Кіріспе
Біздің еліміз – Қазақстан Республикасы қоғам ретінде өзіне тән саяси - әлеуметтік, экономикалық және рухани жүйелерден тұрады. Еліміздегі діни ахуалдың күрделі сипат алып тұрғаны соңғы уақыттағы зерттеулерден белгілі болып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары адамдардың ойы мен санасында әлеуметтік – экономикалық мәселелер бірінші орынға шығып, рухани құндылықтардың кешеуілдегені байқалды, Қоғамда пайда болған осы рухани бостықтың орнын басқа елдерден келген әр - түрлі діни идеялар толтыруға тырысып бақты.
Қазіргі қоғам алдындағы тұрған басты міндет азаматтарға діннің тарихы мен қатар олардың негізгі ілімдері мен қағидалары, салт - жоралары мен мейрамдары, діндердің ұлттар мен ұлыстардың арасына енуі мен таралу ерекшеліктері, ұлттық пен діниліктің, дін мен мәдениеттің арақатынасы, дінге байланысты зайырлы мемлекетіміздің ұстанған саясатының мәні мен мақсаты, Қазақстандағы діни бірлестіктердің мақсат - мүддесі және іс - әрекеттері жөнінде ауқымды мәселелерді қамтуға тырысады.
Біздің еліміздің Конституциясы бойынша діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Діни құрылымдар республикада қазір болып жатқан процестерге түсіністікпен қарайды және рухани бірлесу мен келісімге келу идеяларын күн өткен сайын нығайта түсуге үлесін қосады. Қазақстан көп ұлтты ғана емес, сондай - ақ көп дінді де ел. Республикадағы барлық діни құрылымдар қазір болып жатқан қоғамдағы барлық өзгерістерге түсіністікпен қарай отырып, рухани бірлесу мен келісімге келу идеяларын нығайта түсуге, діндер арасындағы алауыздықты болдырмауға әрекет етуде. Адамдар әр түрлі діннің өкілдері екеніне қарамастан, ақыл – ойға жүгініп, бір - біріне түсінушілікпен қараса бүкіл әлемде тыныштық орнаған болар еді. Тақырыпта Қазақстандағы діни бірлестіктердің қызметі туралы жан - жақты баяндалып, бүгінгі өміріміздегі, қоғамдағы орын алып отырған басты проблемалар жан – жақты, ауқымды түрде баяндалады.
Мемлекетіміз конфессиялардың өкілдерімен бірлесе отырып, Конституциямыз бен заңнамаларымыз шеңберінде әрбір конфессияға арналған діни білім беру жүйесін қалыптастыру мүмкіндігіне ие. Мектептерге дінтану пәнінің енгізілуі бүгінгі күннің ең басты өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Осы пәнді оқыту барысында азаматтарымыз діни идеялар мұхитында өз жолын табу ісінде алған білімін ерекше “компас” ретінде пайдалану мүмкіндігіне ие болады.. Сонда ғана дін қоғам өмірімен үйлесім тауып, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізеді. Діндер халқымызды шынайы жақсылыққа үндеп, діндераралық толеранттылықтың заманы орнайды.
Қазақстан Республикасының алдына қойған мақсаты - ол өзара тең, әлеуметтік – экономикалық, саяси - рухани, құқықтық әділеттікті, аумақтық тұтастықты, қамтамасыз ететін, бірлікке ұмтылған демократиялық қоғам құру. Дұрыс тәрбиенің нәтижесінде әрбір жеке адамның көкірек көзі ашылып, өмір мен дүние туралы түсінігі саналылықпен қалыптасады.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси - экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Жоғарыда айтқанымыздай, халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескеруіміз керек. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсер етері өте анық көрініс береді.
Мемлекеттік – дін қатынастарының күрделілігі мен маңыздылығын түсіну үшін алдымен еліміздегі діни ахауалға шолу жасап алуымыз керек.
Елімізде негізінен екі дін бар десек болады. Олар - ислам және христиандық. Ислам дінін ұстанушылар халық санының шамамен 67 - 70 пайызын құрайтын 24 этникалық топ. Ресублика халқының 58 пайызы қазақтар және оған қоса ұйғыр, татар, өзбек, түрік, күрд, дүнген, шешен, әзірбайжан, башқұрт, ингуш, балкар қатарлы бауырлас халықтар түгелдей ислам дінін және оның ішіндегі сүнни (суннит) жолын ұстанады. Тек, әзірбайжан және күрд халықтарының бір бөлігі мен шағын ирандық топ ғана шиға (шиит) жолын ұстанады. 2004 жылдың басындағы деректерге қарағанда елімізде 1648 мұсылман діни бірлестігі мен 1534 мешіт жұмыс істейді екен. Осы арада ислам дінінің Қазақстанда негізгі дін екенін және халқымыздың тарихында үйлестіруші, ұйымдаструшы және біріктіруші күш ретінде ең маңызды орын алатынын атап айтуымыз керек.
Қазақстандағы екінші орындағы дін христиандықтың бүгінгі ахуалы исламмен салыстырғанда тым күрделі. Біздегі христиандық (мәсіхшілдік) алуан түрлі конфессиялар мен секталардан құралған және бір діни орталыққа бағынбайтын бытыраңқы көрініс береді. Христиандардың басым көпшілігі славяндық православие бағытында. 1956 жылы республика көлемінде 55 православие жамағаты (приход) болса, бүгінгі күні 240 діни бірлестік және 8 монастыр жұмыс істейді.
Христиандықтың еліміздегі екінші тармағы католицизмді ұстанатын шағын топ. Олардың өзі екі топқа бөлінеді: Рим католик шіркеуі және Грек католик шіркеуі. Бұл екі шіркеу негізінен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында белсенді жұмыс істеуде. Республика көлемінде католик жамағаттардың саны 38, діни бірлестіктер саны 80 мөлшерінде. Шетелдердегі католик шіркеулері, әсіресе Ватикан және АҚШ – та орналасқан католик ұйымдары Қазақстанда миссионерлік іс - әрекеттерді белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні елімізде материалдық қамсыздандырылған 150 астам шетелдік католик миссионердің (ресми тіркелгендері ғана – М. Б.) тоқтаусыз үгіт - насихат жұмыстарымен шұғылданып жатқанын айтсақ жеткілікті. Сонымен қатар католиктердің Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларында діни оқу орындары бар екенін айта кетсек жетерлік.
Христиандардың саны аз болғанымен ең көп тармаққа бөлінген тобы – протестаннтар. Қазақстандағы ең басты протестант шіркеулері Евангелиялық христиан - баптистер, жетінші күннің Адвентисері және Лютерандар. Еліміздегі баптистердің саны 10 - 15 мың адам, дегенмен олардың жамағаттарының саны 300 мөлшерінде. Кейбір баптист топтардың ресми органдарда тіркелуден бас тартып келе жатқанын ескерген жөн. Лютерандардың орталығы Астана қаласында орналасқан, 70 – тей діни жамағаттары бар, негізінен немістер арасында көп таралған. Адвентистердің де орталығы Астана қаласында. Осы аталған протестант мәзһабтары (конфессиялары) елімізде тек өткен ғасырда ғана пайда болғаны, Кеңес билігі кезінде (1917 - 1991) қоныс аударған келімсектер арқылы елімізге келгені белгілі. Жаңа елордамыз Астананың діни орталық ретінде таңдалуы осы шіркеулердің орталық және солтүстік аймақтарда етене жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Протестанттықтың жаңа формалары, әсіресе тәуелсіздік жылдарында елімізде өте белсенді миссионерлік іс - қимылдарды жүзеге асырып, бір сыпыра азаматтарымызды өз қатарына тарта білді. Олар негізінен АҚШ – та орналасқан протестант миссионер ұйымдары. Елуліктер, Методистер (Біріккен Методист шіркеуі – АҚШ, Флорида уилаяты), Мун сектасы (Оңтүстік Корея), Меннондар, Пресвитериандар (АҚШ), Жаңа апостолдар шіркеуі (АҚШ), Әлемдік Қырман Шіркеуі (АҚШ, Колорадо уилаяты), Қожайындар шіркеуі (АҚШ, Флорида уилаяты), Агапе, Жаңа өмір шіркеуі, Ізгі хабар, Иеһоуа куәгерлері (АҚШ) т. т. Елімізде протестанттықтың 20 шақты сектасы және мыңнан астам діни бірлестіктері мен қоғамдарының қызмет етіп жатқаны біраз нәрсені аңғартса керек. Күн сайын шетелдердегі протестант шіркеулерінің жаңа тармақтары елімізге миссионерлерін жөнелтуде. Олардың ең басты мақсаты – Қазақстанды інжілдендіру (евангелизация) және халқын түгелдей өз нанымдарына иландыру болып табылады.
Қазақстанда мұсылмандар мен христиандар жалпы халықтың шамамен 97 пайызын құрайды. Әсіресе, йаһұдилер (еврейлер) мен олардың діни бірлестіктерінің саны тәуелсіздік жылдарында шектен тыс артқан. Тәуелсіздікке дейін бірде бір діни ұйымы болмаған йаһұдилердің бүгінгі күні 25 діни бірлестігі және барлық облыс орталықтарында дерліктей синагогалары жұмыс істеп жатыр.
Соңғы жылдары елімізде үгіт - насихат жұмыстарын күшейткен дәстүрлі емес діни ағымдар қатарынан “Сайнтология шіркеуі”, Бахаизм, Қадияния (Ахмадия), Кришна қоғамы, Сатанизм, Виссарионство шіркеуі сияқтыларды атауға болады. Жалпы діни бірлестіктердің соңғы 15 жылдағы көбеюін мына кестелерден көруге болады. Қазақстан йаһұдилері құрылтайы “Шалом” деп аталатын газет шығарады. Йаһұдилердің елімізде санының артуы және діни іс - шараларының бұдан да дамуы күтілуде. Орталық Азияда бойынша ең үлкен синагога Астана қаласында ашылған.
Жалпы діни бірлестіктердің 1989 - 2003 жылдар аралығындағы саны
Дін немесе конфессия Ислам Православие Баптистер 7 күн Адвентистері Лютерандар Иеһоуа куәгерлері Елуліктер Рим католик шіркеуі Дәстүрлі еместер Иудаизм
Барлығы
1989 46 62 168 3 171 27 42 42 81 - 642
1993 296 131 162 36 152 33 36 66 92 - 1004
1995 483 165 130 34 117 27 19 66 91 - 1132
1996 679 185 140 41 110 45 18 73 96 - 1387
1997 826 196 141 45 81 52 19 79 108 - 1547
1998 1000 220 242 64 84 97 37 77 110 1 1932
2003 1648 230 300 70 90 106 40 77 166 23 2750
2. Мемлекет және дін қатынастары
Қазақстан Республикасы Ата Заңында көрсетілгендей зайырлы мемлекет болғандықтан, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мемлекет органдарының діни ұйымдардың жұмыстарына бақылау функциясынан тыс тікелей араласпағаны белгілі. Осы орайда ҚР Үкіметі қарамағында діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес құрылған. Кеңестің облыстар мен Астана және Алматы қалаларындағы бөлімшелері тікелей діни бірлестіктер және жамағаттармен, сонымен қатар әкімдіктер, Әділет министрлігінің тіркеу қызметі, Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мәдениет министрлігі сияқты құзырлы мекемелермен етене байланыс жасайды. Жоғарыда көрсетілген көптеген діни ұйымдар мен миссионерлер және экстремистік бағыттағы зиянды ағымдардың шектен тыс қажыр - қайрат жасауы салдарынан бүгінгі күні еліміздегі діни ахуал аса күрделі қалыпта десек болады.
1992 жылы қабылданған “Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер” туралы заң бойынша азаматтар діни бірлестіктер құра отырып, ұйымдаса алады. Діни бірлестіктерді Әділет министрлігінде тіркеудің өзіндік шарттары бар. Бұл шарттар орындалғанда ғана бірлестіктер тіркеледі және қызмет атқара алады. Діни бірлестіктер тіркелмеген жағдайда жұмысын тоқтатуға немесе айыппұл салуға құқық берген. Нағыз қазақи ортада миссионерлік жасап, шетелдің діни сенімдерін елімізде таратып жатқан ұйымдардың қандай дәрежеге жеткені және қандай аймақтарды мекен еткені біраз нәрседен хабар бергендей...
Бұлар сияқты ислам атын жамылып, әртүрлі негізсіз және зиянды үгіт - насихат жүргізіп жатқан діни ағымдар да баршылық. Бұлардың ішінде баспасөз бетінде жиі аталатыны және қоғамдық тыныштыққа нұқсан тигізушісі “Хизб – ұт Тахрир” ұйымы. Сауатты мамандар мен дінтанушылардың аздығын пайдаланған осындай ұйымдар, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында біршама жастарымызды қатарына қосып кетті.
Мемлекет – дін қатынастарының өзекті бір мәселесі азаматтардың дін саласында білім алу, оқу құқығын пайдалануы. Еліміздегі “Білім” туралы заңда бұл мәселе толық шешімін тапқан емес. Бүгінгі күні Қазақстанда 8 діни жоғары оқу орны, 6 орта дәрежелі діни оқу орны мен3 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындарының екеуі мұсылмандардікі. Олар “Нұр - Мүбарак Мысыр ислам мәдениеті институты ” және ҚМДБ қарамағындағы “Имамдардың біліктілігін жетілдіру институты”. Бұған қоса 1 католик, 1 лютеран және 4 протестант оқу орны бар.
3. Қазақстандағы ислам мәселелері
Қазақстан мұсылмандарының діни істерін ұйымдастырып, діни бірлестіктер, мешіттер және шетелдердегі мұсылман ұйымдарымен халықаралық қатынастарды реттейтін дербес мекеме “Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ” діни бірлестігі деген атпен 1990 жылы құрылды. Оған дейін “қазият” деңгейіндегі діни мекеме ретінде қызмет атқарған бұл ұйым бүгінгі күні еліміз мұсылмандарының ең басты ислами ұйымы. ҚМБД төрағалығына білікті ғалым, арабист және дипломат, профессор Әбсаттар Дербісәлі 2000 жылғы маусым айындағы құрылтайда сайланды.
Алдымыздағы жылдарда мынадай мәселелер оң шешімін тапса еліміздегі мұсылманшылықтың жүйеленуі және тұтастануы жағынан үлкен жетістіктерге жетер едік:
Біріншіден: Ең маңызды нәрсе еліміздегі мұсылмандардың белгілі бір жүйе бойынша ұйымдаспағанында және ислами үгіт - насихаттың дініміздің негізгі бұлағына, яғни Құран Кәрімге толыққанды сәйкестік қағидасы бойынша жүзеге асырылмауында.
Екіншіден: Ислам ғылымдарын оқыту және ғылыми зерттеулерді белгілі бір жүйеге салу мәселесі де жөнді шешімін тапқан жоқ. Бұл сала мамандары мен исламтанушылардың, діни кадрлардың жетіспеуінің басты себебі.
Үшіншіден: Жоғарыда келтірілген бірінші және екінші проблеманың оң шешімін табуы мұсылмандардың Құран Кәрімді дұрыс түсінуіне тікелей байланысты.
Төртіншіден: Ол тәуелсіздікті алған жылдары елімізде дін мәселесін жете меңгерген мамандардың болмағандығы және мемлекет билігінің жоғарғы сатысында жүрген азаматтарымыздың осы мәселенің маңыздылығын жете бағаламағаны.
Бесіншіден: Қазақстан мұсылмандар діни басқармасынның құқықтық және әкімшілік мәртебесін нығайтуымыз керек. Ұлтты құрайтын құндылықтардың бірі дін екенін жоғарыда атап өттік.
Алтыншыдан: Маңызды проблеманың бірі еліміздегі миссионерлік әрекеттерді қатаң бақылау және әсіресе мұсылмандардың басқа діндерге кетуінің алдын алу мәселесі. Кейбір деректерде 100 мың, ал енді бір газет хабарламаларында 500 мыңға жуық қазақтар басқа діндерді қабылдаған делінеді. Бүгінге дейін бөлінбеген халқымыздың енді азаттыққа қол жеткен шақта алуан түрлі діндерге бөлінуі болашақта аса маңызды проблемаларға апарып соқтыруы, тіпті мемлекетіміздің іргесін шайқалтуы әбден мүмкін. Елімізде христиандықты таратушы ұйымдар мен өзге де миссионерлердің жарғылық құжаттарында бірінші кезекте қазақ халқын шоқындыру мәселесінің алға тартылуы кездейсоқ емес.
Қазақстандағы қазіргі діни жағдай
Тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың құрылуымен ғана емес, сондай - ақ діни серпілістің жүруімен де сипатталады: дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймәлім, жаңа “дәстүрлі емес ” діни ұйымдар пайда болды. Атап айтар болсақ, пресветериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай - ақ “Агапе”, “Жаңа аспан” сияқты протестанттық шіркеулер, “Бахаи”, “Сайтан шіркеуі”, “Саентология шіркеуі” сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.
Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан – салалы. Кейбір деректер бойынша, 1989 жылғы 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700 - ге жуық діни бірлестіктер болса, 2003 жылдың 1 қаңтарында 3206 діни бірлестіктер жұмыс істеген. Олардың арасында 1652 исламдық, соның ішінде 1642 суниттік, 2 шииіттік, 2 сопылық, 4 ахмадия ағымдары бар. Бұған қоса Қазақстан аумағында православиелік шіркеуге жататын 241 діни бірлестік (олардың 230 - ы Орыс правослаие шіркеуіне қарайды), 7 старообрядтық шіркеу, римдік – католиктік шіркеуінің 77 бірлестігі, бірқатар протестанттық бірлестік жұмыс істейді.
Қазіргі Қазақстанда дәстүрлі емес діни қауымдарға төмендегілер енеді: 5 буддистік қауым, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 бахаи, 2 трансцендалталдық медитация қауымы, ұлы ақ бауырластықтың 2 қауымы, 6 саентология шіркеуі қауымы және т. б.
Еліміздің негізгі діни қауымы суниттік ислам және христиандықтың православиелік бағыттары. Елімізде 1700 – ге жуық мұсылман бірлестіктері бар. Оның басым көпшілігі суниттік бағыттағы бірлестіктер. Орыс православие шіркеуінің үш епархиясына 214 приход, 8 монастыр және басқа шіркеулік құрылымдар тиесілі. Орыс православие шіркеуі приходтар санының өсуіне және материалдық тұрғыдан нығаюына күш - жігерін жұмсауда. Еліміздің бірнеше қаласында православиелік ғибадатханалардың құрылысы жүріп жатыр. Кейінгі уақытта католик, протестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз қызметтерін белсенді түрде жүргізуде.”Иегова куәлары ” бірлестігінің миссионерлік қызметі ерекше қарқын алуда. “Иегова куәлары ” Қазақстандағы саны жағынан өсіп келе жатқан конфессия болып отыр. Оның діни орталығы Есік қаласында орналасқан, 70 – тен астам діни бірлестіктері әділет органдарында ресми тіркелген және 30 – дан аса жергілікті қауымдары бар, оны ұстанатын адамдар 20 мыңға жуық.
1999 жылы діни бірлестіктердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатымен Қазақстанның діни бірлестіктер қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық 200 – ге жуық діни бірлестіктерді біріктіреді. Сонымен қатар елімізде протестантизмнің жаңа апостолдық шіркеуі, елушілер (пятидесятничество), методизм, меннонизм, пресветерианство сынды ағымдары таралуда. Пятидесятничество XX ғасырдың басында АҚШ – та құрылған.
Қазақстан Республикасының зайырлық сипатының бірқатар көріністері бар. Олар Конституцияда да, сондай - ақ Қазақстан Республикасының “Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы ” 1992 жылғы 15 қаңтардағы Заңында көрсетілген. Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей. Діндердің немесе діни бірлестіктердің ешқайсысы да бір біріне қатысты артықшылықтарды пайдаланбайды. Діни бірлестіктер қайсы бір мемлекеттік қызметті атқармайды, егер заңдарға қайшы келмесе, мемлекетте діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды. Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды. Бірде америкалық миссионерден:“Сен үшін дін - бизнес пе, әлде миссия ма? ”
деп сұрапты, сонда әлгі миссионер: “Дін - әрі бизнес, әрі миссия ” десе керек. Бүгінде АҚШ – тағы евангелистердің қолында ірі - ірі баспа үйлері, электронды ақпарат құралдары, газет - журналдар, кино және музыкалық студиялар шоғырланған. Тіптен шіркеу музыкасы да шоу - бизнес саласының құрамдас бөлігіне айналған. Бір өкініштісі, миссионерлердің қарамағына ілініп жатқандар – тек америкалық бағдарламалар бойынша сыртта оқып жүрген балалар емес, арнайы отандық бағдарлама бойынша тәлім алып жатқандар да жат идеология мен өзге діннің қолшоқпарына айналып жатқанға ұқсайды. Ел есінде, заңғар - заңғар ақын – жазушыларымыздың қыздары шетелге барып, америкалыққа тұрмысқа шығып, некесін протестанттық шіркеуде христиан дінінде қиғаны... Әрине, діни экспансия жергілікткі халықтың агрессисын, ұлтшыл патриоттардың бас көтеруін тудыруы мүмкін. Мұны білетін миссионерлер жергілікті елдің жас ұрпағын америкалық рухта тәрбиелеуге жанталасып келеді. 1992 жылы Қазақстанда қабылданған “Діни бірлестіктер мен діни наным - сенім бостандығы ” туралы заңның босаңдығынан Қазақстанның өзі бүгін миссионерлерді қабылдайтын елден бұрын миссионерлерді дайындайтын мемлекетке айналып кеткенін сезбей қалды. Кейбір ресейлік мәліметтерге сенсек, Қарағандыдағы “Грейс” шіркеуі мен “Жаңа өмір ” миссиясынан шыққан оқытушылар бұл күндері Монғолияға барып, жергілікті халыққа евангелияның сөзін жеткізуге “атсалысып ” жатқанға ұқсайды. Шынтуайтына келсек, Батыста ойлап табылған ”діни наным - сенім бостандғы ” деген қағида – адамдардыөз ата - баба дінінен бездіртіп, жылтырағы мен жеңілдігі көп протестант дініне енгізуді көздейді. Қазақстанда түрлі білім беру орталықтары, мәдени және үкіметтік емес ұйымдардың “шекпенін ” жамылып, шынтуайтында, тіл үйретуден гөрі діни миссионерлік, түрлі – түсті революцияға дайындайтын, сондай - ақ барлау қызметімен айналысатын ұйымдардың бары анық. Шіркеудің мемлекеттен ажыратылғанына қарамастан, көптеген елдерде оның саясатқа әсері тиіп отыр. Батыс еуропа елдерінде дінге сенуші адамдардың әлеуметтік мүддесін қорғайтын партиялар бар. Олардың кейбіреулері Италиядағы Христиан демократиялық партиясы және Германиядағы Христиан демократиялық одағы.
Шіркеу саяси және қоғамдық қозғалыстардың, жастар және әйелдер ұйымдарының, студенттер одағының, шаруалар қауымының, кооперативтердің жұмыстарына қатынасады. Олар арқылы халықтың әр түрлі топтарына әсер етеді.
Біздің елдің Конституциясы бойынша діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Діни құрылымдар республикада қазір болып жатқан процестерге түсіністікпен қарайды және рухан бірлесу мен келісімге келу идеяларын күн өткен сайын нығайта түсуге үлесін қосады.
Шіркеу, мешіттер, діни ұйымдар бейбітшілік үшін күресте өз үлестерін қосуда. Имандылықтың техникаға үстемдігі ғана ғаламдық проблеманы шеше алдады.
Адамзаттың ойлау деңгейі биіктеген сайын, ғылым - білім саласындағы табыстар көбейіп, өркениет сатысы өрлеген сайын, діннің қоғам өміріндегі рөлі мен маңыздылығы да күшейе берген. Адам баласының дамуы мен діни сана – сезім және қатынастардың дамуы бірге жүрген десек қате болмас. Көне Мысырдағы перғауындардың ел мен дінді қатар билеуі, Рим императорларының ең биік діни мансапқа ие болуы, Үндістанды билеген Ашоканың буддизмді тарату жолындағы қанды жорықтары, христиандардың шармық (крест) жорықтары, пайғамбарлардың ғибратты өмірі зерттелгенде тарихтағы ең елеулі уақиғалардың басы қасында діннің жүргендігі байқалады. Алып мемлекеттердің күйреуі яки пайда болуы, төңкерістер, соғыстар, көштер көбінде не белгілі бір дінді жою үшін немесе белгілі бір дінді орнату яғни тарату үшін жасалған. Осы соқтықпалы - соқпақты жолды бастан кешкен адам баласы діннің ең кәміл формасы ретінде исламға қол жеткізді.
Адам баласы жаратылысындағы оң және теріс қабілеттері, күшті және әлсіз жақтары бойынша Жаратушының саф дініне қол сұға отырып, көпшілік жағдайларда дінді бұрмалап, дінге өзгерістер енгізіп, діннің бақилық сипатын фәнилендіріп, ізгілік пен бақытқа жеткізуші арнасын ауыстыруға талпынумен болды. Тарихта болған күрделі оқиғаларды терең зерттегенімізде есі сау адамға қорқынышты яки жиіркенішті көрінуге тиісті көптеген іс - амалдардың “дін үшін ” немесе “діншіл ” атанған топтың бастамасымен болғандығын көреміз. Еуропадағы инквизиция жылдарында (1184 - 1834) шіркеудің бұйрығымен өлтірілген он мыңдаған ғалымдар, кінасыз өртелген жүз мыңдаған әйелдер, Америкада еш жазықсыз қырылған миллиондаған үндістер, Африкада құлдыққа әкетілген миллиондаған бейкүнә адамдар т. т. осы пікіріміздің айғағы. Әлемдегі барлық діндер өзінің негізгі формасынан ауытқып, басты мақсатынан ажыратылған тұста діндердің ішінен діндер бөлініп шығып, олардың өзі қырқысып, ондаған, тіпті, жүздеген бағыттарға бөлініп, бүгінгі аса күрделі және бақылануы неғайбыл діни ахуал пайда болды. Мұсылмандар да осы фәнилендіру зобалаңының, дінге іріткі салу фитнәсінің қиянатшыл және жойқын тепкісіне душар болды. Пайғамбарымыздың кезінде бөлінбеген және Құранда “ешқашанда жіктерге бөлінбеңдер! ” (Құран, Әли Имран сүресі, 3/103) бұйрығының болғанына қарамастан мұсылмандар бастапқыда саяси топтарға бөлінді, оның арты сенім және құқық қағидалары бойынша жіктелуге ұласты. Осы бөлінудің мұсылмандарға еш жақсылық әкелмегені, әлбетте белгілі. Алайда, бүгінгі діндер және конфессиялар мен секталардың пайда болу және қалыптасу тарихын аса мұқияттылықпен зерттеп, талдап, ғибрат алған жөн. Тек қана Аллаһ Тағаланың меншігіндегі “діни алаңға ” фәнилердің қол сұғуы жалғасқан сайын, дін ішіндегі бөлінушілік болған сайын, ізгілік пен бақытқа кенелетін діннің, өкінішке қарай, азап пен адасушылыққа апаратын сипатқа ие болатынына куә боламыз. Осындайда, белгілі философ және идеолог Карл Маркстің (1818 - 1883) “дін – халықтың басын айналдыратын апиыны ” деген мәшһүр сөзі еріксіз еске түседі. Карл Маркстің еврей жанұяда дүниеге келіп, христиан қоғамда өскендігін ескергенде, оның түсінігіндегі діннің қандай дін екені өздігінен белгілі. Дегенмен, ізгілікке баулитын сипатынан айырылған және фәни пенделерге яки пұттарға құлдық ұруға үгіттейтін діннің шын мәнінде апиын болатыны да даусыз...
Фәнилердің қол сұғуы мен бұрмалауына ұшыраған өзге діндерден исламның басты ерекшелігі және артықшылығы – оның негізгі бұлағы Құранның қол сұғушылық пен бұрмалаушылықтан адал болғандығында. Исламға қол сұғушылық Құран аяттарын өзгерту арқылы емес, аяттардың мағыналарын бұрмалау және Құранға жанама бұлақтарды ойлап шығарып, солар арқылы тұрмыстағы дінге жаңалықтар мен өзгерістер енгізу арқылы болған. Бүгін ислам атын жамылып жүрген көптеген ағымдардың өзара тіл табысы алмай жүргені де сондықтан. Оның ішінде, бастапқыда болғандай, саяси мақсатты көздейтіндер, дінді билікке келудің құралы етіп пайдаланғысы келетіндер, дінді табыс көзіне айналдырғандар мен исламды жойғысы келетін сыртқы күштердің әрекеттері бар екені белгілі. Елімізде де кейбір эзотерикалық ағымдарды, оның ішінде діни мистицизм, оккультизм, каббала ілімі мен суфизмді уағыздап жүрген ағымдардың ішінде жоғары білімді, тіпті позитивті ғылымдардың мамандары, ғылым докторлары мен профессорлары бар екені осыған саяды. Қазіргі адамзат ғылым мен технологияның шексіз дамығанына қарамастан бұрынғыдан да ырымшыл, хұрафашыл және ақыл - еске симайтын негізсіз де мағынасыз нәрселерге сенгіш болып кеткен сияқты.
Көкірегі ояу, көзі ашық, елінің, халқының болашағын, ден саулығы мен рухани саулығын бірдей ойлайтын азаматтары бар елдерді осы мәселе мазалағандай. ”Саентология ” шіркеуін Франция мұқият бақылауда ұстайды. Мәселен, Франция әкімшілігінің секталар туралы есебінде аталмыш “Саентология шіркеуі ” мен жоғарыда аталған “Күн ғибадатханасы низамы ” секталары қауіпті ұйымдар ретінде жіктелген. Швеция корольдігі Салық қызметі саентология ұйымын “пайда табуды көздейтін және қаржы - шаруашылық іс - әрекет жасайтын идеалистік қоғамдық бірлестік “ деп таныған. Швеция корольдігі заңдары бойынша тек протестант тармағына жататын Лютеран шіркеуі ғана мемлекеттік статусқа ие.
Бүгінгі күні Қазақстандағы діни ахуал да мозайканың тастары іспетті түрлі - түсті. Сырттан кіріп, емін - еркін үгіт - насихат жасап жатқан діни ұйымдар мен ағымдардың елімізге қаншалықты қажеті бар екені лайықты деңгейде зерттеліп жатқан жоқ. Жоғарыда есімдері аталған адастырушы және құпиялығы басым тоталитарлық секталарға ұқсас құрылымдардың елімізде де тамыр жайып келе жатқаны туралы қорқасың. Қазақстанның демографиялық, әлеуметтік, саяси - құқықтық және экономикалық жағдайы кез келген үгітті таратуға аса қолайлы. Сол себепті, мемлекеттің дін мәселесіне шұғыл бет бұрып, дін мәселесін бөтен күштердің қолынан өз қолына алатын уақыты жеткен сияқты. Егер мемлекет дін мәселесімен айналыспаса, болашақта дін мәселесі мемлекеттің өзімен айналысатын болады. Карл Маркстің апиынға теңеген діні ізгілік пен бақытқа бастайтын діннен озып кететін болса, ондай қоғамда аса қауіпті оқиғалар болады деу сәуегейлік емес... Мемлекет қай дін жағында екенін ашық көрсетуі керек. Жоғарыда Швецияда тек Лютеран шіркеуінің ресми дін ретінде танылғанын айттық. Ресейде православие діні сондай. Австрияда ресми түрде танылған діндердің қатарында ислам да бар. Сондықтан, Австрия Ислам кеңесіне қарасты мешіттердің имамдарының жалақылары Австрия бюджетінен төленеді.
Түркиядағы мұсылмандардың ”Диянат Басқармасы ” конституцияда аты аталған мемлекеттің негізгі ұйымдарының бірі. Түркиядағы басқа діндер мемлекетке тиесілі емес, тек “әһли сүннет уәл жамағат ” бағытындағы мұсылмандық қана мемлекет қамқорлығында. Бұл елдегі 80 мыңнан астам мешітте жиыны 200 мың мөлшерінде діни қызметкер жұмыс істейді екен. Олардың барлық қажеттіліктері мемлекеттік меже есебінен (бюджеттен) төленеді. Демек, зайырлылық қағидасын сақтай отырып, мемлекет өзінің болашағы мен қауіпсіздігін, ұлттық тұтастығын қамтамасыз ету үшін осындай қадам жасаған.
Бүгінгі күні Қазақстанда христиандықтың елімізге кейінгі жылдары келімсектер арқылы келген жаңа формалары миссионерлер арқылы кең таратылда. Лютерандар, баптистер, методистер, меннониттер, 7 күннің адвентистері, пентекостал шіркеулері, пресветиандар, елуліктер мун шіркеуі, виссериан шіркеуі, евангелистер. Иеһоуа куәгерлері деп тізбектеп санап шыға алмайсың. Бұларға қоса елімізде “ұлтсыз ислам ” орнатуға ұмтылатын “уникалды ” топтарда бар.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің көптеген уағызшылары үгіт – насихат жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні Қазақстанда 46 діни конфессия тіркеуден өткен екен. Бұл дәстүлі дініміз исламнан тыс 45 конфессия тағы бар деген сөз. Еліміз зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет. Бізде діни сенім және ар - ождан бостандығы бар. Заңдарымызда белгілі тәртіппен елге келген миссионерлердің діни үгіт – насихат жасауына рұқсат етілген. Азаматтар заңда көрсетілген ережелерді сақтай отырып, діни бірлестіктер құра алады, ғибадатханалар аша алады. Әрине, жоғарыда келтірілген құқықтар мен бостандықтар әр зайырлы елде болуға тиісті шарттар. Дегенмен, еліміздің демографиялық, гео - саяси және гео - экономикалық жағдайын есепке алғанда, осыншама көп конфессияның ұлттық тұтастығымызға, еліміздің бүтіндігіне, ұлтымыздың болашағына нұқсан тигізуі ықтимал ма, деген заңды сұрақ мазалайды. Діндер тарихын зерттеген мамандар діни сезімдердің адамдарды біріктіруде қандастық, жерлестік, руластық, нәсілдестік қатарлы факторлардың бәрінен де күшті болғанын дәлелдеген.
Демек, қоғамның алуан дінге бөлінуі ұлтты ұйымдастыратын байланыстарды әлсіздендіретін және әлеуметтік бейбітшілікті бұзатын қауіпті фактор. Жалпы, адамзат тарихы дінге бөлінушілік және діни өшпенділік салдарынан туындаған қақтығыстар мен дағдарыстарға толы...
Осындай жағдайда не істей аламыз? Ұлтымызды айрандай ұйытқан дінімізді сақтау және мемлекетіміздің сенімділікте дамуын қамсыздандыру үшін не жасауымыз керек? Ең бастысы, Қазақстандағы конфессияаралық татулықты сақтауымыз шарт. Бұл басқа дін уәкілдеріне толеранттылықпен қарауды қажет етеді. Ислам дінінде зорлық - зомбылық жоқ екенін және адамдардың түрлі діндерге сену еркіндігін мойындаған бірегей дін. Дініміз адам құқықтарын таптауға, бейкүнә адамдарға жәбір көрсетуге, фитнә жасауға, лаң салуға, бейбітшілікті бұзуға жол бермейді. Сонымен қатар, ислам діні мұсылмандардың өзі берік болуын, адастырушы күштердің арбауына түспеуін, ізгі амал істеп, пайдалы ой және өнім өндіруін бұйырады. Қазіргі заңдарды пайдаланып, миссионерлер елімізге дендеп кіріп, жаппай азаматтарымызды көндіріп жатқанда, саналы мұминдердің қарап отырғаны болмас.
Басқа ағымдар мен теріс пыйғылды діни секталармен, адастырушы тариқаттармен күресудің ең басты жолы, тіпті басты шарты – алдымен хақ жолды, яғни ислам дінін, оның бұрмаланбаған, яғни қоспасыз, саф формасын үйрену.
Қазір елімізде ислам атын жамылып, әр түрлі үгіт насихат жасап жатқан топтар бар. Олардың бір сыпырасы саяси мақсатты көздейтін топтар болса, енді біреулері экономикалық мүделлер төңірегінде ұйымдастырылған. Қазақстанның жер асты және жер үсті байлықтарына көз алартқан кейбір сыртқы күштер тарапынан арнайы ұйымдастырылған және ислам үмметінің ішіне келбетін ауыстырып кірген шірікшіл, фитнәшіл, пасық топтардың бар екенін ескеруіміз керек. Қазақстанның тәуелсіздігінің сақталуы, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуы халқымыздың мығым бірлігіне тікелей байланысты. Жас мемлекеттің керегесін керісіп, уығын қадасқан бүгінгі ұрпақ ұлттық бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетуі керек. Ал, ұлттық бірліктің берік болуы діни бірлігімізге тәуелді.
Ең алдымен басқа дінге тарту жайлы әңгіме болғанда миссионерлік жөнінде айту керек. Бүгінде Қазақстан діни эксперимент аймағына алаңына айналып отыр. Басқаша айтқанда Қазақстан діни экспансия алаңына айналған. Сол экспериментті қарқынды, жүйелі және ұйымдасқан түрде жүргізіп отырған – христиан миссионерлері. Олардың басым көпшілігі АҚШ – тан арнайы жолдамамен жіберілген – шоқындырушы – үгітшілер армиясы. Христиан діні дүние жүзіндегі ең көп тармаққа бөлінген дін десек қателеспейміз. Онда католик, протестант, православие атты үш нгеізгі бағыт бар. Осындай шіркеулердің 20 – дан астамы Қазақстанда миссионерлік әрекет жасауда. АҚШ – тағы миссионер ұйымдары Қазақстанға арнайы дайындықтан өткен, әбден ақпараттандырылған, мәліметтендірілген миссионерлерді ғана жібереді. Олар бір жарым, екі жыл қазақтың тарихын, мәдениетін сенімін зерттеп, кейбірі қазақ тілімен қоса, орыс тілін де меңгеріп келеді. Әбден дайындалып, үгіт - насихат әдістемесі, тілі шыққан осындай дінтаратушылардың алдына қазақтарды христиандыққа кіргізу деген үлкен мақсат қойылған. Кейбірі адам психологиясын тыңшыларға, барлаушыларға тән дәрежеде зерттеген және экономикадан, саясаттан, құқықтан хабары бар адамдар. Демек, миссионерлердің ең негізгі ережесі ешқашан да өзінің шын жүзін әшкерелемеу, керек болса ортаға сәйкестендіріп бет - бейнесін ауыстырып тұру болып табылады. Түпкі мақсат нысанадағы адамды иландырып христиандыққа кіргізу. Христиандықты тарататын шіркеулер АҚШ – тағы өте бай ұйымдардың қатарына жатады. Олардың меншігінде үлкен территориялар, өндіріс орындары, бақылауында бизнес салалары, оқу орындары, кітапханалар, жатақханалар, кәсіпорындар, бұқаралық ақпарат құралдары, баспаханалар бар. Жаһандастырудың жылы лебін артқа алып алып, әртүрлі сипатта келіп жатқан дінтаратушылар халықтың осал тұсын аңдиды,
Олар христиандық таратылатын елдегі ішкі, сыртқы саяси, экономикалық, демографиялық, мәдени және экономикалық ахуалды өз мүдделері үшін өте тиімді пайдалана біледі. Шоқынған қазақтардың ішінде білімді, сауатты адамдар да бар. Оларды әртүрлі категорияларға бөлуге болады. Жастар, оқып жатқандар, бітіргендер, халықаралық фирмаларда істейтіндер, зиялылар, мемлекет қызметкерлері мен шенеуніктер. Олардың көпшілігі шоқынғанын әзірше жасырады. Осындай азаматтарымызды басқа дінге енген соң мүлде өзгеріп, мүлде басқаша менталитеттегі адамдарға айналды. Шетелге сатылған жетімектердің көпшілігін асырап алғандардар да христиан миссионерлер. Бүгінге дейін Қазақстаннан шетелдерге 5. 000 бала “экспортталған ” екен. Олар сол балаларды болашақта Қазақстанды шоқындыруға қолданбақ. Халықтың дінге бөлінуі асқандықтың, тасығандықтың, еркіндіктің, демократияның, адам құқықтарының, дамығандықтың көрінісі емес. Ғылыми теориялар басқа дінге кеткен азаматтар басқа этносқа айналатындығын дәлелдеген. Секталарда бүгін мың адам болса, ертең он мың, жүз мың, тіпті миллион адамға дейін өсе береді. Басқа діннің жетегінде кеткен азаматтарымыздың өмір сүру салты, киген киімі, ішкен асы, той - томалағы, өлім – жітімі, өмірге деген көзқарасы, менталитеті өзгереді.
Ата – бабаларымыз қабылдаған ислам діні 1250 жыл бойына қазақтармен бірге жасасып келеді. Қазақ халқы монғол шапқыншылығы кезінде де монғолдардың дінін қабылдаған жоқ. Қайта Шыңғыс хан бастаған монғолдар біздің салт - санамызға сіңісіп түркіленді, біздің дінімізді қабылдады. Одан кейінгі жоңғарлармен болған ғасырлық соғыста қазақ жоңғардың дінін қабылдаған жоқ. Жоңғарлар жойылды, басқа ұлттарға сіңді. Ресей патшалығының бодандығында екі ғасыр болған қазақ дінге бөлінген жоқ. Кеңес билігінде де дінге бөлінген жоқ.
Ендігі мәселе басқа діннің жетегінде кеткен қандас бауырларымызды өз ата - бабасының жолына қайтару. қалай болмақ дегенге келіп тіреледі. Қазақстан заңдары шеңберінде, қоғамның ішкі тұрақтылығын ескере отырып, орта және ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, басқа дінге кірген бауырларымызды өз ортамыға қайта тартуымыз шарт.
Қазақ халқы атам заманнан ислам дініндегі халық. Біздің жеріміз ислам тарихында ғана емес, жалпы адамзат тарихында аса маңызды оқиғалар болған жерлер. Қылышынан қан тамған Кеңес билігі тұсында жасалған алуан түрлі іс - әректтер мен қырғындар нәтижесінде еліміз руханиятынан айырылып қала жаздады. Мұсылмандық сана әлсіреді, діни білім алу мүмкіндігі болмады. Кеңес билігі халықты дінсіздікке, оның ішінде исламнан тыс діндер мен пұтқа табынушылықты үгіттеді. Осының нәтижесінде халқымыздың рухани имунитеті жарақат алды, сырттан келген бөтен ағымдарға қарсылық беру қауқары азайды. Егемендік алған жылдары қуанышымыз қойнымызға сыймай, бөркімізді аспанға атып жүр
Қазақстандағы діни бірлестіктер қызметі
- ПеризатШ
- 5 мам 2013
- 33574
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Жастар үшін басқа дінге өтудің, діннің рөлі
Ұқсас жаңалықтар:
Алматы қаласы діни бірлестіктер басшыларының клубы
2019 жылғы 11 тамызда Алматы қаласы діни бірлестіктер басшыларының клубы мұсылмандарды ұлы – Құрбан айт мерекесімен құттықтады....Экстремистік және лаңкестік ұйымдар
Сабақтың білімдік мақсаты: Оқушыларға діни экстремизм, терроризмнің мағынасын ашу, білімін арттыру арқылы теріс діни ағымдар жайлы білімдерін...Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп
Арал қаласы, Арал индустриалды техникалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Қараева Айгүл...Діни экстремизммен бітіспес күрестеміз
Сабақтың мақсаты: білімділік - оқушыларға діни экстремизмнің мағынасын ашу, білімін арттыру арқылы теріс діни ағымдар жайлы білімін тереңдету;...Адастырушы діни ағымдар
Діни ағымдар туралы оқушыларға мәлімет бере отырып, біздің мұсылман дінімізде оларды қолданудың, қабылдаудың зияны мен күнәсі көрсетілген....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.