Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Өлмейтін іс қалдырғыңыз келсе, әуелі ниетіңізді жөндеңіз.
Шынайы ниетпен жасалған істің ғұмыры ұзақ болады.
Данияр Жігітбек "26 жылда қалыптасқан 26 қағида"
Түр мен түс әйелге ғана керек дегеніміз - бекер сөз. Еркекке түр - түс керегі жоқ болса, неге Несібелі Жырғалаңнан қашады?
Бексұлтан Нұржекеұлы "Жау жағадан алғанда"
Ұйқы қайда кетер дейсің... Өмір деген бір зулап өте шығар от арба емес пе, дер кезінде одан орын ала алмасаң, айдалада қаңғып қаласың... Мүмкіндік барында еңбек ету жөн...
Ілияс Есенберлин "Қатерлі өткел"
Пікірі, ойы бар адамдар үндемеуге үйренді. Неге? Олар қорқынышқа жеңіліп болған. Кешегі шындықтың бүгін өзіне сын боларын, сол үшін күйіп кету мүмкін екенін ақылы бар адамдар түсінеді де, бекер шаршамау үшін ештеңені көрмеуге, естімеуге тырысады. Сөйтіп олар өзін жеңу арқылы уақытты жеңеді. Өзін өзі жеңе алмаған талай пенде уақыттың жағасына жармасып, оның бір сілкігеніне жарамай жалпасынан құлап жатады.
Баққожа Мұқай "Өмірзая"
Жарықтық Абай жазғандай, "махаббатсыз дүние бос". Алайда махабаттың оңғақ, келтесі бар, тұрақты, мəңгілігі бар. Көкірегіне сондай қасиетті сезім ұялаған жандарды бағалауымыз керек. Өйткені сүю, күю - екінің бірінің қолынан келмейді. Ал бойына сүйе білу қабілеті дарыған адам өзінің азды көпті ғұмырында жалғыз - ақ рет сүйеді, беріле, дүниені ұмыта, жан - тəнімен сүйеді. Алда - жалда өзімізге біреу дəл солай іңкəр бола қалса, оны бірден бетке қақпауымыз керек. Махаббат - тау көліндей құпия сырлы, жұмбақ сезім. Мүмкін, жанымыздың терең түкпірінде сол адамға деген, əлі өзіміз де байыбына барып, ұғынып жетпеген, болашақта үлкен сүйіспеншілікке айналуға тиіс əлдебір, то есть... нелердің дəні жатқан шығар...
Мұхтар Мағауин "Күтпеген кездесу"
Ауылға оқта - текте бара қалсақ "туған жердің келбеті - ай, ауасын - ай" деп тамсанып, күні кеше ғана зәрезеп болып, екі қолыңды төбеңе қойып безіп кеткен ауылды жаңа көргендей өп - өтірік таңырқап, тамсанып қарайтын жасанды әдетіміз бар ғой...
Оралхан Бөкей "Күлпәштің ұршығы"
Мен бұлай кездесеміз деп те, бұлай сөйлесеміз деп те ойламаған едім. Аңырып бетіне қарасам керек. Қыз шыдай алмады. Бірақ қыздың бүкіл көңіл күйі маған көшкен еді.
— Алып қашам. Ауылға. Қыз менің бетіме тіке қарады. Шыны ма, қалжыңы ма дегендей, Қалжың екені бесенеден белгілі. Бірақ бұл қаланың қыздарынан бәрін де күтуге болады.
— Қалай сонда… Еріксіз бе, жоқ әлде…
— Әрине, еріксіз. Ерікті адам өзі барады.
— Иә, солай екен ғой… Қыз рақаттана күлді. Сосын
сағатына қарады.
— Қорықпаңыз, бірден алып қашпаймын, - дедім мен асығыс.
— Алдымен киноға бару қажет…
— Қыз аяғын айқастырды да, менің сөзімді естімегендей, қолындағы сумкасын оңды - солды тербеп, бақайының басына қарап үнсіз қалды. Көп күткен адам ақыр түбінде сабырсыз болады. Келіспей қоя ма, сөзбұйдаға сала ма деген қаупім тағы бар.
— Бүгін… Осы қазір.
Қызға мұным оғаш көрінбеді.
— Қарным ашты, - деді қайтадан бойын тіктеп.
— Жолай кафеге кіреміз.
— Ал сіздің кафеңізде қаймақ қатқан қою шай жоқ.
— Біздің үйде бар!
— Біздің үйде де бар.
Сіздің үй… бұдан жеті жүз шақырым жерде!
Қосыла мәз болып күлдік.
Мұхтар Мағауин "Өмір жыры"
Ақылы жоқ адам қанша жақсы сөз естісе де жамандығын жасай береді, ақылды адaм жаман сөзден басқаны естімесе де жақсылығынан жазбайды. Соған қарағанда, бар гәп адамның өзінде, яғни негізінде. Ал адамның негізі, менің өз шешемнің айтуынша, анасының сүтінен, әкесінің қанынан, ата - бабасының рухынан, ішкен суы мен жеген асынан, жұтқан ауасы мен басқан топырағынан, естіген әні мен тыңдаған күйінен қыл аяғы есіктің алдындағы иті мен үйдің төбесіне қoнған торғайдың үнінен де үлес алып құралатын көрінеді. Сен қазір негізі әлдеқашан қаланған адамсың, қызым. Ендігі сенің серігің - сенім. жaқсылыққа, адалдыққа сенім. Тіршіліктe жақсылықтың, адалдықтың болатынына сенбейтін адам өзі кәйтiп адал болады, кәйтіп өзгеге жақсылық жасайды? Жоқты бар қыламын деп пе? ЖOҚ, олай істеу - өте қиын. Бәлкім, мүмкін де емес. Сoндықтан, қызым, әуелі адал, шынайы махаббаттың бар екеніне сен.
Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі - зайыптылар"
Жалпы ұятты былай қойғанда еркектерде ми да, қанағат та жоқ.
Дулат Исабеков "Қарғын"
БОЛАШАҚ БИ КЕШ СӨЙЛЕПТІ
Қаракесек Келдібектің бәйбішесі, «Ақсақ» атанған Тоқмейіл ана алты бала тапқан екен. Оларды «Ақсақтың алтауы» дейді. Ең үлкені – Қаз дауысты Қазыбек би.
Қазыбектің тілі кеш шығады. Тоқмейілден төңіректегілер:
– Мына балаң немене, мылқау ма?! – деп соқтыққанда:
– Жоқ, бұл ойланып жүр. Ойларын жинақтап, реттеп, түзеп жүр. Кейін менің Қазыбегім сөйлегенде бұған дейін қазақтың аузынан шықпаған сөзді естисіңдер. Қазақ одан кейін де бұл айтқандай сөзді білмейтін болады! – деп жауап қатқан екен.
Құлтөлеу Мұқаш "Салбыруын"
Қаншалық үлкен қызметте жүрсе де əлденеге ренжігенде немесе əлдекімге кейігенде ырқынан тыс боқтап жіберетін адамдарды көп кездестірдім. Боқтап жібергенді қарапайымдылық деп санайтындардың талайын білем. Қаhарлы, қатал басшы болам деп боқтайтындар да бар. Бірақ қандай жағдайда да Қонаевтың былапыт сөйлегенін естіген емеспін. Жас кезінде жұмысшылардың нағыз ортасында болды, солармен бірге қиналды. Боқтампаз боп саналатын солардың ортасында "бұзылмай" шыққаны қайран қалдырды.
Серік Əбдірайымұлы "Елу жыл ел ағасы" кітабы Кеңес Аухадиевтің естелігінен
Бәлкім, біздің өзіміз де бұл дүниеде жоқпыз. Алдамшы сағым, елеспіз.
Осы сәтте ғана бармыз, бар сияқтымыз.
Ертең із - түзсіз жоғаламыз. Ертең болмаса, келер жыл, келесі ғасыр, бір заман - беймәлім ықылымда.
Мұхтар Мағауин "Қыпшақ аруы"
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кітап үзіндісі: Өлмейтін іс қалдырғыңыз келсе, әуелі ниетіңізді жөндеңіз
- ramuk_b
- 19 сәуір 2021
- 2119
- 0
- 0
Ілмек сөздер: кітап үзіндісі, кітаптан үзінді, жазушы шығармаларынан үзінділер
Ұқсас жаңалықтар:
Кітап үзіндісі: Қайғы мен мұң екеуі ағайынды қасіреттер
Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым. Бердібек Соқпақбаев "Балалық шаққа саяхат"...Кітап үзіндісі: Жамандар жақсыларды көре алмайды
Жамандар жақсыларды көре алмайды. Қараңғылар жарықты көре алмайды. Неге? Өйткені, олардың көздерін шел басқан. Талантсыздар дарынды көре алмайды....Кітап үзіндісі: Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді
Əйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені əйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені əйел - киелі...Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.