Сайтқа кіру Тіркелу

"Қыз Жібек" жырындағы Төлеген мен Жібек бейнесі

«Қыз Жібек» жырындағы Төлеген мен Жібек бейнесі
9 - сынып

Сабақтың тақырыбы: «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген мен Жібек бейнесі
Мақсаты:
1. Жырдың тақырыбын, идеясын анықтай отырып, басты кейіпкерлер Төлеген мен Жібек бейнесін жан - жақты ашу.
2. Махаббатты, достықты қадірлеуге, сөзге тұрақты, сезімге берік болуға,. салт - дәстүрімізді дәріптеуге тәрбиелеу.
3. Оқушыларды сөйлеу мәдениетіне үйрету, кейіпкерледің жан дүниесін ашатын сөз оралымдарын тауып айту.
Сабақтың түрі: Интербелсенді, танымдық сабақ
Сабақтың типі: білік пен дағдыны қалыптастыру
Сабақтың әдісі: көрсете - түсіндіру, талдау, ой - қозғау, тестілеу, тыңдау, мәнерлеп оқу, салыстыру, сұрақ - жауап.
Пәнаралық байланыс: өнер, музыка, тарих
Сабақтың көрнекілігі: Слайдтар, әндер, суреттер, тест.

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру. Саламатсыздар ма, балалар! Көңіл күйіміз қалай?
«Бала білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болғаны», деп Абай атамыз айтқандай, сіздерге білімге деген шынайы махаббат тілеймін. (Слайд)

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау. Зымыран сұрақтар.
1. Тақырыбы не? Махаббат тақырыбы.
2. Неше бөлімнен тұрады?
2 бөлім. 1. Төлегеннің жібекке үйленуі. 2. Жібектің Сансызбаймен қосылуы.
3. Сюжеті. Сюжет біреу - жігіттің үйленуі
4. Кейіпкерлері: Төлеген, Жібек, Бекежан, Шеге, Қаршыға, Базарбай, Сырлыбай, Сансызбай, Қамқа, Кербез, тағы басқа.
5. Жырдың түйіні не? Махаббатқа адалдық, салт - дәстүрді, әдет - ғұрыпты сақтау.
6. Жырдағы Төлеген бейнесі қалай беріледі?
7. Қыз Жібекті қалай суреттейді? Жырдан үзінді жатқа айту.

ІІІ. Жаңа сабақты меңгертуге даярлық. Халық әні «Әгугай» әнін тыңдау.
Балалар, өлең сөздерінде «Даяр етіп қояйық, салдырып сарай өзгеше»,- деген жолдар бар. Бүгінгі сабағымызда Төлеген мен Жібек бейнесін ашу арқылы, қос ғашықтың «өзгеше сарайда» тұратындай жандар екеніне көз жеткізуіміз керек.
Әке батасын аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйіртпей қоймайды. Ендеше алғашқы сұрағымыз жыр туралы болмақ.
(Жырға шолу сұрақтары беріледі.)
1. Жырда тұрмыс - салт жырының қай түрі кездеседі?
2. Жырдағы көрінетін әдет - ғұрып туралы айт. (Бата, көш, қыз қылығы, теріс бата, жеңгелік, қалыңдық ойнау, түс көру, түс жору, қоштасу, әмеңгерлік, жүзін жасыру)
3. Көркемдік ерекшелігі. (теңеу, метафора, эпитет, ассонанс, аллитерация)

ІҮ. Жаңа сабақты меңгерту. Балалар! Ұрпақ санасында мәңгі сақталатын, көркем жырға арқау болған басты кейіпкерлеріміз Төлеген мен Жібек бейнесінің қыр сырын жан - жақты ашу үшін «Қыз Жібек» кинофильмінің сюжеттерін арқау етсек. Есімізге түсірейік. Фильмді бәріміз көрдік деп ойлаймын. Жалпы сіздерге керек дерек ретінде айтып өтейін, Көркем фильм 1970 жылы режиссер Сұлтан Қожықовтың, жазушы Ғабит Мүсіреповтің жазған сценарий бойынша түсірілген. Сценарийді Ғабит Мүсірепов араб қаріптерімен жазған, сондықтан да оны ешкім түсінбегендіктен, фильмнің түсіру тобын жинап алып, жазушы бәріне өзі оқып берген.
Композиторы - Нұрғиса Тілендиев.
Ән өлеңдерінің авторы - Қадыр мырза Әли.
Фильмнің авторлары: Асқар Сүлейменов пен Олжас Сүлейменов.

1. Кино фильм желісі бойынша «Қыз Жібекті» қаншалықты біледі екенбіз, өзімізді тексеріп көрейік.
1.«Қыз Жібек» фильмі басталғанда айтылатын ең алғашқы сөз қандай?
А. «Ағайын!»
Ә. «Аруақ!»
Б. «Алдияр!»

2. Қазір көпшілік арасында әзіл ретінде «Бекежан мырза, сен сөзді бөле бердің ғой...» деген ескертпені кім айтады.
А. Қаршыға
Ә. Базарбай
Б. Сырлыбай

3. Жібек Төлегенді алғаш көргенде оның алқалы топ алдында ашына айтқан сөздерін аузын аша тыңдап қалып...
А. Ұйтқи соққан желмен басынан бөркінің ұшып түскенін байқамай қалады.
Ә. Қолындағы кесе толы қымызды төгіп алғанын байқамай қалады.
Б. Жеңінен тартқан жеңгесін елең қылмай, орта шыға келгенін сезбей қалады.

4. Көш кезінде жібек күймемен келе жатады, ал оның жеңгесі ше?
А. Түйеде
Ә. Сәйгүлікте
Б. Күймеде Жібектің жанында

5. Бекежанның Төлегенге айтқан «Қатынжандылығыңды көрдік....» деген сөзінің әрі қарайғы жалғасы қандай?
А. «... қане, сандалмай, қанша қадамнан атысатыныңды айт!»
Ә. «... байқа, күшік күйеу!»
Б. «... енді білек күшіңді байқайық!»

6. Жібектің Төлегенге мінгізген тұлпары қалай аталады?
А. Бозайғыр
Ә. Тарланбоз
Б. Ақбозат

7. Жауға қарсы аттанған Төлегенге кім бата береді?
А. әкесі Базарбай
Ә. анасы Қамқа
Б. досы Шеге

2. Жырдың түпнұсқасы мен кинофильмді салыстыру. Сұрақ - жауап.
Ү. Бекіту.
Біз «Қыз Жібек» фильмін қаншалықты білетінімізді сараладық.
1. Енді жырдағы Төлеген бейнесін жан - жақты саралап көрейік. (Оқушылар тақтаға кейіпкерлердің мінездемесін жазады)
Өздеріңіз айтқандай ол – сұлу, ақылды, сауықшыл, нәзік жүректі, бауырмал осы мінездері жырдың қай жерінде көрініс табады?

2. Ал, Жібек қандай? Ақылды, сұлу, өр мінезді, сертте тұратын адал жар, қамқор әйел, тағы басқа. Жыр жолдарынан мысал келтіру. Дәлелдеу.

Ойқозғау.
1. Сіздерге мынандай сұрақ қойғым келіп отыр. Төлегеннің әлі қалыңдық болып ақ босаға аттамаған Жібектің елінде алты ай жатуына қалай қарайсыздар? Біздің салт - дәстүрімізге қайшы емес пе? (Қалыңдық ойнау, ұрын келу дәстүрлері туралы айту.)
(жауаптары толық болу үшін үйде ата - аналарымен пікірлесіп жауабын айтып келу тапсырылды.)
2. Төлеген мен Қыз Жібектің қандай қасиеттерін өз бойларыңда болғанын қалайсыңдар? Неге? (Әр оқушы бір - бір қасиетін айта отырып, түсіндіріп береді)
Сабағымызды аяқтай келе Төлеген мен Жібектей болу, қазіргі уақыттағы осы бір нәзік сезімді аңсау әркімнің де арманы. Соның бір дәлелі ретінде Роза Әлқожаның әні мен сөзіне жазылған «Жібектің елі» атты өлеңді тыңдасақ.

ҮІ Бағалау. Бірін - бірі бағалау
ҮІІ. Үйге тапсырма. «Махаббат деген...» тақырыпқа жырдан алған әсерлері бойынша ой - толғау жазып келу.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×