Сайтқа кіру Тіркелу

Кітап үзіндісі

Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...


Адамдар әртүрлі. Әртүрлі болғанда тек түр жағынан ғана емес, ақыл, ой, сана жағынан да әр басқа. Түрдің әр алуандығынан ешкімге келер зиян жоқ. Бар қасірет санасыздықтан шығады.
Әзілхан Нұршайықов «Өмір өрнектері»

Әкем маған ата - тегіміздің аты - жөнін үйретуші еді.
Кімнің баласысың? – деп сұрайтын ол.
Мен Момыштың ұлымын.
Момыш кімнің баласы?
Момыш – Имаштың баласы.
Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген.
Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя»

Өмірдің мағынасын үнемі алыстан іздейміз. Әлдебір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастығымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізгі мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдағы жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар.
Төлен Әбдікұлы «Әке»

Шыдамдылықтың өзі – батырлық. Күткенде күндер өтер емес. Бәрінен де қиыны – белгісіздік, күңгірттік, ешқандай хабардың болмауы.
Жанұзақ Қасымбаев «Абылай хан»

Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем.
Әже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға кеткенше, әжем айналып - толғанып арқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың.
Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя»

... Құлдар сүйегінен сондай ғаламат құрылыс тұрғызып, өлгендердің өлмейтіндігі туралы баяндай отырып, сонымен бірге ұрпақтардың көзін ашу үшін адам баласына даналықтың сабағын берген. Оларға фараондардың даңққұмарлығына да, патшалардың байлығына да, жендеттердің қатыгездігі мен зұлымдығына бағынбай тек Ақыл - ойға бағынған Ұлы күш қана – махаббатқа еркіндік беретінін, өмірді жасаушы адамды жыр ететінін ұқтырған ғой...
Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы»

Көп әйелдер ұят дегенді естігендерімен, ұялуды білмейді.
Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»

Әр еркекке өз әйелінен асқан ару жоқ, асыл жоқ. Әр әйелге өз күйеуінен өзге дана жоқ, данышпан жоқ.
Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»

Әр әйел – өз отбасының алтын Күні. Күн – көктегі Жерге жақын газ бейнелі ең ыстық жұлдыз екені, Жердегі бар тіршілік Күннен қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп өнетіні аян.
Ал мен Жер әлемінің жердегі Күні әйелдер дер едім. Жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі адамзат болса, адамзатты құрайтын адамдар әйел құрсағынан шығады. Әйелдің күйеуіне, балаларына сіңіретін еңбегін ешқандай электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел – Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес.
Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»

Өз ойымша, махаббат деген адамзат сезімінің алтын құсы сияқты. Махаббат бірін - бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан - жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды. Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі...
Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрюиесін құрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдаысп, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел*белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен - бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату - тәтті тамаша өмір сүреді.
Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз.
Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»

Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды.
Өз көлеңкесі болмаса – өлгені.
Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»

Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық – өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!
Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі - зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.
Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған «алтын балапанды» тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар.
Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»

Жоқ, мен өзімді - өзім бекерге мысқылдаппын. Ғашықтың ізі болады екен. Бірақ ол топыраққа, тасқа түспейді екен. Мен оны жүрген жолдан бекер іздеппін. Асфальтқа орынсыз үңіліп, жан - жағыма босқа жалтақтаппын. Ол із өзге жерге түспепті, менің жүрегімде, ойымда қалыпты.
Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»

Жұрт қайтсін менің мұңымды? Қолыңнан келсе, ашуың тарқап, өксігің басылғанша сыр берме...
Шыңғыс Айтматов «Шынарым менің, шырайлым менің»

Егер махаббатты – тот баспайтын шын алтын болсын десең, жалған сезімнен аулақ бол, шындықты арман ет.
Ілияс Есенберлин «Алтын құс»

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
[tags]
Ілмек сөздер:
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×