Бөдене мен түлкі
Бар екен, жоқ екен, баяғыда бөдене мен түлкі дос болған екен. Бір күні түлкі бөденеге айтады:
– Досым, сен мені бір өлердей, күлдірші,– дейді. Бөдене:
– Жарайды, соңыма ер, — дейді. Сөйтеді де, бөдене бытбылдық, бытбылдық деп, ұшып кете береді, түлкі оның соңынан еріп отырады. Әлдене уақытта бөдене бір ауылдың сыртына келіп қонып, түлкіге:
– Досым сен осы жерде қарап отыр, мен сені қазір күлдірем,– дейді. Осылай деп, бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған бір әйелдің басына қонады. Мұны үйдің жанында ағаш жонып отырған оның күйеуі көріп:
– Қатын, басыңа бөдене қонды, қозғалма, оны мен ұрып алайын, – дейді. Дейді де, қолағашты алып, бөденеге жіберіп қалады. Бөдене ұшып кетеді. Әйел сулап қалады. Түлкі шек - сілесі қатып күледі. Түлкі әлдене уақытта күлкісін әрең тыйып:
– Досым, ризамын, өлердей күлдірдің. Енді сен мені өлердей бір қорқытшы, – дейді. Бөдене:
– Жарайды. Мен бытбылдық, бытбылдық деп ұшып отырам, сен көзіңді тарс жұмып, менің соңымнан еріп отыр. Көзіңді мен аш дегенде ғана аш, – дейді. Осылай бөдене бытбылдықтап ұшып отырады, түлкі көзін жұмып, оның соңынан жортып отырады. Бір кезде бөдене түлкіге:
– Көзіңді аш, – дейді. Түлкі көзін ашып жіберсе, төңірегі тола ит жүгіртіп, құс салған аңшы екен. Түлкінің жүрегі тас төбесіне шығады.
– Өлді деген осы екен, — деп, ол бар пәрменімен қаша жөнеледі. Ит, құс соңына түсіп қуады.
Түлкі бір уақытта қашып құтылып, бір бұтаның түбіне келіп, демалып отырады. Әлдене уақытта бөдене келеді. Оған түлкі ашуланып:
– Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе, ем. Сен мені қорқытпақшы емес, өлтірмекші болған екенсің. Сен маған дос емес, қас екенсің. Мен сені жеймін деп, бөденеге дүрсе ұмтылады. Бөдене пыр етіп, ұшып кетеді. Түлкі оның құйрығың жұлып алып қалады.
Бөдененің құйрығы осыдан шолақ болған екен.
Бөдене мен түлкі
- ramuk_b
- 8 қаңтар 2020
- 2020
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Бөдене мен түлкі, Бөдене мен түлкі ертегісі, қазақ ертегісі
Ұқсас жаңалықтар:
Қаңбақ шал
Ерте, ерте, ертеде Қаңбақ шал деген шал болыпты. Мал мен басқа зар болыпты. Кедейліктен шықпапты. Ол ау салып, балық ұстап, тамақ асырапты....Батпан құйрық
Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. - Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? - деп сұрайды түлкі...Үш аю
Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде үш аю тұрыпты. Олар түнімен тоғайды аралап, күн ысыған кезде үңгірге кіріп жатады екен. Ең ірісі және...Қаршақыз бен түлкі
Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың баласы да, немересі де жоқ екен. Қар бұрқырап қыс та түсіп, белуардан омбылай жауыпты....Залым түлкі
Арыстан аға, сонау қарлы таудың ар жағында балбырап тұрған бау бар. Бұдан шыға берісте, көкорай шалғын сай бар. Сол сайдың бойында мыңғырып жайылып...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.