Қызылорда қаласы, Қ. Мұхамеджанов атындағы
№1 мектеп - гимназиясының технология пәнінің
жоғары санатты мұғалімі Ешпанова Лиза Шынәліқызы
І. Сабақтың тақырыбы: Қабырға кілемшесі - түскиіз элементін кестелеп тігу. Эскизін жасау. Кәсіпкер - мамандық.
ІІ. Мақсаты: Қазақтың ұлттық бұйымдары туралы білімдерін арттыра отырып, эскизін жасау және тігуді үйрету. Ою - өрнек туралы түсінік беру.
1. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, өзінің қиялын, пікірін, көзқарасын қалыптастыра отырып, ой - өрісін дамыту.
2. Оқушының ізденімпаздығын, іскерлігін, шеберлігін, икемділігін арттыру, жоспар құруды үйрету алдында қойған мақсаттарына жету, қабілеттерін дамыту.
3. Ептілікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру.
Білімділік: Қазақ халқының ою - өрнек түрлеріне сипаттама беру және жапсырмалау технологиясын үйрету.
Дамытушылық: Ою - өрнектің тілін түсіндіру, сырына мән беру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Тәрбиелік: Ою - өрнек арқылы оқушылардың ой - өрісін, білімін жан - жақты дамыту, халқымыздың асыл мұраларын, салт - дәстүрін, өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.
ІІІ. Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ әдебиеті, музыка.
Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ.
Сабақтың типі: Аралас сабақ.
Сабақтың негізгі әдістері: сұхбаттасу, өздік жұмыс, өзіндік жұмыс, практикалық жұмыс.
Сабақтың жабдықталуы: компьютер, слайд - презентация ( Қазақтың ұлттық өрнектері), ою - өрнек түрін жасайтын түсініктеме - карточкалар, ою - өрнек жасауға керекті құралдар.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру бөлімі. 2. Өткен тақырыптарға шолу.
3. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
4. Ақпараттық түсіндіру.
5. Іскерлік пен дағдыны меңгерту кезеңі.
6. Практикалық жұмыс кезеңі.
7. Сергіту бөлімі.
8. Бекіту бөлімі.
9. Қорытынды бөлім
Сабақтың бірінші кезеңі: Жаңа тақырыпты түсіндіру.( Слайдтар)
Өрнек дегеніміз не? Жануар текті өрнек, өсімдік текті өрнек, геометриялық өрнектерді мультимедиялық тақтада көрсету.
Қазақтар тұрмысында, киімінде өрнекті көп қолданған. Қазақ өрнегінің ерекшелігі: фон мен суреттің тепе - теңдігі.
Ал ақ пен қара түстің қолданылуы өмір мен өлім күресін көрсетеді. Оқушыларға өрнек түрлері туралы слайдтар көрсетіліп, өнер тарихынан мағлұмат беріледі.
4. Сабақтың екінші кезеңі – ақпараттық түсіндіру. Қазақ даласында болған жат жерлік авторлардың пайымдауынша қазақтар ою - өрнек әлемінде өмір сүрген. Кез - келген зат, оның көлеміне қарамастан, шәйнек қаптан текемет, кілемге дейін ою - өрнекпен әрленетін. Бояуларының қанықтылығы, заттың жасалу техникасы - қазақтың қолданбалы қолөнерінің негізгі ерекшеліктері болып табылады. Сондай - ақ, ою өрнекпен аяқ қап, жастық, төсек қап, абдыра жапқыш, кесе қаптар да әрленді. Өрнекті салуда түрлі технологиялар: сыру, құрау, кестелеу, бастыру қолданылды. Текеметтер мен сырмақтар киіз үйдің еденіне төселсе, қоржындар керегеге ілінді. Ұлттық ою - өрнектер төрт топқа бөлінеді. Әрбір оюдың өзіндік атауы және олардың қолданылатын орындары бар.
«МҮЙІЗ» - қазақ оюының ең көне мәнері. Ою - өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мұйіз» ою - өрнек кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады. Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «еркешмүйіз», «қошқармүйіз» т. б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши), тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, оқшантай, торсық, сандық т. б.), сондай - ақ қару - жарақтарда (қынап, оқшантай, торсық, садақ), киім - кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) қолданылады, жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады.
ҚОСМҮЙІЗ» ою - өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім - кешек, қару - жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою - өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою - өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.
«АРҚАРМҮЙІЗ» деп аталатын ою - өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді (кілем, тұскиіз, сырмақ, кесте, киім - кешек пен үй жиһаздарында кездеседі).
«ҚЫРЫҚМҮЙІЗ» ою - өрнегі біріне - бірі жалғаса, тармақтала қосылған, кеп мүйізден құралған ою - өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төртбұрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір - бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. (Тұскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, архитектура сәулет өнерінде молырақ кездеседі).
«СЫНЫҚМҮЙІЗ» морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою - өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай - ақ әр түрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.
«ӨРКЕШ» ою - өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, тұскиіздерге салынатын ою - өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе - теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке - бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.
ШЫНЫГҮЛ» ою - өрнегі гүлді тұспалдап тұрады. Бұл өрнек «төртайшық», «итемшек» оюларына ұқсас келеді. «Шыныгүл» ою - өрнегі айға, мүйізге, жапыраққа ұқсас элементтерден құралған. Екі мүйіздің қайырылған екі ұшына жапырақ қондырылған, сол жапырақтар бірнеше рет сатыланып қайталанылып отырады.
«ГҮЛ» ою - өрнегі гүл өсімдігінің барлық түрлерін тұспалдап тұрады. Бұл өрнектің түрі үш жапырақты ою - өрнектен басталып, он екі жапырақты ою - өрнекке дейін қолөнер бұйымдарында кездеседі. Кесте тоқуда және киім - кешектердің жағасына, қалтасына, жиектеріне салады.
«ТҮЙЕТАБАН» ою - өрнегі түйенің басқан ізін долбарлайтын күрделі ою - өрнек. Ол кейде «қарта», «қарға», «қызылайыр» ою - өрнегіне ұқсайды. Қатар тұрған S тәрізді екі сызық қатарласып қосылмайды, түйенің табанына ұқсас екі жарты сопақша дөңгеленіп келетін ою. Түйетабан деп аталатын көп гүлді, үлпек басты тікені бар есімдік ол да түйенің табанына ұқсас екі жарты, оны кей жерлерде «табақ» өрнегі деп атайды.
«ҚҰСҚАНАТ» ою - өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарыньң ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою - өрнек. Ал бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып, ұшып келе жатқан құсты тұспалдайды. Қазіргі кезде «құсқанаты» ою - өрнегін басқа өрнектермен аралас қолдана береді.
. «ҚҰСТҰМСЫҚ» бұл өрнек құстың тұмсығын тұспалдаудан туған. «Құстұмсық» тармақты мүйіздер мен сызықтардан құралады. Ою - өрнекті қиғанда ортасындағы сызықтың ұшының басы құстың тұмсығына ұқсас қиылады. «Құстұмсық» жүзік немесе «топсалы» сәлемдеме ретінде, жүзігі туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған.
Тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата - анасы қуанып көршілерін шақырған. Құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі. Жүзікке қарап ата - анасы қызының ұзатылған жерінің жақсы екендігін біледі.
Мысалы: Сынық мүйіз – киізді, киімді өрнектеу үшін қолданылады. Түстері: қызыл, қоңыр, қара, сары, сарғыш. Әсіресе түскиізді өрнектеуде қолданылады
Киіз үйдің ішкі жасауында тоқыма бұйымдар ерекше орын алады. Кереге мен уықтың қиысатын тұсына ені 30 - 50 см - лік термебасқұр тартылады. Одан бөлек, қанаттардың аралығын байланыстыратын таңғыш, уыққа байланатын жүннен тоқылған уықбау, сәндікке ілінетін шаңырақбау, желбау салпыншақтары, туырлық, үзік жолақтары - қолдан тоқылған бұйымдар болып табылады.
Қазақтың дәстүрлі қолөнерінің көне нұсқаларының бірі - түскиіз, төсек жапқыш. Түскиіз екі түрлі барқыттан, мәуіті немесе шұғадан ойылған өрнектерді шеті әдіптелген, биіктігімен салыстырғанда ені созылыңқы етіп пішілетін ақ киіздің шаршысына жапсырып, айналасын сетінемейтін етіп көктейтін төсем. Түскиіз де әдемілік үшін киіз үйдің керегесін айналдыра ілінеді.
Төсеніштер дегеніміз не?.
Алаша – әр түрлі түске боялған жүннен тоқылған төсеніш. Көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды.
Бөстек – малдың не аңның жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалынады.
Киіз – қой жүнінен, еденге төсейтін төсеніш.
Сырмақ – киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Ақ - қара киіздер бөлек - бөлек даярланып бір - біріне беттестіріп, қиюластырып тігеді.
Түскиіз – сәндік үшін төсектің тұсына тұтатын үй бұйымы. Киіз үстіне барқыт, шұға, жібектерден ою - өрнектер тігіледі.
Қоржын – екі жағын тең етіп тоқыған, не құрап тіккен зат салатын дорба. Аяққап – ыдыс - аяқ салатын қапшық. Екі бетін киізден тігіп, бетін ою - өрнек салып не кестелеп әшекейлейді.
Үшінші кезең: Іскерлік пен дағдыны меңгерту кезеңі.
Кәсіпкерлік мамандық.
• Кез - келген азамат өз ісінің шебері болуға лайықты. Кәсіпкерлік - заман талабы.
Кәсіпкерлік - шағын, орта және үлкен болып үшке бөлінеді.
Мемлекетіміз кәсіпкерлікті қолдау үшін «Даму» қорын ұйымдастырды. Бұл кәсіппен айналысуға ниетті азаматтарға оқытуға, несиелер беруге, құжаттар дайындауға көмек беретін қоғамдық ұйым.
Тұскиіз эскизін жасау жолы:
1. Ою түрін таңдау;
2. Қағазды бүктеу және оюдың бір бөлшегін салу;
3. Қайшымен оюды қырқып алу;
4. Дайын оюды матаға орналастыру.
Төртінші кезең: Оқушылардың практикалық жұмысы.
Қабырға кілемшесі - түскиіз элементін кестелеп тігу.
Құралдар: қағаз үлгі, мата қиындысы, қайшы, ине, жіп, түйреуіштер.
Берілген эскиздер бойынша өрнек түрін салу, оны матаға түсіру. Берілген өрнектерден композиция жасау.
Сергіту бөлімі:
• Ұлттық қолөнерге, салт – дәстүрге байланысты сұрақтар
1. Қазақ қыздарының бас киімі. ( Сәукеле )
2. Киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. ( Сырмақ )
3. Іс тіккенде саусаққа киетін құрал. ( Оймақ )
4. Ең көне ою. ( Қошқар мүйіз )
5. Жеңсіз жеңіл киім. ( Камзол )
6. Кестеге арналған матаның аты. ( Шыт )
7. Сәндік үшін төсектің тұсына ұстайтың үй жиһаздарының бірі. ( Түскиіз )
8. Кестеге арналған ине қандай болу керек? ( Жіңішке және қысқа )
Бесінші кезең: Бекіту бөлімі.
1. Қазақтың дәстүрлі қолөнеріне не жатады?
2. Киіз үйдің ішкі жасауларын айтып беріңдер.
3. Түскиіз қай жерге ілінеді?
4. Сырмақ, түскиіз, текеметте ортақ не бар деп ойлайсыңдар?
Алтыншы кезең: Қорытынды бөлім.
Қазіргі заманғы қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерінің дамуы.(слайдтар)
Бағалау: Оқушылардың эскиздерін және матада жасаған композицияларын бағалау.
Үйге тапсырма: Тұскиіз бөлшегін кестелеу
Қабырға кілемшесі - тұскиіз элементін кестелеп тігу
- Lizzi Shinali
- 30 желтоқсан 2015
- 7397
- 0
- 0
Ілмек сөздер: гобелен, термебасқұр, шаңырақбау, алаша, қазақтың ұлттық бұйымдары туралы
Ұқсас жаңалықтар:
Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық
Мақсаты: Қазақ халқының мол қолөнер үлгілермен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге баули...Үй жиһаздары
Үй жиһаздары – үй ішіндегі дүние, мүліктердің жалпы атауы. Адалбақан – киім ілуге арналған ашалы, ою - өрнекті ағаш....Ою - өрнектің тарихын зерттеп білу
“№21 Жалпы білім беретін орта мектебі” КММ Ғылыми - зерттеу жұмысымен айналысушы: 1 “В” сынып оқушысы Наурызбаева Айгерім Ғылыми – зерттеу жұмысының...Ою-өрнек түрлері
Сабақтың мақсаты: - ою - өрнектің шығу тарихы жайында жалпы түсінік беру - ою - өрнек түрлерімен таныстыру - халқымыздың салт дәстүріне, қолөнеріне...ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ОЮ – ӨРНЕКТЕРІ
Қазақ халқының ескі заман дәуірінен сөнбес мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен елімізді бүкіл...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.