Талап терең, сенім зор, мәртебе биік, бедел асқақ болуы қажет
Жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп тәуелсіз Қазақстанның болашақ білікті де білімді азаматтарын тәрбиелеп отырған білім ошағындағы мұғалімдер - өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы аса маңызды тұлға, ерекше талапқа ие, халықтың зор сенімін арқалаған арнайы мамандық иесі, жауапкершілігі мығым мемлекеттік қызметкер. Ол жас ұрпаққа білім беруші ғана емес, ол әрі шәкірттердің өнеге алушы тәрбиешісі. Өйткені мұғалім балаларға білім беріп қана қоймай, өзінің дүниетанымы, үлгілі адамгершілігі, биік моральдық бейнесі арқылы әсер етеді.
Білім жүйесі ұстаздар қауымының алдына жаңа ұрпаққа білім беру ісінде оның жеке даралық ерекшеліктеріне мейлінше мән бере отырып, оқушылардың мектепте алған білімдері олардың бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау сияқты күрделі мәселелерді қойып отыр. Дәлірек айтқанда жас ұрпақтың келешек тағдыры мұғалімдер қолында екені анық. Ал, мұғалімдердің дамып жетілуі, мамандығының хас шеберлігі, толысып кемелденуі мемлекеттің қолында, бұл істі абыроймен атқару мемлекеттің абзал борышы. Қай елде, қай өркениетте болсын, ұстаздық мамандығына лайықты, талантты жандарды тауып сұрып - тап, оларға оқытып білім беріп, кәсіби шеберлік игертіп дайындау, олардың кәсіби шыңдалуына, білім - біліктілігін арттыруға жағдай жасау, өздік ерекшелігіне сай жүйе құру мемлекет саясатының шымбайлы құрамдас бөлігі.
Қоғам тапсырысына сай ойы жүйрік, ақылы жетік бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады десек, оның өзі қандай тұлғалық кейіпте болуы керек? Әлемдік педагогика мұғалімде болуға тиісті үш сапаны ерекше атап келеді. 1. Міндетті болуға тиісті сапа - кәсіптік қызметіне тікелей байланысты сапалық қасиеттер:
2. Маңызды сапа - қасиеттер тобына адамгершілік, имандылық сезімдердің жоғары дәрежеде қалыптасқан деңгейі; балаға деген сүйіспеншілік; ізгілік; педагогикалық байқағыштық; кез келген құбылысқа бейімделе алу қабілеті, педагогикалық оптимизм; танымдық қызығушылық пен жалпы жан - жақтылық; мейрімділік пен әділдік; талап қоя білу мен сезімталдық; ұстаздық борыш пен жауапкершілік; іс - әрекет нәтижесін алдын - ала болжай білу; сөйлеу мәдениеті; байсалдылық жатады.
3. Мұғалімде мүмкіндігінше болуға тиісті деген сапаларға оның дауысы, сырт келбеті, дене күші, жақсы талғам мен оқушыны өзіне тарта білуі, ойдың ұшқырлығы, көңілдің көтеріңкі болуы жатады. Осы сапаларды игерген ұстаз, ел сенімін ақтайды, шәкіртінің мақтанышына бөленеді, қауым құрметін көреді, беделі артып, жұрттың, айтулы азаматына айналады. Дәл осы шақта еліміз мұндай ұстаздарға кенде емес, Аллаға шүкір, оларды кез - келген мектептен таба аласыз. Екінші жағынан, олардың озаттар қатарына қосылып, өсіп өркендеу жолына зер салсаңыз, барлық ұстаздардың бұл деңгейге көтеріле алмауының басты себебі оларда жас шағынан таңдап тауып, мұғалімдікке бейімдей алмаудан екендігі аңғарылады. Қазір біздің қоғамда қалыптасқан теріс пікір - мұғалім деген кім көрінген істей алатын ең оңай іс. Өткен ғасырдың басында, АҚШ - та: «Егер жұмыс таппасаң, мектепке барып, мұғалім бол»- деген тәмсіл орын алып, осы кемсітуді толық жою үшін, барлық қауым, оқу - білімге ерекше мұқият болып, мемлекет талай дарындылар мен талантты ұстаздарды әр елден «азғырып - сатып алып», ғылымды Европадан көшіріп те әкеткен.
Ұстаздық – киелі де мәртебелі мамандық. «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы - мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын - мұғалімдердікі.» ( Мағжан Жұмабаев ) Осылардың қалыптасу, даму, жетілу жолын пайымдасақ: А). Ұстаздық мамандықты, жан - тәнімен жасынан таңдаған, бұл таңдауға әсер етуші жақын ортасы: әке – шешесі, аға – бауыры, оқып білім алған мектебі. тәлім - тәрбие берген ұстазы; Ә). Олардың балалық шағында ұстаздыққа сәл де болса икемі тума бейімді жеке басының даралығы өзіне де өзгеге де ерте сезіліп белгі берген. Сондық тан, мектептегі балалар ұйымының алғашқы басқышында, «ұйымдастырушы, жетекші» ынталы, белсенділігімен танылып көзге түскендер; Б). Кездейсоқ болса да, не тағдырдың бұйрығымен, педагог кадрлер дайындайтын арнаулы орта және ЖОО - на оқуға түсіп, оны ел қатарлы оқып бітіріп, ұстаздыққа шыңдаудың шыныққан ордасына тап болып, озық ұстаздар қолында аяланып, дарыны ашылып, таланты жетілген озат ұстаздар да бар. Бұл қорытындыдан біз не ұғамыз? Келешекте осы мектепке мұғалім болатын бүгінгі шәкіртті ең әуелі, сол мектептің өз ұжымы, мұғалімі таңдап тауып, бейімдеу керек. Осы негізде облыстық, аудандық оқу - білім басқармасы, салалық департамент мамандары, өзінің келешек қызметкерін дайындауға жоспарлы әрі жүйелі, мамандық ерекшелігіне сай ғылыми негізде іс - шара ұйымдастырып отыру қажет. Үшінші, мұғалім кадрлер дайындайтын арнаулы және ЖОО - ндары ауыл және қала мектептері мен тікелей байланыс орнатып, мұғалімдік мамандығына квота дейсің бе, грант дейсің бе жолдамалық - құқықтық құжатты тура тапсырып тұру керек. Ондағы негізгі мақсат, ауылдық мектепке қажет мұғалімді, сұранысқа сай тауып, дайындап берумен қатар, өз мектебінің келешек ұстазын тауып алудың тиімді әдісі болады. Бұл әрекет бір кезде болған, алайда кейінгі шақта ол, бәсең тартып кетті. Ал, ауылдық кез келген мектеп өзіне келіп жұмыс жасайтын келешек мұғаліміне, өзі дайындаған шәкіртіне грантты өзі тапсыратын болу керек. Олар үшін, қабылдау емтиханы, ҰБТ - нің ешбір қажеті жоқ. Білімі орташа, ұстаздық икемі пәс, оқушыны ауыл мектебі еш уақытта оқуға жолдамайды.
Оқу - білім басқармалары мен салалық департаменттер мұғалімдікке бейімделіп жатқан оқушылар ортасына ұйымдастыратын педагогикалық - психологиялық шаралар: ойын - сауық, сайыс - дода, демалыс - саяхат, лагерь - сейілдік туристік жобаларды жеткілікті түрде ұйымдастыра алады. ІХ - Х - ХІ - ХІІ сынып оқушылар арасында ауданаралық, ауыларалық ашық сабақ, тәрбие сағаттарын өткізе алады. Мұның бәрінде «оқушы - мұғалімге» жалақы төленіп, материалдық марапаттар беріліп ынталандыру керек. Жалпы ұстаз еңбегі құнды да, бағалы, кез келген сәтте бағаланатына олардың көзін жеткізіп отырған дұрыс.
Мұғалімнің бір ғана сыры – оның мамандығы, бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс. Олай болса мұғалім еңбегінің сан қырлылығы осыдан өрбиді. Мұғалім адамның өз пәнін терең меңгеруі оның ең алғашқы қыры, кәсіби шеберлігін үздіксіз ұштай, шыңдай түсуі екінші қыры болмақ. Үшінші қыры – мұғалімнің тілді меңгеруі – тіл шеберлігі. Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер. Себебі, тіл – тәрбие құралы. Төртінші қыры – байқағыштық сезімі – көрегендігі. Бесінші қыры – әр жүректі білім шұғыласымен нұрландырудың ең тиімді, ең төте жолын таба білетін жасампаздығы.
Алтыншы қыры – жан – жақты дарындылығы. Жетінші қыры – үздіксіз, тынымсыз ізденімпаздығы. Сегізінші қыры – үлгі - өнегесі, мұғалім мәдениеті немесе педагогикалық әдеп – этикасы.
« Жоғары аталған міндетті, маңызды мүмкіндігінше болуға тиісті сапа - қасиеттерге ие тұлғаның бәрі бір күнде кәсіби шеберлігі жоғары өз мамандығының данышпаны бола қоймайды. Мұғалімдік - өмір бойы ізденушілікті, зерттеушілікті талап ететін мамандық.» Осы екі сөйлемде, біздің бүгінгі мұғалімді дайындаудағы деңгейіміз сиысып тұр. Бұл - мұғалім дайындайтын мектептердегі білім беру жүйесінің төмендігі, мектепке дүмбілез шала дайындалған маман жіберіле салатынын жабу үшін, көлегейлеу үшін, жасыру үшін айтылатын ең данышпан түйін. Жаңа келген жас ұстаз, «кәсіби шеберлігі төмен ұстаз» мектепке келіп бірнеше жыл сабақ беріп, бала тәрбиелеп ептеп төселіп, әрең дегенде сол «шеберліктің» жартысын үйренеді, игереді. Кейбіреу үшін бұл шеберлік әжептәуір созылып та кетеді.
Ал енді ойлап көріңіз. Өмір деген үздіксіз алға жылжып, осы жылдар ішінде жас маманның алдынан талай шәкірт сыныптан - сыныпқа өтіп кетеді. Олардың ұстаз «шеберлігінің» толысып болмауына байланысты көрген жетімсіздігіне, алған білімінің төмен болуына кім жауап береді? Бұған кім кінәлі? Сіз халықаралық дәрежеде өнім өндіріп жатырсыз делік. Жас маман келе сала «шеберлігі» жас мұғаліммен бірдей «жетілмеген» болса өндіріске әсте жібермес едіңіз. Бәсекеге қаблетті өніміңізді бүлдіріп, оның тіптен жарамсыз өнім өндіріп қоюы ықтимал екенін түсіне қоясыз. Ал, жас мұғалімді дайындаған мектептер: «Көш жүре түзеледі, қалғанын барған жеріңде үйренесің! Бәрімізде осылай мұғалім болғамыз»- деп қол бұлғап алыстай береді.
Мектепке келе сала өз ісін өзі алып жүре алатындай шеберліксіз мұғалім дайындалуға тиіс емес. Ал, тіптен, сол мұғалім дайындайтын мектепте, басқа пәндерді былай қойғанда, педагогикалық - методикалық білімдердің берілуі тіптен қанағатсыз. Сол бір таптауырын болған, заңдылықтар мен қағидаларды, осыдан жарты ғасыр бұрынғы түсінікпен, тұжырымен тоқпақтай береді. Тағы бір ой - тұжырыммен танысалық.
«Мектептің жаңа реформалық жүйесі 12 жылдық білім беру барысында әрбір өзін кәсіби деңгейі жетілген деп есептейтін кез келген мұғалім бұл жүйенің қыр - сырын түгел меңгермей, бала дамуының мәселелерін түгелімен меңгере алмайды. Сондықтан білімнің жаңа үлгісі өзіне сәйкес жаңа мұғалімдерді талап етеді. Ол мұғалім шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметін барлық келеңді - келеңсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез келген педагогикалық жағдайды өзінің білімділігі, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын мұғалім болу керек.» Ондай мұғалімді кім, қашан дайындауға тиіс? АЛ, БҮГІНГІ ОҚЫТЫП ЖАҢА МАЗМҰНМЕН БІЛІМ БЕРІП ЖАТҚАН МҰҒАЛІМДЕР БҰЛ ТАЛАПТЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРА АЛА МА? Тәрбие хакімі М. Жұмабаев: «тәрбиелеу мен оқытуды бүгінгі күн биігінен жүргізуге болмайды» деген еді ғой.
Дәлірек айтқанда мұғалім дайындау, оқыту ісі заман талабынан тым алыс қалған. Мұның ең басты себебі «Мектептану» ғылымы дамымай, Қазақстанның мектептерін басқару саясаты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Бұл турасында жас мамандар көп жазып көп айтқанымен оны елеп ескеріп жатқан жан жоқ. Көптеген елдерде жас мұғалімді мектепке келген бетте жетілдіріп, дамытатын арнаулы жүйе бар. Әсіресе жас мұғалімнің қамқоршысы, өз аумағында, ұстаздардың ұстазы аталған мектеп директорлары мен оның орынбасар - ларының ең жауапты міндеті саналады. Олардың мәртебесі, қанша жас ұстазды үлгілі ұстаздар қатарына қосып, барлық мұғалімдердің шеберлігін артыру дәрежесі арқылы өлшенеді. Осы үшін оларға үстеме жалақы төлейді. Жас ұстаздың өз ынта талабы - басшы ұстаздарының аялы алақаны біріккенде ешқашан оқушы обалы туралы сөз болмайды. Жай - күйі жақсы, жас ұстаз да жайраңдап жұмыс жасайды. Білімі мен шеберлігін шыңдау үшін жанталасады. Жалпы мұғалімдердің жай - күйі тіршілік деңгейінің жоғары болуы оның мәртебесін биіктетіп, беделін көтереді. Тағы бір үлкен өкініш, Қазақстан аумағын зонаға бөлеме, жоқ жаппай қарастырама, қанша жыл еңбек еткен ұстаздың хал ахуалы, денсаулығы, биологиялық және рухани өзгеріске түсетінін ғылыми негізде зерделеген бір де бір еңбекті кездестірмедім. Бұл мұғалімге деген қырсыздықтың нышаны. Сондықтан да, зейнетке шығару, жылдық демалыс мерзімін белгілеу жобамен, басқаға қарап қана беріліп келеді екен.
Ұстаз беделі - оны ұлықтаудан бастап, атақ - дәрежесін, санатын үнемі көтеріп, ел алдында, жұрт алдында насихаттап, шәкірттері мен ауыл аймағы көтермелеп отырса, ешкімге алақан жайып, көз сүзгізбесе, жалақысынан тартып, баспанасына дейін қанымдап отырса аспандай жөнеледі. Айталық, ауыл қала көшесін, мектебін, жерін, тауын, өзен суын мұғалім атымен атау керек. Бозай шыңы, Ақмәди жайлауы, Спандияр көлі, Асқар мектебі т. б. Кешікпей, ауылда мұғалім жетіспейді демей, мұғалімдікке кезекте тұрғандар бар дейтін боламыз.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым - жазушы)
Талап терең, сенім зор, мәртебе биік, бедел асқақ болу керек
- Абай аға
- 28 желтоқсан 2018
- 1410
- 0
- 20
Ілмек сөздер: Жас ұрпаққа білім нәрін себетін мұғалімдер, мұғалім туралы
Ұқсас жаңалықтар:
Мұғалім, ұстаз туралы ұлағатты сөздер
Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас. Бойешес Жақсы ұстазға қандай қасиеттер тілеуге тиіспіз? Өзінің оқытатын пәнін терең білуді, адал да...Жаңа тұрпатты мұғалім тұлғасы теориясы мен әдіснамасы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 орта мектебінің жоғары санатты, "Ұстаз ұлағаты" төс белгі иегері, қазақ тілі мен әдебиеті пән...Жаңа тұрпатты мұғалім тұлғасы теориясы мен әдіснамасы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жалантөс ауылы Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектеп информатика пәні мұғалімі Тажибаева Шолпанай Бибитовна «Ұстаз...12 жылдық білім беру жағдайында жаңа тұрпатты бастауыш мектеп мұғалімін дай ...
12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА ЖАҢА ТҰРПАТТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕП МҰҒАЛІМІН ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ Қызылорда облысы,Қазалы ауданы,Әйтеке би кенті №170...Әдістемелік жұмыс
БҚО, Теректі ауданы, Приречный ЖОББМ, информатика пәні мұғалімі Айшуаков Мерлан Адилович...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.