Сайтқа кіру Тіркелу

Күз туралы өлеңдер топтамасы

Күз — береке бастауы, молшылық мезгілі. Еңбектің қадірін білген қазақ халқы күзді ырыс - береке деп ерекше қадір тұтқан. Ақын - жазушыларымыз да күздің қасиетін жырлап отырған. Назарларыңызға Күз мезгілі туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз

Күз — Жұбан Молдағалиев

Күндері бар қызуы әбден сөнбеген,
Гүлдері бар қызылы әлі сембеген.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Жаздар өтіп, қыс келер деп сенбеген.
Қызылы да, қызу да жаз сарқыны,
Тоңазытқан таңғы шықтар салқыны,
Күз де менің елу жасым сияқты
«Ертең» емес, «кеше» болған сол күні.
Жалт ойнайды нажағайлар жырақта.
Шөмелелер өртенбейді бірақта.
Күз де менің елу жасым сияқты
Дірілдейді қарап айна бұлаққа.
Бірде жарқын, бірде бұлттар құрыстап,
Бірде жаңбыр, бірде қары тыныстап.
Күз де менің елу жасым сияқты
Жаз бен күздің шекарасын тұр ұстап.
Сарғыш тартып, бақтың жүзі тұр сынып,
Бұйра талдар болады ғой құр сырық.
Күз де менің елу жасым сияқты
Әлденені жоқтағандай күрсініп.
Далада да сайраңдаған сары елес,
Сары сурет алтын таңның сөрі емес.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Не жігіт жас, не еңкейген кәрі емес.
Ағаш басып, тау мен түздің таз жонын
Қыздыратын қытып жұмсап аз шоғып,
Күз де менің елу жасым сияқты
Біледі ғой бір жылда екі - жаз жоғын.
Күзде, бірақ жайрап жатыр жемістер.
Күзде шынар жылдық істер, жұмыстер.
Күздер менің елу жасым сияқты,
Алаңы жоқ шаруадай жұмыскер.

Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн — Мұқағали Мақатаев
Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн,
Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың,
Ой - хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым,
Өмірімнің есейгенін сезінемін күзде мен,
Алдағыма асығамын, өткенді әсте іздемен,
Ой - хой, шіркін, болашаққа құмармыз ғой біз деген.
Жүрші, жаным, қоңыр күзде серуендейік жырақта,
Қайтқан құстың әуенімен қоштасайық қыратта,
Күз өткенге кейімеймін, сағынамын бірақта.
Қайтып бара жатыр, әне, сағыныштар - тырналар,
Ақ қайыңдар, тал, теректер… алтын сары сырғалар,
Туған жердің кеудесінде тұнжырайды жылғалар.
Қайда кеткен жасыл алқап, жасыл орман, жасыл маң?
Қайда кеткен жақұт гүлдер паң далаға шашылған?
Қайда кеткен, қалай өткен, кімге барып бас ұрған?!
Қалай біздер қапелімде аңғара алмай қалғанбыз?!
Әттеген - ай, неткен аңқау, неткен аңқау жандармыз?
Келіп қапты - ау сағыныштай сап - сарала арман - күз…

Күз — Қалқаман Сарин

Күңіренген, күрсінген күздің ауыр,
Мінезіне үйренген біздің ауыл.
Бұйра шаңын көтеріп қырат - қырдың,
Берекесін бір сәтте бұзды дауыл.

Жанарымда жабырқап жаз жылады,
Жылағаны емес пе, қаздың әні?!
Қайран менің жүрегім, қайтқан құстың,
Қанатынан үзілген сазды ұғады.

Жаңа мезгіл желбіреп жалауы тік,
Жаулап алды жер бетін қалауы ұтып.
Жылы өлкенің жамалын жасқа шылап,
Қара аспанның көзі тұр қарауытып.

Жадыраған жаздың да күйі осал тым,
Мезгілі өтті. Құс жүдеу, ұя салқын.
…Күздің жырын жазады бір Құдірет,
Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын.

Сап - сары жапырақтар — Мұқағали Мақатаев

Сап - сары жапырақтар…
Сал - сары жапырақтар…
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап - сары жапырақтар жоғалуда.
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда.
Естілмей құстың әні,
Естілмей құстың үні,
Жалғанның кетті сәні, ұшты; гүлі.
Сырғасынан айрылған ақ қайыңның,
Басына бар ғаламның түсті мұңы.
Сап - сары жапырақтар,
Сап - сары жапырақтар,
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×