Сайтқа кіру Тіркелу

Әліппемен қоштасу

Әліппемен қоштасу ертеңгілігі.
Мақсаты:
Оқу тілін дамытып, сөздік қорын молайту. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау.
Әр оқушының іс - әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу;
Оқушылардың елін, Отанын сүюге, оны қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақ әліпбиі, суреттер, нақыл сөздер, «Әліппе», «Ана тілі», «Математика» оқулықтарының мұқабасы, ауызша есепке көрнекілік, шарлар.

Мұғалім:
Армысыздар құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы «Әліппе». Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі - әліппені бітіру тойына хош келіпсіздер дей отырып, ертеңгілігімізді бастайық.

І - оқушы
Қайырлы күн, уа, халайық!
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар,
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, әнде бүгін шырқалар.
2 - оқушы
Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата - аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
Мұғалім:
Өсті міне бойларың,
Өсті ақыл - ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларын!

Балалар мен сендерге сұрақ қойғым кеп тұр. Сендер сұрақтың жауабын табыңдаршы.
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Хормен:
Болашаққа жол ашар -
Ол сүйікті - Әліппе!
Ол сүйікті - Әліппе!
Мұғалім:
- Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе: (қоржыны бар, қоржынында дидактикалық материалдар бар )
Армысыздар жас достар!
Армысыздар, ата - ана!
Оқушы:
Төрлет Әліппе қонақ бол.
Балалар біз Әліппеге өз өнерімізді көрсетейік

1 - оқушы:
Әліппем менің Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.

2 - оқушы:
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріпте,
Оқимыз қазір ертекте,
Үйреткен оны Әліппе!

3 - оқушы:
Әліппе деген алтын жол
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол
Тырысып бақ намысқа.

4 - оқушы:
Бар кітапқа бас болған
Әліппе - ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.

5 - оқушы:
Мектебің мынау, класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың

6 - оқушы:
Алфавиттің
А тұрады басында
Әрқашан да
Ә тұрады қасында.
Байқадың ба?
Б тұрады үшінші.
Ал осының сыры неде?
Түсінші:
А деген ол – аналар ғой ардақты,
Ә деген ол – әкелер ғой салмақты,
Б деген ол - балалар ғой әдемі.
Біздің елде үшеуі де кәделі.

7 - оқушы:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!

Ән: «Әліппе» - оқушылардың орындауында
Әліппе: Рахмет балалар.
Қане бері қарайық,
Зейін қойып тыңдайық
Әріптерді танысақ
Қызық ойын ойнайық.

Ойын: балаларға асық береміз, музыка қосылғанда асықты ары қарай бір - біріне береді, музыка тоқтағанда асық кімнің қолында қалады сол бала тапсырманы орындайды.
1. Карточка мен жұмыс (оқушылар карточканы қоржыннан алып сұраққа жауап береді)
2. Мәтін жазылған парақтарды қоржыннан алып дауыстап оқиды
Әліппе:
- Балалар! Сендер менімен ғана достасып қана қойған жоқсыңдар. Сонымен бірге математика оқулығымен де таныстыңдар.
Мұғалім:
- Математика – ғылымдардың атасы деген. Ендеше математикадан алған білімдерін тексерейік, (тақтаға есеп шығарады).

Мұғалім: Балалар, әріптерді танып қана қоймай, олардың басын қосып осылайша оқи білулерін ата - ана үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш, есепті де жақсы шығардыңдар.
Оқушы:
Иә, бүгін біздің қуанышымызда да шек жоқ. Өйткені біз тұңғыш сауатымызды ашқан «Әліппені» бітірдік.
Мұғалім:
Балалар ондай болса, барлығымыз әліппеге рахмет айтайық.

Рахмет саған «Әліппе».(хормен)
1 - оқушы:
Келгенімде алдыңа
Қызыл арай гүл алып,
Жақын тарттың жаныңа
Шәкіртім деп қуанып.

2 - оқушы:
Сипадың да басымнан,
Әліппені ұсындың.
Бақытымның осыдан
Басталғанын түсіндім.
3 - оқушы:
«Әліппе» даңғыл жол ашты
Жаңадан пәндер жалғасты
Әліппе сырын ұқтырған
Рахмет ұстаз алғашқы.
«Мұғалім ол біздің» әні.

Көрініс "Отбасы" (Малика, Алан, Айша, Нұрлыхан)
Мұғалім:
Бізді осындай күнге жеткізіп, бірге қуанып, бірге ренжіп жүрген әкелеріміз бен әжелеріміз, аналарымызға мың алғыс айтамыз. Ендеше аналарымызды ортаға шақырамыз.
Аналар ойнайды. Ойын шарты: 5 анадан - 2 команда құрады. "Жайлау" суретін салады. Қай команда суретті тез салып болады, жеңімпаз команда аталады.
Сынып оқушыларының орындауында би - вальс

Әліппе:- Ал достар, бүгін сендер енді менің жолымды әрі қарай жалғастыратын ана тілі пәнімен танысасыңдар. Ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі:
- Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.
Балалар мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарына сенемін.
Ән "Дос болайық бәріміз"

Әліппе: Ал, енді мен сендермен қоштасамын.
Сабақты жақсы оқыңдар!
«5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер - білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз!
Қош болыңдар, балалар!
Хормен: Қош бол, қош бол, құтты Әліппе!
Мұғалім:
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға ана тілін аламыз.
Ата - ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз!
Бағалау:
Жұлдызша таратамын.
Сөз мектеп әкімшілігіне.
Ата - аналардың балаларға арнаған сыйлықтарын таратамыз.
Ертеңгілігіміз аяқталды.
Назарларыңызға рахмет!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×