Сайтқа кіру Тіркелу

Төрт түлік мал

Тақырыбы: «Төрт түлік мал»
Оқу іс - әрекетінің мақсаттары:
Білімділік: Төрт түлік мал туралы түсінік беру.
Сөздік қорын байыту, тіл байлығын дамыту. Дұрыс сөйлеуге жаттықтыру.
Дамытушылық: Жануарлардың ерекшеліктеріне қарай бір - бірімен салыстыра білуге дағдыландыру.
Тәрбиелілік: Үй жануарларын күтіп баптауға, сүйіспеншілікке, қамқорлық сезіммен қарауға тәрбиелеу.
Әдіс - тәсілі: Түсіндіру, көрсету, сұрақ - жауап, ой - қозғау, жұмбақ.
Сөздік жұмыс: Төрт түлік, құлын, бұзау, қозы, бота, лақ.
Көрнекілік: Төрт түліктердің суреттері.

Барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі:
- Балалар, ертеңгісін көзімізді ашып, терезеден қарасақ алдымен нені көреміз?
(Балалардың жауабы)
- Әрине, күнді, күннің нұрын көреміз.
Егер, ол жарқырап, нұрын шашып тұрса қалай қуанамыз? (Балалар «алақай» - деп алақандарын шапалақтайды.
- Ендеше, балалар бәріміз қуанып жаңа күнді қарсы алайық.
Қуан, шаттан, алақай!
Қуанатын келді күн.
Қайырлы таң, қайырлы күн,
Күлімсіреп шықты күн.
Сыйластықтың белгісі иіліп сәлем бергені. (Балалар иіліп сәлем береді)
- Сәлеметсіңдер ме, балалар.
- Балалар, бүгінгі өтілетін жаңа сабағымыз «Төрт түлік мал» деп аталады. Ертеректе қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқан. Малды жесең азық, кисең киім болған. Жанына жақын адал жануарды қадірлеп, төрт түлігім деген. Төрт түлікке түйені, жылқыны, сиырды, қойды және ешкіні жатқызамыз. Төрт түлік мал адамның көмегімен өсіріліп, бағып бапталады. Бұл жануарлар төлдерін сүтпен қоректендіреді. Төрт түліктің адам өмірінде атқаратын маңызы өте зор. Төрт түлік малдың пайдасы жетіп артылады. Сиырдың сүтінен айран, құрт, ірімшік, етін тамақ, жүнінен киім аламыз. Жылқы мен түйеден шұбат пен қымыз аламыз. Бұлардың емдік қасиеті көп. Түйе мен қойдың жүнінен шұлық пен кеудеше тоқимыз, терісінен тон мен тымақ тігеміз. Төрт түлік мал жылдан - жылға өсіп - өніп отырады. Төрт түліктің төлдерін былай атаймыз:
Түйенің төлін – бота,
Жылқының төлін – құлын,
Сиырдың төлін – бұзау,
Қойдың төлін – қозы,
Ешкінің төлін – лақ, – деп атаймыз. Көрдіңдер ме балалар, төрт түлік малдың адам өмірі үшін пайдасы көп екен.
- Балалар, төрт түліктің адамға қандай
пайдасы бар екен? (Балалардың жауабы)
- Төрт түліктің төлдері қалай аталады?
(Балалардың жауабы)
- Жарайсыңдар балалар, осы төрт түлік
жануардың өзіне тән мінді болады. Қой жуас, момын жануар, ешкі тыным таппайтын жануар, жылқы өжет, батыл жануар, түйе шөлге төзімді, жуас жануар. Олар төлдерін әрқайсысы әртүрлі шақырады. Кәне, соны тақпақтатып айтайықшы.

Нұрай. Екі көзі танадай,
Екі өркеші баладай.
Елпеңдеген ойнақтап,
Ойсылқара баласы.
Ботақан менің атым,
Көс - көс.
Бекнар. Жолға шықсам көлігім,
Жапанда жүрсем серігім.
Қамбар ата өсірген,
Құлыншақ менің атым.
Құрау - құрау.

Эльмира. Тілімен мұрнын жалаған,
Тілімен жүнін тараған.
Көкке мұрнын шүйірген,
Зеңгі баба өсірген.
Бұзауқан менің атым,
Аухау - аухау.

Айдана. Қой баласы қоңырым,
Қойдай жуас момыным.
Шопан ата өсірген,
Қошақан менің атым,
Пұшайт - пұшайт.

Ажар. Жаңбыр жауса бақырған,
Сексек ата шақырған.
Өрісте малды бастаған,
Лақ менің атым.
Шөре - шөре.

Ойын: «Қошақандар»
Мақсаты: Сезімталдыққа, шапшаңдыққа баулу.

- Балалар, біз осы төрт түлік өз төлдерін қалай дыбыстап шақыратынын
теледидардан көрейікші. (Теледидардан төрт түліктің суретін, қалай дыбыстайтынын көрсету)
- Теледидардан төрт түлік жануарларды көрдік пе? Олар сендерге ұнады ма? (Балалардың жауабы)
- Жарайсыңдар, балалар. Енді төрт түлік туралы жұмбақтар әлемінен жұмбақтар шешейікші. Мен сендерге жұмбақтар жасырамын, ал сендер маған жұмбақтың жауабын айтасыңдар.

Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар. (Қой)
Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар. (Түйе)

Басында екі таяғы бар,
Төрт аяғы бар,
Иегінде сақалы бар. (Ешкі)

Өзі сұлу, өзі жүйрік,
Жарысады желменен. (Жылқы)

- Жарайсыңдар, балалар. Енді төрт түліктер туралы мақал – мәтелдер айтайықшы.

Нұрлан. Сиырдың сүті тілінде.
Эльмира. Қой өрісі қорада.
Лаура. Төрт аяқтыда бота тату.
Нұрай. Нар жолында жүк қалмас.
Серікболсын. Жылқыда өт жоқ,
Құста сүт жоқ.

- Балалар, біз мақал - мәтел айтып
жатқанымызда төлдеріміз енелерінен жасырынып қалыпты. Кәне жасырынған төлдерді енелеріне табуға көмектесейікші.

Ойын. «Төлдерін тап»
Мақсаты: Есте сақтау қабілетін дамыту, зейінін
аудару, ажырата білуге баулу.
Хор: «Төлдер жыры»
Қорытынды: Балалар, бүгінгі төрт түліктер туралы
оқу іс - әрекетіміз сендерге ұнады ма? Төлдердің арасынан құлыншақ шығады.
Серікболсын.
Аттарыңмын сәйгүлік,
Көрген жоқпын жай жүріп.
Сендерге жігер қосқанмын,
Сау болыңдар, достарым.
Бәрің де оқу іс - әрекетке жақсы қатысып
отырдыңдар. Жарайсыңдар. Осымен
бүгінгі оқу іс - әрекетіміз аяқталды. Сау
болыңдар.

Күтілетін нәтиже:
Білуі: Төрт түлік мал туралы түсінуі.
Игеруі: Жануарлардың атын атай білуі, дұрыс сөйлеуді;
Меңгеруі: Үй жануарларын күтіп баптауды, сүйіспеншілікті, қамқорлық жасауды.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×