Кітап үзіндісі: Өмірдің жалғыз ғана мәні бар. Ол – сабырлық.
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Беттің көркін жан сұлулығы толықтырмаған соң, көріктіліктің де қадірі кетеді.
Бексұлтан Нұржекеұлы “Ерлі - зайыптылар”
Сөзіңнің жаны бар. Дегенмен, адам өз кемшілігін өзгеден көруі қате.
Оралхан Бөкей "Атау - кере"
Жұбайы жұмысбасты болуы мүмкін. Жұмыстан шаршап келіп, жарына көңіл аудара қоймауы мүмкін. Осындай сәтте ене келінге қолдаушы болуы шарт. Ене болу кез келген әйелдің қолынан келеді. Ақырып - бақырғанның бәрі - ене. Ал келінге ана бола білу керек. Көп ене қалай істейді? Олар «келін келді, болды» деген пиғылда болады. Екі қолын қусырып, «ана шаруаның барлығын келін істеуі керек» дейді де, бір - ақ күнде патшайымға айналады. Ол дұрыс емес. Бөтен үйдің шаруасын жаңа түскен келін қалай меңгеріп кетеді? Жас келін үшін бұл үйдің салты да, дәстүрі де жат. Тіпті ыдыс - аяғының қайда, қалай тұратынын білмейді ғой. Сен әуелі үйрет, жаңа ортаға бейімде, жаңа жұрт, жаңа дәстүрді түсіндір. Өзгенің баласын өз балаң етіп ал әуелі. Содан кейін ғана келіннің қызығынан дәмету керек.
Зейнеп Ахметова "Теңбіл тіршілік"
Өмірдің жалғыз ғана мәні бар. Ол – сабырлық. Осыны жұрттың бәрі біледі. Бірақ білетін қағиданы сақтауға шамамыз жетпей жатады. Біздің өміріміздің барлық трагедиясы осында жатыр.
Шархан Қазығұл "Оңашадағы онлайн ойлар"
- Ең алғаш қол алысқан кезің, бір қол: "Сіз мені сүйесіз бе?" - деп сұрап, екінші қол: "Иә, мен сені сүйем", - деп жауап беріп тұрған кездің қуанышын ешқандай басқа қуанышпен салыстыруға болмайды.
Ги де Мопассан "Сүйкімді дос"
Әлдебір көпес өз ұлын ең басты данагөйге бақыттың құпиясын білуге аттандырады. Бозбала шөлді көктей өрлеп қырық күн жүргеннен кейін, ақыры таудың ұшар басындағы әдемі де еңселі қорғанды көреді. Ол іздеп келе жатқан Данагөй сонда тұратын еді.
Қорған әдеттегі сопының оңаша баспанасына мүлде ұқсамайды екен. Халық мол: саудакештер өз тауарларын ұсынып, әрі - бері жүгіріп жүр, бұрыш - бұрышта шүңкілдескен адамдар, кішкентай ғана оркестр сазды әуенді төгілдіріп тұрды, ал, кең бөлменің ортасында осы аймақтан ғана табуға болатын ең дәмді тағамдар иін тірескен бай дастархан жайылыпты.
Данагөй меймандарды асықпай жағалап жүрді, сондықтан бозбала өз кезегі келуін екі сағат тосты.
Ақыры, Данагөй бозбаланың оған неге келгенін тыңдап алды да, бірақ, қазір оның бақыт құпиясын түсіндіруге уақытының жоқ екенін айтты. Әзірше бозбала қорғанды аралай тұрсын да, мына залға екі сағаттан кейін оралсын.
«Және менің саған мынадай өтінішім бар, – деді ол бозбалаға екі тамшы майы бар шай қасық беріп жатып. – Мына қасықты өзіңмен бірге ал және байқа, майды төгіп алма».
Бозбала қасықтан көзін алмастан кең сарайдың саты басқыштарымен түсіп - көтерілумен болды, сөйтіп екі сағаттан кейін тағы да Данагөйдің алдына келді.
«Ал, қалай екен, – деді ақсақал, – саған асханадағы парсы кілемдері ұнады ма? Ғажап шеберлер он жыл бойы өсірген бақтағы ағаштар мен гүлдер ше? Менің кітапханамдағы көне кітаптар мен жарғақтар қандай?
Ұялып қалған бозбала бұлардың ешқайсысын көрмегенін мойындады, өйткені, оның бар назары оған Данагөй сеніп тапсырған май тамшыларында болды.
«Қайтадан бар да, менің үйімдегі барлық ғажайыптарды көріп шық, – деді сонда Данагөй. – Адамның қайда және қалай тұратынын білмейінше оған сенуге болмайды».
Қолына қасық ұстаған бозбала бөлмелер мен дәліздерді аралауға тағы кетті. Бұл жолы өзін еркіндеу ұстап, қорғандағы сирек кездесетін ғажайыптарды, бөлмелерді безендіріп тұрған көркемөнер туындыларының бәрін де зейін қойып қарады. Ол бақшалар мен бекіністі қоршап тұрған тауларды тамашалады, гүлдердің ғажайыптығы мен суреттердің және мүсіндердің орайлы орналасуын бағалады. Данагөйге оралған соң, ол көргенінің бәрін ыждаһатпен тізіп шықты.
«Ал, алып жүр де, төкпе деп сұраған екі тамшы май қайда?» – деп сұрады Данагөй.
Бозбала осы сәтте тамшылардың төгіліп қалғандығын аңғарды.
«Міне, менің саған бермекші болған жалғыз кеңесім де осы, – деді даналардың данасы. – Бақыттың құпиясы әлемнің немен ғажап және даңқты екенінің бәрін көруде, әрі сөйте тұра шай қасықтағы екі тамшы майды ұмытпауда жатыр».
Пауло Коэльо "Алхимик"
Бұлаққа жақындап қалғанда, жарқабақтың астынан сыңғырлаған күлкі естілді. Жәнібек елең етіп солай қарап еді, бір келіншек пен жастау қыз бастаудан су әкеле жатыр екен. Солар өтіп кетсін деп сәл аялдады. Бірақ аналар орнынан қозғалар емес, тосып тұр. Бұл ештемеге түсінбей ақырып беттеріне қараған.
— Өтіп кет, қайным, — деді келіншек күлімдеп, — Жолыңды кеспейік деп тұрмыз. Білмеуші ме ең... Әйелге жолыңды кестірме.
Жәнібек күлді. Аяғын жеделірек басып өте берді. «Міне, нағыз ауыл! — деді ішінен, — қалада болса жолыңды күніне мың әйел кесіп өтер еді...»
Қабдеш Жұмаділов "Көкейкесті"
– Қыз дегенің осы... Өсіресің... Жеткізесің. Қызығы мен рақатын басқалар көреді. Сен еккен қасиет - сезімнің бәрін басқа ауылға алып кетеді. Жазмыштың ісі де... Болмаса, оған да оңай деймісің. Өзіміз де ұзатылып көрдік қой. Туған босағаңды тастап бара жатып, еріккеннен сыңсиды дейсің бе?
Сыңсу – қыздың ата - анасына, ауылына айта алмай кеткен алғысы ғой. Ел - жұртымен қоштасуы, жүрегін сыздатып армансыз төгілген әні ғой.
Тынымбай Нұрмағамбетов "Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс"
Күндегі тірлік, күндегі көрініс. Сондай үйреншікті, мезі еткен, шексіз жалықтырған көңілсіз сурет. Астана... Астана болса да тас қала... Әлде тек баспана ғана ма?
Нүсіпбай Әбдірахым "Бесөрім"
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кітап үзіндісі: Өмірдің жалғыз ғана мәні бар. Ол – сабырлық.
- ramuk_b
- 14 қазан 2024
- 252
- 0
- 0
Ілмек сөздер: кітаптан үзінді, жазушы шығармаларынан үзінділер, мазмұны
Ұқсас жаңалықтар:
Кітап үзіндісі: Ішімдік сақауды да сөйлетеді
Бақыт дейтiн шашылып жатқан жоқ, басқан жерiңнен табыла бермейдi. Оны ұғуың керек, табу керек, сонан соң иемдену үшiн күресу керек....«Бақытты болу үшін үйлену керек» деуің мүмкін
«Бақытты болу үшін үйлену керек» деуің мүмкін. Сонда үйленбесең, бақытсыз боп қаласың ба? Үйленбей тұрып бақытты болып алғаның дұрыс негізі. Үйлену...Кітап үзіндісі: Бостандық - біреуге зияның тигенге дейін бостандық, ал одан ...
Бостандық - біреуге зияның тигенге дейін бостандық, ал одан кейін қиянат. Қажығұмар Шабданұлы "Қылмыс"...Кітап үзіндісі: Жамандар жақсыларды көре алмайды
Жамандар жақсыларды көре алмайды. Қараңғылар жарықты көре алмайды. Неге? Өйткені, олардың көздерін шел басқан. Талантсыздар дарынды көре алмайды....Кітап үзіндісі: Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді
Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені əйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені əйел - киелі...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.