Сайтқа кіру Тіркелу

Ғаламторланудың «ғажаптары»

Әлеуметтің әлегі

ҒАЛАМТОРЛАНУДЫҢ «ҒАЖАПТАРЫ»

Жуырда дос - жараңдар мессенджер арқылы Инстаграмдағы balgynbek_imash деп тіркелгеннің мынадай дегенін жариялады: «Қазіргі интернетте «Көк китпен» ойнап жүрген балаларды естіп, ауылда интернетсіз, сабалақ көк итпен ойнап өскен балалық шағыма шүкіршілік етемін. Үйде ойыншыққа таласып шулап кетсек, әке - шешеміздің қабағымен бір қарағанына бәріміз «тихий дом» болатынбыз. Жаздыгүні «разбуди меня 04: 20» демесең де, таңғы төрт жарымда борбайыңнан суырып алып, көк итке қосақтап, қойдың кезегіне қоя беретін. Содан өліп қалған бала көрген жоқпын. Қазіргілердікі еріккендік. Баладан бұрын ата - анасын тәрбиелеу керек». Басқа алып - қосар жоқ.

Не керек, ғаламторсыз һәм оның бір ажырамас бөлігіндей тұрақтанып қалған әлеуметтік желілерсіз көрер күн қараң боп қалғандай ма, қалай?! Жұмыс орнында отырып та, жайлы үйде жастық жастанып жатып та қажетті ақпараттарды, мәліметтерді, мағлұматтарды – бәрін дерлік жаһандық ғаламтордан қарап, қажетінше көшіріп, керегінше өңдеп, игілікке жаратып жүргеніміз қашан. Әсілі, Ыбырай Алтынсаринша айтқандай - ақ «тілегенің алдыңнан іздемей - ақ табылар».

Ұдай даму үдерісі жемісіндей көрінетін әйгілі ғаламтор адам үшін жаратылғаны айдан анық. Әйгілі браузерлер һәм оларға тиесілі контенттер веб - сайттардың алуан түрлісін кірпік қақтырмас жылдамдықпен жайып салады. Осынау аласапыран ақпарат ішінде пайдалысы да, пайдасызы да, дұрысы да, бұрысы да, сыпайысы да, анайысы да тізбектеліп жүре береді. Тек осыны екшейтін ояу көкірек пен сау сана табылса екен.

Мектепте білім жинап, тәрбие алып жүрген оқушылар да ғаламторға байланып қалды бүгінде. Тапсырма ретінде жүктелген жазбаша жұмыстарды не дәлме - дәл, не нобайлап содан ала салады. Кезіндегідей кітапханада көзі қызарғанша отырудан, қажетті құнды мәліметтерді іріктеуден қалып бара жатқан сыңайлы. Айталық, тақырыптық рефераттар, баяндамалар, шығармалар мәтіндерін ғаламтордан көшіріп ала береді. Бірбеткей болып қалғаны соншалық әлгілерді өңдемей - өзгертпей сол күйінде кәдеге жарата салады. Әйтеуір, «дайын асқа тік қасық». «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» табылса да, некен - саяқ. Бұған ет үйреніп кеткені қашан.

Жоғарыда әңгіме болған жайттардан түптің түбінде пайдалы болатындай жадығаттар сапыруға болады. Ал ата - ана қауымын, мұғалім - тәрбиешілерді осы күні мазалайтыны – әлеуметтік желілер. Пайдаланушылар қуанышына орай ондай - ондай ғаламторлық әлеуметтік желілер күн санап көбею үстінде. Тіркелу рәсімін дұрыс толтырып алғаннан соң, соған байланып, тіпті сонда тұратындай халге жетеді. Хош, хабарлассын, хабар алыссын делік, ал тым әуестеніп кететіні күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады.

Әлеуметтік желілерде кім тіркелмейді, кім отырмайды. Аңғалдық пен аңқаулық опық жегізе, опындырған жайттардың орын алғаны да жасырын емес. Сол желілерде отырып, әңгімесін артығымен сілтеп жібергендер арасында кикілжің - кереғарлықтар орын алып, арты ұр да жыққа ұласқан оспадарсыз көріністермен үрейлендіреді. Кей оқушылар сабақ қарап отырған сыңай танытып, жасырын түрде әлеуметтік желіде отырып алады. Нәтижесінде ғой ойы шашылып, қажетті дүниесі жүйеге түспей, жеме - жемге келгенде дал болады. Не болмаса түннің бір уағына дейін әлеуметтік желілерде отырып, түн ұйқысын амалсыздан төрт бөліп, таңғы сабағына кешігіп барады не тіптен бармай қалатын орынсыз оқиғалар төбе көрсетеді.

Кей қуларын әлеуметтік желілер арқылы арамза ойларын іске асырады. Атышулы педофилдер үшін, маңына шаң жуытпайтын алаяқтар үшін, аждаһадай қауіпті лаңкес - экстремистер үшін, басқа да калькалы тіркеспен айтқанда «қауіпті элементтер» үшін саңырауқұлақтай қаптаған әлеуметтік желілер таптырмас құралға айналып болды ғой әлбетте. Не керек, оқушылар үшін оларды аралау заманалық сәнге айналды.

Әрине, сөз жоқ, әлеуметтік желілердің күнделікті тірлікке беретін пайдасы да бар. Солар арқылы «махаббаттың құдірет күшінің әлдилеуімен» табысқан жандар кездесіп, тіпті, шаңырақ көтеретін қуанышты сәттер болады. Сол сияқты алыстағы туған - туыс, жора - жолдас араласады. Пайдалы файлдармен алмасады. Айта берсек, таусылып болмайтын игіліктер де жетерлік. Сонымен қатар ұялы телефондағы бейнекамераға түсіруге әуес оқушылар «дайын дүнияларын» ғаламторға жүктеп, әлем аралатып қоя береді. «Атың шықпаса, жер өртенің» кебі дерсіз. Түсіргенде де ұнамды көріністерді түсірмей, қайдағы бір жаға ұстатарлық жайсыздықтарды: аяусыз ұрып соғу, жабыла біреуді мазақтау, мұғалімді қасақана ашындыру... Анығы сол – абай болайықшы, тәйірі.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Интернеттің пайдасы мен зияны (дебат сабақ)

Интернеттің пайдасы мен зияны (дебат сабақ)

Сабақтың мақсаты: Білімділік: Бүкіләлемдік өрмек – интернетке байланысты ақпарат жинақтау. Білімгерлердің алған білімдерін нығайту, тиянақтау, бір...
Үйден оқытылатын оқушылармен жұмыс түрлері

Үйден оқытылатын оқушылармен жұмыс түрлері

Жұмыс папкасының реттілігі: 1. Түйіндеме 2. Анықтама 3. ППМК қорытындысы 4. Ата - анасы туралы мәлімет...
Төрт түлік малдың пайдасы

Төрт түлік малдың пайдасы

7. Т3. Әлеуметтік - мәдени тақырыптарға байланысты қажетті сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын түсіну; 7. А6. Кесте, диаграмма, шартты белгілер,...
Жаяу Мұса

Жаяу Мұса

Байжанұлы Жаяу Мұса – қазақ халқының әйгілі әнші - композиторы, ақын. Туған жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасы,...
1 - сыныпқа баратын оқушылардың психологиялық және әлеуметтік дайындығы

1 - сыныпқа баратын оқушылардың психологиялық және әлеуметтік дайындығы

1 - сыныпқа баратын оқушылардың психологиялық және әлеуметтік дайындығы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×