Сайтқа кіру Тіркелу

Табиғатты қорғау-адамзаттың парызы

Қызылорда облысы, Шиелі кенті,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі
Рүстемова Гүлмира Бегайдарқызы

Тақырыбы: Табиғатты қорғау-адамзаттың парызы
(дөңгелек стол)
Мақсаты: Балаларды табиғат әсемдігін көре білуге, оны аялауға, қорғауға тәрбиелеу, экологиялық білімділік, ойлау қабілетін, сауатты сөйлеу дағдысын дамыту.
Көрнекілігі: табиғат тақырыбына арналған нақыл сөздер, букеттер, альбомдар, кітаптар.

Мұғалім: Қымбатты ұстаздар, оқушылар!
Жалпы, табиғат — тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні.
Халық ұғымында табиғат деген сөз жер, аң, туған жер, атамекен сөздерімен қатар тұрады. Олай болса, бүгінгі дөңгелек столымыз да табиғат туралы болмақ.

Қазақстан табиғатының өлшеусіз байлығын игере отырып, бізді қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау да республикамыздағы ең күрделі мәселелердің бірі. Көшпелі тұрмыс кешкен қазақтар өзінің барлық ақыл ойын табиғатпен байланыстырған. Ал қазір сол көшпелі қазақтардың ақыл ойын біз сақтап отырмыз ба? Міне бүгінгі талқыланатын мәселеміз осы.

1-оқушы: Ну орман, жасыл орман, мынау орман,
Далаға қорған болып тұра қалған.
Барлығы баласындай бір-ақ үйдің,
Барлығы жаралғандай бір адамнан.
О, құдірет, неткен шалқар күй ең сен,
Бүгін менің жиі еңсем.
Осылай да ойланып қой, адамдар,
Жығылмайсың орманыңа жүгінсең
Табиғат әсемдіктің төркінісің,
Ән саламыз бір сенің көркің үшін.
Жан-жануар табынып бір өзіңе,
Сенен асып тұрғандай бар тынысын

2-оқушы: Экология қазіргі дәуірде адамзатты толғандырып отырған маңызды проблемаға айналды. Табиғатты, қоршаған ортаны жою арқылы бүкіл қоғамды, тіршілікті жойып жіберуге болатынын көптеген елдер түсіне бастады. Біздің өмір сүріп отырған дәуірімізде техникалық құралдармен қаруланған кейбір елдер мен адамзат баласының жер планетасын аз уақыттың ішінде құртып жіберуі онша қиындыққа түспейді. Сондықтан бүкіл әлем халқының ортақ үйі жер планетасын – адамзат баласы біріге отырып экологиялық апатқа қарсы тұрып, жер анамызды сақтап қалу бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе.

3-оқушы: Табиғат алдында өздерін жауапты санаған, барлық жан-жануарларды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан өз әулеттеріне, балаларының санасына сіңіріп, бойларын үйреткен.
Табиғат арқылы адам бойына сұлулық пен әсемдік дамыту идеясы қазақ ағартушылары мен жазушыларының, ақындарының еңбектері мен өлеңдерінде толық көрсетілген. Мысалы Абай мен Шоқанның, Жамбыл мен Ыбырайдың, Мағжан мен Сәкеннің, Ілияс пен Қасымның, Кәкімбектің өлең-жырларынан көркем жазылған табиғат суреттерімен танысып жан рухына бөленуге болады.

4-оқушы: Қазақ халқының табиғатты, қоршаған ортаны, жан-жануарлар мен құстарды аялағаны соншалықты, тіпті сонау ашаршылық жылдарының өзінде үйдің іргесіндегі аққан судың балығына да, ұшқан құсына да, жүгірген аңына да ешбір зиянын келтірмеген. Көшпенді халық жиі-жиі, жаз бойы қоныстарын ауыстырып, сол қоныстанған жердің топырағы тозбасын, өсімдігі өлмесін, шабындығы жапырылмасын деген оймен әрбір билер халықты жаңа қоныстарға алдын ала бағыт беріп отырған.

Қазақстан топырағы киелі, жер бетінің шөбін тартсаң, шырыны шығатын көк майса, жасыл кілем еді. Кеңбайтақ еліміздің барлық территориясында небары 30% ғана шөлді-шөлейт аймақ болған, ал қазір ХХІ ғасырдың басында шөлді аймақ 66%-ға жетіп отыр. Ол дегеніміз халқымыздың көпшілігі табиғатты күтуге, оның табиғи байлықтарын тиімді пайдалануға әлі де болса үйренбей жатқандығы. Кен орындары, жер асты байлықтарды алғаннан кейін қалпына келтіріліп, көгалдандырылмады, қопарылған жердің топырағы жел болса сол маңайдың барлығын шаңға айналдырып басып жатады. әрбір өскен ағаш бүгінгі таңда алтыннан да ардақты, оны қалада да, далада да кесіп жатырмыз, ағаш шабылған жер тазаланбайды. Табиғат аясына – Қарқаралы, Баянауыл, Бурабай тәрізді немесе өзен, көл маңына демалуға шыққан топ барлық қоқыс заттарды шашқан бойы қалдырып, тіпті жаққан отты сөндірмейді.
5-оқушы: Біздегі кемшіліктерді жібермеу, барлығымыздың да қолымыздан келеді, бірақ көп нәрсені түсіне бермейміз. Адамзаттың жауапсыз кезеңі бітіп, жауапкершілігі артатын кезеңі жетті.

Енді қазіргі бар табиғат қоры шеңберінде өмір сүруді үйрену және өндіріс көлемін ұлғайтуды шикізат ресурстары шығынының көлемін өсіру жолымен емес, аз қалдық беретін және қалдықсыз технологияға тезірек көшу, кен орны жынысы құрамындағы барлық компоненттерді комплексті алу мен пайдалану, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалану мен тұтыну, табиғи ортаны ластаудың алдын алатын қалдықсыз өндірістер мен технологияны енгізу, энергия мен шикізаттың дәстүрлі түрлерін қазіргі заманғы және таусылмайтын көздермен ауыстыру негізінде жүргізу қажет. Экономика ғылымы «Қоғам - өндіріс – табиғи орта» жүйесінің даму проблемалары бойынша зерттеу жұмыстарына басшылық ете отырып, мемлекеттің табиғи қорының үнеммен жұмсалуы және сақталынуы мәселелерімен айналысуы қажет. Экономика және экология бір-бірімен тығыз байланысты, егер экономика принциптері экология принциптерімен қайшы келетін болса, қоғамда және адамдар санасында қарама-қайшылықтар бар деген сөз, одан арылуымыз керек. Біздің республикамыздың экологиялық жағдайы, айтарлықтай емес.

Көптеген қалаларда атмосфералық ауа зиянды заттармен мөлшерден артық ластанған. Әсіресе ластанғандарға Алматы, Тараз, Өскемен, Зырян, Риддер, Теміртау, Шымкент қалалары жатады. Семей өңірінің топырағының радиоактивті заттармен ластануы адам денсаулығына әлі де болса әсерін тигізіп келеді. Каспий, Арал бассейндеріндегі экологиялық жағдай мақтанарлықтай емес. Орал және Іле, Сырдария және Нұра өзендері өнеркәсіп қалдықтарымен ластанып келеді. Ауыз су, тыныс алатын атмосфералық ауа, қажетті азық-түліктің неше түрлі улы қосылыстарымен ластануы адамдардың иммуналдық-гендік жүйесін бұзатыны белгілі. Бұл өзгерістер адамзат баласына және биосферада тіршілік ететін барлық тірі ағзаларға мутагендік өзгерістер туғызады. Биологиялық және экологиялық өзгерістер жер бетінде бола берсе, биосфераның табиғи теңдігі бұзылып, жер бетіндегі барлық жан-жануарлар жойылып бітуі мүмкін. Табиғат заңдылығы өте қатал заң

6-оқушы: Өркениетті дамыған елдерде барлық экологиялық жағдайларға жауапты түрде қарайды. Завод, фабрика, ТЭЦ-терде түтін шығатын трубаларына сүзгілер қойылып, қала ішінен шығатын барлық қоқыстар, қала сыртындағы арнайы салынған пештерде өртеніп, ол басқа пайдалы іске, бұйымдарға пайдаланылады. Ірі қалалардың көше бойында желдеткіштер орнатылады, бірнеше экологиялық лабораториялар жұмыс істейді. Ал біздің басқа қалаларды алмай-ақ қояйық, Қарағандының өзінің экологиялық жағдайы мәз емес. Ол кімнің кінәсі?

7-оқушы: Естеріңізде болса жақында Теміртау қаласындағы бұрынғы «Карбид» өндірістік бірлестігі аумағындағы және Нұра өзенінің табанындағы сынап қалдықтарын Теміртау қаласының іргесіндегі Апан шатқалына көму туралы жоғары жақтың шешіміне байланысты бірнеше мәрте қоғамдық тыңдаулар болып, оған Теміртау жұртшылығының наразылығы баспасөз беттерінде жарияланған болатын. Европа даму және қайта құру банкісінің қаржысымен жүзеге асырылатын бұл шараны атқаруды Дания елінің компаниясы мойнына алып, оған тапсырыс беруші ретінде еліміз атынан Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары жөніндегі комитеті тағайындалған еді. Сынап қалдықтарын көму туралы жоба жасаушылар бірнеше варианттарды салыстыра келіп, осы Апан шатқалынан полигон ашуға тоқталған. Оған басты себеп ретінде полигон орналасатын жердің тау жыныстарының құрамы, яғни су өткізбейтін қасиеті, геологиялық жағдайларының улы затты «жерлеуге» қолайлы екендігі алға тартылған. Алай да бұған қарсы пікір айтушылар полигон қаладан небәрі 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан, болашақта қала құрылысы осы бағытта ғана дамитын болғандықтан ондаған жылдардан соң бұл полигон қала орталығында қалып қояды және полигонды салу барысында қауіпсіздік талаптары сақталатынына кепілдік жоқ деген уәждерді айтқан.

Сонымен қоса бұл аумақтың теміртаулықтардың дем алатын, жеке меншік малдары өрістейтін алқап екені, онда «Белый ключ» бастаған таза бұлақтар бар екендігі, полигон салынған жағдайда оның бәрі ластануы мүмкін екендігін айта келіп, улы қалдықтарды қаладан тым болмағанда 15 шақырым алысқа мүмкін болса, адамдар қоныстанбайтын, бос жатқан құмайт-шөлейт жерлерге орналастыру керек дескен.
Қаламыздағы экологиялық ахуалдың жылдан жылға нашарлап бара жатқаны жасырын емес. Соңғы жылдары кәсіпорындардың жұмысы жолға қойылып, жаңадан өндірістер көптеп ашыла бастағалы бері жағдай тіпті қиындап кетті. Көміртегі тотығы өсіп отыр. Оның үстіне қаламыздың орталығында улы сынап ошағы, яғни жайлап жарылатын бомба бар. Сынап - өте улы элемент және адам организмінде біртіндеп жинақтала беретіндігі де қауіпті. Бұл көптеген адамдардың өмірін қиып отыр. Біздің қалада күніне 40 адам қайтыс болады екен. Ертең оның саны 140 адамға жетпесіне кім кепіл? Сондықтан да бұл заһарлы уды қалайда қала аумағынан тысқары тасуымыз керек. Бұл бүгін ғана туындап отырған мәселе емес.

8-оқушы: Эколог маман Константин Павлов Теміртауда ауаға жыл сайын 400-450 мың тонна зиянды лақтырынды тарайтынын, қала маңындағы үйлерді орта есеппен 330 миллион тонна түрлі қалдықтар төгілгенін айта келіп, соңғы жылдары өмірге келген сәбилердің арасында туа бітті кемтарлықтың және оның салдарынан шетінеу фактілерінің жылдан жылға жиілеп бара жатқанын тілге тиек етті. Қаланың ауасы негізінен солтүстік шығыс пен оңтүстік батыстан соғатын жел арқылы тазартылып, енді солтүстік шығысты Нұрқазған кеніші көлегейлеп алды, оңтүстік батысты Апан полигоны жаппақшы, сонда халық немен тыныстамақ? Тәжірибелі Константин Николаевичтің айтуынша, сынап қалдығын 18 шақырым кері тасымалдап қаланың іргесіне көмгеннен гөрі, сол тұрған жерінен әрі қарай 3 шақырым ғана тасымалдап Тегісжол елді мекені бағытында «жерлеген» дұрыс. Онда да дәл Апандағыдай су өткізбейтін тау жынысы бар, әрі ол бағыттан қалаға қарай жел үрмейді, яғни сынап тозаңын Теміртауға айдамайды. Бұл экологиялық қана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Сонымен енді осы мәселе Парламентке, Үкіметке, су ресурстары жөніндегі комитетке, сонымен бірге Европа даму және қайта құру банкіне де жолданатын болды. Әлемдік банкке жолданатын себебі – олардың қаржы бөлгендігі басты шарты бойынша полигонның жобасы ашық түрде талқыланып, жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болуы тиіс көрінеді. Ал Апан полигонының жобасы болса бізде халықтың қолдауына ие болмақ түгілі соңғы уақыттарға дейін мейлінше жабық әрі құпия ұсталып келген.

Мұғалім:
Табиғат - әр беті терең мағынаға толы бірден-бір кітап. Табиғат жарылысын, қоршаған орта тынысын, барлық тіршілік болмысын жан дүниесімен түсінетін адамдар тазалыққа, имандылыққа бас иген адамдар.
Соңғы кезде әлемде төмендегідей сұрақ туып отыр: «Экология мен имандылықтың арасында қандай байланыс бар, оларды не байланыстырады, экологиялық имандылық дегеніміз не?» Осы сұраққа жауап берейік

9-оқушы:
Экологиялық имандылықтың негізін құрайтын арналар: инабаттылық, мәдениеттілік, адалдық, нысаптылық, даналық, ынтызарлық, лепірмеушілік, ықыластылық және қайраттылық. Бәрінің бас әрпін қоссақ – имандылық деген сөз түзіледі.
10-оқушы: Бұл сұхбаттағы әңгімеміз адалдық жайында болмақ. Адалдық – табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория. Адалдық – абсолютті әділеттіліктің алғы шарты. Адалдық – кез келген болмыстың болашаққа деген перспективасын айқындайтын өлшем. Жалпы табиғаттың дамуы жаңғыруға, жаңаруға негізделген. Жаңғыру негізінде жатқан заңдылықтар – мәңгілік ақиқат ережелерінің өлшемімен жазылған код. Оны табиғаттың миллиондаған жылдар бойы өткен «өмір мектептерінің» түйінді аксиомасы десе де болады.
11-оқушы: Табиғат қоршаған орта емес, табиғат біздің өзіміз. Өзіңді өзің алдау, өз болмысың алдында арам болу даму перспективасын жоғалтумен тең екендігін саралау парыз. Адалдық ғылыми категориядан гөрі адами тіршіліктің қазығы екендігін ұққан абзал. Адалдықтан бастау алмаған жерде адамзаттың мәуелі өмір қияндарын айшықтауда кешірілмес өкінішке соқтыратынын ғасырлар дәлелдеген шындық.

Адамзаттың әр замандардағы ойлау және әрекет жүйелері белгілі бір культурологиялық таным қалыптастыруға ықпал жасаған. Атап айтқанда оларға тән мифологиялық мәдениет, қадым заманғы соңғы космологиялық мәдениет, біздің қазіргі культуралогиялық танымымыздың бастауы антропологиялық мәдениет және біз бастап көшіріп отырған технологиялық мәдениеттерді қарастыруға болады. Алдыңғы екі замандағы культуралогиялық таным дәуірлерінде адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің гармониясы таңғажайып мамыражай болған. Сондықтанда ол халықтар санасында «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман ретінде есте сақталған. Ал соңғы дәуірлердегі – антропологиялық, әсіресе технологиялық таным тұсындағы мәдениет санамызға жат, табиғатқа «антропологиялық қысым» (антрос-адам) деген түсінікті қалыптастырып үлгерді. Тіпті бұл үрдістің етек алуының соншама ауқымды және аяусыз жүріп жатқандығы «саналы адамның әрекетінің саналылығына» күдік тудырып, жалпы әлемдік індетке айналып бара жатқандығы қорқыныш тудырады. Айтылған мәселенің түпкі адасушылық негізі адамдардың өз мүмкіндігін ғылым мен мәдениеттен тыс асыра бағалап, «не құдай, не бұлай емеспін» деген жан себілдікке баруынан бастау алатыны ақиқат. Алайда экологиялық орта біз үшін жайлау ғана емес, бізді жаратқан кие екендігі, біздің қаншама білімді болсақ та, сол ортаның әрі кетсе ксерокөшірмесі екендігімізді ұмытпаған жөн.

1-оқушы: Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін адамның, менталитетін, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгерту керек, табиғат пен адамның арасына жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбылыстары заңдылықтармен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою – үкіметіміздің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Үздіксіз экологиялық білім берудің ғылыми негіздері қазақ халқының табиғатпен қарым-қатынас үстінде туған тарихи көзқарасы мен салт-дәстүрінен бастау алады.

Мұғалім: Табиғат, сен тіршілік, тұнып тұрған,
Сен Күнсің көтерілген күліп қырдан.
Сен көлсің, сен армансың, сен бұлақсың,
Адамға сұлулықты шын ұқтырған
Табиғат егіз адаммен,
Ұқсастық табам содан мен,
Мәңгілік болсын егіздер,
Жер — Ана, көл, теңіздер.

Сайып келгенде айтарымыз – қандай жұмыс атқармасақ та қоршаған ортаға абайлап қарап, оны қорғауға күш салу басты бағытымыз болып қала береді. Қашан да болмасын табиғатты аялай білейік. Ол өктемдікті көтермейді.
Бүгінгі «Табиғатты қорғау – адамзаттың парызы» атты кешімізді қорытындылау үшін мектеп директорының орынбасары және мектеп мұғалімдеріне сөз беріледі.
Мұғалімдер өз ойларын айтады.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Табиғатты аялайық (шығарма)

Табиғатты аялайық (шығарма)

Табиғат тіршіліктің құт - берекесі. Табиғатты қорғау міндетіміз....
Жер тағдыры – Ел тағдыры

Жер тағдыры – Ел тағдыры

Табиғат – бізді қоршаған орта, ол адам баласының санасынан тыс, өздігінен пайда болған. Демек, адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Табиғаттың ерекше...
Экологияның негізгі заңдары мен қағидалары

Экологияның негізгі заңдары мен қағидалары

Сабақтың мақсаты: Тақырыптың мазмұнын меңгерту, алған білімдерін жүйелі жұмыс істеуге қалыптастыру. - Оқушылардың шығармашылық ізденістерін дамыту. -...
Экологиялық проблемалар

Экологиялық проблемалар

XX ғасырдың екінші жартысындағы қоғам мен табиғаттың өзара қарым - қатынасы негізінде біздің елімізде күрделі табиғат жағдайы қалыптасты. Материалдық...
Табиғатты аялай да, бағалайык та білейік

Табиғатты аялай да, бағалайык та білейік

Оңтүстік Қазақстан облысы,Шымкент қаласы, №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп - гимназиясы Кененбаева Жанар Кулахметовна...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×