Сайтқа кіру Тіркелу

Аштық құрбаны

Боран. Қар бораны... Қар бораны емес - ау, қан бораны!.. Желі, ұйтқып соққанда, тұншықтырып дем алғызбайды. Қары майда жабысқақ емес, тікенектей қатты; бетке тисе қарып, қаны сөліңді сорып алғандай.

— Қатын - ай, үй құрғыр азынап кетті ғой, тағы бірдеңе тауып жағасың ба!.. — деді Қайрақбай.
Аласа, тар жер үйдің іші ит байласа тұрғысыз, есігінен,, терезесінен жел азынап үйдің іші қырауытып кеткен.

— Қайтейін, байғұс, отқа жағатын не қалды дейсің, лапастың төбесін әлдеқашан жағып бітірдік. Қар астында қалған азын - аулақ саңылтырын Дәмеш екеуіміз әлгіде қазып алып жақтық.

Шырынкүл пештің алдына отырып, сөніп бара жатқан оттың шоғын шыпшамен көсеп, тағы бір жайнатып қойды. Жанып; біткен қамыстың шоғы қанша ұзаққа барсын, ә дегенше болмай сөніп қалды. Шырынкүл шын налыды.

— Құдай - ай, жоқшылықтың да шегі болмайды екен ғой! Қара. судан басқа ішетін бір ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым, татпай, жүрек қарайып отырғаны мынау! Мұның ар жағында не; болмақшы? Не қыламыз? Йемен күн көреміз?

Көзінен бүртік - бүртік жасы ыршып шығып, бетін жуып сала берді.

Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп Қайрақбай отыр. Екі көзі жаутаңдап, әкесінің шоқпыт күпісіне орана түсіп, сегіз - тоғыз жасар бала — Таңсық жатыр. Бәрінен де қайғылы, бәрінен де жүдеу, біресе жылаған шешесіне, біресе еңсесі түскен әкесіне қарап, жаутаңдап Дәмеш отыр. Дәмештің казіргі түрі адам шошынарлық, бұдан екі - үш ай бұрын адам сұқтанарлық келбетінің ешбір ізі қалмаған секілді.

Дәмешті мүжіген жалғыз аштық емес, басқа қасірет бар. Қайрақбайдың баласы Дәмеш пен Таңсық. Таңсықтың қолынан іс келмейді. Дәмеш бала емес, биыл он алтыға шығып тұр. Жұрттың он алтыдағы баласы кісіге жалданып, я үйінде кәсіп істеп, әке - шешесін асырап отыр. Дәмеш мұны істей алды ма? Балам деп мәпелеген, асыраған, өсірген әке - шешесіне қысылғанда Дәмеш не көрсетпекші. Екі күннен бері дым сызбастан аш отыр, енді неше күнге шыдайды? Шыдамағанда қайтпекші. Ұлтарақтың үйі құсап қол ұстасып шұбырып кетпекші ме? Шұбырып жүріп кешегі Рахымның шомын жастана жатып, қатып қалмақшы ма?..

Дәмеш мұны ойлағанда от боп күйіп кетеді, әке - шешесінің осы күйге түсуіне өзі себепкер болған секілденеді. Құдай - ау, неге ғана еркек болып тумадым екен?! Еркек болып тусам ең арғысы біреудің есігінде жүрсем де, қайыр сұрасам да, әке - шешемді мұндай қысылшаң күйге түсірмес едім!.. деп ойлаған сайын еңіреп - еңіреп алады...

Үй іші қара күңгірт тартып бұлдырлай бастады. Кеш болды білем, жағатын, жарық қылатын шам қайда? Пешке арқасын сүйеп, бүрісіп Қайрақбай жатыр. Қайрақбайдың қолтығына басын тыға Таңсық жатыр. Таңсыққа басын салып Дәмеш жатыр. Жалғыз Шырынкүл байының бас жағында, қазықтай боп қақиып тізерлеп ол отыр... Ой терең, ойлап - ойлап кеп күрсінгенде, жүрегі жарылып кеткен секілді болады.

Дала боран, жел ысқырады, ұлиды. Сақылдап күлгендей болады, сарнап жылағандай болады. Қараңғылық түнеріп, тұлданған күннің ызғарымен әлемді құшағына алып тұншықтырып бара жатқан секілді!

Есік алды сықырлағандай болды. Сипалап есікті ашып, тәлтіректеп бір адам үйге кірді.

— Уа, бүгімсің?

— Құдайы мейманмын.
— Байғүс - ау, бізде не бар деп келдің? Өзіміз дым таба алмай ұлып отырмыз, байларға барсайшы!
Аяғын сықырлатып мейман аз - кем тұрды да, өлімсіреген дауыспен мұңын айтты:
— Ашпын, жаяумын, ешкім есігінен қаратпады. Тым болмаса түнеп шығуға рұқсат етсеңіздер!
Шырынкүл күрсінді.
— Жата ғой, жата ғой, — деді.

— Әй, басыңды көтересің бе, — деп Шырынкүл Қайрақбайды оятты.
— Не айтайын деп едің?
— Манағыны, манағыны қайтеміз?..
Қайрақбай жауап бермей, басын салбыратып отыра берді.

— Сен жаси берме, құдайдың салған ісіне көну керек! Көре - біле өлеміз бе, қырыламыз ба?! Сен бата алмасаң мен - ақ айтып көрейін!

Қайрақбай әлдене уақытта барып:
— Мейлің! — деді.
— Қалқам Дәмеш!
— Ау, әже!
— Басынды көтер. Біз сорлы болдық қой. Біз өлуге қалып отырмыз... Біз енді қайтпекпіз?

— Қайтейін, әже, қолымнан келетін нәрсе болса, басымды құрбан қылсам да, сендерді құтқарар едім, бірақ қайтейін!..
Дәмеш көзінің жасына булығып, сөзінің артын бітірмей тоқтады...
— Қалқам Дәмеш!
— Ау, әже!
— Сен білесің бе, бізге өлімнен құтылатын бір жол табылып отыр ғой...
— Әжетай, айтшы! Қолдан келетін іс болса, құтылып бағайын. Тым болмаса өзіміз құтыла алмасақ, Таңсықты құтқарайық!..
— Оны істесек бәріміз де өлімнен құтыламыз.
— Айтшы, әжетай, айтшы!

Шырынкүл біраз күрмеліп отырды да, сөзін бастады.

— Қалқам, өткен жайдың несін айтайын, езің де білесің, сен жасыңда күйеуге беріп қойып едік. Былтыр күйеуің өлді. Әмеңгерім деп қайнағаң қатын үстіне алтысы келеді, мен де, әкең де төбе шашымыз тік тұрып сені айырып алуға жан салдық. Айналдырған төрт - бес қараны сыпырып байдан алған қалың малдың төлеуін бердік. Нақ ол күлде сені айырып алудан басқа біздің ойымызға еш нәрсе келмеді. Біздің бар тілегіміз сені теңіне қосып, қызығыңды керу еді. Бірақ құдай онымызды, қос көрмеген секілді. Біз тұңғиық жарға кез боп отырмыз. Бұдан шығудың амалын қарастырмасақ, бәріміздің де өлгеніміз. Бәріміз өлмей, біріміз ғана өлейік десек, ортамыздан сені құрбан қылғалы отырмыз, сені сатқалы отырмыз!

— Әжетай, мен шынымен пұл болам ба? Мен пұл болып әжеттеріңе жарасам, сендерді өлімнен алып қалатын болсам мың жаным болса да қидым, мен садаға?
— Рас айтасың ба, қалқам?!
— Рас айтам, әже, мен құрбандыққа әзір!
— Ендеше сені Тілеумағамбет тоқалдыққа сұрап отыр. Мал бермейді, үй ішімізді қыстан асырап қана шығады.

Дәмештің жүрегі мұздай боп, тұла бойы қалтырап қоя берді.

— Тілеумағамбет!

Тілеумағамбет алпысқа келген шал. Бай. Екі баласының еншісі басқа. Екі қатыны бар еді, тоқалы биыл жаз өлді. Апыр - ау, өлейін деп отырып қызды қайтеді екен? Өзі өлгенше қатын үстіне болса да, балаларының біріне неге әпермейді екен?.. Болса да сатылатын болған сол, тым болмаса бір жас жігіттің душар болмауын қарашы!

Дәмеш отырған күйі қалшиып қатып қалды. Еңіреп жылағысы келіп тығылса да әжесі ренжіп қала ма деп қысылып, тістеніп үнін шығармады. Көзден шұбырған ыстық жас үн - түнсіз бетін бояп, койнына құйылып жатты...

Төр алдында жатқан мейман тіленші ыңырсыды. Түс көрді ме қалай, сандырақтап сөйледі:

— Өй, қатын, наның күйіп барады... Табадағы нанды ал!.. Маған бір үзіп берші, — деді.
— Нан!

Нан үшін жұрт не қылмай жатыр. Шұбырып кетіп жатыр, жүрегі үзіліп аштан қырылып жатыр! Әке - шешесі үшін құрбандыққа атап, Дәмеш сияқты қыздар құнсыз бәске сатылып жатыр!.. Әй, аштық, қылдың - ау.

— Қалқам Дәмеш! — деп Шырынкүлдің даусы қалтырап шықты.
— Ау, әжетай!
— Әлгіні қайтесің?
— Көндім, әже, көндім! Сендер үшін, жас нәресте Таңсық үшін бір түгіл мың басым болса да, қидым... Мен — құрбан! Мен аштықтың құрбаны!..
Дәмештің хаты
«... Қарағым Рақила! Сен тірі екенсің ғой!

Тірлігіңді, хал - жайыңды бүгін естіп білдім. Көрмегелі көп болды. Біз айрылғалы биыл дәл жеті жыл екен. Сен онда он жасар еділ... Есіңде ме күзді күні, суға барғанымызда, бір шелек суды көтере алмай тәлтіректеп жардың басында отырып жылап едің, «екі шелек көтеруге әлім жетсе, дүниеде арманым болмас еді!» — деп еділ, оның жастық еді, соның артынан - ақ арман көбейді: ішуге тамақ болмады; әкең қайыр тілеп ел кезіп кетті; шешеңнің басы істі, сақылдаған сары аязда жерден ойып істеген үйшіктеріңді мәңгі қалдырып, қол ұстасып кетпек болдыңдар. Сонда ақша қардың үстінде қалтырап тұрып: «бірге өскен, ойнап - күлген замандаспен бірге жүрген адамның арманы бар ма екен» деп тағы айтып едің? Мен сені қимай ауылдың артындағы белеске шейін шығарып салып едім. Жол өтердегі қыраңның басында тұрып, ызғырық өтіп қалтырап құшақтасып жылап едік. Әжең екеуің тәлтіректеп белестен асып кеткенше, мен көз айырмай қараумен болып ем. Үйге келгенде көз жасыммен омырауым сауыс - сауыс болған екен.

... Қан жауған қара күннің ол басы ғана болды. Қайғылы тұрмыс сонан былай басталды. Біз де сендердің күніне ұшырадық. Бірнеше күндей нәр татпай, аштан өлуге жеттік. Әкем неше рет қайыр сұрайын десе де, аштан өлсек те қайыр сұрама деп әжем екеуіміз көнбедік... Бізден бетер Таңсықтың ашыққаны батты; сап - сары болып қатып, құр сүйегі қалды.

... Өлетін болдық. Өлеміз ғой дедік. Өлім ауызға жеңіл болғанмен, өлу оңай көрінбейді. Бірер адам жанын қиып өліп те кетер - ау, бірақ үй орманымен өлу қиын екен. Өз басыма өлім тілесем де, әке - шешеме, жалғыз інім Таңсыққа өлім тілей алмадым. Өлім тілемек түгіл солардың өлімнен құтылғанын көрсем, арманым болмас еді дегенге келдім.

... Бірақ мен өлімге байланғанмен бір есеп болдым. Мен басымды құрбан етіп, әке - шешемді өлімнен құтқардым. Тілеумағамбетті білесің ғой, әй, тұқымы құрғыр ғой!.. Ұялмай - қызармай мені тоқалдыққа алды - ау! Не айтайын, мен бай іздеп тиіппін бе? Көндім, көндім...

... Тілеумағамбет уәдесін орындамады. Тілеумағамбет әке - шешеңді қыстан асырап шықпақшы еді. Жаз болса әке - шешем өз бетімен тырбанып, өлмес қамын істер деп ойлаушы едім. Солай ет деп әкеме айттым да. Бірақ бұған Тілеумағамбет керте болды. «Қыстай тамағымды жедің, енді осыны өте!» деді малғұн. Мен өз бетіммен тиген болдым да қалдым! Әкем қой бақты, шешем отын жағып, күлін шығарды. Таңсықты бұзаудың соңына салды. Қаныш бәйбіше жыландай ысқырып, «тұқымы жарымаған, қалғырлар!» деп сөккенде, адамның сай - сүйегін сырқырататын болды. Қарсы келер дәрмен жоқ, бар білетініміз кешке жақын қара үйге бас қосып үн шығармай ғана жылаймыз. Ыстық жас көңілдің шерін ірітіп, жуып, азырақ босатқандай болады...

... Бұл тұрмысты өзгереді деп мен ойлаған жоқ едім, ойлауға мүмкін де емес еді. Бірақ талпынса, ұмтылса қандай бұғауды да үзуге болады екен. Мен тәжірибемнен кердім... Майдың іші шығар деймін, күн шағырмақ жылы еді. Үлкен үйде әйелдер жиналып, құлынға ноқта есіп отыр едік, есіктен бір - екі жігіт кіріп келді. Аққұба келген, ұзын бойлы жігіт. Жаңа тап беріп шығып келе жатқан мұрты бар. Үстіндегі киімі орысша, шашы бұрқырап самайынан шығып тұр... Мен бір көргеннен сол жігіттен көз ала алмадым. Неге екенін білмеймін, қарағым келді де тұрды. Содан бір нәрсе күтетін сияқтандым. Ауыр жараға сол жігіттен ем іздейтін сияқтандым...

... Үйге кісі келсе, әсіресе төрелердің біреуі келсе, бай да, бәйбіше де мені үлкен үйге жолатпайды. Жұмысым болып кіре қалсам да шық - шықтың астына алып декпірімді жаңылтады. Мен мұның себебін баста сезбесем де, арт жағынан ойланайын дедім: «Апырым - ау, неге мені қуады. Келіп отырған төреге бір нәрсе айтады деп ойлай ма. Ойлана келе төреге айтып көрген теріс болмас еді», — деп көңілімді бекітіп те едім. Бай мен бәйбіше бұл жолы да бұрынғысын істеді, мені шық - шықтың астына алды. Бірақ мен қарысып отырып алдым. «Төре» бірдеме айтар ма екен деп қарап едім, ол елемеген адам секілденіп отыр екен. Бәйбіше жанымды сығып бара жатқан соң, мені ашу кернеп кетті. Аузыма не түскенін білмеймін:

— Сіз «төре» боласыз ба, — деймін.
— Онда нең бар, — деп бай мен бәйбіше шап ете қалды.
«Төре» жігіттің құлағы елеңдейін деді, біресе байға, біресе бәйбішеге, біресе маған қарады.
— Төре болсаңыз айтатын арызым бар еді, — деп едім:
— Онша үлкен төрелігім жоқ, әйтсе де айтып көріңіз, — деп күлімсіреді.

Менің арыз айтуға ыңғайланғанымды сезді білем, бай ашуына мінді.
— Шық, иттің баласы, шық де ген соң! деп таяғына жармасты.

— Арызым бар, өлтірсең де шықпаймын! — деп қарысып отырып алып ем, ақ таяғын ала бай жүгірді. Таяққа үйренген ет қой, қайқаңдап арқамды тоса бердім. Ащы етіме ақ таяқ қашан тигенше жаным шығып болды... Дауыс тына қалғанда жалт қарасам, ойпырым - ай, мұндай қуанбаспын, әлгі «төрем» сұқ қолдай мылтығын байдың төсіне қадап тұр! Бай сұп - сұр. Өңі қашып кеткен, таяғы жерде жатыр. Аузын ашып сұрланып бәйбіше отыр...

— Айт мұңыңды, — деді «төре». Іште жатқан шерді тасыған судай ағыттым.
— Өз басым не болса да көндім. Әке - шешемді осы жауыздың тырнағынан құтқарсаң екен! — дедім.

— Олар да құтылады, өзің де құтыласың. Кедей енбегін пайдалану, әйелді мал орнына саудаға жүргізу бұл күнде қалған. Кеңес залы ондайды түп - тамырымен қырып - жояды. Өзің сүйгеніңе қосыласың. Әке - шешең екі жылғы еңбегін сот арқылы толық өндіріп алады! — деді.
... «Төре» дегенім уездік оқу бөлімінің бастығы екен. Бізді арбасына салып қалаға алып келді. Екі бөлмелі пәтері бар екен. Бір бөлмесін бізге босатып берді. Әуелгі қарқында бірер айдың ішінде әке - шешемнің байдағы еңбегін әперіп, бізді жақын жердегі бір ауылға шығармақшы еді, бірақ іс созылып кетті. Соттың шақырғанына бай келмейтін болды. Толып жатқан куә шықты. Жұртта да бет жоқ қой, бәрінің ойы байды арашалау, әке - шешемнің, менің еңбегімді желге ұшыру болды...

... «Төренің» аты Қасен еді. Үш айдай қолында тұрдық. Шығынның бәрі соның мойнында болды. Қиын болды, аядық, бірақ қолдан келер еш нәрсе болмады. Байдан еңбекті өндіріп алсақ Қасеннің шығынын толығымен қайтарамыз деп, өзімізге серт бердік.

... Кеш еді, азырақ жаңбыр сіркіреп тұрған. Терезеден қарап елді, ен даланы көз алдыма елестетіп, терең ойға шомып тұрғам...

— Дәмеш, бері келіп кетесің бе? деді біреу.

Бұл кім деп бұрылсам көрші бөлменің есігін ашып, күлімсіреп тұрған Қасен екен, әлденеге жүрегім алқынайын деді...

Қасен күлімсіреп жайымен ғана сөйледі.

— Күз болды. Мектеп ашылып жатыр, балалар оқуға алынып жатыр. Таңсықты мектепке кіргізіңдер, — деді.

Жаман қуандым. «Рахмет!» — деп айта беріппін.
Қасен бетіме қарап күлімсіреді де:

— Әлде, өзің де оқисың ба? Оқимын десең мектепке кіргізуге болады. Өзіндей әйелдің оқып жүргендері толып жатыр. Сен, әлі жассың ғой. Менің тілімді алсаң мектепке кір, оқы! Мектепке кіргізу міндетін өзім алайын, деді.

Қасен не айтса да теріс дейтін ойым жоқ. Өйткені Қасеннің теріс сөзді айтпайтынын білем, бізге қастық ойламайтынына сенем.

— Болады, оқиын! — деп мен де уәде бердім. Ертеңіне мектептің табалдырығын аттадым...

... Қыс ортасы ауа әкем байдан тендік алды. Бұрынғы малындай екі есе болды десем, өтірікші болмаспын. Әкем қалаға он шақырым жердегі бір ауылға орналасып, мен оқып жүрген соң Қасеннің үйінде қала бердім, әке - шеше деген қызық болады ғой, өлейін деп жүрсе де баласының қамын ойлайды. Ауылға « жүретін күні әкем мені оңаша шақырып алып:

— Шырағым, жалғыз қалып барасың, өзіңді күте біл. Қасеннің қасы мен қабағына қара. Қасен адамның періштесі. Қасен сені сүйеді, — деді.

«Қасен сені сүйеді» дегенде жүрегім аттай тулады. Шынында да солай болуы мүмкін. Мен аңқаумын ғой, сезбеген шығармын, «ата - ана балаға сыншы» деген рас қой деп ойладым...

... Қыстай оқып хат таныдым. Жазу жазарлық болдым. Бұл дәуір менің өмірімнің ішіңдегі бақытты дәуір болды. Бұл дәуірді көрем деп мен ойлаған жоқ едім, көрдім, арманым бітті... Жайлы жаздың тамылжыған май айын мен гүлдей құлпырып қарсы алдым!..

... Әкем ат әкеліп ауылға қайтатын болдым. Сенен сыр жасырмаспын деуші едім, бәрін тегіс жазайын. Мен ертеңіне қайтатын болған соң, театрға барайық деп Қасен ертіп алып барды. Қысты күні де талай еріп барып едім. Түн ортасы кезінде үйге қайттық. Майдың түні маужырап бойды балқытып, мас қыларлық. Далада жүргің келеді; даланы кезіп, тәтті ауасын тойғанша жұтқың келеді... Жүріп келеміз... Түсім бе деп те ойлаймын. Қасен мені қолтықтап келеді. Мен иығына басымды сүйеп, салмағымды Қасенге салып келе жатқан сияқтанамын. Бұл қалай болды деп ойланам, бірақ ерсі көріп бойды аулақ салғым келмейді. Осы күйіммен таң атқанша, таң атқанша емес, өмір бойы жүре берсем де мен шаршамайтын секілдімін. Мен осы күйді жан - тәніммен тілейтін секілдімін!...

Қасен қалқам мінезі жақсы ғой, бетіме күлімсіреп қарап тұрды да:

— Ашуланбайсың ба? — деді.
— Жоқ, дедім.

... Қасенмен қосылдым, Қасенге өмірлік жолдас болдым. Бақыт жұлдызым күле қарады. Бір ұлымыз бар, Қасеннің аузынан түскендей. Атын «Октябрь» деп қойдық... Айтпақшы саған осы хатты жазарда бір ойлағаным, сен менен гөрі білімдірексің, сен ірі мектептерде оқып жүрсің, Октябрьдің он жылдық тойы болғалы жатқан көрінеді. Осы он жылдықта баяғы көргенді саған жаз дейін деп едім... Сенің жазуға ебің бар, газетке жазған бір хабарыңды оқып көрдім. Жаз, он жылдық тойға құтты болсын айт! Өткен өмірді суреттеп, көптің алдына сал! Кеңес үкіметінің көмегінің арқасында жарыққа шыққанымызды, білім алып адам қатарына қосылғанымызды қалдырмай жаз! Бізді адам қатарына қосқан кеңес үкіметі болмағанда, ендігі біздің сүйегіміз жер астында қурайтын еді...

... Бізден айрылып кеткен соң сенің басыңнан қандай күндерді өткізгеніңді білмеймін. Бірақ оңайлықпен мақсатқа жетпеген шығарсың. Жаз, газетке жаз, көп те оқысын, мен де бірге оқиын.

Бақытыңды, алған бақытыңды кұттықтаймын! Қош, бетіңнен сүйдім.
Дәмеш».
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×