Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты

Сабақтың тақырыбы: Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты
Сабақтың мақсаты: Жас ұрпақты Отанды сүюге, өз елінің рәміздерімен таныстыру, оны қастерлеуге, туған жерін, Атамекеніне деген сүйіспеншілігін арттыруға, ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу. Достық, адамгершілік пен қайырымдылыққа баулу.
Сабақтың көрнекілігі: Еліміздің Мемлекеттік Рәміздері, буклеттер
Сабақтың әдісі: әңгімелеу, сұрақ - жауап
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі
Әнұранды айтқызу
Балалар, бүгін қыркүйек айының 1 - күні.
«Бір аллаға сыйынып,
Кел, балалар оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық».
білім нұрын таратушы...» деп дархан даламызға білім
нұрын таратушы Ыбырай атаның қоңырауы бүгінде жүздеген, мыңдаған қоңырау үндеріне қосылып, ана тіліміздің таза, кәусар бұлағының сыңғырындай болып естіледі. Бүгін сендер сияқты білім қуған бүлдіршіндер алтын ұясына сағына оралған күн.
а) Отан, Отан
Сен болмасаң, не етер ем?!,
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем – деп сабағымызды Отанды
мақтан етіп, еліміздің рәміздерін құрмет тұту рәсіміне шақырамын.
ә) Кіріспе әңгіме: Әр елдің қандай да бір мемлекеттің ел болуы үшін міндетті ұлттың ұлт екенін білдіретін белгілері болуы қажет екенін түсіндіру. Мысалы. Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Шекарасы, Әскері, Мемлекеттік тілі, Басшы, Заңдары т. б.
Негізгі бөлім. 1992 ж. 4 маусымда Президент Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалауы туралы, Елтаңбасы, Әнұраны туралы ҚР заңдарына қол қойды.
Алғашқы сөзді қасиетті еліміздің туы туралы айталық.
•Біздің туымыздың түсі қандай?
•Туымыздың түсі зеңгір көк (көгілдір)
Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Сабының тұсында ұлттық өрнекпен нақышталған тік жолағы бар. Күн, қыран, жолақ бейнелер алтын түстес. Ұзындығы 2 метр, ені 1 метр. Жалаудың жобасын жасаған Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков
Жаңа тудың бейнесі әлем халықтары ұнатып, мойындаған зеңгір көк түс баянды бейбітшілікті, мөлдір аспанды бейнелейді.
Алтын күн – халқымыздың азаттық күні. Ол бүкіл әлемге нұрын шашып тұр. Алтын күнді қанатымен жебеп, өрге көтеріп, ұшып бара жатқан ақиық қыран құс ерлік белгісі, тәуелсіздік алып, қанатын кеңге жайған Қазақстан халқының қанаты осы қыран құстай биіктерге самғай берсін дегені. Ал осы төл туымызды даралап тұрған тағы бір белгі – оның сабына таяу ұлттық өрнекпен нақышталған тік жолақ. Онда қошқар мүйіз деп аталатын қазақы өрнек салынған. Өрнек – халқымыздың қолданбалы өнері.
Көк байрақ туымыз
Жарасқан байрақтың мәні бар:
Көк аспан, күн, қыран – сәні бар
Көк байрақ – ашық көк кеңісім
Алтын күн – белгісі жеңістің
Алтын күн көтерген ел құсы –
Халқымның батырлық белгісі!
Енді танымал сәулетшілеріміз: Жандарбек Мәлібеков, Шот Аман, Уәлиханның ой қиялы, маңдай терімен дүниеге келген Елтаңбамыз жайлы сөз қозғайық.
Елтаңбаның көркемдік шешімі: көгілдір түс аясында шаңырақ, оған күн сәулесі сияқты уықтар шаншылған. Оларды аңыздарда айтылатын қанатты пырақтар бейнесі көмкеріп тұр. Жоғарыда жұлдыз, төменгі жағында Қазақстан деген жазу бар. Бидай сабақтары бейнеленген. Көгілдір түс аясындағы осы бейнелердің бәрі алтын түстес.
Қазақстан Елтаңбасының айшықтарында қандай ой бар?
Қанатты тұлпар пырақ бейнесі биік самғауды, болашақ жайлы армандарды білдіреді. Ширатылған ай мүйіз қайсарлық, қайраттылықты меңзейді. Егемен еліміздің Елтаңбасында қазақ елінің бостандық пен құт береке ұмтылысы бейнеленген. Елтаңбаның ортасындағы шаңырақ дүниежүзіндегі барлық қазақтарды бір шаңырақтың астына топтасуға шақырады. Әсем айшықталған шаңырақ ең алдымен өз халқымыз одан қалды қатар тіршілік кешкен басқа да ұлт өкілдері бірлесіп кереге уықтай бірігіп күш жігер жұмсап аяғынан тік тұрғызуға кіріскен қасиетті ортақ отауымыз – тәуелсіз мемлекетімізді білдіреді. Елтаңбасындағы ендігі бір назар аударатын белгілері – маңдайдағы бесбұрышты жұлдыз бен елдің аты. Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей ашық сонымен қатар ол халқымыздың жұлдыздары кие тұтып, «бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманды арқалап тұр. Елтаңбадағы бидай сабақтары – молшылықтың нышаны.
Ал енді үшінші рәмізіміз – Әнұранымыз.
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазғандар: Шәмші Қалдаяқов
Хормен айтқызып, мазмұның, мағынасын түсіндіремін. Әнұранды қай кезде және қалай айту керектігі жайлы да айтылады.
ҚР конституциясының 34 - бабы: әркім өз Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгінгі және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт - санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман – тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Елтаңба
Дүние әлем көзіндей
Дөңгеленген жамалы
Ер елімнің қорғаны -
Кереге қанат қамалы.
Көгілдір көктің жүзінде
Шаңырақ күн, уық – нұр.
Мәңгі сөнбес күйінде
Маңдайдан жұлдыз туып тұр.
Қуат отын қоздырған
Қос қанатты пырағым
Хас тұғырға қондырған
«Қазақстан» - Ұраным.
Тұлғасында түзілген
Ыстық қаным, діл, арым.
Төріме іліп,
Төсіме
Тағып жүрер Тұмарым!
Көк аспандай көкпеңбек
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен – тек – елдің ашық қабағы
Ақ ниетті – алтын күн,
Асқақ арман – қыраны.
Жалауы – бұл халқымның
Мәртебесі – Ту - ары.
Бұлт баспасын күнімді,
Тарылмасын өрісім.
Биік ұстау Туымды
Қасиетті борышым.
Әнұран!
Қаһарман қажыр, қайратым.
Шайлықпас текті айбатым.
Арман, абырой, толғаныс -
Айтылатын ар, затым.
Жұртымның мұң, мұратын
Құлқыма құйып тұратын
Сіңірген тұла бойыма.
Тәңірлік күштің қуатын
Жан дауысы халқымның
Шабыттана шырқалар
Киелі сөз, сазды әуен
Шырқағанда, нұр тамар
Беріле тыңдап,
Егіле
Жанып тұрар мың жанар.
Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр. Бүгінгі елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді.«Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» - деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнау сөзін Қазақ елінде тұратын және оны өз отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы керек.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×