Көркем негізгі мектеп психологы:
Муканова Ризвангуль Жұмабайқызы
Достаса аласың ба?
Мақсаты: Оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен дос болуға үйрету, коммуникативтік өрісті дамыту.
Міндеті: 1. Адам қарым-қатынастағы достық ұғымы туралы түсінік беру;
2. Оқушылардың арасында достық сезімдерін дамытуға ықпал ету;
3. Оқушыларды сыйластыққа, әдептілікке, шынайылыққа, адалдыққа тәрбиелеу.
Барысы:
I. Шаттық шеңбері.
- Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне жиналайық. Енді бір-бірімізге бүгінгі күніміздің тамаша өтуіне арнап жақсы тілектер айтайық. (Оқушылар «Досыммен бірге » ойыны арқылы бір-біріне бүгінгі күннің көңілді өтуіне арналған тілектерін айтады).
Тренинг ережелерімен таныстыру.
1. Кешікпеу.
2. Өз уақытында бастау.
3. Бір-бірін сыйлау.
4. Ұзақ уақыт сөйлемеу.
5. Көңілді болу.
Танысу тренингі. Өз есіміңізге сын есім қосып танысайық.
II. Әңгімелесу
- Балалар, « достық» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
- Достар қандай болу керек?
- Нағыз достар қандай болады?
- « Жалған достық» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
- Достары көп болу үшін адам қандай болу қажет?
(балалар өз ойларын схема арқылы жеткізеді)
Адамдар бір-біріне деген адал сенім, өзара тілеулес ортақ көзқарасы достыққа ұластырады. Достық дегеніміз адамдардың өзара жауапкершілігі, сыйластығы мен бір-біріне қамқорлығы. Достық қарым-қатынас адамдарға өзара сенім жүктейді. Достар бір-біріне қуанышта да қиыншылықта да қамқор болады. Достық – сыйластықтың, мейірбандықтың мөлдір көзі.
IV. Мәтінмен жұмыс.
– Енді, балалар, мына ертегіні тыңдап көрелік.
Қарлығаш пен дәуіт. (электрондық оқулық арқылы).
Қарлығаш жардың қуысына ұя салып, балапан шығарыпты. Анасы азық әкелуге кеткенде, балапандары шыдамсыздана күтумен болады екен. Бір күні қарлығаштың ұясына жылан өрмелеп бара жатады. Мұны көрген қарлығаш шыр-шыр етіп, балапандарына арашашы іздейді. Ұшып көкке барады.
Қарлығаш : «Көкек, маған көмек бере гөр, балапандарымызды жылан жейін деп жатыр!» - дейді.
- Бүркіт қонаққа шақырып еді, уақытым жоқ, - дейді көкек. Қарлығаш ұшып қарғаға келеді.
- Қарғажан, маған көмек бере гөр. Балапандарымды жылан жегелі жатыр, - дейді жылап тұрып.
Қарға қарлығашқа бұрылып қарамастан:
- Мен үйленейін деп жатырмын, мазамды алма !- дейді маңғазданып.
Қарлығаштың амалы таусылып, шырылдап ұшып келеді.
Қарлығашқа дәуіт кездеседі.
- Достым, неге жылайсың ? –деп сұрайды ол қарлығаштан.
- Улы жылан балапандарымды жұтпақшы болып, ұяма өрмелеп барады.
- Олай болса, мені тезірек жеткіз, - дейді дәуіт. Қарлығаш қанатын тосады.
Қарлығаш пен дәуіт көзді ашып-жұмғанша ұяға жетеді. Дәуіт ұяға жетіп қалған жыланға тап береді. Жылан сылқ етіп жерге құлап түседі. Дәуіттің ерлігіне сүйінген қарлығаш онымен айнымас дос болады.
Содан бері талай заман өтсе де, қарлығаш пен дәуіт бір ұяда тұрып, бірге өмір сүретін болған екен.
- Балалар, қарлығаш неге ренжіді?
- Не себепті көкек пен қарғаны достар деп атауға болмайды?
- Дәуіт пен қарлығаш қалай достасты?
(Берілген сұрақтар бойынша балалардың жауаптары тыңдалып, осының негізінде олар адамгершілік құндылықтарының мәнін ұғына түседі).
V. « Достық. Бірлік » үйін салу.
- Балалар, біздің адал достарымыз әлде де көп болу үшін, үлкен үй салуымыз керек. Сол үлкен үйді бәріміз бірге салып көрейік.
Мақал – мәтелдер.
1. Досы көпті жау алмайды,
2. Досың көзіңде болғанша,
көңіліңде болсын»
3. Жүз теңгең болғанша,
Жүз досың болсын.
4. Шын дос үшін қалайда,
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда,
Досыңменен қасыңды.
5. Досы көппен сырлас.
Досы жоқпен сыйлас.
6. Досың мың болса да – аз,
Дұшпаның біреу болса да – көп.
7. Досыңмен дос болғанға шаттан
Дұшпаныңмен дос болғаннан сақтан.
8. Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық.
9. Дос басқа қарайды,
Дұшпан аяққа қарайды.
10. Өрге жүзген өнегелі ісіңмен,
Адал дос тап, тең құрбыңның ішінен.
VI. Тыныштық сәті.
- Балалар, орындарыңызға емін-еркін жайғаса отырыңыздар. Енді көзімізді жұмып, әркім өзінің досы, оның жалпы қасиеттері туралы ойлаймыз. (2-3 секунд)
- Балалар, достарымызды ойлап болсақ, көзімізді ашайық. Параққа аты-жөнімізді жазып, ойлаған досымыздың есімін жазайық.
VII. Дәйек сөз.
- Енді балалар, бүгінгі тақырыбымызға сай мына дәйек сөзді жаттап, дәптерімізге жазып алайық. « Шын дос – таусылмас қазына ».
VIII. Социметрия әдісі.
Мақсаты: Балалар ұжымдағы өзара қарым-қатынасты анықтау, алынған мәліметтерді оқу-тәрбие жұмыстарында қолдану, топ ішінде психологиялық қолайлы жағдайын орнату.
Нұсқау: Балалар, сіздерге қазір сұрақтар қойылады. Сол сұраққа осы өз сыныптарыңнан үш адам есімдерін жазасыңдар.
1. Кіммен дос болғың келеді?
2. Партада кіммен бірге отырғың келеді?
3. Мерекелерде кімге сыйлық бергің келеді?
Х. Өміршеңдік ережесі.
Әр адамның ережесі – өз жүрек қалауымен жүру және батыл әрекет жасау. Сол сияқты иығыңды тіктеп, жарқын көңілмен іштей табысқа жетуге талаптанып, өміршеңдік ережелерін айтайық.
1. Жігер деген- мен
2. Күш деген- мен
3. Махаббат деген –мен
4. Кешірім деген – мен
5. Құдірет деген –мен
6. Жасөспірім деген – мен
7. Жастық шақ деген-мен
8. Денсаулық деген-мен
9. Адалдық деген-мен
10. Жарқындылық деген-мен
11. Бар ғажайып деген –мен.
ХОРМЕН: Бәрі маған байланысты,
Бәрі менің қолымда.
ХI. Қорытынды.
Сабаққа қатысқан оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар бүгінгі сабақтан алған әсерлерін жазып күнге жабыстырады. Балалар, бәріміз бірігіп жақсы сөздерге толып жарқыраған, шуағы мейіріммен төгілген күн құрастырдық. Күн шуақтары бізге жылылық сыйлап тұр. Біз де сол сияқты достарымызға және өзімізге тек қана жақсылық сыйлайық.
ХII. Қанатты сөз.
Құс қанатымен, адам – достарымен мықты.
Мұғалімдерге жүрекке жылы сөздер жазып тарату.
Достаса аласың ба?
- Ризвангуль
- 16 желтоқсан 2012
- 12391
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Психология, достық туралы, достаса аласың ба, тәрбие сағаты
Ұқсас жаңалықтар:
"Бірлігіміз жарасқан" 1 мамырға арналған ертеңгілік сценарий
Мақсаты: Бірлік мерекесінің – қазақстандықтар үшін татулық пен ынтымақ мейрамы екенін түсіндіру. Қазақстанда тұратын көп ұлттың достығы мен...Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Құндылық: сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, қиянат жасамау. Қасиеттер: сыйластық, адамгершілік, кішіпейілділік, мейірімділік, ізгілік...Өзін-өзі тану
«Мектепалды даярлық» тобының ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы Топ атауы: №11 «Кемпірқосақ» тобы Білім беру саласы:...Біздің тілегіміз - достық
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы №14 ОЖББМ бастауыш сынып мұғалімі: Умбетова Гульмира Борисовна...Достық қымбат өмірде
Сабақ тақырыбы: Достық қымбат өмірде...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.