Сайтқа кіру Тіркелу

«Таным» білім беру саласы бойынша дидактикалық ойындардың маңызы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті,
МКҚК №2 «Айгөлек» балабақшасының
тәрбиешісі Сахитжан Индира Нағашыбайқызы

Тақырыбы: «Таным» білім беру саласы бойынша дидактикалық ойындардың маңызы

Дүниедегі пәк те, нәзік те, батыл да батыр - ол бала. Өйткені, оның жаны таза, нанғыштығы да тез, ол "өмірдегі барлық құбылысты білсем, ол неге олай, неге бұлай деп, дүние сырын ашсам״ деп талпынады, алға ұмтылады.
Бүлдіршіндердің алғашқы даму кезеңі, білім мен тәрбие берудің алғашқы сатысы балабақшадан басталады. Қоршаған ортаға бейімі, еңбекке араласуы, білім алу, адамдармен қарым - қатынасы, ойлау, қиялдау қабілеттері сөздік қорларының дамуы мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Осыған орай мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде олардың таным қабілеттерін дамыту ерекше орын алары сөзсіз.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында тәрбие мен ұйымдастырылған оқу іс - әрекеттер нәтижелері бес түрлі құзіреттілікті қалыптастыруға бағытталған. «Денсаулық»,«Қатынас», «Таным», «Шығармашылық» және «Әлеуметтік орта». Әр білім саласының балалардың дамуына қойылатын талаптары мен мақсаттары берілген. Соның ішінде «Таным» білім саласының мақсаты: танымдық іс - әрекеттің дағдыларын меңгерген, әлемнің тұтас бейнесін түсінуге және ақпаратты өмірлік маңызды мәселелерді шешуде қолдануға қабілетті тұлға қалыптастыру
Соның ішінде балалардың дамуына қойылатын талаптар:
- қоршаған ортаға қызығушылық білдіруге;
- алға қойылған міндеттерге бара - бар қызмет тәсілдерін таңдауға;
- алға қойылған мақсатқа жетуге;
- экологиялық білімді меңгеруге;
- сұрақтар қоюға, эксперимент жасауға, себеп - салдарлық байланыстар орнатуға;
- құрастырымдылық іс - әрекеттегі ойды жүзеге асыруға;
- заттарды олардың жалпы түсінігі негізінде біріктіруге және оларға ауызша анықтамалар беруге мүмкіндік береді.
«Таным» білім саласы мынадай ұйымдастырылған оқу іс - әрекеттерінде жүзеге асырылады:

• сенсорика
• қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру
• құрастыру
• экология негіздері
• қоршаған ортамен таныстыру
Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын – баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән – мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатынын байқауға болады.
Ойын - айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш. А. Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш. А. Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті – баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады.
Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс - әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс - әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет.
Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады.
Ұсынылып отырған құралда балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын – жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс - әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл – күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.
Дидактикалық ойын - балаға білім берудің ең негізгі бір түрі, өйткені ойын - балалардың негізгі іс әрекеті. Балалардың қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыруда дидактикалық ойындардың алатын орны ерекше. Пішіндерді өткен кезде шар, куб, «не домалайды, не домаламайды?» ойыны арқылы осы екі пішіннің ерекшелігі, қасиеті туралы түсіндіру өте тиімді. Білім берудегі дидактикалық ойындарды нәтижелі қолданудағы негізгі шарты: ол ойын таңдаудағы бірізділікті сақтау, келесі дидактикалық принциптер міндетті түрде ескеруі керек; түсініктілік, қайталанылуы, тапсырмаларды біртіндеп орындау. Баламен іс әрекет түрінде өткізілсе, тапсырмалар оңай орындалып, алға қойған межеге жету оңай болады. Ертегі кейіпкерлеріне, ойыншық кейіпкерге көмектесу баланың қызығушылығын оятып, бәсекелестігін арттырады. Сондай - ақ, ойлау, тапқырлық қабілетін дамытып, адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін оятады. Іс - әрекетке Дымбілместі қатыстыру баланың алған білімін еске түсіріп, сол Дымбілмеске үйрету арқылы қабілетін арттырады. Дымбілмеске қарай отырып өз жұмыстарын бақылай білуге, қате жіберіп алмауға деген қырағылықтарын арттырады.
Ойын арқылы балаларды геометриялық пішіндердің ортақ белгілері (дөңгелектенген, бұрышты) бойынша біріктіру туралы алғашқы түсініктерін қалыптастырамыз. Уақытты бағдарлауға үйрету үшін тәулік бөліктері, апта күндері, жыл мезгілдері және айлары туралы санамақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтарды кеңінен пайдаланамыз. Бұл арқылы баланың ойлау, есте сақтау қабілеттері мен тілін дамытуды көздейміз.
Өзім жұмыс жасап жатқан ІІ кіші тобының балаларына Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру бөлімі бойынша «Таным» білім саласындағы мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін зейіндерін, есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауын дамытуға арналған әлеуметтік ойындарды қолдану қажет. Ойын ойнату кезінде мына кеңестерді естеріңізде ұстаңыздар:
• Ойын балаға да, үлкендерге де қуаныш әкелуі қажет.
• Баланы ойынмен қызықтырыңыз, бірақ оны ойнауға мұқтаждамаңыз, ойын тапсырмаларымен ашуға дейін қысым көрсетпеңіз. Ойын кезінде баланы ренжітіп алмаңыз.
• Баланың қызығулары «толқынмен» өтеді. Сондықтан, балада ойынға қызығушылығы басылғанда, ол ойын туралы екі айға, тіпті көпке дейін «ұмытыңыз», сосын оны бала «кездейсоқ» есіне түсірсін.
Балабақшада балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру іс - әрекетінде ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады:
• Дидактикалық ойындар – логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту.
• Санға байланысты - санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар – балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту.
• Математикалық сергіту сәттері – кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамыту

Құралда дидактикалық ойындар мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс – тәсілдері көрсетілген. Олар балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйрету. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған. Жоғарыда айтылған мақсаттарды шешуде нәтижесі ұтымды болу үшін балалардың қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыруда дидактикалық ойындардың жинағын ұсынамын..

Дидактикалық ойындар
Геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар

Мақсаты: Балаларға біреуі артық немесе кем санды тауып, атауды үйрету.
Көрнекілік: Ою - өрнектер, геометриялық пішіндер салынған карточкалар жиынтығы, геометриялық пішіндер.
Барысы: Балалар геометриялық /ұшбұрыш, шаршы, дөңгелек және с. с./ пайдаланып, мұғалімнің тапсырмасына үндеместен жауап беруі тиіс.
Тәрбиеші тапсырма береді, балалар оны орындайды.:
а/дөңгелектерден біреуін артық етіп, ұшбұрыштарды қойыңдар /үш дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/;
б/мұндағы дөңгелектерден біреуін кем етіп, шаршыларды қойыңдар /бес дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/;
в/дәл осындай пішінді көрсетіңдер /дөңгелекті көрсетеді/және осыларға сәйкес тапсырмаларды көрсетіндер.
Ойын соңында қорытынды шығарылады. Қатені аз жіберген қатар ұтып шығады. Ойынның барысында балалардың зейіні, қол қимылының жылдамдығы, дәлдігі қалыптаса бастайды және санауды, біреуі артық немесе кем санды тауып, оны атауды үйренеді.
«Дәл осындай пішінді тап»

Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту, пішіндерді атауға, ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру.
Ойынның құрал - жабдықтары: бала саны бойынша құлыптың суреттері, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: алдарындағы сиқырлы құлыпты ашуды ұсыну. Құлыптың кілттері де сиқырлы, геометриялық пішіндерден құралған екенін айту. Әр бала құлыпқа сай келетін кілтті алып, құлыпты ашады.

«Үйдің есігін жабайық»
Ойынның мақсаты: заттарды өлшемі бойынша салыстыруға, жуан және жіңішке заттарды ажыратуға жаттықтыру. Ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал - жабдықтары: үйдің, есіктің суреттері.
Ойынның мазмұны: қағаздан қиылған, есігі жоқ үйдің суретін балаларға тарату. Жуан және жіңішке есіктерді үйдің өлшеміне сай келтіріп салуды ұсыну.

«Вагондарға дөңгелек таңдау»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, қасиеттерін білуге жаттықтыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал - жабдықтары: қағазға салынған вагондар, әртүрлі геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар вагондарға лайық дөңгелектерді әртүрлі пішіндердің ішінен табады.

«Үй құрылысының ретін көрсет»
Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту.
Құрал - жабдықтары: баланың саны бойынша әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер, үй суретінің үлгісі.
Мазмұны: Балаларға үйдің суретінің үлгісін көрсету. Балаларға әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну.

«Бет орамалға лайық жамауларды табу»
Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал - жабдықтары: бала саны бойынша қағаздан жасалған бет орамалдардың үлгісі, әртүрлі пішіндер.
Мазмұны: Балаларға бет орамалдардың үлгісін таратып беру. Алдарындағы пішіндердің ішінен әр орамалға лайық жамауды табуды ұсыну.

«Жұбын тап»
Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; білімдерін бекіту, ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал - жабдықтары: әртүрлі ретте орналасқан геометриялық пішіндердің суреттері.
Мазмұны: Балаларға геометриялық пішіндер орналасқан суреттерді тарату. Үлгі ретінде бір суретті көрсетіп, дәл осындай суреттін жұбын табуды ұсыну. Суреттердің дұрыстығын тексеру үшін оларды салыстыру.

«Әдемі кілемшелер»
Ойынның мақсаты: бөліктерден кілемше жасауға үйрету; қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту; ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ойынның құрал - жабдықтары: қағаздан жасалған кілемшелер, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар геометриялық пішіндерді берілген кілемшелердің үстіне қойып, құрақ құрайды.

«Таныс пішіндер доминосы»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; көп заттың ішінен біреуін таңдауға жаттықтыру.
Ойынның құрал - жабдықтары: пішіндер бейнеленген суреттер.
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттерді таратып беру. Жүргізуші бірінші суретті үстелдің ортасына қояды, қалған балалар сурет сәйкес өзінің суретін қояды, суретте бейнеленген пішінді атайды. Ойын осылай жалғаса береді.

«Гараждар»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; ойлау қабілеттерін дамыту; жағымды көңіл - күйлерін қамтамасыз ету.
Ойынның құрал - жабдықтары: бала саны бойынша суреті бар рульдер, дәл сондай суреті бар гараждар.
Ойынның мазмұны: Балалар жүргізуші болады. Қолдарына суреті бар рульдерді таратып беру. Белгі бойынша балалар көліктерін жүргізіп ойнайды. «Көліктеріңді гараждарыңа апарып қойыңдар» - деген кезде, рульдегі суретіне ұқсас суреті бар гараждың жанына барып тұра қалады.

«Өз үйіңді тап»
Ойынның мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; қабылдауын дамыту; ойынның ережесін сақтауға үйрету.
Ойынның құрал - жабдықтары: түрлі - түсті дөңгелектер.
Ойынның мазмұны: Балаларға түрлі - тісті дөңгелектер тарату, түсін атау. Үйлерін көрсету. Белгі бойынша балалар дөңгелектерінің түсі бойынша үлкен шеңберлерге тұра қалады.

«Зейінді бол»
Мақсаты: Күрделі геометриялық суреттен үшбұрышты, төртбұрышты, шеңберді көрсете білу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер кескінделген суреттер /5 – сурет/.
Барысы: Тәрбиеші көрсеткіш таяқшамен бірінші /екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы/ суретті нұсқап, балаларға мынадай сұрақ қояды: Суреттен қандай таныс пішінді көресіңдер? Әрбір суретте өзара ұқсас неше пішін бар?
Есептеу кезінде аз қателескен қатар ұтып шығады.

«Мынау қай пішін?»
Мақсаты: Геометриялық пішінді сипалап анықтау арқылы айта білу.
Көрнекілік: Картоннан жасалған геометриялық пішіндер 5 – түрі.
Барысы: Бала топқа қарап тұрып, қолын артқа ұстайды. Тәрбиеші оның қолына геометриялық пішінді ұстатады. Бала оны сипап байқап, балаларға көрсетпей атын атайды.

«Кім зейінді?»
Мақсаты: Белгілі геометриялық пішіндерден әртүрлі нәрселер құрастыру.
Көрнекілік: Сіріңке қорабында таратпа геометриялық пішіндер.
Барысы: Тәрбиеші төмендегі бейнелерді геометриялық пішіндерден алып бейнелер құрайды. Жылдам болған бала мадақталады.

«Қандай пішін шықты?»
Мақсаты: Таяқшалардан таныс геометриялық пішіндер құрастыра білу.
Көрнекілік: Әрбір балаға 10 данадан санағыш таяқшалары
Барысы: Тәрбиеші балаларға үш таяқша алып, олардан пішін құрастыруды ұсынады. Қандай пішін шықты? Енді төрт таяқша алып, пішін құрастыру ұсынылады.
Қандай пішін шықты? Тәрбиеші тағы да бір таяқша алып, оны шаршының, төртбұрыштың үстіне қоюды ұсынады. Қандай пішін шықты?

«Біркелкі пішіндерді сана»
Мақсаты: Пішіндерді танып, топтастыра білуге үйрету. Ойлау қабілетін, қол қимылын жаттықтыру.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер суреттері бар, таратпа суреттер. (15 дана)
Барысы: Әр балаға пішіндер суреттері бар, суреттер таратылып беріледі. Суреттерден біркелкі пішіндерді санап атау.

«Бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр»
Мақсаты: Геометриялық пішіндерді танып, атай білуге үйрету. Бос торларды сәйкес пішіндермен толтырту.
Көрнекілік: Әр балаға жеткілікті таратпа суреттер.
Барысы: Балаларға суреттер таратылып беріледі. Суреттердегі бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр.

«Қандай пішін жетіспейді?»
Мақсаты: Геометриялық пішіндерді атай білуге үйрету. Қай пішін жетіспейтінін тапқызу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер. (Қораптан алу)
Барысы: Тақтаға геометриялық пішіндер қойылады. Балаларға көздеріңді жұмыңдар деп, бір пішінді алып қояды. Балалар қай пішін жетіспейтінін табады. Өзім жұмыс жасап жатқан ІІ кіші тобының балаларына күнделікті өмірде сөйлесу, әңгімелесу, арнайы берілген тапсырмаларды орындату, әртүрлі дидактикалық ойындар, серуен кезінде бақылау, табиғат құбылыстарын бақылау, қоршаған ортадағы болып жатқан оқиғалар, ертегілер, сурет бойынша әңгіме және күнделікті оқу іс - әрекеттер арқылы таным құзіреттіліктерін дамытып отырамын.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балаларға қарапайым математикалық түс ...

Дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балаларға қарапайым математикалық түс ...

Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, № 14 «Қарлығаш» б/б тәрбиешісі Умирзахова Айхан Култаевна...
Түлкіде қонақта

Түлкіде қонақта

Ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінің технологиялық картасы Жасы: «2 - 3» Бірінші кіші «Балдаурен» тобы Тақырыбы: Түлкіде қонақта Білім беру саласы:...
Геометриялық  пішіндерге  арналған  дидактикалық  ойындар

Геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар

Алматы облысы, Райымбек ауданы Сарыжаз орта мектебі Шағын орталықтың аға тәрбиешісі Орманова Құралай Халелқызы...
Геометриялық пішіндер еліне саяхат

Геометриялық пішіндер еліне саяхат

Солтүстік Қазақстан обылысы, Есіл ауданы Кинорежиссер Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің мектеп алды сынып тәрбиешісі Әсімжан...
Зат қандай пішіннен құралған?

Зат қандай пішіннен құралған?

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №7 «Балдырған» балабақшасы Садықова Жадыра...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×