(поэма)
Ізгілікпен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауыңда,
Достық атты қазына аралы бар
Сонау Мақсат тауының жайлауында.
Жұрттың бәрі баруға құштар оған,
Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған,
Өзін мәңгі бақытты санайды екен
Сол аралдан от алып ұшқан адам.
Шаттығы сай болса да тал бойына,
Бұлбұл қонып жатса да таңдайына,
Ол аралды көруді көп адамның
Қатал тағдыр жазбапты маңдайына.
Бірін-бірі күндеумен жылан, қарға.
Үні шықпай жатады бір аңғарда.
Онда жалғыз деген сөз атымен жоқ,
Жеке-дара ұшпайды қырандарда.
Нар талабын салса да қандай жолға,
Тілектес дос пейілдер самғайды алға.
Жүрмейді онда сатқындар, саудагерлер,
Опасыздар, отсыздар болмайды онда.
Асау жылдар толқынын кешкің, мейлі,
Сенім заңы оларда ескірмейді.
Соқпайды онда самалы пенделіктің,
Тиындардың сыңғыры естілмейді.
Алда теңіз, арқада дала барда,
Талабымыз табанды бола ала ма?
Биік ұстап бірліктің ақжелкенін,
Біз де жүзіп барамыз сол аралға.
Намысыңның көйлегін сиялатсаң,
Сияға атар оғыңды ұяға атсаң,
Екеуміз де қираймыз, жүрегіңе
Егер титтей жалғандық ұялатсаң.
Ізгілік пен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауында,
Достық атты қазына аралы бар
Сонау Мақсат тауының жайлауында.
Алаулаймыз шығысты қақтанындай,
Көзіміз жоқ жататын ақтарылмай.
Сол аралға, арман не, жетіп өлсек,
Тек жете алмай қайтудан сақта, құдай!
Бірінші бөлім
I
Мұрат!
Тағдырына өкпе айтып мұңаймаған,
Құрбы қыздың көзінде нұр ойнаған
Екеумізге ортақ бір бақыт бар деп
Кім ойлаған, ол кезде кім ойлаған?!.
Сен ер жеткен таулы өлкеде мен де ер жеттім, жан досым,
Мен тербеткен бір арманды сен тербеттің, жан досым.
Мен гүл терген тау бөктерін сен де кездің талмастан,
Қарлы шыңдар қол бұлғайтын бізге бөркін алмастан.
Ет асса ағам, көңіл шіркін жоғалтқандай жалқысын,
Саған сақтап қоятынмын бір жіліктің жартысын.
Екеуміз де екі ананың еркесі едік тел өскен,
Ерте есейіп, бақыт күткен арман атты белестен.
Біздің қатал тағдырымыз қалай шебер тоғысқан,
Екеуміздің әкеміз де оралмады соғыстан.
Бір-бірінен жан аяспас дос болыпты олар да.
Дос болыпты. Біздің достық содан өнген болар ма?
Менің әкем жау шебінде жаралы боп қалғанда,
Жан досымды қалай қиып қалдырам деп арманда,
Көкірегін қарша жауған оқ пен отқа қалқалап,
Сенің әкең үш күн бойы алып жүрген арқалап.
Айналасы қалың өлік, қалың орман өрт толған,
Сол орманда екеуі де жау оғынан мерт болған.
Не жетеді келер күнге деген кәусар сенімге,
Екі досты ажырата алмапты ғой өлім де.
Екеуі де көз жұмыпты құшақтасқан қалпында,
Екі өмірдің жалғасы боп біз қалыппыз артында.
Ал анамыз бізді, сірә, көрген емес бөлектеп,
Ауыр күндер өтіп жатты, соғып жатты жел өкпек.
Тірі адамның тіршілігі бітпейді ғой, әрине,
Тұрып жаттық әкемізден қаған мына тар үйде.
Күндер жылжып аға берді, біз білімге бас қойдық,
Он екіден асқан кезде жұртқа еліктеп шаш қойдық.
Міне, солай жігіт болып шыға келдік кекілді,
Бір бақшада жарыса өскен қос бәйтерек секілді.
Күнде-күнде гүл іздеп біз жайсаң, жасыл алаптан,
Қосылып ән айтатынбыз, қайтатынбыз сабақтан.
Кім біледі, бізбен жүрген соры ма, әлде бағы ма,
Ортамызда орта бойлы қыз болатын тағы да.
Көзіне оның көз жетпейтін бұл ауылда тең келер,
Сондықтан да Танакөз деп атайтұғын жеңгелер.
Қуансақ та, қайғырсақ та қасымызда — Танакөз,
Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез.
Жол қысқарсын дейміз-дағы жоқтан барды құрай кеп,
Біз екеуміз Танакөзді мазақтаушы ек былай деп:
"Жанарыңнан жас кетпейтін жасық болсаң бағаң не,
Тағы қиын өжет болсаң нарт-қызба.
Сайран байдың танасына көзің тартты амал не?
Енді бірақ ақылыңды тартқызба!"
Ол да бізді аямайтын.
Жоқтан барды құрай кеп,
Менің қалқан құлағымды мазақтайтын былай деп:
"Білесің бе, өмір деген өрекпіген бір ағын,
Әркім содан өзіне тән сыбағасын даулайды.
Сенің мына сыпырадай құлағың ше, құлағың,
Пернебайдың қодығының құлағынан аумайды!
Ах-ха-ха. Ах-ха!.."
Мен тұра кеп қуатынмын, ол тұра кеп қашатын,
Жеткізбейтін, сонысына көңілі мәз боп тасатын.
Қайран қамсыз балалық-ай, оған қазір дау бар ма?
Күлкімізден жаңғырығып жатушы еді таулар да.
Ту төменде жан біткеннің асықтырып тағатын,
Ақ көбігін шашып тұрып,
Ақсу күліп ағатын.
Оның мөлдір суын ішсек шыққандай боп құмардан,
Кеудемізде үнсіз ғана бұлқынатын бір арман.
Үшеу едік. Қайда барсақ қасымызда - Танакөз,
Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез.
II
Балаң жылдар байқатпастан өте шықты аяңдап,
Балалықтың біздің бастан көшкендігін баяндап.
Балалық шақ — іңкәр дәурен сұңқар тауын шарлаған,
Әз көктемін сағынбайтын, аңсамайтын бар ма адам?
Кеудемізде сенің ізің, сенің күзің жатады
Балалық шақ - боямасыз ақ көңілдер отаны.
Аяймын мен аналарды балаларын алдаған.
Аяймын мен балаларды ойыншығы болмаған.
Балалық шақ - гүл жазира, балалық шақ - байтақ оң,
Қартаямыз, бірақ саған ораламыз қайтадан.
Саған оймен ораламыз, көңіл шалқып айтады ән,
Ал сен қайтып келмейсің-ау, оралмайсың қайтадан.
Зеңгір көктен нұр төгілген сол бір көктем әлі есте,
Гүл қуалап бірге шықтық қызғалдақты белеске.
Қарт Алатау қуанғандай перзенттерім келді деп,
Танакөз де жымияды қара көзі мөлдіреп.
Тауды мақтап тастан-тасқа секіреді бал бұлақ,
Алдынан құз кездесерін ойлай ма екен ол бірақ?!
Оңдамайды, ол мезетте ойламадық біз-дағы,
Бәлкім, оған кінәлі ме жастығымыз қызбалы?
Нақ сол күні кеудемізде бір құпия от жанып,
Екеуміз деТанакөзге гүл ұсындық шаттанып.
Ол мәз-мейрам.
Иығына түскен қара шаш қандай!
Қандай әсем.
Шырша таудан екі бұлақ қашқандай!
Тым жайдары, мейірімді мына тана көз қандай,
Ол қараса көл де тұнып қалатындай қозғалмай!
Бақытыңды соның ғана маңдайына жазғандай,
Қарамасаң төзіміңнің терезесі тозғандай.
Өтті солай тұңғыш рет тынышымды бұзған күн,
Тұңғыш рет сенен, досым,Танакөзді қызғандым.
Сол күнгі ойлар кеудемізді нәзік мұңға толтырды,
Үшеуміздің алдымызда екі таpay жол тұрды.
Оянсақта бал сезімнің алғашқы асау әнінен,
Аппақ, адал достығымыз биік тұрды бәрінен.
III
Гүлдер екі шешек атты, талдар екі көктеді,
Бұл өмірден менің асыл, аяулы анам кеткелі.
Ерте кетті ол мына тарлау маңдайымның сорына,
Жалғыз қалып көшіп бардым нағашымның қолына.
Талпынса да тата алмады тағдырының жемісін,
Ол сорлы ана не көрмеді, не көрмеді мен үшін.
Тым болмаса көре алмады, ер жеткенін ұлының,
Үлгермеді келінің өргізуге бұрымын.
Үлгермеді, өзі соны арман етіп жүрсе де,
Қатал, қыңыр тағдырына қарсы қарап күлсе де.
Ақсу екі тасып өтті, қырлар екі көктеді,
Бұл өмірден менің ғазиз, асыл анам кеткелі.
IV
Нұргүл апа - сенің анаң, жан еді бір ақылды,
Қолға аттестат алған күні бізді өзіне шақырды.
Қажыды ма жылдар бойы арқалаудан арманды,
Соңғы кезде өзін тіпті науқас меңдеп алған-ды.
Төсегінен әрең тұрып, келді-дағы күлімдеп,
Иығымызға қолын қойды саусақтары дірілдеп.
- Қарақтарым, ер жеткеннің белгісі ғой, міне, бұл,
Екі әкенің келер күнмен жалғадыңдар жүрегін,-
Деп жымиды, жанын бір ой тербеткендей тасқынды,
Жанарында жазғы шықтай екі тамшы жас тұрды.
Сосын жайлап барды-дағы көк сандықты ақтарды,
Сыртта құстар сырлы сазға бөлеп жатты бақтарды.
Нұргүл апа демі толқып ерке желдей еспелі,
Көк сандықтан екі көйлек алып шықты кестелі.
- Бірге еді ғой сенің анаң екеуміздің сырымыз,
Он жыл бұрын ырым етіп тігіп едік мұны біз.
Он жыл бұрын.
Егіз қозы секілді ендер онда да,
Жұрттың бәрі екеуіңе көз қадайтын таңдана.
Сағымдай боп ой арбаған нұрлы күнге жетпекке,
Екеуіңді тұңғыш рет ертіп бардық мектепке.
Екеуіңді екі орынға бөліп еді мұғалім,
Мұғалімге жалт-жалт қарап екеуің де жыладың,
Мен ұстазға жақын барып өтінішпен сұрадым:
"Бұл екеуін бөле көрме, бөле көрме, шырағым".
Ұстаз үнсіз күлімдеді, болар бір сыр байқаған,
Екеуіңді бір партаға отырғызды қайтадан.
Ой-шуағы мол өмірге көздеріңді ашқалы,
Әліппені алға жайып ұстаз сабақ бастады.
Сол сәт біздей бақытты жан болмаған да шығар-ақ,
Көпке дейін терезеден қарап тұрдық сығалап.
Қайттық үйге жұбанысып, қуанысып, сырласып,
Сеніміміз байлам тауып, қиялымыз қырды асып.
Қайда қанат сермесе де тірі адамның досы — үміт,
Ақ шайыдан көйлек тіктік екеуіңнен жасырып.
Сендер мектеп бітіргенде, сый етуге бел байлап,
Сақтап қойдық. Өтті жылдар ойлар легін алға айдап.
Келер көктем белестерін оймен шарлап кей күн біз,
Екеуіңді тым ертерек ер жетсе екен дейтінбіз.
Біз асықтық, алдағы асау болашаққа асықтық,
Асықтырды бізді өмірге деген өжет ғашықтық.
Жап-жас едік, сұлу едік, бірақ ерге шықпадық,
Арманда өлген екі достың шаңырағын жықпадық.
Бізді намыс асырады, қиындықтан шықты алып,
Екеуіңнен артық бақыт бар деп тағы ұқпадық.
Аңсаған күн келді бүгін, мұны еске алмау мүмкін бе,
Бірақ марқұм сенің анаң жете алмады бұл күнге.
Көнеді адам, көнеді екен пешенеге жазғасын, —
Нұргүл апа көңілі босап, іркіп алды көз жасын.
Сыртқа шықтық үстімізде желбірейді ақ көйлек,
Біз достықты ұғып өстік сөнбейтұғын от қой дегі.
Бұл ақ көйлек - екі әкенің шапағаты секілді,
Екі ананың бізге деген махаббаты секілді.
Екі аналық ар-намыстың жемісі бұл ақ көйлек,
Екі әкенің достығының жеңісі бұл ақ көйлек.
Біздер іштей серт етістік ана үмітін ақтауға,
Достық гүлін кеудемізде мәңгі тірі сақтауға.
Терек өзен ағысындай уақыт үнсіз жылжыды,
Біз оқуға бара алмадық, бара алмадық бұл жылы.
Туған ауыл құшағында еңбек жолын бастадық,
Шарықтаған достық әнін тау самалы қашты алып.
Кеудесінде кең даланың, арасында ең жырдың
Жылан бауыр тракторға тіркеуші боп сен жүрдің.
Мен қырманға орналастым есепші боп "айбарлы",
Ал Танакөз комсомолдың хатшысы боп сайланды.
Хатшы болып сайланған соң, бұрын еті тірі қыз
Бар билікті қолға aп алды, сол боп алды піріміз.
Түске дейін шөгіш ілерде,түстен кейін қырманда,
Оның тіпті араласпас жұмысы жоқ бұл маңда:
Алып ұшқан қыз қиялы, сірә, тыным тапқан ба?
Бірде ауыл сарайында жиын өтіп жатқанда:
Алматыдан өкіл келді, желке шашы бір қарыс,
Аты - Оралхан, ал кәсібі — жазушы әлде журналист.
Бойдақ па өзі?
Танакөзден айырмастан жанарын,
Әлденені сүйкеп жатты сусылдатып қаламын.
Апта өтпей-ақ жігіт жазған мақаланы газеттен
Жадыраса-дабырласа оқып шықтық кезекпен.
Танакөзді суреттепті жақын тартып аялай,
Әй, сабазың, сөз асылын төккен екен аямай.
Мұнан кейін хаттар қаптап кетті дейсің не түрлі,
Күзді күнгі талдан ұшқан жапырақтар секілді.
Өзге біреу ортақтасып жүре ме деп бағыма,
Жүрегімнен бір қызғаныш бой көтерді тағы да.
Кім болжапты, қандай жолдар күтер екен бізді алдан,
Қандай таулар қорғар екен бізді өмірде ызғардан?
Әлде ызғардан қашқандарға боламыз ба біз қорған,
Жалт бұрылып кетпейміз бе қорқып жалтыр мұздардан.
Ол кездері мұның бәрі болатын тек ізгі арман.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Танакөз!
Біздің қайсар достықтың даңқы сіңген,
Өткен күнге оралып балқысын дем.
Жарты сырым шертілді жан досыма,
Енді саған шертейін жартысын мен.
Қия жолда күлгенмен үміт алдан,
Талай-талай нарлардың жүгі талған.
Еске алмай-ақ қояр ем сол шақтарды,
Еске алмауға болмайды,
Ұмыта алман.
II
Бұлбұлдар әнін шерткенде әсем бағынан,
Гүл жапқан алау қырларды қарғы жағынан
Түсімде көрдім өзіңді бірде, қалқатай.
Ай туған кезде ағарып алтын алқадай,
Қыр жатқан кезде құлағын түріп, елеріп,
Аппақ бір нұрға бөленіп,
Мамырлы таңдай албырап, лаулап нұр жүзің,
Биіктен жанып жұлдызың,
Алғашқы жауған ақ қардай
Орамал тартып басыңа,
Келдің сен менің қасыма.
Төменде таудың өзені жатты гүрілдеп,
Жапырақ біткен дірілдеп,
Ай тұрды жүзі күлімдеп,
Менің де жаным нұрланып,
Жартасты жарып шыққан бір қызыл гүлді алып,
Өзіңе, айнам, ұсына берген кезімде
Үрей сап шаттық сезімге,
Биікте таудан тас құлап
Азан да қазан бар маңай,
Өзіңе деген сол гүлді
Бере алмай қалдым арман-ай.
Сейіліп сәтте-ақ қырқаны жапқан арай нұр,
Боз тұман келіп басты да,
Бейнеңді лезде жоғалтып алдым, қалай бұл?
Шақырдым атап атыңды сенің, жаңғыртып бүкіл тау ішін,
Қырларды кезді, қырқаны кезді сені іздеп менің дауысым,
Қуантып тұрып қалайша маған кеттің сен, еркем қатпай тіл,
Көңілімнің таңы түнерді демде, өзіңді таппай атпайтын.
Жарқ етіп жанып, жалп етіп өшкен армандай,
Құрақтар мұңлы ән салғандай,
Бұлақтар тоқтап қалғандай,
Тағдыр мен тағдыр жалғанбай,
Үміттің белі талғандай.
Елестер қаптап көзімді,
Ай туған кезде ағарып алтын алқадай,
Түсімде көрдім өзіңді,
Түсімде көрдім, қалқатай.
Оянып кетсем келеді екен таң атып,
Алатау бөркін алтындай нұрға жалатып,
Төменде жатқан еленбей
Төбе мен қырға қарайды
Саған да тәңірім биіктік берсін дегендей.
Қырқадан ұшқан кер маңдай маңғаз үш аққу
Таңменен бірге таласып,
Көрінбей кетті
Долана сайдан ары асып,
Біріне, бәлкім, оқ тиген болар, бәсеңдеу ұшып барады,
Бәсең бір әнге салады,
Мұң бар ма, қайдам, осынау әнде сөзбенен айтып болмайтын,
Айтқанмен орны толмайтын,
Өзгенің емі қонбайтын.
III
Нақ сол күні кешкілік
Тоғай жақтан қалды күлкің естіліп,
(Құлағымның дыбысшылын нетерсің),
Жалт қарадым, жалт қарасам асыға,
Суға кетіп бара жатыр екенсің,
Екі-ақ аттап жетіп бардым қасыңа.
Есіңде ме, су шашысып ойнадық,
Жастық шақтың есер әні бойды алып,
Екі ұштылау сөз айтып ем аңдамай,
Екі мөнет тұрып қалдың ойланып.
Бәлкім, қиял кемесінде жүздің бе?
Екі ұшты еді тағдырымыз біздің де.
Жалқын сәуле шашып еді батқан күн,
Жас баладай, мәз-мейрам боп шаттандың.
Алдымыздан қалың тоғай қалқалап,
Иығымыздан түксиеді жар қабақ.
Мәңгі ажырап қалатындай даңқынан,
Айнымайды сол қатулы қалпынан.
Сақ-сақ күліп бұл дүниенің мұңынсыз,
Бұлақ қана ағып жатыр тынымсыз.
Тоғай іші емес еді көңілсіз,
Тұра бердім мен үнсіз,
Әрең-әрең бір батылдық жинап ем,
Бірақ ол да сияқтанды сенімсіз.
Бақытым ше!
Егер айтсам шынымды,
Әлі күнге аңғармайды ол мұңымды.
Мен дегенде аңғал әрі құлақсыз,
Қорқам содан бола ма деп тұрақсыз.
Осы сәтте батылдығым тіл қатты:
"Қою керек бұлғақты,
Адымыңды тұсаулайды жасықтық.
Кеудеңдегі ерке үміт пен ақ арман
Дүниеге ғашықтықтан жаралған,
Ерте ажырап қалмақпысың солардан?
Қозы Көрпеш егер батыл болмаса,
Барар ма еді іздеп сұлу Баянды?
Іздеп барды.
Miнe, содан ғажайып
Махаббат пен ұлы достық оянды.
Ойлашы өзің, жасықтықта бақ бар ма?
Көзге ілінер мүсіні жоқ мақтарға.
Бұл қай тұрыс, кей жандардың тағдырын
Жарты мөнет шешіп кетіп жатқанда?"
Батылдандым, қарсы алдымда сен тұрдың,
Қарсы алдыңда ойға кетіп мен тұрдым.
Өзімді өзім ұстаудан да қалдым ба,
Бәлкім, саған өшпес жара салдым ба?
(Кешір мені, кетсем сол сәт ұсақтап)
Рұқсатсыз сүйдім сені құшақтап.
Кенет-кенет сыбдырлатып құрақты,
Бұлақ жақтан шыға келді бір атты.
Бұл кім өзі, сезім көлін шайқаған?
Бізді көріп жалт бұрылды қайтадан.
Танып қалдым. Досым екен ол менің,
- Мұрат, — деуге әрең жетті дәрменім.
Тоқтамады, қамшылап көк дөненді,
Үйге қарай шауып ала жөнелді.
Ашуландың. Жанарыңа мұң қонды,
Маған қарап: —
Қылығыңды бұл жолғы
Ер жігітке ұқсатпадым,—дедің сен,
Бекер ғана ұсақтадың,— дедің сен.
IV
Содан менің Мұрат досым көрінбеді бір апта,
Жаз жылыстап, сары ала күз қонып жатты қыратқа.
Көрінбесін, ал жұмысқа келмегені қалай бұл?
Осы сұрақ көкейімде тұрып алды талай күн.
Іздеп барсам, үйінде екен, сәл жымиып қарсы алды,
Тым байсалды қарсы алғаны маған тағы ой салды.
Нұргүл апам қуанып жүр, шіркін қандай асыл жан,
Сүйіп жатыр, маңдайымнан, иіскеп жатыр шашымнан,
- Әлде мені сағындыра түсейінші деп пе едің,
Мұның қалай, тентегім-ау, тым хабарсыз кеткенің?
Мұның қалай, қайда жүрсің, іздетіп ем,таппадым,
Досың саған айтпады ма үйленгелі жатқанын?
- Жоқ, — дедім мен төмен қарап, —
Кімге? - дедім артынан,
Лезде қалың ойлар қамап көңілімді шалқыған.
- Кімге, - дедім, - бұл жолы да шықты даусым тым қатты,
Мұрат маған күлімсіреп: — Зеркүлге,—деп тіл қатты.
- Кімді таңдау, ол, әрине, сенің ғана еркіңде,
Сүймейсің ғой, айтшы, қалай үйленесің Зеркүлге?
- Жалған!- деді ол, —жалған,—деді,бетін басып қолымен ,
Артық айтпа, жете таныс емессің ғой онымен.
- Білем, — дедім, төмен қарап, білетінім рас-ты,
Білуші едім шешесін де ойы желтең, тілі ащы.
Зеркүл соның жалғыз қызы қабағына қараған,
Бұл маңайға былтыр күзде көшіп келген қаладан.
Жұмыс та жоқ, оқу да жоқ жүріп жатқан тектен-тек,
Ал шешесін күйеуімен ажырасып кеткен деп,
Жұрт айтып жүр.
Мұнда қанша шындық барын кім ұққан?
Жә, жарайды, керегі не сылтау іздеп сынықтан.
Әйтсе де, өткен бір қызықты өз басымнан кешірген
Ұмыта алман әлі күнге, өшіре алман есімнен.
Жаз келгенде намысты жан қол қусырып жатқан ба?
Қырман жаққа аттанушы ек ояна сап ақ таңда.
Көлік күші жеткілікті, адам күшін таба алмай,
Жәрдем сұрап шапқылайтын бригадир Қоғамбай.
Осынау бір тынымсыз жан қамшылаған торы атын
Әзілқой-тын, әрі менің жақын жездем болатын.
Жұмыстан соң тамашаға батайын деп еркін бір,
Қоғамбайды шешесіне ертіп бардым Зеркүлдің.
Біз келгенде қызы құйған ақ кеседен шай ішіп,
Жас бәйбіше жатыр екен төр алдында майысып.
Қызы жылдам сырмақ төсеп, төрге жастық тастады,
Қоғамбайым жайласып ап, әңгімесін бастады:
- Дұрыс, дұрыс, сізге жүдә ұнар болар мына күй,
Колхоздың да жайын бір кез ойлау керек, құдағи?
- Жә, түсіндім, әңгімені созбаған жөн бет алды,
Қария ма десем сізді, "бала" екенсіз сақалды.
- Қой, шырағым, ақылға кел, таста мұндай ызыңды,
Жұртпен бірге еңбек етсін, жібер ертең қызыңды!
- Бара алмайды, ал анығы керек болса, бармайды, —
Деп құдағи қасарысып, өз сөзінен танбайды.
- Барғызамын, — Қоғамбай да басты айқайға, —
Барасың! Колхозға айтам, ауданға айтам мәселеңді қарасын.
- Тіпті бар ғой қорқарым жоқ, қарай берсін, қарасын,
Ауданыңның бір бастығы менің туған нағашым.
Қыз шешесі бұрқан-тарқан, ойы бардай жұлыспақ,
Бас аманда есік жаққа жетіп алдым жылыстап.
...Ертеңгілік ел ұйқыдан жаңа-жаңа тұрғанда,
Көк орамал тартқан бір қыз келе жатты қырманға.
"Бәрекелді"деп алғысын жаудыруда Қоғамбай,
Зеркүл екен, жылаған ба, екі көзі добалдай.
Жанарында жаңа оянған өжеттіктің нұры бар,
Байқауымша анасымен сөзге келген түрі бар.
Адам жаны таулы шатқал, алуан-алуан қыры бар,
Осы қыздың жүрегінде не сыр барын кім ұғар?
Бәлкім, бейбақ талпына ма арманына жетем деп,
Ел сөз ғып жүр бір жігітке ғашық болған екен деп.
Ол жігітпен жолығуға тыйым сапты анасы,
Ана сөзін жыға алмапты, ұяң қыз ғой шамасы.
Мүмкін, бәрін ұмытар ол, ұмытпаса сор болар,
Біздің жаққа көшіп келген себебі де сол болар.
Жазбайтын бір жарасы жоқ, емші дейді ел уақытты,
Бірақ досым осы қызбен бола ала ма бақытты?
Ұзақ ойлар дүмпуінен ашылғандай құлағым,
Мен Мұратқа бұрылдым да: —
Той қашан? - деп сұрадым.
Үндемеді ол, ізет сақтап тұрғаны ғой баяғы,
Апам айтты: "Менен сұра, келесі айдың аяғы".
V
Той басталды.
Қоңыр күздің бір лайсаң кезі еді,
Өткел бермей тасып жатты ашулы Ақсу өзені.
Шаттық хабар қуандырып, көз көргеннің талайын,
Ақ тілегін айтып жатты алыс-жақын ағайын.
Үлкен үйде қыз-бозбала би билесе, ән салып,
Кәрі әжелер терезеден сығалайды тамсанып.
Домбырасын кербез ұстап, мұртын сылап жайраңдай,
Жұбайларға қарап қойып той бастады Сайранбай:
"Шарықтап бақытың жүр өмір көгін,
Үй болған қос бәйтерек, армысыңдар!
Той үстінде гүлдесін көңілдерің,
Ақ ниетті достардың алғысынан!
Бұл жүрек қуанышқа тойған емес,
Сол алғыстан гүлдесін дала мынау.
Мұратжан, сабау басты бойдақ емес,
Сен пілдей күйеу болдың, қарағым-ау.
Тосады сыбағасын алдан көп күн,
Жаныңның оты мәңгі жалындасын.
Киноға жеке барар халден кеттің,
Сен енді келін болдың, қарындасым!
А-ха-хау. А-е-ей!"
- Бұл байғұстың қай жерінде бұғып жатқан ақындық,
Деп өзара әзілдесіп, риза боп жатыр жұрт.
Той дегенде жүрек оты лапылдамас жан бар ма?
Әлденені есіне алып жымияды шалдар да.
Ал Мұраттың жүзі сынық, көңілсіздеу ол неге?
- Мұнда кел, —деп ертіп кірді мені шеткі бөлмеге.
Ертіп кіріп үнсіз қалды терезеге қадалып,
Мен де тұрдым алардай боп төзімімді ада ғып.
Сәлден кейін сөз бастады тауға қарап көлбеген:
Танакөзді көре алдың ба,тойға неге келмеген?
Селк еттім мен отқа шарпып алған құстай қанатын:
- Ертеңгілік көргенімде жылап тұрған болатын.
Ұға алмадым,түсінбедім бұл ажарсыз күйіне,
Түсте барсам, кетіп қапты әпкесінің үйіне.
Мен Мұратқа қарап едім, қарадым да таң қалдым,
Таң қалғаным — жанарына жас тұнғанын аңғардым.
Мөлдір шықтар кірпігінен үзіліп кеп сол шақта-ақ,
Терезенің жақтауына тамып жатты моншақтап.
Тамып жатты. Жүрегінің пәк сезімін алдар кім?
Танакөзді сүйетінін сонда ғана аңғардым.
Аңғардым да аласұрдым, бармағымды тістедім,
Айналайын адал достық, неткен мұнша күшті едің?
Айналайын көзсіз достық (көзсіздігің бағалы),
Өз басыңның бақытынан тұрыпсың-ау жоғары.
Өз басыңның қайғысын да жұтыпсың-ау білдірмей,
Жытқыр түндер қинады ма кірпігіңді ілдірмей?
Бәлкім, маған кінәң да жоқ, кінәмді де кешірдің,
Лаулап жанған өз отыңды, өзің қалай өшірдің?
Білмейтін бе ең, алтыным-ау, бақыт деген ауысқақ,
Жүрегіңнің іңкәр әнін неге айтпадың дауыстап?
Тұра алмадым бұдан ары, тұра алмадым мен шыдап,
Шығып кеттім жігерімді өкінішім қамшылап.
Екі жастың бірлігі мен қуанышын толғаған
Құлағыма келіп жатты қыз-бозбала салған ән.
VI
Той өтті үшеумізді күрсіндіріп,
Сен жүрдің жанарыңа бір сыр бүгіп.
Мен айттым:
Дос көңілді махаббатқа тіреу етсек қайтеді,
Әнімізді біреу етсек қайтеді?
Сен айттың:
Шулы өзеннің табанында жатса да,
Тастар ылғи тас күйінде қалады.
Мақсатына жәуміт қайғы батса да,
Нағыз достар дос күйінде қалады.
Тұрақтылық барабар зат маржанға,
Бізде, құрбым, бағынайық сол заңға.
Адамбыз ғой, сондықтан да қателесіп жатамыз,
Кейде түн боп түнереміз, кейде таң боп атамыз.
О, тәңір-ай, жасты қара, жасты қара көздегі,
Көбіне біз кінәлауға бейімдеуміз өзгені.
Бүгін, міне, туған жерден кетіп барам шалғайға,
Тілегім сол: көзім өткір, көңілім ояу болғай да!
Мүмкін, әлі алда талай бақытымды сынармын,
Сүрінермін, намысыма сүйенермін,тұрармын.
Ерік берсең орға жығып кетер бір күн асау қан,
Сақта тәңір қателікті біле тұра жасаудан!
Егер жылдар саты болса, достық оның шегесі,
Шеге сынса сатыңыздың сөгіледі көбесі.
Әзір менің шегем аман, байлығым сол жалғыз-ақ,
Сондықтан да өкінбеймін, таңдадым деп жолды ұзақ,
Қашқаны үшін қарлы қыстан, қаһар шашқан күздерден,
Мүмкін, құстар әлдеқайда бақыттырақ біздерден.
Қырау сақал күз келгенше, жаз қызығы жетеді,
Жаз өткен соң өскен жерін тастайды да кетеді.
Мен де кетіп барам, еркем, оқу іздеп тым алыс,
Мұңайғанда сенің күлкің болушы еді жұбаныш.
Бірақ мені құс секілді баянсыз деп ойлама,
Көкірегім туған жермен бір соғады қайда да.
VIII
Өзіңді еске алам да толғанамын,
Неліктен жүдеп кеттің сен, қарағым?
Төсіңде адасқандай кең даланың,
Қай жаққа, қайда тартар жол қарадың?
Дел-сал боп тұрғаныңда, сол шақ мына,
Жалт беріп, үркек үміт аңсатты ма,
Жоқ, әлде жанбай сөнген бақытыңның,
Бейкүнә сағынышы шаршатты ма?
Ал сау бол, cay бол мәңгі, арман-арым,
Мәңгіге еске аларым, толғанарым.
Өтінем, мүсіркеме, — қорланамын,
Бақытым бол деп сені зорламадым.
Бейнет пен үміт тауы арасында
Еш қызық көрмей өтті ол, нанасың ба?
Жамылып, көктем гүлін анам жатыр,
Ескерткіш қоя алмадым моласына.
Үнімен қоңыр назды домбыраның
Мен саған мамыр сазды ән құрадым.
Санасам, борышым көп, барлығын да
Келер күн үлесіне қалдырамын.
Тек мына аман тұрсын, нұрлы Отаным,
Туламас көңіліңді тулатамын.
Әніммен, ала құйын жырымменен.
Мен әлі құлағыңды шулатамын.
Өзеннен қадір кетер ақпаған соң,
Жайраңдап тасып, толқып жатпаған соң.
Барамын алыс ұшып, Танакөзім,
Өзіңнен жылы сезім таппаған соң.
Кеудеңде жалын жатыр лапылдаған,
Мұратжан, қандай ыстық атың маған.
Мен сенің аласармас достығыңды
Әлемге айту үшін ақын болам.
Әзірге ел назарын аудармадым,
Тілей бер төбешіктің тау болғанын,
Мен кеттім білім қуып Алматыға,
Қайтадан көріскенше сау бол, жаным!
IX
Жолым болды еріп едім, сеніп едім үмітке,
Сенім деген жеңіс алып келеді екен жігітке.
Студентпін, шаттық сезіп атар таңның үнінен,
Кәусар томдар айдынына құлаш ұрам түнімен.
Қызық та көп, қызыл-жасыл гүлдер де көп бақшада,
Қызыққам жоқ, әзір оған бұрылуға жоқ шама.
Қайда ұмыту, бал күндерден тағдырымыз бір аққан
Апта сайын сағынышты хат аламын Мұраттан.
Хат аламын. Мұнша маған неге уайым жейді екен,
Кейде ақша жібереді, тарығып жүр дей ме екен?
Әр хат сайын әрқилы сыр. Әңгімеміз азбайды,
Мұрат бірақ Зеркүл жайлы бір ауыз сөз жазбайды.
Бойшаң терек сары орамал жамылғанда бақтағы,
Ойда-жоқта шорт үзілді сағыныштың хаттары.
Төрт тағандап, төрт ай өтті, жаным тыным таппады,
Бес ай өтті, алты ай өтті, ешкім жауап қатпады.
Күнде барып хабар күттім, почта есігін тоздырдым,
Жан досыма өкпеледім, Зеркүлді де жазғырдым.
Аң-таң болып жүргенімде, ауыл жаққа алаңдай,
Біреу ішке кіріп келді. Бұл кім десем — Қоғамбай!
Қайран жездем! Қуанышым сыймағандай қойныма,
Кітабымды тастай салып, асылдым-ау мойнына.
Көңілі жібіп, ол да аймалап сүйіп жатыр бетімнен,
Содан кейін сұрақтарды жаудырдым мен шетінен.
— Ауыл қалай, астық қалай, мал жайлаудан қайтты ма
Нұргүл апам бақуат па, маған сәлем айтты ма?
Бұлай қарай аттанарда Танакөзді көріп пе ең?
Мұрат қайда, Зеркүл қайда, хат жазбайды неліктен?
Жездем тіпті өзгермеген, баяғыша көрікті,
Колхозшылар съезіне делегат боп келіпті.
Бірақ менің сұрағыма жауап қатпай үдеріп,
Тұрып қалды, тұман басқан күз күніндей түнеріп.
— Е, шырағым, өмір қатал, өкінгенмен бар ма амал,
— Деп күрсінді ол.—досыңа бір бақытсыздық орнаған.
Қашан болсын диханшының жаны тыным тапқан ба?
Долана сай маңайында күздік жыртып жатқанда.
Жазатайым қалып қойған трактордың астында,
(Қой бекем бол, айналайын, пайдасы жоқ жастың да).
Оңай соқпас, жас адамның бастан бағы ауғанда,
Түн ішінде улап-шулап,алып бардық ауданға.
Кеудемізге бой тоңдырған суық ойлар кептеліп,
Таң атқанша аурухана ауласынан кетпедік.
Тірі қалды, екі аяғын кестірді де тізеден,
Аңдамасаң мүйіздейді, тағдыр кейде сүзеген.
Содан бастап жан досыңның шаңырағы кертілді,
Үш айдан соң шешесі кеп, алып кетті Зеркүлді.
Алып кетті, тәңір атқыр, мейірімсіз арам-ай,
Хал үстінде жатқан қартаң анаға да қарамай.
Сорлы анаға қайдан жеңіл тисін мұның салмағы,
Бастан жүрек ауруы бар, емдеткенмен болмады.
Жұмды көзін. Қайғысына бүкіл ауыл тербеліп,
Сенің марқұм анаң жатқан Көкшоқыға жерледік.
Мұрат енді қайда бармақ, қарар кім бар күйіне?
Жібергелі жатқан білем мүгедектер үйіне...
Тастай қатып қалдым, тілсіз, шегіндім де бір адым,
Бұдан әрі ештеңені естімеді құлағым.
Ештеңені естігім де келмеді.
Қалайсың ба игі достың мақсатының шөлмегі.
Сыну деген немене бұл, қасірет пе, мазақ па?
Тірі жүрсем жібермеймін оны мұндай азапқа.
Оның әні үзілгенше менің әнім үзілсін,
Достыққа адал бола алмасам,
Өз сертімде қала алмасам,
Онда мені туған елдің тұзы ұрсын!
Сүйенішім едің менің, өзің едің кеңісім,
Өмірімде болған шығар жеңілісім, жеңісім,
Бірақ аңғал күндеріме ұялам,
Ұйқымды да, күлкімді де,
Керек десең, өмірімді қия алам,
Асыл досым, сен үшін!
Ал сен мұндай жалынышты тіпті қажет етпейсің,
От үстінде шешек атып, қар үстінде кектейсің.
Сенің жаның аяулы,
Сен бәрінен жек көресің мүсіркеуді, аяуды.
Намысың мен өжеттігің
Туған елдің шекарасын күзеткен
Сақшылардай міз бақпастан тұр ояу.
Иә, иә, кімге керек құр аяу.
Мұнша биік жанармысың,
Мұнша шалқар болармысың,
Мұнша дарқан болармысың, құдай-ау!
X
Кеш.
Ауданға келіп қонды мен отырған самолет,
Төбемізде теңбіл-теңбіл аспан тұрды ала көк.
Тым асығыс жүгіреді жүрегімде тасып қан,
Такси қуып жете алмайды қиялымды асыққан.
Аурухана. Дәрігерге сұрағымды жаудыра,
- Мұрат қайда? - дедім толқып.
- Алып кетті аулына.
Такси қайта жолға түсті, шымылдығын жапты түн,
Мына бізден қызғанғандай кең даланың шаттығын.
Көзіме ыстық көрінеді туған ауыл бейнесі,
Алатау тұр алқам-салқам ағытылған жейдесі.
Анау жатқан бүлдірген сай — қалың жыңғыл арасы,
Анау, әне бізді өсірген анамыздың моласы.
Қырға өрмелей жүріп барып жағасымен бұлақтың,
Машинаны тоқтаттым мен, үйі мынау Мұраттың.
Тоқтаттым да, қуанышпен қарап қалдым таңданып,
Үлкен үйдің әйнегінен тұрды жарық шам жанып.
"Зеркүл қайтып келді ме екен?" - деймін іштей ойлана,
Жақын барып терезеден сығаладым жай ғана.
Кітап оқып Мұрат отыр шат-шадыман көңілі,
Тірлігінен көңілсіздік көрмегендей өмірі.
Бар назарым Мұратқа ауып, алғашында сезбедім,
Жанындағы Зеркүл шығар, болар дейсің өзге кім?
Міне, қызық, осы шақта жүзінен нұр тасыған
Сені көрдім, Танакөзім, жан досымның қасынан.
Айналайын асыл әнім, бейнесіндей ақ таңның,
Сені көріп тебірендім, сені көріп шаттандым.
Сұлусың сен, қатал күндер арытпаған жаныңмен
Тағы мені ғашық етші, қалықтаған әніңмен,
Достық жырын қайталаудан жалықпаған әніңмен.
Түсіндім ғой, кеш болса да, түсіндім ғой бәрін мен
Бір өзімшіл пенделіктің ауқымынан босанып,
Тауға қарап ұзақ тұрдым жанарыма жас алып.
Ұзақ тұрдым.
Бізді қалай тоғыстырды жол мұнда,
Қадірлім-ау, сенің іңкәр махаббатың алдыңда,
Сенің ұлы дос жүрегің алдыңда
Асқар таулар басын исін,
Басын исін! Түгі де жоқ таң қалар,
Екеуіңнен асқақ емес, биік емес енді олар!
Сендер өшпей жаныңдаршы,
Сендер бақыт табыңдаршы,
Онсыз өмір мәнді ме?
Екеуіңнен бұл бақытты егер титтей қызғансам,
Соқыр болып қалсын көзім мәңгіге!
Кез келгеннің қолы жетпес,
Кез келгеннің жолы жетпес,
Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан,
Құлатпашы мені мәңгі осы биік сатыңнан,
Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан!
Танакөз
- ramuk_b
- 29 қазан 2018
- 1704
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Танакөз поэмасы, Мұхтар Шаханов өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Нарынқұм зауалы поэмасы
Мен түсімде зорлық көрдім, қорлық көрдім ғаламат, Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап, Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман-ақ. Иығымнан ұшқан...Бақыт геометриясы
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене, Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?" Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,...Бақытты бол
Өр көңілім саған қарай сүйреген, Әнім едің шырқай салған кештерде. Тұрып-тұрып қайтушы едім үйге мен, Терезеден сенің шамың өшкенде....Алғыс айтып өтем саған
О бастан-ақ Мен Сен болғам, Сен, әрине, Мен едің, Екеуміз қос желкені едік достық атты кеменің....Жаңғырық немесе Ақсақ Темір қалай басталды
Әр мұзбалақ өз әнін айта келер, Айта білу ежелден байтақ өнер. Тауға шығып ән салсаң...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.