Сайтқа кіру Тіркелу

Топырақты негізгі және тұқым себер алдында өңдеуге, жайылым мен шалғынды жақсартуға арналған машиналар мен құралдар

Ашық сабақ
Сабақтың тақырыбы: Топырақты негізгі және тұқым себер алдында өңдеуге, жайылым мен шалғынды жақсартуға арналған машиналар мен құралдар тарауын қорытындылау сабағы.

Сабақтың мақсаты:
Оқыту: оқушылардың, яғни болашақ маманның жан-жақты дамуын, оның ой, іс-әрекетінде жүйелілік сипаттамаларының болуын қамтамасыз ету, тарауды қорытындылап, бекіту.
Дамыту: Ой-өрісін, кәсіби білімін, жұмысқа ынтасын, қабілетін.
Тәрбиелік: Ұқыптылыққа, сабырлылыққа, еңбексүйгіштікке баулу.

Сабақтың түрі: Бекіту сабағы
Сабақтың әдісі: Ойын, сайыс, сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс: Тракторлар мен автомобильдер (І курс), агрономия негіздері (І курс), қазақ тілі мен әдебиеті (І курс).
Сабақтың көрнекілігі: Ауыл шаруашылығы машиналарының макеттері, сызба плакаттар, буклеттер, интерактивті тақта.

Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушыларды түгелдеу, оқу-құралдарын тексеру. Сабақтың түрі мен мақсатын хабарлау.

ІІ.Тарауды бекіту бөлімі. Сабақты бастамас бұрын топ оқушылары осы тарау бойынша өтілген алты ауыл шаруашыгығы машинасына сәйкес алты топқа бөлінеді.Олар мыналар: әр топтың аты, ұраны, таңбасы болады.
Бірінші топтың аты «Соқа», ұраны: «Қиясына шығып ойдың, алға таудай талап қойдым». Екінші топтың аты «Сыдыра жыртқыш», ұраны: «Өнеріммен өрге жүзем, еңбегіммен өмір сүрем».
Үшінші топтың аты «Тырма», ұраны: «Еңбектенем ер атанып, алға басам әлем танып».
Төртінші топтың аты «Нығыздауыш», ұраны: «Біз жалынды жастармыз, білімге жол бастаймыз».
Бесінші топтың аты «Өңдеуіш», ұраны: «Еңбек етсем еселі. Оңға ісім өседі».
Алтыншы топтың аты «Тегістеуіш». Ұраны: «Ізденістен ілгері іске». Бұл жарыс тапсырмаларына топтағы барлық оқушы қатысуға тиіс. Сондықтан әр топ өз мүшелерінің тапсырмаларының орындалуына көмектесуі керек. Ол кезде сұраққа жауап берген топтарға бір ұпай қосылып отырады.
Жарыс сабағының жалпы ұраны «Біліміңе, білім қос».

Сабақ өлеңмен басталады.Сонда әрбір машинаның атқаратын қызметі аталып өтіледі.
Топырақты жыртуға,
Алғаш «Соқа» келіпті.
Кесектерін бұзуға,
Артынша оның аптығып,
«Сыдыра жыртқыш» жетіпті.
Кесектерін мейлінше,
Ұсақтауға арналған,
«Тырмалардың» көп тісі,
Топыраққа дөп түсті.
Ылғал керек жетерлік,
Тұқым өніп көктеуге,
Буы ұшып жер асты,
Көкке дейін кетпеуге,
Топырақты таптайтын,
«Нығыздауыш» бар дайын.
Дән себердің алдында,
«Өңдеуіштер» қолайлы,
Топырақты майдалап,
Ұсақтауға оңтайлы.
Егін егер алаңды,
Жоспарлауға арналған,
Ойпаң-қырат жерлерді,
Машина бар арнайы,
Тегістеуге арналған.
Бірі қалмай жолынан,
Тұқым себер алдында,
Топырақты өңдеуге,
Жайылымды жөндеуге,
Трактордың соңынан,
Жегілетін жарамды,
Машиналар осылар.
Ал, кәнекей қырандар,
Тракторға қоныңдар!
- деп, оқушылардың оқуға, жұмысқа деген ынта ықыластарын оятамыз. Әр топқа төрт-бес оқушыдан келеді. Жарыс сабағы бес тапсырмадан тұрады. Сонда жарыс шарты бойынша бірде-бір оқушы қалыс қалмауы тиіс. Сондықтан әр топ өз мүшелерінің тапсырмаларының орындалуына көмектесуі керек.

Машиналарға байланысты викториналық сұрақтар.
1.«Бәйге».
2.Машиналардың құрылысы.
3.Мақал-мәтелдер.(Егіншілік).
4.Жұмбақтар.
5.Үй тапсырмасы. Машиналар айтысы:(машиналардың артықшылығы мен кемшілігі). 6.Қорытынды.

Викториналық сұрақтар: «Бәйге».
Атқарылатын жұмысына қарай соқалар қалай жіктелінеді?
Жауабы:Жалпы және арнаулы жұмыс соқалары.
Корпус санына қарай соқалар қалай аталынады?
Жауабы:Бір, екі, үш, төрт, бес, алты,сегіз және тоғыз корпусты болып аталынады.
Тракторға тіркелуіне қарай соқалар қалай бөлінеді?
Жауабы:Тіркемелі, жартылай аспалы және аспалы.
Жалпы жұмысқа арналған соқалар топырақты қанша сантиметр тереңдікке дейін жыртады?
Жауабы:27 см.
Соқа териясының негізін салушы кім?
Жауабы: Орыс ғалымы, академик В. П. Горячкин.

Сыдыра жыртқыштар топырақ түйіршігінің диаметрін қанша милиметрге дейін ұсақтайды?
Жауабы: 50 милиметр.
Сыдыра жыртқыштар қалай жіктеледі?
Жауабы: Дискілі және түренді.
Сыдыра жыртқыштар маркаларын ата?
Жауабы: ЛДГ-5, ЛДГ-10, ППЛ-10-25.
Сыдыра жыртқыштар арам шөптер мен өсімдік қалдықтарын қанша пайызға дейін кесе алады?
Жауабы: 100 пайызға дейін.
Тырмалар жұмыс органдарының құрылысына қарай қалай аталынады?
Жауабы: Тісті, серіппелі және дискілі.

Тырмаларды салмағына қарай неше топқа бөлуге болады?
Жауабы:Ауар, орта және жеңіл салмақты болып бөлінеді.
Тырма жердің бетін қанша сантиметр тереңдікке дейін қопсытады?
Жауабы: 3-4 см.
Нығыздауыштардың қандай түрлері бар?
Жауабы: Тегіс тісті, шығыршық тәрізді, тұтас және іші қуыс нығыздауыштар.
Қуыс нығыздауыштардың ішіне не толтырылады?
Жауабы: Су немесе құм.
Нығыздауышқа ұқсас геометриялық фигура?
Жауабы:Цилиндр.

Өңдеуіштер топырақ түйіршіктерінің диаметрін қанша милиметрге дейін ұсақтайды?
Жауабы: 3 милиметр.
Тегістеуіштің маркасы қандай?
Жауабы:ПА-3, МВ-6,0 тегістеуіштері.
Соқаны жырту тереңдігіне қарай қалай реттейді?
Жауабы:Тірек дөңгелегімен.
Түреннің пішіні қандай геометриялық фигураға ұқсайды?
Жауабы:Трапеция.
Тіркеуіштер қандай тракторларға агрегатталады?
Жауабы:ДТ-75М, Т-4А.

Өңдеуіштерді белгіленген тереңдікке қарай қалай реттейді?
Жауабы:Тереңдікті реттейтін механизм винтімен.
Тырманың өңдеу тереңдігін қалай реттейді?
Жауабы:Батареяның шабуыл бұрышын өзгерту арқылы реттейді.
Сыдыра жыртқыштың жырту тереңдігі қызметін атқарушы органы не?
Жауабы:Тіреуіш, доңғалақ.


ІІ.Жарыстың екінші турында машиналар құрылысымен танысамыз.
Соқаның негізгі жұмыс органдары:1-дискілі пышақ,2- шым аударғыш,3- түрен, қайырма, жақтау (атыз тақтасы),5- корпус.
Сыдыра жыртқыштың құрылысы:1-рама,2- екі оң жақ секциялары,3-екі сол жақ секциялары,4-брустар,5-доңғалақтар,6-гидробасқару механизмі,7- тегістегіштер,8- реттелетін төмендеткіштер.
Тырманың құрылысы:1-рамаға байласқан металл брус түріндегі сүйретпе,2-тісті брус,3- көлбеулікті реттеу пышағы.
Нығыздауыштың құрылысы:1-бір алдыңғы, екі артқы буыннан, 2-рамадан,3- он үш дискіден,4-осьтен,5- тіркемеден,6-жүгі бар жәшіктен.
Өңдеуіштің құрылысы:1-рамадан,2-тіркеу тетегі,3- доңғалақ,4- жұмыс органдарының тереңдігін реттейтін механизм.
Тегістеуіштің құрылысы:1-тартқыш арқалық, 2-ортаңғы секция, 4-тіреуіш доңғалақ, 5-гидроцилиндр, 6-гидрожүйе.

ІІІ.Жарыстың үшінші турында «Топырағын таппаған дән өнбейді» демекші егіншілік турасындағы мақал-мәтелдерге кезек береміз.
1.Жердің сәні егін, ердің сәні білім.
2.Көктемгі әрекет, күзгі берекет.
3.Жері байдың, елі бай.
4.Жер құтты болса, мал сүтті болады.
5.Мал баққандікі, жер жыртқандікі.
6.Жер тойынбай, ел тойынбайды.
ІV.Жұмбақ жасыру ойыны.

1.Жабайы аңдай емес ол,
Пайдасы бар адамға.
Көктем келсе далаға,
Дайын тұрар әманда.
(Сыдыра жыртқыш)

2.Жердің бетін жасырып,
Бар қулығын асырып.
Су орнына неге ол,
Құм ішеді тасынып.
(Нығыздауыш)

3.Ойдым-ойдым жерлерді,
Басып кетіп барады.
Қырда қырат жерлерді,
Жазық етіп барады.
(Тегістеуіш)

4.Жердің беті жұп-жұмсақ,
Өте майда топырақ.
Қандай мықты екен ол,
Ойланайық жақсырақ.
(Өңдеуіш)

5.Қара жерді қопарған,
Трактордан от алған.
Темірлерден түйілген.
Болаттардан иілген.
(Соқа)

6.Соқадан соң жүретін,
Бар бейнетті көретін.
Қандай мықты ол тағы,
Тракторға жегетін.
(Тырма).

V.Үй тапсырмасы. Үйден дайындап келген машиналар айтысы:(мұнда машиналардың артықшылықтары мен кемшіліктері айтылады).
1-кезек. Соқа мен сыдыра жыртқыш айтысы:
Соқа.
Менен сәл-ақ жеңілсің,
Көлемің үлкен болса да.
Отасаң да арам шөп,
Қаулап шығар артыңша.

Сыдыра жыртқыш.
Металдың құр сорысың,
Салмағың бар артықша,
Өткеніңмен жыртып жер,
Кесек қалар артыңша.

2-кезек.Тырма мен өңдеуіштің айтысы:
Тырма.
Мен жүрмесем алдыңда,
Бөлшегің қалар мұқалып.
Жарамайсың жұмысқа,
Топыраққа қақалып.

Өңдеуіш.
Қалдырасың артыңа,
Қыруар іс қаншама.
Жүрмесем мен ізіңнен,
Өнбейді дән мұншама.


3-кезек.Нығыздауыш пен тегістеуіштің айтысы:
Нығыздауыш.
Тассада күшің бойыңда,
Мықтылар бар соңыңда.
Жылдам жүрмей шабандап,
Қаласың құмның қомында.

Тегістеуіш.
Жыртқан жерді еңбекпен,
Таптаудан еш тынбайсың.
Қайта жүр деп соңымнан,
Тырмадан көмек сұрайсың.

V1.Қорытынды. Мұндай дәстүрлі емес сабақтардың артықшылығы, қазіргі бәсекелестік заманда оқушылардың бір-бірімен бәсекеге түсіп, бір-бірінен озуға тырысып, білімдерін одан әрі шыңдай алады.Болашақ мамандарды даярлау барысында, дәстүрлі емес сабақтарды пайдаланудың маңызы зор. Себебі мұғалім сабаққа дайындалу сәтінде оның сабаққа деген қызығушылығы мен ізденісі арытып отырады.

Қызылорда облысы, Арал қаласы
№2 кәсіптік лицейінің арнаулы пән оқытушысы:
Шолпан Балманова

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
Кері қайту
Ілмек сөздер: Топырақ, тұқым, себу, өңдеу
Ұқсас жаңалықтар:
Шаршы, тіктөртбұрыштың қасиеті

Шаршы, тіктөртбұрыштың қасиеті

Бұтақта 7 торғай қонып отыр. Үшеуінен басқасы ұшып кетті. Бұтақта неше торғай қалды? (Үш торғай)...
Модульмен берілген теңдеулер және теңсіздіктерді шешу жолдары

Модульмен берілген теңдеулер және теңсіздіктерді шешу жолдары

ОҚО. Шымкент қаласы, №3 ҰЛЫҚБЕК атындағы жалпы орта мектептің математика пәні мұғалімі: Қасымхан Алмасханұлы Төреханов...
Глобус жердің дәл үлгісі

Глобус жердің дәл үлгісі

Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қожағұлова Гүлжаһан Қожағұлқызы Тақырыбы: Жер – шар тәрізді дене. Глобус...
Минералдық тыңайтқыштарды ұсақтап-араластыратын ИСУ-4 машинасы

Минералдық тыңайтқыштарды ұсақтап-араластыратын ИСУ-4 машинасы

№2 Арал кәсіптік лицейінің арнаулы пән оқытушысы: Шолпан Балманова. Сабақтың тақырыбы: «Минералдық тыңайтқыштарды ұсақтап-араластыратын ИСУ-4...
Электр құбылыстары

Электр құбылыстары

«Электр құбылыстары» тарауын қорытындылау сабағы Сабақты бастамас бұрын сынып оқушыларын үш топқа бөлемін. Әр топтың аты, ұраны, таңбасы бар....
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×