Азаматтық білім беру - ар - ожданның айнасы
Каримова А. К., Рахимова Э. Е.
Қазіргі таңда тәуелсіздік туын берік қолда ұстаған жеке елміз. Мұны әлемдік қауымдастықтың өркениетті елдері толық мойындағаны да ақиқат. Бүгінгі Қазақстанның ашық та еркін демократиялық мемлекет құруға бет бұрып отырғаны да сондықтан. Дегенмен шынайы демократиялық идеяларды қалың бұқара қауымның қолдауынсыз және олардың осыларға қатысты түсіністік деңгейін дәл анықтамай тұрып, оны ойдағыдай іске асыру мүмкін еместігі белгілі жәйт.
Мемлекетімізде демократиялық институттар құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл - жақсы нышан. Өйткені ол еліміздегі саяси басқарудың ахуалын реттеп, оң өзгерістер жасаудың ең басты алғы шарттары болып табылады. Бірақ бұл да жеткіліксіз, тек мұнымен қоғамды демократияландырамыз деу - ағыттық. Себебі, бұл институттардың тиімді жұмыс жүргізу оларда қаланған демократияландыру негіздері азаматтар идеясын сай қабысып, оны олардың кең түсінікпен қабылдауына тікелей байланысты болмақ. Сондықтан елімізде еркін демократияны орнату үшін, біздіңше, азаматтық білім берудің тиімді түрлерін өмірге күнделікті енгізе отырып, оны барынша жетілдіре түсу қажет.
Азаматтық өмір сүруге ұмтылу еркін демократиялық қоғамның қозғаушы күші десек, ал сол қозғаушы күштің негізгі тірегі азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі болып табылады. Ендеше, ақпараттандырусыз, азаматтардың өз алдындағы жауапкершілігі мен белсенділігісіз қай қоғамда болсын демократиялық республика қалыптастырамыз деу - бос қиял, бос әурешілік. Демек әрбір азамат мұны тек түсініп қана қоймай, демократиялық қоғамға ғана тән азаматтық құндылықтары мен ұстанымдардың нақты белгілерін айқындап, оған көз жеткізе алулары тиіс. Ал азаматтық білім беру демократиялық қоғамда әр түрлі әлеуметтік тұрғыда: отбасы, діни орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес және кәсіптік бірлестіктер, кәсіподақтар, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтық білім беруде мектептің атқаратын рөлі айрықша. Олай деуге басты себеп, өскелең ұрпақтың парасатты әрі жан - жақты сауатты азамат болып қалыптасуы үшін мектепке аса жауапты міндеттер жүктеледі емес пе. Бұл қоғам мен оның мектеп жүйесі осы жүктелген азаматтық міндеттерді орындамайтын болса, онда демократиялық азаматтық қалыптастырудың өзі күмәнді.
Бүгін бұл бағытта Қазақстан мектептері жүйесі алдында оқушылардың саяси білім негіздерін жетілдіру қажеттілігі, оларды өз азаматтық құқықтары мен міндеттерін білуге тәрбиелеу, сондай - ақ, сыни ойлау мен азаматтық көзқарастарын қалыптастыру, өткір мәселелер тұр. Бұл, сөз жоқ, Қазақстан азаматтарының жауапкершілік сезімдерін оятады және олардың өз халқы, өз мемлекеті, тіпті әлем алдындағы азаматтық борышын өтеуінде үлкен рөл атқаратыны даусыз.
Мысалы: 9 сыныпта өтетін Махамбет Өтемісұлының «Исатай деген ағам бар» деген өлеңін оқығанда оқушыларға Махамбеттің айтқан сөзі арқылы біраз ой толғауға болады.
«Мен бір шарға ұстаған қара балта едім, шабуын таппай кетілдім, қайраса қайта жетілдім... деген жолдарында оқушыға ақынның нағыз азаматтық ерлігін көрсетуге болады. Осындай көптеген шығармаларды оқыту барысында оқушыларды азаматтық құқықтармен міндеттеріне тәрбиелеуміз.
Елімізде осы мақсатқа кешенді шаралар жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда, олар - қоғамдық - саяси және гуманитарлық пәндердің мазмұнын жаңалап, олардың құндылықтарын қадірлеуге, адамдардың ақыл - ойы мен өзара қарым - қатынасына ықпал ететін азаматтық білім беру бағытында арнаулы оқу бағдарламалары мен арнайы курстар енгізу, оқушылардың қоғамдық өмірге белсене қатысуы үшін сыныптан және мектептен тыс жұмыстар ұйымдастыру.
Әрине, бұл үшін демократиялық жүйе тәртіптерін, ізгілендіру құндылықтарын бойына сіңіре алған және айналасына толыққаны тарата білетін, мектепте азаматтық білім беруді ұйымдастырудың әдіс - тәсілдерін жетік меңгерген, қазіргі қоғам ағымына сай жұмыс жасауға дағдыланған білікті мұғалім қадрларын дайындау аса қажет.
Жас мемлекетіміздің демократиясын жетілдіре түсуде азаматтық білім берудің орны айрықша екенін ескерсек, жас ұрпақты тәрбиелеп, өмірге дайындайтын мектептердің тарихи рөлін мойындауға тиіспіз. Қазіргі жағдайда мемлекет пен қоғам егемен елімізде азаматтық білім берудің тиімділігін арттыруды өз жауапкершіліктеріне алғаны мәлім.
Республикамызда азаматтық білім беруді табысты жетілдіре түсу үшін мемлекет және мемлекеттік емес ұйымдар бірлесе отырып мынадай міндеттерді жүзеге асыруы тиіс:
- азаматтық білім беру аумағындағы мемлекеттік саясатты қарап шығу;
- азаматтық білім берудің мектеп стандарты мен тұжырымдамасын жасау;
- аймақтарда оқушылардың, жастардың, тағы да басқа топтардың азаматтық білім беру бойынша бірлескен ақпараттық кеңестерін құру;
- республикадағы азаматтық білім берудің қазіргі жағдайын зерттеу, педагог кадрларды кәсіптік тұрғыдан қайтадан даярлау және педагогикалық мекемелерде студенттер үшін азаматтық білім беру бойынша оқу - әдістемелік курсын енгізу мүмкіндігін қарастыру;
- республикалық бағдарламаға азаматтық білім беру бойынша үздіксіз білім беру үшін оқулықтар мен көрнекіліктер шығаруды кіргізу:
- әр түрлі дәрежедегі қызметшілер үшін азаматтық білім беру бойынша оқу бағдарламаларын дайындауды қолға алу;
- оқу жоспарлары, бағдарламалар, көрнекіліктер, оқу - әдістемелік әдебиеттерді бағалап отыратын қоғамдық эксперттік кеңес құру;
- азаматтық білім беру бойынша мұғалімдер мен педагог кадрлардың мұғалім мамандығын жетілдіру институттарында білімін көтеруді міндетті кәсіптік бағдарламаға енгізу.
Резюме
Бұл баяндамада азаматтық білім беруде мектептің рөлі зор екені айтылған. Сонымен қатар Республикамызда азаматтық білім беруді табысты жетілдіре түсу үшін мемлекет және мемлекеттік емес ұйымдар бірлесе қандай жұмыс атқаратыны жөнінде сөз қозғалған. Азаматтық білім беру бойынша мұғалімдер мен педагог кадрлардың мұғалім мамандығын жетілдіру институттарында білімін көтеруді міндетті кәсіптік бағдарламаға енгізуі ұсынылып отыр.
Азаматтық білім беру-ар-ожданның айнасы
- elmira.rakhimova
- 8 қыркүйек 2013
- 5168
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Азаматтық білім беру-ар-ожданның айнасы, баяндама
Ұқсас жаңалықтар:
Азаматтық қоғам
Сабақтың мақсаты: Азаматтық қоғам түсінігі, құрылымы, белгілеріне тоқтала отырып, түсінік қалыптастыру....Азаматтың саяси өмірге қатысуы
Сабақтың міндеті: Білімділік: Саясатта азаматтың алатын орнының ерекшелігін атап өту. Дамытушылық: саясат туралы көзқарасын қалыптастыру,...«Дүниежүзі тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық - гуманитарлық бағыттағы 10 - 11 - сыныптарына арналған «Дүниежүзі тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы...«Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
Жалпы орта білім беру деңгейінің 10 - 11 - сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы...Жастардың бойында патриоттық сезiм
Бүгінгі күні балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен берілгендік сезімін қалыптастыру, азаматтық...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.