Сайтқа кіру Тіркелу

Өсімдік

Қызылорда қаласы,
Мәншүк Мәметова атындағы
гуманитарлық колледжіндегі РОӘБ әдіскері
Даулетбаева Гүлзира

Сандық білім беру ресурсы арқылы бастауыш сыныптарда білім беруге арналған көмекші оқу құралы

Сыныбы: 2-сынып
Пәні: Дүние тану
Тақырыбы: Өсімдік
Мақсаты: Дүние тану пәні бойынша берілетін материалды модульге бөліп, балаға берілген тақырыпты тереңдете, жан-жақты әрі жеңіл түрде игерте отырып, пысықтау. Әр оқушының сыныптағы сабақтан тыс білім алуына мүмкіндік жасау. Осы мүмкіндікті беру арқылы баланың өздігінше ізденуін дамыта отырып, пәнге және жалпы білім алуға деген қызығушылығын арттыру.
Мазмұны
Кіріспе
Өсімдік - тірі организм
Өсімдік түрлері.
Өсімдік мүшелері
Өсімдіктің өсуіне не қажет?
Модуль бойынша тапсырмалар
Қосымша білім
Пайдаланылған әдебиеттер

1.Кіріспе
- Сәлем, Балақай!
Білім әлеміне қош келдің!
Біз саған арнап Дүние тану пәні бойынша қызықты қосымша білім көзін көрсетіп отырмыз. Берілген мәтіндерді оқып, тапсырмаларды орындап көр. Өз-өзіңді тексер. Іске сәт, балақай!

2. Өсімдік – тірі организм
Біз кімбіз? Біз – адамбыз. Адамның достары өте көп. Солардың қатарында өсімдіктер де бар. Олар бізге әрқашан қамқор болған, әрі қамқор бола береді. Егер әрине адамдар олардың достығын құрметтей білсе. Олар қамқорлығымен бірге бізге қуаныш, әдемілік, таза ауа сыйлайды.
Біз оларды тірі табиғатқа жатқызамыз. Өйткені олар өседі, өнеді, көбейеді, уақыты келгенде немесе ауырса - солып, тіршілігін тоқтатады. Өсімдіктер күнге қарап бой түзейді, тыныс алады. Оған өсуі үшін:
- күннің жылуы,
- таза ауа,
- су,
- қоректік заттар керек.
Мінекей, оларда адамдар сияқты. Күтімі жақсы болса жақсы өседі, әдемі болады. Күтімі нашар, жоқ болса қисық өседі, немесе қурап қалады. Біз бұдан өсімдіктің тірі организм екендігін білеміз.

3. Өсімдік түрлері.
Өсімдіктің негізгі топтарына тоқталайық:
ағаштар,
бұталар,
шөптер.
Өсімдіктің әр тобының көптеген түрлері болады.
Ағаштар:
қайың, емен, қарағай, көктерек, терек, шырша, қарағаш, жөке, жеміс ағаштары, т.б.
Ағаштар мәңгі жасыл болып тұратын, жапырақтары ине сияқты болып келетін және күзде жапырағы сарғайып түсетін, жалпақ жапырақты ағаштар болып бөлінеді. Ағаш – діңі жақсы жетілген, бойы 2 метрден кем емес көп жылдық өсімдік (суреттері беріледі).
Бұтаның түрлері:
таңқурай, итмұрын, қарақат, жыңғыл, бөртегүл, шеңгел, т.б. Бұталар ағашқа қарағанда аласалау болады. Әрі олардың сабақтары болады (суреттері беріледі).
Шөп тектестер:
жоңышқа, бақбақ, көкнәр, селеу, бидайық., күнбағыс, бидай, т.б. Шөптер – бұл кәдімгі жұмсақ, жіңішке сабақтары бар өсімдіктер. Шөптер біржылдық: бидай, күнбағыс, т.с.с және екі жылдық: орамжапырақ, сәбіз, шалғам т.с.с немесе көпжылдық: бидайық, жоңышқа, бақ-бақ т.с.с. болады (суреттері беріледі).

4. Өсімдік мүшелері
Өсімдіктің әр мүшесінің атқаратын өз қызметі бар (суреттері беріледі).
Тамыр:
Өсімдіктің топырақтағы бөлігі. Тамыр тереңге бойлай өседі. Өсімдікке су тасиды, әрі оны бекітіп ұстап тұрады. Тамыр әр түрлі болады: негізгі жуан тамыр, жанама тамыр, шашақ тамыр. Мысалы ағаштардың бәрінде дерлік негізгі жуан тамыр болады. Еменнің тамыры тіпті 15 метрге жетеді. Сәбіз, қызылша, жауқазын сияқты өсімдіктердің де тамыры жуан болып келеді. Күнбағыс, жолжелкендердің тамыры шашақ болып келеді. Олардың ішінен негізгісін табу қиын.
Тамырдың ұзындығы оның өсіп тұрған жеріне де байланысты болады. Су тереңде болса тамыр ұзын, таязда болса қысқа болады. Шөлде өсетін сексеуілдің тамыры 20-30 метрге дейін барады.
Сабақ:
Өсімдіктердің сабағы жер бетінде өседі. Сабақта бұтақтар, жапырақтар. Гүлдері, жемістері орналасады.
Тамырмен келген қоректік заттар сабақпен жоғары көтеріліп, керек жеріне жетеді. Гүлге, жемісіне барады.
Сабақтар қатты. Жұмсақ, иілгіш, сынғыш болады. Қысқа немесе ұзын болуы мүмкін.

Жапырақ:
Жапырақ сабақ пен бұтада орналасады. Жапырақ өсімдіктің тыныс алатын басты мүшесі. Жапырақ көмірқышқыл газын жұтады да таза оттегі бөліп шығарады.
Жапырақтағы артық ылғал буланып, өсімдікті қатты ыстықтан сақтап тұрады. Жапырақта өсімдіктің өсуі үшін қажетті қоректік заттар: қант пен крахмал түзіледі. Топырақтағы су тамыр арқылы сабаққа келеді, сабақтан жапыраққа жетеді. Жапырақ сол судан қоректік заттар жасайды да өсімдікке береді. Жапыраққа қоректік заттар жасау үшін: күннің сәулесі, жылуы, ауа, су керек.
Бұлардан басқа өсімдікте гүлі мен жемістері, тұқымы болады.
Әуелі тұқым құнарлы жерге түседі. Қолайлы жағдай болса ғана сол тұқымнан тамыр пайда болады. Тамыр тереңге бойласа, сабағы күнге ұмтылады. Сабақта жапырақтар мен гүлдер пайда болады. Гүл ашылады, ашылғаннан кейін сол жерде жеміс пайда болады. Жемістің ішінде тұқым болады.

5. Өсімдіктің өсуіне не қажет?
Өсімдік тірі табиғатқа жататындықтан, оған тіршілік үшін су, ауа, жарық, жылу, құнарлы топырақ, қоректік заттар қажет (суреттері беріледі).
Өсімдіктер суды қайдан алады?
адам қолдан суғарады, арық қазып су жеткізеді,
жаңбырдың суы,
жер асты суларынан алады.
Әр өсімдік өзі өсетін жердің табиғатына қарай бейімделеді. Олар ылғал сүйгіш немесе құрғақшылыққа төзімді болып келеді. Тіпті тасқа да шығатын өсімдіктер болады.

Өсімдікке топырақ керек. Ол өзіне керек қоректік заттарды топырақтан алады. Сондықтан құнарлы топырағы бар жерде өсімдік көп , әрі тез өседі. Топырақтың құнарлығын адамдар оған тыңайтқыштар қосып жақсартады.
Өсімдікке ауа, жарық, жылу керек.
Өсімдік ауаны тамыр арқылы да жапырағы арқылы да ала береді. Сондықтан топырақты қопсытып отырған дұрыс болады. Тығыз топырақ ауаны нашар өткізеді. Күннің жылуы көктемде жеткілікті бола бастайтындықтан өсімдіктер көктемде өсе бастайды.
Көктем мен жаз өсімдіктің өсуі үшін өте қолайлы мезгілдер.

6. Модуль бойынша тапсырмалар
Тест тапсырмалары
1. Өсімдік – тірі организм
Қайсысы дұрыс деп ойлайсың?.
а) Өсімдік өседі, өнеді, қурайды
б) Өсімдік - өлі табиғатқа жатады.
в) Өсімдіктердің пайдасы өте аз.
Өсімдікке тірі организм ретінде не керек?
а) ауа, жайлы жер, бөлме
б) ауа, жылу, жарық, су, топырақ
в) тамақ, су, топырақ
2. Өсімдік түрлері.
Қайсысы дұрыс деп ойлайсың?.
а) таңқурай - бұта
б) шырша - жалпақ жапырақты
в) өсімдік ағаш, бұта, шөп болып бөлінеді .
Жыңғыл қай топқа жатады?
а) ағаш
б) шөп
в) бұта
3. Өсімдік мүшелері
Өсімдік мүшелері қалай бөлінеді деп ойлайсың?
а) тамыр, жеміс, сабақ
б) тамыр, сабақ, жапырақ, гүл, жеміс, тұқым
в) тамыр, жапырақ
Тамыр қандай қызмет атқарады?
а) су әкеледі, қорек жасайды
б) су әкеледі, топырақта бекітіп ұстап тұрады
в) жарық , жылу береді
Судан қоректік заттар жасайтын өсімдіктің қай мүшесі?
а) тамыр
б) сабақ
в)жапырақ
4. Өсімдіктің өсуіне не қажет?
Қайсысы дұрыс деп ойлайсың?
а) қосымша тамақ
б) тек қана су болса жеткілікті
в) су, ауа, жылу,топырақ, жарық
Өсімдіктің жапырағында түзілетін қоректік заттар
а) су, ауа
б) күн сәулесі, су
в) қант, крахмал

7.Қосымша білім:
өсімдіктер туралы мәліметтер
өсімдік рекордтары
Қызыл кітаптан деректер
тапсырмалар, тест тапсырмалары, ойын-жұмбақтар

Жауқазын
Шалғындарда, қыраттарда, бұталардың арасында, көгалдарда өсетін, әдемі сары гүлдері мен хош иісті жапырақтары бар шөптесін өсімдік.Ол ерте көктемде алғашқы шығатын гүлдердің бірі.
Жауқазын мамыр айында шығып, адамдарды қуантады.Оның әдемілігінен басқа емдік қасиеті де бар. Ежелгі гректер жауқазын кез-келген ауруды жеңеді, ол оны он екі құдайдың гүлі деп айтқан.
Емен
Алып ағаштардың қатарына жатады. Оның діңі жуан болады. Еменді адамдар да жанарларда жақсы көреді. Оның жемістерін- жаңғақтарын жабайы қабандар мен үй шошқалары өте жақсы көреді. Күзде еменнің жапырақтары ең соңынан түседі. Ол өте төзімді ағаш.
Терек
Тез өсетін биік ағаш. Көктемде теректе жабысқақ, хош иісті бүршіктер өнеді. Кейін олардан сырғалар пайда болады. Сосын теректің жемістері – жаңғақтар пайда болады. Олар піскен кезде ашылып, тұқымдары желмен бірге жан-жаққа тарайды. Оны сен көрге шығарсың, кәдімгі аппақ мамықтар ауада ұшып жүреді.
Терек адамдардың сенімді көмекшісі. Олар жолдың жиегінде тұрып, бізді шаң-тозаң мен желден қорғап тұрады.

Өсімдік рекордтары
Қылқан жапырақтылардың арасында ұзақ өмір сүретін секвойя деп есептеледі. Ол 2000 жылдан астам өмір сүре алады екен. Әрі ол ең алып ағаш: биіктігі 100 метрден, диаметрі 20 метрден асуы мүмкін.
Шөптердің ішіндегі ең үлкені – бамбук. Оның ұзындығы 20 метрге жетуі мүмкін. Ол бір тәулікте 1 метрге өсе алады екен.
Ең ірі жапырақ – рафия пальмасында болады екен. Оның ұзындығы 20 метрге дейін жетеді.
Ең ірі тұқым – кокоста болады. Салмағы 20 кг.
Ең ұзын - теңіз балдыры. Ұзындығы 60 метр.
Ең үлкен ормандар – Сібірдің суық тайга ормандары мен Бразилияның тропикалық ормандары.

Ойын - жұмбақтар
Жаздай інге тығылып,
Жатқан қызыл түлкіні,
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні. (сәбіз)

Бұл не деген көп киім,
Жетпіс қабат көк киім?
Үй ішінен табасың.
Тамаққа да саласың. (қырыққабат)

Бақтарда балбырап,
Тұрады албырап,
Уылжыған уыздай,
Алма емес ол бірақ... (шабдалы)

8. Сөз жұмбақ
Балақай!
Сөз жұмбақты дұрыс шешсең, жасырынған сөзді табасың.
1. Өсімдіктің жер астындағы бөлігі (тамыр)
2. Өсімдік тіршілігіне қажет нәрсе (ауа)
3. Өсімдіктің жер бетіндегі бөлігі (сабақ)
4. Шыршаның жапырағы не сияқты болады (ине)
5. Өсімдіктің діңі жуан, әрі мықты болатын тобы (ағаш)
6. Қант пен глюкоза түзетін өсімдік мүшесі (жапырақ)
7. Итмұрын қай топқа жатады (бұта)

9. Пайдаланылған әдебиеттер

Дүниетану оқулығы, 1-2 сыныптыр, Алматыкітап баспасы-2010
Заповедники и национальные парки Казахстана. Составитель А.А.Иващенко.
Менің алғашқы энциклопедиям. Алматыкітап-2004.
Балалар энциклопедиясы, І том. Алматы-2008.
Сұрақ және жауап. Энциклопедия. Алматыкітап-2011.
Қазақстанның өсімдіктер әлемі. Энциклопедия.Алматыкітап-2008.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×