Сайтқа кіру Тіркелу

Ғабит Мүсірепов

Ғабит Мүсірепов (1902 - 1985жж.)

Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы «Жаңа жол» ауылында шаруа отбасында туған. Бала кезінде ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таниды. Ол кездегі ауыл ақсақалдарының бір әдеті – кешке жақын дөң басына, немесе көкорай шалғын көк майса үстіне киізді жайғызып тастап, неше түрлі қисса, жырды қызыға тыңдайтын болған. «Әдебиетпен алғаш жақын танысуым осы еді» - дейтін жазушы балалық шағын есіне түсіріп отырып. Зерек бала «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Ләлі - Мәжнүн», «Көроғлы», «Сал - сал», «Зарқұм», «Шәкір - Шәкірат», «Шахмаран» сықылды інжу - маржан жырларды сүйсіне оқып, талай бетін жаттап та алады.

Ғабит 1917 жылы Қостанай уезінің Обаған болысындағы екі сыныпты орыс мектебіне оқуға түседі. Оның ұстазы – қазақтың белгілі ұстаз ақыны Бекет Өтетілеуов шәкіртіне жылы шырай білдіріп, әдебиетті сүйіп өсуге ықпалын тигізді, өлең, жыр жаттатады. Осы мектепті бітірген соң болашақ жазушы Пресногорьковтегі жоғары бастауыш училищеге түсіп, жеті жылдық мектеп көлемінде білім алады.

1923 жылы Ғ. Мүсірепов Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфакқа) оқуға түседі; орыс және әлем әдебиетінің саңлақтарын, ұлттық сөз өнерінің үлгілерін құмарта оқиды. «Мен – дейді жазушы «Автобиографиялық әңгімесінде», - он тоғызыншы ғасырдағы орыс классиктерін сол рабфакта ұғынып шыққандаймын. Әсіресе Гоголь, Чехов, Горький бағыты ойыма қона қалушы еді. Рабфакты бітірген кезде жазу талабы менде де ояна бастады».
Жұмысшы факультетін бітірісімен (1926) Мүсірепов бір жыл Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында оқиды. Сонда жүріп «Тулаған толқында» атты хикаятын жаза бастайды. 1928 - 1938 жылдары баспасөз, әр түрлі орындарда жауапты қызметтер атқарады. Ал, 1938 - 1955 жылдар арасында біріңғай әдебиетпен айналысады. 1956 - 1966 жылдары Ғ. Мүсірепов «Ара - Шмель» атты сатиралық журналдардың бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарып, 1966 жылдан кейін қайтадан біріңғай жазушылық өнерімен шұғылданады.

Ол Жапония, Египет, Алжир, Италия сияқты көптеген елдерді аралап, туған елінің сөз өнерін насихаттауда сол еңбек сіңірді Ғ. Мүсірепов – ел құрметіне бөленген әйгілі академик - жазушы ғана емес, ол көрнекті қоғам қайраткері еді.
Қаламгер ондаған мақала мен очерк, әңгіме мен новелла, ұлттық драматургияның алтын қорына қосылған «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», «Амангелді» пьесасы мен «Қазақ солдаты», екі томдық «Оянған өлке», «Ұлпан» романы және «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын жазды.

Бір дәуірдің талай сыры шертіліп, талай рухани адамдық ізденіс - өзгеріс ақтарылған айтулы туындыларда азынаған замана лебі айқын сезіледі. Асыл ағаның арман - тілегі, өрісі мен өресі, көтерілген шыңы да, қинала кешкен ойы мен қыры да – мен мұндалап тұр. Халқымыздың басынан өткен тағдыр - талайы, өмір - ғұмыры тым ауыр, аласапыранды болыпты, күйзелуі көбірек, күңіренуі молырақ, қуанышы азырақ жолайрықта ұзақ тұрып қалыппыз. Ғабең тартыс күреске, арпалыс айқасқа(әсіресе тап пен топ арасындағы) көбірек көңіл бөліпті – бұл да қаһарлы заманның жан қалтыратқан сызынан еді.

Абзал аға азынаған аязға төтеп берер қайрат көрсеткен айтулы азамат еді. Ер басына күн туып, етігімен су кешіп – елінің жартысын жайратып салған 1932 жылдың қилы заманында бес азаматтың атынан қылышынан қан тамған жоғары орынға жанын шүберекке түйіп жүріп ашық хат жазған Ақберген азамат болатын. Қаламдас аға - досы Биағаңа – (Бейімбет Майлинге) жала жабылғанда тағы да басын қатерге тігіп, айғайлап ара түскен. «Биағаң халық жауы болса, мен де жаумын!» - деп адам таңқаларлық қайсарлық көрсеткен де Ғабең болатын.

Солақай желөкпе сыншылар атойлап «Абай жолына» көк сүңгі сілтеп, ұлы Мұхаңның басына әңгір таяқ ойнатқанда да ара түсіп, адал, байыпты, мәнді мақала жазып, ашық сайысқа шыққан да Ғабең еді. Талай қазақ жалған, жасырын арыз тоғытып, бірін - бірі даттап, жамандап, қандасын қаралап, арысымызды өлімге қиып, қиянаттан, қарғыстан именбей, зауалдан шошымай, қара жүрек қандыбалақтың қатарын көбейтіп жатқанда, Ғабең ақиқатты ашып айтып, қасқайып қарсы тұрған, азаматтық қалпынан жазбаған әділ аға болды.

Ғабит Махмұтұлының асыл мұрасы, жүрегін жарып шыққан жан сөзі – бәріміздің рухани азығымыз, мақтанышымыз, қымбаттан да қымбатымыз. Айтулы жазушының адамдық қасиеті, азаматтық тұлғасы – бәрімізге үлгі, өнеге.

Шағын жанр өрінде

Әдебиетке 20 - жылдардың екінші жартысында келген Ғ. Мүсіреповтің алғашқы көлемді туындысы – «Тулаған толқында» хикаятында 1916 жылғы дүрбелең кезіндегі ауыл тіршілігі, әйел тағдыры, кейінгі азамат соғысының көрінісі бейнеленсе, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдарда» еңбекші халықтың сана - сезімінің өзгергені суреттеледі.
Ғ. Мүсіреповке тән шеберлікпен жазылған алғашқы әңгіме – «Қос шалқар»(1928). Әңгімеші - жазушы Қос шалқардың қойнауында екі түрлі өмірді көргенін, екі түрлі сезімді басынан кешіргенін тебірене баяндайды.

Қос шалқардың қойнауында өскен сәби көз алдындағы кең өмірді құшақ жая құшуға дайын еді. Айналасы бақыт бақшасындай рақатқа, шаттыққа шақырғандай елестейтін. Бірақ Қос Шалқармен – шын өмірімен тұңғыш түйіскенде бала көңілі құлазып, қатты қиналады. Барлық бояуы өшіп, мұнарланып, бақыт бесігіне балаған Қос шалқар қапырық зындандай дем алғызбай, тұншықтырып жібере жаздайды. өйткені оның көз алдындағы Қос шалқар қиянатшыл екен, қойнауында – «Қосым байдың босағасында қабақтары қатыңқы, көңілдері кірбікті үмітсіз өкініш» бар. Қалың қауды шапқан жігіттердің даусы нәрестелердің шыңғыруымен ұласып, тым ащы шығып жатады. Шыбыртқы арқаларына емес, жандарына «шып - шып тигендей».
Есейген шағында туған өлкесіне қайта оралған әңгімеші - жазушы Қос шалқардың өзі де, оны жайлаған жандардың да өзгергеніне куә болып, өмірдің бір шиеленіскен түйініне бойлағандай болады – көңіліне бір әсем жылылық ұялайды. Лирикалық сезіммен көмкерілген «Қос шалқар» қазақ әңгімесіндегі осы жанрдың бір жаңалық бастауы еді.

Ғабит Мүсіреповтің азаматтық және қаламгерлік қасиетін айқындай түскен «Талпақ танау» мен «Шұғыла» сол кездегі қазақ әңгімесінің айтулы шығармаларының қатарына жатады. 1932 жылдың сұмдығы мен қулығы әшкереленген бұл қос шығарма – батылдығымен, қайсарлығымен бірге композиция мен сюжеті әдемі өрілген әсерлі шығармалар. Ол уақытты аштық пен жалаңаштықты ашық әшкерелеу қайда, тұспалдап, сыналап айтудың өзі қауіпті еді. Ғабең осы екі әңгімесінің бірінде әзілді суыртпақтап, бірінде жол хикаясын арқау етіп ащы да ауыр шындықты оқырманына жеткізеді.

«Талпақ танаудың» (1933) астарлы ойы мен сюжет ағымы кейіпкерлердің сезім қылын шертіп, әдемі күлкі, әсем әзіл арқылы аңғарылады. Түйе жеккен арбамен «іркілдеп» жеткен екі шошқа, әй, жақсылықтың белгісі емес - ау! Сондықтан да ауыл жігіттері жаңа пәлеге «жақындамай, алысырақ иіріліп тұрып» осқырына қарайды. «Кәпірдің» түр - тұрпаты еркін өскен кең даланың перзенттеріне тым жат, тым өрескел көрінеді. Төрт түлігі мыңғырған елге «бауыры толған қаз - қатар емшек» «малдан көрі итке ұқсайтын бесінші түлік» жат - ақ. Ақыры ауылдың бір ақсақалын зорлықпен екі шошқаның соңына салады... Осы терең сыр ауыл жігіттері алғаш көргеннен - ақ «аузы малға ұқсамайтын талпақ танауды» деп басталатын әзіл - күлкімен, мінеп - шенеумен байқатады.

Ел тұрмысы қаншалықты ауыр болғанымен, тірлік ағымы өз қалауын алға тарта береді. Сол жылы Ғабит өзінің өмірлік тақырыбы болған, әрқашанда сүйсініп. Сүйіп жырлаған ана тақырыбына барып, жазу мәнеріндегі көтеріңкі, лепті рухтың да бастауын табады. 1933 жылы ол М. Горькийдің «Адамның анасы» («Рождение человека») және «өлімді жеңген ана» («Легенда о Тимурлане») деген екі әңгімесін еркін аудара отырып, сәл ықшамдап, кей идеясын өткірлей аша түсіп, кей ойын өзінше, сәл басқаша қорытады. М. Горькийдің «Келді адам өмірге» деген әңгімесіне Ғабит Мүсірепов «Адамның анасы» деп ат қойып, оқырман назарын, шығарманың негізгі салмағын анаға, ананың киелі махаббатына аударады. «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», (1933), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) – қазақ топырағында көктеген туындылар.
Ғабит Мүсірепов Горький сияқты оқиғаға тікелей араласып, кесімін айтып, өз сезімін білдіре бермейді – романтикалық тұлғалар туған өлкенің арынды да ағынды, отты да өршіл тірлігімен біте қайнасып, көтеріңкі рух, қайсар мінез байқатады. Кәдуілгі қазақ даласында өскен: Қапия, Нағима, Ақлима аналардың өздері де, сөздері де өткір, өктем, Жыртқыш аң, долы табиғат, жауыз да, батыр да ана жүрегінің алдында бас иеді. ашынған ана жалғыз ұлын ажалдан арашалап алып қалу үшін аштыққа көнеді, жалаңаштыққа төзеді, зынданға түседі, азаптың бәрін көреді, шыдайды. Ақыры - аяғында абақтыдан шыға сала жан түршігерлік азаптың бәрін ұмытып, жалғызын көру үшін аулына қарай құстай ұшады.

Әңгімелері:

Адамның анасы
Бірінші фонтан
Қасқырды атқан қайсысы?
Өлімді жеңген ана
Тастың әңгімесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×