
Олай болса, құрметті тыңдармандар, бүгінгі кешке қатысқандар ұлыларды ұлықтауды естен шығармайық.
От ішінде шыныққандар,
Қасиеттен атқан таңдар.
Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар
Ей, тірілер ұмытпаңдар – деген жолдармен кешімізді аяқтаймыз.
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Кештің мақсаты жерлесіміз, мақтанышымыз, Батыр атамыздың өмір жолынан мағлұмат беру, ерліктерін, артында қалдырған өсиет сөздерін үлгі ету; оқушыларды шығармашылыққа, іздемпаздыққа, адамгершілік қасиеттерге баулу.
Осы орайда атамыздың өткерген бір оқиғасын баян етейін. Осыдан соң ол кісінің қаншалықты адамгершілігі мол жан болғанын аңғаруға болады.
Мәншүкке Батыр атағын берудегі Мәліктің еңбегі
Мәлік батыр сұрапыл соғыс жылдарында Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітшісі болып қызмет атқарады. Ол соғыс кезінде қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға қамқоршы аға болады. Тіпті, Мәншүктің қазасынан кейін оған Батыр атағын бергізу үшін М. Ғабдуллин үлкен еңбек сіңіреді. Бұл жайлы ҰОС ардагері Байуақ ардагер мәлімдейді. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде құрамында Мәншүк болған 100 - бригада тарап, 1 - атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6 - гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе - сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады.
«Мейлі, 4 мың - ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық немене керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» деп, қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі.
Қазақ зиялыларынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының батыры, филология ғылымдарының докторы, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, жазушы, танымал қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин – ұлт тарихындағы орны ерекше тұлғалардың бірі.
Кезінде «Батырым - Мәлік беренім, жырымды саған төгемін» деп жыр алыбы Жамбылдан бастап барша қазақ ақындары майдандағы ерлігін дәріптеген Мәлік Ғабдуллинді туған халқы қадірледі, құрмет тұтқандығының айқын бір куәсі – туған жері Көкше өңірінен өзге Қазақстанның түкпір - түкпірінде батыр атындағы мектептер мен көшелердің болуы.
Қазақта ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған батырлары көп болған. Сонау заманда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздан басталатын ерлік істер кешегі Желтоқсан оқиғасына дейін жалғасты. Бүгін ата - бабамыз аңсаған тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы, аспандарың ашық, тұнығы мөлдір, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманның ұрпақтары, алдарыңа анық мақсат қоя біліңдер, оқу оқимын, еңбек жасаймын дегендерге ешқандай кедергі мен тосқауыл жоқ. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар қазақта, ұлыларын ұлықтаған ұрпақ бола біліңдер.
«Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» атты әдеби кеш
- қаиыркүл
- 28 наурыз 2016
- 7760
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Мәлік Ғабдуллин, әдеби кеш сценариі
Ұқсас жаңалықтар:
Қазақша презентация (слайд): Тоғызыншы 9 Мамыр - Жеңіс күні
Фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан, тұтқиылдан КСРО - ға шабуыл жасады. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы басталды....Естен кетпес отты жылдар
Аға - апаларымыздың елін, жерін ерлікпен, жаужүрек батырлықпен қорғай білгенін бойларына дарыту....9 мамыр тәрбие сағаты сценарий
Мақсаты: 1. Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы жеңістің мән - маңызы туралы мағлұмат беру. Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, қазіргі...Батырлар - ел қорғаны (танымдық сайыс)
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылы, №52 Б. Аралбаев атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әбішева Мөлдір...Ұлы жеңіс - жасасын!
Ұлы жеңіс - жасасын! (тәрбие сағаты) Тақырыбы: «Ұлы жеңіс жасасын!» Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.