«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»: болашаққа міндеттер айқындалды
Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап береді. Президент мақаласының алғашқы бөлімі «Бағдар мен белес» деп аталып, онда осы күнге дейін еліміздегі атқарылған істерге тоқталады.
Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп,инфрақұрылымдық жобаларға баса мән береді.Үшінші онжылдықта еліміз идустриялық-инновациялық даму жолын таңдады. Ал алдағы төртінші онжылдықта міндет - қуатты елдің иесі және кемел халық болу - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз –осы,- дейді.
«Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімде тарихты түгендеп, келер ұрпаққа қалдырар «Мәдени мұра»-ға басымдық береді. Президент азаттықтың ақ таңы оңай келмегенін айта келе, осы құндылықтарды бағалай білу үшін құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырады. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи туындылармен шектелмей, ауқымды фильмдерге арқау болатын шежіреміздегі маңызды белестер мен оқиғаларға мән беру керек - дейді мемлекет басшысы. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет.
Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болып және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс – деп ерекше тоқталып өтеді. Тарих демекші, 1921-1922 жылдардағы алапат ашаршылықтан бері 100 жыл өтті. Дегенмен, бұл нәубет құрбандарының санына қатысты әлі де нақты ақпарат жоқ. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн,- дейді.
Бодандық бұғауынан босауға ат салысқан желтоқсаншылар оқиғасына 35 жыл толатынын айта келіп , бұл оқиға жайын да көтереді. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары - Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек – деді. Жаңа Қазақстанның тарихы әлі толық жазылмағанына тоқталған президент ұлттық мүддемізге сай академиялық үлгідегі көп томдықты жарыққа шығаруды тапсырды. Шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынды. Мұның стратегиялық мәні зор екенін айтты. Мақаланың «Қоғам мен құндылық» бөлімінде президент жерімізге көз алартып, аумақтық тұтастығымызға күмәнданатындар әлі де бар екенін, соңғы кездері азаматтарды аса толғандырған жер мәселесіне қатысты да өз ойын ортаға салады. Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді, - дейді. Яғни, бабалар қанымен, Алаштың жанымен осы күнге дейін сақталып келген қазақтың жеріне нұқсан келмейтініне Президенттің өзі кепіл болып отырғанына көзіміз жетеді. Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат - қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату - өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн – деп өз байламын айтты. Президент барды бағалауға да шақырады. Жер қадірін жалаң ұранмен өлшемей, Көкжайлауға от жақпай, Көбейтұзды лайламай, әр тоқымдай жерді көздің қарашығындай сақтауға үндейді.
Қоғамда үнемі қызу талқыланатын тағы бір тақырып - қазақ тілінің мәртебесі. Бұған қатысты да президент ерекше тоқталады. Мемлекеттік тілді білу - Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті деп те айтуға болады дей келе мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарымызға үндеу тастайды. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек- деп отандастар алдына үлкен мақсат қояды.Ал мақаланың төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталады. Бөлімде азаматтық қоғамды дамыту мен саяси реформаларды жалғастыруды ұсынады, тәуелсіздіктің құрдастары орда бұзар отыз жасқа келіп отырғанына тоқтала келіп талантты, талапты буынға, болашақ ұрпаққа сенім арта отырып «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ұғымды басты ұран етуге үндейді. Білім мен біліктің дәуірі - ХХІ ғасырда қазақ халқы да технологиядан қалыспай, әр адам өзін жетілдіріп, жаңа кәсіпті игеріп, ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Ал ондай азаматтарға қамқор болу - мемлекеттің міндеті екенін баса айтады.
Дүйсенбаева Р.И.
Аға оқытушы.
Шетелдіктердің тілдік және жалпы
білім беру дайындығы кафедрасы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»: болашаққа міндеттер айқындалды
- ramuk_b
- 14 қаңтар 2021
- 2140
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Тәуелсіздік бәрінен қымбат, болашаққа міндеттер, мемлекет басшысының мақаласы
Ұқсас жаңалықтар:
Қ - Ж. Тоқаев 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы деп жариялады
Мерейтой экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқықтарын қорғау, экологиялық проблемаларды шешу белгілері...Қ - Ж. Тоқаев: Тербелуге уақыт жоқ
Біз мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелік іс - шараларсыз өткізуіміз керек – айтты Қазақстанның Президенті. Қасым - Жомарт Тоқаев...Мемлекеттік және ұлттық университеттер сатылмайды – Қ - Ж. Тоқаев
Бұл мәселе ерекше бақылауда, деп сендірді Қазақстан Президенті Ұлттық сенім кеңесінің отырысында. Қазақстандағы мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу...Президент Жолдауынан халық не күтеді
1 қыркүйекте Президент Қасым - Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды....Жаңа әліпби жобасы ұсынылды
Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.