«Үлгілі тәрбиеші»
Мақсаты: Мамандарды қызметке бейімдей отырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру, шығармашылық қабілетін жетілдіру. Теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіптік құзіреттіліктерін нығайту. Ұжымдық қарым - қатынасқа психологиялық бейімдеу, өзара тәжірибе алмасу.
Армысыздар, құрметті әріптестер және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығына арналған «Үлгілі тәрбиеші» атты сайысымызға қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Бүгін біздің балабақшамызда тамаша кеш өткелі отыр. Бұл кеште бала жүрегіне жол таба білген, білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бала бойына тәлім - тәрбиенің асыл қазынасын құя білетін, ұстаз деген атқа лайық тәрбиешілеріміз сайысқа түскелі отыр.
Бұлақ көрсе, көзін аша білетін,
Бала десе, бірге ойнап күлетін.
Тәрбиеші апайлар бар әнекей,
Мейіріммен елжіретіп жүретін.
Ендеше көпшілік қошеметімен ортаға әсем әуен аясында әдемі жырмен тәрбиешілерді шақырамыз!
Жас та болса іскер әрі өнерлі,
Жүректерде күй қалдырған әсерлі.
Шақырайық зор құрметпен сахнаға
«Ақботадан» тәрбиеші Ләззатты
Жер құлпырып хош иісті гүлімен,
Ұйықтамаған сайыс үшін түнімен.
Сап - салмақты Гүлжандай апайды
Шақырамыз әсем саздың үнімен.
Қандай бақыт тобың болса жан - жақты,
Білімімен салса ойға «қармақты».
«Сандуғашты» алға бастап келеді
Гүлданадай тәрбиеші ардақты.
Сайысқанда тату болған жеңеді,
Татулықпен әрбір ісің өнеді.
«Қошақанға» таң қалады барлығы
Меруерттің тобы ғой ол себебі.
Бәйгенің аттарындай шабыстары,
Білімнің ұшқыр болсын табыстары.
Қол соғып, қошеметпен шақырайық,
Альфия апайымызды сайыстағы.
Жүректен өлең төгіп, қосқан жырға,
Тұлпардай топтан озған жүйрік тұлға,
Қошеметтеп, халайық қол соғыңдар,
Балнұрдай тәрбиеші қызымызға.
Тәрбиешілер өнерін салыстырып,
Жеңіс үшін өнерін шабыстырып.
Әділдікті қолдайтын баға беріп,
Жіберейін қазыларды таныстырып.
Бүгінгі сайысымыздың қазылар алқасымен таныс болыңыздар (таныстыру).
1. Балабақша меңгерушісі Шамилова Ақтоты Сексенбаевна
2. Жунусова Гульфия Габсаттаровна
3. Бекенқызы Мадина
Байқаудың бөлімдерімен таныстырып өтейін.
1. Ал, қанекей танысайық! (таныстыру).
2. «Өнерлі өрге жүзеді» (өнерлерін көрсету).
3. «Шебердің қолы алтын» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қолөнер бұйымын жасау. Үй тапсырмасы
4. «Ас - адамның арқауы»
5. «Ертегілер елінде» ертегі сахналау
Сайысымыз 5 баллдық бағамен бағаланады.
Енді құрметті қатысушылар мына сандықшаның ішінен реттік нөмірлеріңізді алсаңыздар.
Жүректерге терең сүңги бойлайтын,
Мұңайсаңыз жылу бермей қоймайтын.
Тәрбиешілер бізді нұрға бөлейді,
Жаны дарқан балаларды ойлайтын.
Ақыл, көрік бойларына жетеді,
Әлі талай сынақтардан өтеді.
Мына отырған баршаңызға,
Тәрбиешілер өздерін таныстырып өтеді - деп, сайысымыздың бірінші кезеңі «Таныстыру» - ға кезек берейік.
Құрметті қазылар алқасы «Таныстыру» бөлімі бойынша бағаларыңызды сұраймыз.
ІІ кезең «Өнерлі өрге жүзер»
Қашаннан қазыналы халқым менің,
Өнердің өнегелі алтын кені.
Даралап дарынымен шықсын озып,
Танытып көпшілікке өз өнерін - дей отыра, сайысымыздың 2 - ші кезеңі «Өнерлі өрге жүзер» сайысын бастаймыз.
Рахмет тәрбиешілер! Енді келесі сайысқа дайындала берулеріңізге болады.
Құрметті қазылар алқасы «Өнерлі өрге жүзер» кезеңі бойынша бағаларыңызды сұраймыз.
ІІІ кезең Шебердің қолы алтын, шешеннің сөзі алтын - деп келесі кезекті «Шебердің қолы алтын» сайысына береміз.
Құрметті қазылар алқасы «Шебердің қолы алтын» кезеңі бойынша бағаларыңызды сұраймыз.
ІV «Ас адамның арқауы» - демекші келесі сайысымызды бастаймыз.
Ас мәзірі. Бұл сайыста тәрбиешілер өздерінің алдын ала дайындалып әкелген ас мәзірлерін қорғап, әділ - қазы мүшелеріне береді.
Құрметті қазылар алқасы «Ас – адамның арқауы» кезеңі бойынша бағаларыңызды сұраймыз.
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй – деп Абай атамыз айтпақшы қатысушыларымыз дайындалып алғанша кезекті Тоқсанбаева Айгүл Жұмағұлқызының орындауындағы «Қайран Қарасазым – ай» әніне берейік.
V кезең Мамандықтың сан түрлі әдісі бар,
Оның сырын біледі ме, қатысушылар
Өздері таңдап алған ертегіні
Ал, қане сайыскерлер сахналаңдар - дей отырып, келесі кезекті «Ертегілер елінде» атты сайысымызға береміз.
Құрметті қазылар алқасы «Ертегілер елінде» кезеңі бойынша бағаларыңызды сұраймыз.
Ұшқыр ойға серік болсын шеберлік,
Сөз кезегін әділ қазыларға берейік.
Арамызда білімді достар көп екен,
Солардың біз нәтижесін көрейік. – деп бүгінгі сайысымыздың өз шешімдерін шығарғанша кезекті Дүйсебаева Ляззаттың орындауындағы әнге кезек берейік.
Міне біздер анықтадық тұлпарды,
Айта алмаспыз, міне, мынау кеш қалды.
Риза боп әділқазы алқасы,
Құттықтаймыз нәтижемен озып шыққан,
Жүзден жүйрік, мыңнан озған тұлпарды!
Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы құтты болсын!
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Тату - тәтті халқымызға бақ қонып,
Кетпесін туған жердің берекесі.
«№138 бөбекжай - балабақшасы» КМҚК тәрбиешісі Джумагулова А. Б.
Үлгілі тәрбиеші сценарий
- aiboll
- 13 желтоқсан 2016
- 13786
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Үлгілі тәрбиеші, сайыс ұстаздарға арналған, тәуелсіздікке арналған
Ұқсас жаңалықтар:
«Үлгілі тәрбиеші» сайысы бойынша сценарий
Мақсаты: Мамандарды қызметке бейімдей отырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру, шығармашылық қабілетін жетілдіру. Теория мен тәжірибені ұштастыра...Жыр арнадым еліме!
Армандарды жақындатып тым алыс, Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс. Егемендік - ел бақыты, ертеңі, О, халайық! Құтты болсын қуаныш!...Жігіттің сұлтаны
Бүгінгі «Жігіттер сұлтаны» атты сайысымызға хош келдіңіздер! Енді сіздердің рұқсаттарыңызбен бүгінгі кеште өз өнерлерін көрсететін өнерпаздарымыздың...Үкілі қыз сайысы
Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылы,«Амангелді негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастауыш сынып мұғалімі...Ханзада мен ханшайым
Лагерь ханзадасы мен ханшайымы Мақсаты: Халықтық тәрбиенің асыл қазынасы ұлттық мәдениетті, имандылық, ізгілік, әдептілік қасиеттерді қалыптастыру,...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.