Сайтқа кіру Тіркелу

Исламның Қазақстанда таралуы

Исламның Қазақстанда таралуы.
Бала кезден құлағыма құйып, адамгершілік қасиеттерді жоғалтпауға үйреткен - біздің дініміз ислам діні.
Ислам діні - ол менің жақсылық жасап, мейірімді болуға үйрететін, ұрлық істемей, мейірімді болуға үйрететін ақ жол. Діни сана, діни сенім, діни ұйымдар біртұтас рухани жүйе бола отырып, қоғамдағы түсіністікке, оның дамуына оң ықпал ететін зор рухани күш.

Осы рухани асыл күш қазақ даласына VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Ислам діні қазақ жеріне күштеп енгізілген жоқ. Бай - манаптар оның тиімділігін көре отырып, ислам дінін қуана қарсы алды. Бұрыннан келе жатқан шаман діні феодалдардың талап - тілегін, мақсат - мүддесін қанағаттандыра алмады. Ал ислам діні болса халықты рухани жағынан болсын, саяси жағынан болсын мығым ұстай алатын мемлекеттік дін бола алды. Осындай тиімді жақтарына қарамастан қазақ тайпалары өзінің бұрыннан келе жатқан шаман дінін, ата - баба аруағын қастерлеуді ұстанып, ислам діні қағидаларына мән бермеді. Академик Бартольд В. В.: «ХІІІ ғасырдың басында мұсылман Хорезм билеушілері мұсылман емес Сырдариядағы және Торғай облысындағы қыпшақтармен соғысуына тура келді,» — деп жазуына қарағанда, сол кездерде қазақ тайпаларының басым көпшілігі әлі мұсылмандық жолға түсіп, ислам дінін қабылдамаған сияқты. Рузбиханның жазуына қарағанда, қажет десеңіз XVI ғасырдың өзінде де қазақтар пұтқа табынушылар деп танылып, оларға қарсы «ғазауат» соғысына шығуды талап еткен. Өйткені шариғат заңдарын араб миссионерлері үндеп, үгіттеп, насихат жүргізгендеріне қарамастан, халық ата - баба аруағына, тәңірге, жұлдыз - айға ұзақ уақыт бойы сиынды. Ата - баба аруағына сиыну бәлекеттен сақтап, өздеріне бақыт, молшылық, жақсылықтар әкеледі, мал басының аман болуына, өсіп - өнуіне көмектеседі деп, сол үшін олар аруақты разы етуге тырысты. «Аруақ аттаған оңбас» деп аруақты ұмытпады.

Әлем халықтары арасында күн санап беделі артып келе жатқан Ислам өркениетінің өрлеуіне араб, парсы халықтарымен бірге түркілерде ат салысты. Бұл өркениеттің дамуы түріктектілерге ислам дінінің келуімен тікелей байланысты. Ислам қысқа уақыт ішінде Испанияның оңтүстігінен Қытайға дейінгі аумақта мекендеген көп ұлтты халықтардың мемлекеттік дініне айналды.
Ислам бүгінгі күні өзін мемлекеттік дін ретінде қабылдаған 30 елде, мұсылмандықты уағыздайтын 120 мемлекетте адамзат қоғамының әділетті дамуына рухани көмегін беруде.
Жер жүзіндегі 6 млрд 300 млн халықтың үштен біріне жуығы мұсылмандықты таңдаған. Мұсылмандар саны жөнінен әлемдегі өзге діндегілердің бәрінің алдына шықты. Ислам дініне біріккен мұсылман елдері әлемдік ең үлкен өркениеттің бірі болуымен қатар, адамзат дамуының тарихына зор әсер ете алатын қуатты күшке айналды.
Әлемдік діндер қатарында Будда, Христиан және ислам діндері аталады. Будда діні б. д. д. VI ғасырда Үндістанда пайда болған, кейін Оңтүстік – Шығыс және Орта Азияға, Сібірге тараған. Будда діні Қытай, Тибет, Моңғолия елдерін қамтиды. Бұл діннің негізін қалаған Гаутама делінеді.

Христиан діні біздің дәуіріміздің I ғасырында Рим империясының шығыс провинциясы Палестинада, еңбегі қаналғандардың діні ретінде пайда болған. IV ғасырдан Рим империясының мемлекеттік діні деп жарияланды. Христиан діні негізінен Еуропа елдерін қамтиды. Бұл діннің православие, протестант және католик болып бөлінетін үш бағыты бар. Діннің негізін қалаған - Иисус Христос.
Ислам діні араб елінде VII ғасырдың алғашқы жартысында пайда болды. Негізінен Араб, Парсы, Түрік, Пакистан, Оңтүстік Шығыс және Орталық Азия елдерін қамтиды. Ислам Тұран жұртына VIII ғасырда келген. Діннің негізін салған Мұхаммед пайғамбар. Ислам дінін ұстанушыларды мұсылмандар деп атаған. Мұсылмандар ұғымында ислам діні - Құдай тарапынан барлық адамзатқа жіберілген ең соңғы өсиет. Мұсылманға исламның бес парызымен қоса, білім ғылыммен шұғылдану, адал жолмен ризық табу ұсынылады. Ислам дінінің түсіндіруінде: Алла адам баласын ізгілік жасау үшін, ал әлемдегі нәрселердің барлығын адамның игілігі үшін жаратқан. Ислам адамның барлық іс - әрекеттерінде шектен шығудан, асыра сілтеушіліктен, ысырапшылдықтан, азғындықтан сақтандырады, халықтар арасындағы бейбітшілік, татулық, теңдік, дұрыс өмір сүру салтын уағыздайды. Мұсылман мұсылманға дос, жолдас, бауыр.

Енді сол арабтардың Қазақстан жерінде ислам дінін қалай таратқаны жөнінде тоқталсақ; арабтар ислам дінін тарату мақсатындағы бір ғасырға жуық жүргізген жорықтары нәтижесінде көрші елдерден көптеген жер иеленіп, ірі империяға айналды. Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғанстан елдерін бағындырған арабтар 705 жылы Мауреннахр жеріне әскери жорығын бастайды. Құтайба ибн Муслим бастаған араб әскері 710 - 712 жылдары Бұқара мен Самарханды, 714 жылы Шаш пен Фарабты алады. Әбу Райхан Бируни арабтардың әскери жорықтары туралы: «Құтайба ибн Муслим әл – Бахили барлық сауатты кісілер мен дін қызметкерлерін қырып болған соң, олардың кітаптары мен қолжазбаларын өртеп жіберген. Хорезімдіктер осылайша қараңғы, сауатсыз жабайы халыққа айналдырылды, адамдардың жадында қалған тарихы туралы кейбір деректермен ғана өмір сүрді»- деп жазған.
Исламды зорлап қабылдатып, күшпен ұстап отыру кейінгі замандарда да көрініс тапқан. Мысалы академик В. Бартольд «Исламды қазақ халқына толық тараттым деген Мұхаммед хан мұсылмандықтың бір белгісі саналатын бас киім киіп жүру тәртібін бұзғандардың басына шеге қағып өлтіріп отырған,»- деп жазады.

Арабтар басқыншылық мақсатпен қалың елді отарлаумен бірге таза идеологиялық саясат та жүргізді. Олар Тұран атауын Түркістанға айналдырды. Елдімекен атауларын түгел өзгертті, сонымен бірге халық атауларын да жаппай арабтандырған.
Дінтанушы, зерделі ғалым Мұртаза Бұлұтайдың жазғандарына көңіл аударсақ: «... Академик Бартольд және профессор Таниұ ең алғашқы мұсылман түркі мемлекеті Қарахандықтар емес, 732 жылы исламды ресми түрде қабылдап, 68 жыл мемлекеттік дін еткен Хазар дәулеті болған» дейді.
Қазақстанның Атырау, Орал, Маңғыстау қатарлы батыс өңір аймақтарының бір кездері осы Хазар қағандығының жері болғанын ескерсек. Исламиаттың Қазақстанның оңтүстігіне Талас соғысы (751ж) арқылы, ал батысына хазарлар арқылы (732ж) тым ертеде келгеніне көз жеткізуге болады.
Уақыт өте ислам Қазақстан жерінде түпкілікті орнықты. 775 - 875 жылдары түркі тайпаларын қамтитын Қарлұқ қағандығы хақ діні – Исламды қабылдап, ел арасында мұсылманшылық сенім кең тарады. Қалаларда мешіттер салынып, медреселер ашылды. 766 жылдан өмір сүріп келе жатқан Қарлұқ қағандығы 940 жылы құлатылады да, мемлекеттік билік Қараған әулетіне өтеді.
960 жылы ислам Қараған елінің мемлекеттік діні деп жарияланған. Ислам 940 - 950 жылдарда Орал тауы, Сібір аймақтарына дейін жетті.
XII ғасырда ислам Орталық Азиядағы үстем дінге айналды.
Мұхаммед пайғамбар исламды тарату үшін сахабаларын жан - жаққа аттандырғанда, мұсылмандықты қабылдаған әр ұлттың салт - дәстүріне сергек қарауды, қиянат, зорлық жасалмауын қатаң тапсырған.
780 жылдардан бастап Қазақстан аумағына арабтардың әскери жорықтары тоқтатылды. Исламды түркітілділер арасында насихаттау мақсатында оқымысты, исламды жетік меңгерген арабтар келе бастады. Бұлар халық арасында қожа атымен белгілі болды. «Қазақтар арасында қожалар Шәмшә Ахмед және Шейх Бұзырық деген екі үлкен тармаққа бөлінеді. Шейх Бұзырықтан - Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауй, ал Шәмшә Ахмедтен - Қорасан қожа, Қырық садақ, Диуана қожа. Бақсайыс, Аққожа, Қылышты қожалар тарайды. Қожалар қазақ арасында исламды таратуға үлкен үлес қосты»,- делінеді.

Қорытындылай келе ислам діні – сан ғасырлар бойы бізге рухани азық, жанымызға демеу болып келді. Еңкейген қария мен еңбектеген бала осы асыл дінмен сусындап, адал жолға бастады. Біздің рухани мәдениетімізде дінге үлкен орын берілген. Қазақ мәдениеті мен салт - санасы осы діннен бастау алған. Ы. Алтынсарин атамыз «Біссіміллә» деп «Кел балалар, оқылық!» атты өлеңін жазған. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали « Дін ғылымның атасы» деген өлеңдерінде діннің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп кетті. Ата - бабамыз заманында дінге көп құрмет артып, оны балаға мирас етіп қалдырып отырған. Біздің ел боп қалып, ары қарай дамуымыз дінмен тікелей байланысты. Егер дінге келетін қауіп - діни экстремистік топтардың жолын кессек, дініміз дамып өркениетке бастайтын боламыз.

Әдебиеттер
1. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. IV том 321 - б.
2. Жұмабаев Қ. «Адамзат қашаннан басталды?» қазақ тарихы №2. 2001ж.
3. Қоңырбай О. «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер», Жалын №5, 2005ж
4. Байбатша Ә. «Қазақ даласының ежелгі тарихы». Егемен Қазақстан 15 қазан 1997ж.
5. Мырзахметұлы М. Ана тілі, 9. 12. 2004ж. 11 - бет.
6. Мырзахметұлы М. «Түрік халықтарының ортақ проблемасы» Алтын Орда, 28 қаңтар 2005ж.
7. «Араб - Хазар соғыстары» Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 1том, А - 98, 407бет.
8. «Біз және Дін». Қазақ радиосының 14. 01. 2005ж.
9. Байбатша Ә. «Қазақ даласының ежелгі тарихы» Егемен Қазақстан 15 қазан 1997ж.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×