Март айының суық күндерінің бірі. Далада көктемнің ызғары сезіледі.
Үйден шығып күнделікті жолыммен өзімнің сүйікті жұмысым балалар үйіне беттедім. Жолай осы жұмысымның өзімнің сүйікті ісім екеніне іштей тәубе қылам. Балалар үйі – бұл менің екінші отбасым, «өмірімнің жартысы». Қазір балалар үйінің табалдырығын аттасымен алдымнан бір - біріне ұқсамайтын «менің» балаларым жүгіріп шығады. Олардың әрқайсысының жүректері жаралы. Тағдырдың сан қилы соқпақтарынан өткен, қаншама қиындықпен бақытсыздықты бастарынан кешкен. Мен олардың әрқайсысын құшағыма алып, жүрегімнің жылуының шөкімдей болсын бір бөлігін сыйлағым келеді. Сол жан жылуымды олармен бөлісіп те келемін. Сондықтан да болар кейбір ересек адамдардан бірде - бір кем түспей, оларда маған қиын - қыстау кезеңде демеу болды. Маған балалармен бірге өткізген әрбір уақытым қызықты. Менің балаларым,( мен оларды «тәрбиеленушілер» деген құрғақ сөзбен атағым да келмейді) ас пісіруді, кір жууды, тоқуды, бөлмелерін жинауды т. б өз беттерінше істей алады. Олардың бұл жетістіктеріне мен тек қуанамын. Әліде болашақ өмірлеріне қажетті көптеген нәрсені үйреткім келеді. Менің олардан да үйренгенім көп, төзімділікке, жанашырлыққа, кең пейілдікке үйретті. Ана ретінде де педагог ретінде де тәрбиелеуді дәл осы балалар үйінде жұмыс істей жүріп үйрендім.
Балалардың әрқайсысы туралы неғұрлым толығырақ білуді үйрендім. Тәрбиешінің жүрегі тек қана мейірбан емес көреген болу керек, сол арқылы ғана ол өз балаларының жан дүниесін сезіне біледі, тек сонымен ғана балалардың мейірімділік сезімін оятуға болады. Менің балаларымның менен аларлары да көп. Сол себепті мен оларға таным және қарым - қатынас бақытын сыйлаймын. Өйткені мен балаларға ар - ұят, мейірімділік сияқты рухани байлықтарын сақтай отырып өз - өздерін тануға, өз мүмкіндіктеріне сене білулеріне, табысқа жетуге көмектесетін адам, яғни – тәрбиешімін. Мүмкін мен педагог ретінде осы балалар үйінде қызмет ете жүріп қалыптасқан шығармын.
Қиын бала болмайды, тек оларға уақытында көмек бере алмаған. Сондықтан мен оларға көмектесудемін, өйткені менің таңдауым педагог.
«Міне бар шындық осы. Мүмкін мен мұны кеш түсініп, кеш жазып отырған шығармын. Дегенмен, бұл менің ішкі сырым»…
Егер «Неліктен тәрбиеші болу – бақыт?» деген сұрақ қойылса, мен былай деп жауап берер едім:
– әр тәрбиеші таң нұрымен ілесе келген әр баланың мөлдіреген көздерін көруімен бақытты;
– әр тәрбиеші сол балалардың періште тілінде сөйлеген тілін естуімен бақытты;
– әр тәрбиеші балалардың шынайы да сыңғырлаған күлкісін естуімен бақытты;
– әр тәрбиеші біріне - бірі ұқсамайтын балалардың тәтті де, ерке қылығын сезінуімен бақытты;
– әр тәрбиеші қанша балаға қызықты тәрбие сағаттарын өткізіп, қиялын самғатып - ұшыруымен, алғашқы білім беруімен, сауатын ашуымен бақытты;
– әр тәрбиеші балалардың тәтті ұйқыға енген сәтін көруімен бақытты;
– әр тәрбиеші сол кішкентай балалардың ұядан ұшып, өмірдің толқынына қосылып, үлкен, мықты, дарынды азаматтар болғандығына куә болып, сол балалардың тағдырына аз да болса, өзінің үлесін қосқандығымен бақытты.
Мен де сол бақытты тәрбиешілердің бірімін. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні.
«Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық балаларды тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп - мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан - тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән - мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адагершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой - беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма 21 жыл болған екен. Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым - үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан - жақты білетін, бүлдіршіндерді жан - тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г. Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.
Халқымызда «Жас келсе - іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш - қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші - ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.
Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз балалар үйінде балаларды жақсылық атаулыға тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз.
«Баланы ең әуелі мейір - шапағатқа, одан соң ақыл - парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», дейді ғұлама А. Құнанбаев. Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Он жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім – тәрбиешілік еңбекке мен басы бүтін бой ұсынып, әбден қалыптастым. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді ешуақытта естен шығармаймын.
Балалар үйінде қызмет істеген 13 жыл уақыт аралығында мынандай қорытынды шығардым: бала үшін менің басқа балалармен қарым – қатынасымның қандай екені маңызды емес, керісінше менің оған деген ықыласымның қандай екендігі ол үшін өте маңызды. «Педагогтің басты ерекшелігі өз балаларын жақсы көру» деген формуланы мен университет қабырғасында жүргенде ақ өз жадыма құйып алған едім. Бірақ шыны керек өз тәрбиеленушілерімнің барлығын бірден жақсы көріп кеттім деп айта алмаймын. Олардың барлығы әр түрлі, және әрқайсысы әр қилы сезім тудырды. Сол кезде мен өзімді - өзім тәрбиелеумен айналысып, барлық балаға бірдей көзқараспен қарау керек үйрендім. Мен өзімді сырттан баланың көзімен бақылап, өз - өзіме «Әділ шешім қабылдадым ба жоқ па? Шыдамдылық таныта білдім бе? – деген сұрақтарды жиі қоятын болдым. Өзім үшін, балалармен жұмыс жасауға көмектесетін бірнеше ереже ойлап таптым.
Әр эссе – жеке тұлға, шығармашыл, жарқын даралық. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, күнделікті балалар үйіне асыға барамын. Балалар үйінің табалдырығынан аттаған сәтте - ақ үйдегі барлық мәселелерімді ұмытып, балалармен бірге мейірімділік, таным, қуаныш атты өзеннің ағысымен ағып кете бересің. Тәрбиеші болу деген – шексіз мейірімге бай әйел заты деген сөз. Өйткені әйел - ол ең алдымен ана! Ал балалар үйінде 25 баланы аналық қамқорлықпен, көңілмен аялайсың. Есесіне жаңа позитив аласың. Балалармен бірге өзіңді көңілді және энергияға толы, жас сезінесің. Әр балаға өзімнің жан дүниемді сыйлай отырып, әлемді бұрынғыдан да мейірімділікке толтыра түсемін деп ойлаймын. Балалардың болашағы біздің қолымызда, яғни Қазақстан болашығы сол жастардың қолында деген сөз. Маған өз жұмысым қызықты. Мен өзім 13 жыл қызмет істеген балалар үйін жақсы көремін. Тек түртпе үшін жұмыс істей алмаймын, істей алмаймын, істегім келмейді де. «Балаларды жақсы көріп және өз жұмысымды кешегіден де, ал ертең бүгінгіден де жақсы атқару,» - міне менің өмірлік кредом осы.
Менің таңдауым педагог
- Ермухамбетова Алтынай
- 24 желтоқсан 2019
- 1720
- 0
- 0
Ілмек сөздер: эссе, Менің таңдауым педагог, ұстаз, педагог туралы эссе
Ұқсас жаңалықтар:
Мамандығым-мақтанышым
Балабақша – базарлы үй, Қаладағы ажарлы үй. Күлкісі бар шуақты Өз үйіміз сияқты.......Мамандығым-мақтанышым (Эссе)
Мен балабақшада әдіскер болып жұмыс жасағаныма еш өкінбеймін. Менің ұғымымда, алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол...Тәрбиеші болу - бақыт (эссе)
Мен бүгін Ерекше бір сезіммен ояндым, Сәулелі шуақты ақ таңға боядым, Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған, Өмірімнің мәніне айналған, Бүлдіршіндерді...Менің отбасым
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қайыңды ауылы, «Шапағат» балабақшасының тәрбиешісі Шарафиева Динара Равхатовна...Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сүйікті мамандығым
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы, "Жұлдыз" балабақшасы Тақырыбы: Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сүйікті мамандығым Тәрбиеші: Кушкарова...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.