Сайтқа кіру Тіркелу

Өмір, сен неткен ғажапсың!

Тәрбие сағатының тақырыбы: Өмір, сен неткен ғажапсың!
Тәрбие сағатының мақсаты: оқушылардың өмір құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Тәрбие сағатының міндеттері:
- жастар арасында суициалды мінез - құлықтың алдын алу;
- «өмір» ұғымына тереңірек үңілуге ықпал жасау;
- өмірге деген жағымды көзқарасын қалыптастыру;
- өзінде бар құндылықтарды бағалай білуге үйрету.
Сабақтың жабдықталуы: мультимедиялық құрылғы, презентация материалдары, аудио және бейне жазбалар, плакаттар, қосымша материалдар.
Пәнаралық байланыс: педагогика, психология, этнопедагогика, философия, әдебиет, тарих, сурет.
Сабақ тәсілі: Іздендіру
тәсілі, анализдеу, синтездеу, жүйелеу, талқылау, дәлелдеу, топтастыру,
қорытындылау.
Сабақ типі: Шығармашылық сабақ.
Сабақ барысы:
*Сабақтың мақсатын қою, сабақтың мақсатын хабарлау.

*Әңгімелесу.

« Ойлануға арналған балықтар» жаттығуы.( сұрақ - жауап түрінде).
- Өмір дегенім не, қалай түсінесің?
- Өмір сүру жақсы ма, жаман ба?
- Сен бақыттысың ба?
- Сені не қобалжытады, сондай кездерің болады ма?
- Өз - өзіне қол жұмсау ерлік пе, әлде әлсіздік пе?
- Егер саған біреу қатты дауыс көтеріп ұрысса, сен не істейсің?
- Сенің мінезіңнің жаман, жақсы жақтары қандай?
- Келешекте сен өз өміріңді қалай құрар едің?
Адам тастай берік,
Гүлдей нәзік.
(оқушылар өз ойларын ортаға салады).
- Ендеше, балалар, адамды тастай берік ететін де, гүлдей нәзік ететін де өмір екен.
Өмір - ол адамға бір - ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый. Осындай сыйды саған сыйлаған кім?...
Әрине, саған осындай баға жетпес сый сыйлаған ең қымбат адамдарың, ол сенің ата - анаң. Сондықтан оларды ренжітпеуіміз керек. Айтады ғой, «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да борышыңды өтей алмайсың»- деп. Себебі, ол саған «өмір» сыйлады, саған жарық дүние көрсетті, сені өсірді, сенің ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңды, түн ұйқысын төрт бөліп сені аялады, тәрбиелеп өсірді. Егер саған анаң осындай баға жетпес сый сыйласа, сен соған лайықты өмір сүруге тиіссің.

Өз өмірің өз қолыңда! Біреуге ренжіп, біреуді кінәлап, мін тағу дұрыс емес. Өмірдегі қайғыны, сәтсіздікті көтере білу керек. Жаңа, жақсы ойлар ойлау керек.

Адам өмірі жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан құралады. Міне, өмірдің өзі, біле білсең сонысымен қымбат!

- Енді осы өмір туралы ойларымызды ары қарай жалғастырайық.

Мұғалім сөзі: Сонымен өз ойларыңмен бөлісіп, пікірлестіңдер, өмір сүру үшін күйретуші ойлардан аулақ болуымыз керек екен.

Мазасыз жаман, жағымсыз, мағынасыз ойлар адамды психикалық, тәндік жарақатқа шалдықтырып, тіпті өлімге әкеліп соқтырады.

Өздерің ойлаңдаршы? Сонда не өзгереді? Одан сен не ұтасың?
Оның кімге пайдасы, кімге зияны тиеді?...

Ештеңе де өзгермейді, ештеңе де ұтпайсың, еш пайдасы жоқ, керісінше өзіңе жақын адамдарыңа зияныңды тигізесің. Әрине, дұшпаныңа күлкі, достарыңа, ең қымбат адамыңа, ата - анаңа, бауырларыңа орны толмас қайғы, қасірет әкелесің, одан басқа ештеңе жоқ. Өмірдегі кездесетін сәтсіздіктерді уақытша қиындық деп қабылдау керек. Әр нәрсенің ақырын шыдамдылықпен күтіп, не істесең де ойланып істеуге үйрену керек. Сабырлы, шыдамды, төзімді болуды үйрен.

Өмірде бәрі де өткінші екенін ұмытпа. Ерте ме, кеш пе ол дүниеге бәрібір барарымыз анық, сондықтан асықпа. Сол өлшеулі уақытқа дейін бәріне төзуіміз керек.

Мысалы, Дінде «Алла саған өмір берді, сол Алланың бұйрығымен өміріңді Алла ғана алады» делінген. Өз - өзіне қол жұмсау кешірілмес үлкен күнә болып есептелінеді. Міне сондықтан ондай ойлардан аулақ болайық.

Б. Мөлдір. М. Шаханов. Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деген жігітке.

Өмір мен әділдік./І. Есенберлин/
С. Еркеназ: Өмір деген үлкен той. Адам өкінішін той үстінде емес, той өткен соң айтады. Өкініш кімді болса да қайғы - азапқа апарып соғады. Ал ондай жанды күйзелтер өмір, қараңғы үйде сықсиған білте шам тәрізді, тек еміс - еміс сәулесі бар, жарқыраған жарығы жоқ. Мұндай күйге ұшыраған кісінің тек арманы ғана жолын көрсетер нұрлы шырағы. Бірақ арман қанша қусаң да жеткізбейтін бір қиял, түнгі от тәрізді, жақындаған сайын алыстай береді.
Демек, өмір кейде сырын білмес тентек жылқы секілді, теуіп жібермес үшін қай жағынан келеріңді білмейсің.
Аспанда жұлдыз, жерде құндыз көп, бірақ қайсы оның қолға жеңіл түсіп жатыр? Ия жақсылық істеу қиын, жамандық - оңай. Әркімнің - ақ қолынан келеді. Дүние неге бұлай жаратылған? Ал адам баласы дүниеге бір - біріне тек жақсылық жасау үшін ғана келеді емес пе? Неге адал жолдан таяды?
Кей кісілер өмір қызығына аш қасқырдай қомағай, Бүлдіргіш жаратылатыны несі? Өмірді неге аямайды, неге мәпелеп құрметтемейді? Бұл шіркін бір - ақ рет беріледі ғой. Ал түлкі тәрізді өзгелерді алдап - арбап, үнемі рахатта өткісі келетіндер де көп. Бұлар тіпті адалдықтың не екенін білмейді.

Адам мен өмір./ І. Есенберлин/
Адам өз өмірінде талай жанмен кездеседі. Жақсымен де, жаманмен де. Бірақ соның ішінде қара жерге кіргенше ұмытылмайтын аяулылары болады. Ондай жандардың бейнесі, тот баспайтын сары алтындай, сенің есіңде сол өзіңе ұнаған қалпында қалады да қояды. Оны басыңнан өткен ұзақ жылдар да, қайғы - қасірет те, қуаныш та сенің жүрегіңнен өшіре алмайды.

Қызық өмір./М. Мақатаев/
Ә. Әлия:
Қызық өмір, кім білсін, сонысымен,
Аласы мен құласы, торысымен.
Тағдыр түрлі болғанмен, өмір біреу,
Ұнатамын өмірді сол үшін мен.

Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен,
Құр қалмайды ешкімде үлесінен.
Өліп - талып жеткенде бақытына,
Шорт үзіліп кей тағдыр түгесілген.

Өміріме өзімнің таңданамын,
Қалмаймын деп қатардан қарманамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеңіме үмітпен алданамын.

Ұнатамын өмірдің ой - қырларын,
Сауық құрып, сайрандап, той қылғанын.
Өмір керек көлеңке, шуағымен,
Өмір керек!
Басқаның қойдым бәрін...

Планета Земля /видеоролик/

«Сөйлемді жалғастыр» жаттығуы. ( жазылған сөйлемді өз сөзімен толықтырып жазып, ой қорыту).
- Жақсы өмір - бұл...........
- Бақытты адам - ол.........

Мұғалім сөзі: Әрине өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес.
Өмір.......
Күлдіртіп тұрып, жылатады
Көтеріп тұрып, құлатады
«Уф» еткен желге дірілдей көрме
Шыдамдылықты ұнатады
Өмір!!! немесе

Өмір - өзен ағып жатыр, тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң - қайғы,
Сондықтан да, өз - өзіңе абай бол,
Өмір сені сонда ғана шыңдайды.- деп жырлағандай, Өмір – арнасы кең өзен, сол өзеннен өз арнаңды тауып ағу сенің басты мақсатың. Ал өз мақсатыңа жету оңай емес, ол үшін қандай да бір қиындықтарға, кедергілерге кездесуің мүмкін. Ал енді біреулерге қиындықтар кездеспеуі де мүмкін. Сондай кездерде біреулерге қызғаншақтық, көре алмаушылық танытпа, өз мақсатың үшін күресе біл. Өзіңнің күшті жақтарыңды көрсет, әлсіздік, шарасыздық танытпа. Сен өз өмірің үшін өмір сүруге тиіссің.

«Екі бақа» аңызы мысалға келтіріледі.
Сарайда тұрған шыныдағы қаймаққа екі бақа түсіп кетеді. Біреуі шыға алмайтынына көзі жетіп, қақтығыспай өліп қалады. Ал, екіншісі, шыға алмайтынына көзі жетіп тұрса да, қақтығысқанның бәрі бекер көрінсе де, секіре береді. Бірақ аяғында әлгі бақаның секіргенінен, қаймақ қоюланып, майға айналады. Бақа сөйтіп, секіріп шыныдан шығып кетеді.

- Ал сен біреуге ренжіп неге оп - оңай өле салуың керек, бақа ғұрлы жоқсың ба? Бақа да өз өмірі үшін күресіп ақыры жеңіске жетті.
Адам өзін - өзі тәрбиелеуі, алдына мақсат қоя білуі керек. Сол мақсатқа жету үшін адами құндылықтарды бағалай отырып, « өз өмірім өзіме құнды» деген қағиданы басты назарда ұстауы қажет.

«Егер сен ағаш болсаң» тренинг.
Балалар (жапырақ, діңгек, тамыр) біреуін таңдауы керек, неге таңдағандарын айтып түсіндірулері қажет.

жапырақ – ол көктейді, гүлдейді;
діңгек – барлық ауыртпашылықты, жауапкершілікті көтереді;
тамыр – ол арқылы бүкіл ағаш қоректенеді.

Келесі тренинг « Менің мақсатым».
Сендер әрбіреуің бір - бір үйдің гүлісіңдер, сондықтан өз мақсаттарыңды берілген гүлдерге жазып осы ағашқа ілулерің керек.

- Осы мақсатымызға, арманымызға жету үшін не істеуіміз керек?
Ол үшін ең бастысы денсаулығымызды сақтауымыз керек.
Өмір арпалыс, күрес. Бұл табиғат заңдылықтары. Өмірде мойымағандар тарихта аттарын қалдырып кеткен, ел есінде сақталған адамдар. Сондықтан осындай адамдарды өздеріңе үлгі тұтыңдар.

Виржджини Сатирдің мына бір кеңесіне құлақ асайық: « Мен – ол мен. Бар әлемде маған ұқсайтын адам жоқ. Менің барлық жеңісім мен табысым тек маған тиесілі. Менің барлық жеңілісім, менің қателігім өзімдікі. Мен өзіме жеткіліктімін, мен өзімді жасай аламын. Мен өте тамаша адаммын».

- Қымбатты балалар!
Өмір – көпір, от үстіне салынған,
Діңгектері зәндем отқа малынған.
Қорқу білме, аяқтарың таймасын,
Ойнап отпен, шарпу көрме жалыннан! – дей келе сендерге мынадай кеңес беремін естеріңе ұстаңдар.

Қызықты өмір сүру үшін.....

- ай сайын жаңа кітап оқы, оқығаныңды көңіліңе тоқы;
- икемің бар іспен айналыс;
- әрбір демалыс күніңе жоспар жасап, қызықты өткізуге тырыс;
- ертеңгілік жаттығу жаса, сергек жүресің;
- ата - анаңа, бауырларыңа, жақындарыңа көмектесіп тұр;
- әр айдың әрбір күнінде өзіңді басқа біреудің орнына қойып көр, содан өзгеше ойлап, тәлім алуға тырыс;
- әр күні кешке «мен бүгін не істедім?» деп өзіңе есеп беріп үйрен;
- күнделік жазуға дағдылан, ол сенің ең сенімді серігің бола алады.

Дидары нұрлы дүние.
Н. Исабаев.
Дидары нұрлы, жүрегі нұрлы дүние,
Сүйемін сені күйіне, жаным сүйіне.
Әлемсің ғажап алуан тылсым сырымен,
Үйлесіп жатқан менің де көңіл - күйіме.

Мен кетсем кетем, сен бірақ мәңгі тірісің.
Өзіңді сүйген жүректің сазды жырысың.
Рахмет саған шаттығың үшін, мұң үшін,
Таза ауаң үшін, жайдары шуақ нұр үшін.

Сүрініп қалып, қиналып кейде жүрсем де,
Көңілім жақын, ықыласым менің бір сенде.
Сүйгенім үшін ақ пейіл адал жүрекпен
Сыйладың маған жақсылығыңмен жыр сен де.

Сақтады мені, өзіңнің дарқан пейілің,
Есімде талай саяңда құрған сейілім.
Қасіреті мол, қуанышы көл бұл өмір,
Сыйлады маған махаббат, бақыт, мейірім.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Адамның жүрегі қандай болса тілінен сондай сөз шығады

Адамның жүрегі қандай болса тілінен сондай сөз шығады

Ақкөңіл, сабырлы, даналығымен аты шыққан бір адам өмір сүреді. Оның кіріскен әрбір жұмыс сәтті аяқталатын. Барлығы құрметтеп, кеңес алу үшін оған жиі...
Өмір, адам, әлем, қызық, қанағат туралы ұлағатты сөздер

Өмір, адам, әлем, қызық, қанағат туралы ұлағатты сөздер

Бұ дүние көлеңкедей ойнайды: қусаң — қашар, қашсаң — сенен қалмайды. Жүсіп Баласағұни Елу - ердің жасы, жетпіс - оттың басы, сексен - шоқтың қасы....
Ғашықпын әрқашанда, Өмір, саған!

Ғашықпын әрқашанда, Өмір, саған!

Адам деген қызық. Өзіндегі бар затты бағаламай, өзінде жоқ затты ойлап, «соған қол жеткізбедім» деп үнемі мұңайып жүргені. Күндердің күнінде сол...
Өмір теңіз

Өмір теңіз

Атырау облысы, Исатай ауданы, Нарын селосы, жалпы білім беретін Нарын орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бөбек Есмағанбетова...
Өмір қымбатсың маған

Өмір қымбатсың маған

Алматы облысы, Жамбыл ауданы Үңгіртас орта мектебі өзін - өзі тану пәнінің мұғалімі Мұқанова Ләззәт...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×