Кітап үзіндісі: Кейбіреулер өтірік күледі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Адам өз өмірінде талай жанмен кездеседі. Жақсымен де, жаманмен де. Бірақ соның ішінде қара жерге кіргенше ұмытылмайтын аяулылары болады. Ондай жандардың бейнесі, тот баспайтын сары алтындай, сенің есіңде сол өзіне ұнаған қалпында қалады да қояды. Оны басыңнан өткен ұзақ жылдар да, қайғы - қасірет те, қуаныш та сенің жүрегіңнен өшіре алмайды.
Ілияс Есенберлин "Алтын құс"
Кейбіреулер өтірік күледі. Өтірік күлкі – жаны кіршең, пейілі пәс адамдарға Құдай өзі басып қойған қара таңба.
Шерхан Мұртаза "Ай мен Айша"
Адамдар мал - мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы "Шығармалары"
Әрқайсымыз тек өзіміз үшін тырбанып бақсақ, онда анау өзі үшін жайылып жүрген малдан қандай айырмашылық болмақ?
Немат Келімбетов "Ұлыма хат"
Төбеде көк аспан. Табан асты көк теңіз. Екі дүние арасында жабырқау ойды жанына серік қып, күні бойы күйбеңдеп жүріп өмір жөнінде ойлайды. Өзі жөнінде ойлайды. Өзінің теңіз үстінде ғана емес, өмірде де жалғыз екенін ойлайды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер"
Біздер, қазақтар бәрін керісінше істейміз. Қожанасырдың ұлы сияқты. «Аялдама» деген жерге аялдаймыз. «Мазмұндама» десе мазмұндаймыз. «Кіріспе» десе кірісеміз. «Хабарлама» деп қоямыз да хабарлаймыз. Сондықтан да «ел бол» деп айтпайық, «ел болма» деп айтайық та. Ел болып кетерміз! Қайнар Олжай лунаходты «Айдабол» деп аударды емес пе? Ештеңе жоқ, жарасып - ақ тұр.
Біздің айда болмағанымызға Қайнарды қалай кінәлайсың? Шынымен айда болатын кезде «Айдаболма» деп өзгерте салармыз. Бәрі қалжың. Мұның бәрі тілдік норманың заңдылықтарына бағынып жасалған дүниелер болар. Мен – лингвист емеспін. Жәй әшейін, бүгін «Каламбурлама» деген сөз ойлап тауып, сосын мыжып, каламбурлатып отырғаным ғой.
Шархан Қазығұл "Оңашадағы онлайн ойлар"
Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп - жетіледі десек артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді.
Қайрат Жолдыбайұлы "Имани гүл"
Адамзатқа әрқашанда қуат беретін үміт деген ұлы күш бар. Ол ақылыңды қанағаттандырып қияға самғатады. Жігеріңді қамсыз қайрай көк темірге салдыртады. Мен де бұл дүниеден көп нәрседен үміттенген едім, жеткен жерім осы болды. — Абылай ауыр күрсінді де тағы үндемей қалды. Аздан кейін қайта сөйлеп кетті. — Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ, ол бекер екен. Ең үмітсіз — көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік екен. — Ол тағы қинала күрсінді, — әрине, жетпіс екі жас кәрілік пе? Бірақ басымнан өткен қилы - қилы кезеңдерге көз жіберсем, мың жыл жасағандаймын. Жоқ, мазасыз ой, бітпес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жаныңның қартайғаны — шын кәріліктің келгені, алдағы үмітіңнің тегіс сөнгені... Үмітіңнің сөнгені — ол сенің өлгенің!
Ілияс Есенберлин "Көшпенділер"
Өмір деген тіпті де ғажап емес, Алтайдың қысы секілді қатыгез, кімдерге суық, кімдерге ыстық. Дегенмен өмірді лағынеттеп, өкінуге де болмайды - ау.
Оралхан Бөкей "Қасқыр ұлыған түнде..."
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кітап үзіндісі: Кейбіреулер өтірік күледі
- ramuk_b
- 2 ақпан 2022
- 940
- 0
- 0
Ілмек сөздер: кітаптан үзінді, жазушы шығармаларынан үзінділер, жазушы шығармалары
Ұқсас жаңалықтар:
Кітап үзіндісі: адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады е ...
Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны - мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні...Кітап үзіндісі: Қайғы мен мұң екеуі ағайынды қасіреттер
Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым. Бердібек Соқпақбаев "Балалық шаққа саяхат"...Кітап үзіндісі: Жамандар жақсыларды көре алмайды
Жамандар жақсыларды көре алмайды. Қараңғылар жарықты көре алмайды. Неге? Өйткені, олардың көздерін шел басқан. Талантсыздар дарынды көре алмайды....Кітап үзіндісі: Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді
Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені əйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені əйел - киелі...Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.