Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы
Бала тәрбиесі – мәңгілік мәселе, әрі қиын, әрі күрделі үрдіс. Тіпті ол соғып тұрған жүрегің сияқты. Қоғамымыздың ертеңі, болашағы – бүгінгі жас ұрпақ. Әр халық өзінің тарихын жалғастыратын жас ұрпағын адалдыққа, еңбексүйгіштікке, шыншылдыққа үйретіп отырған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталатыны баршаға аян. Өркениетті елдер көшіне қосылуды мұрат тұтқан әрбір ұлт ұрпақ тәрбиесіне айрықша ден қояды. Өйткені бала – өміріңіздің жалғасы, ертеңі, жарқын болашағымыз, ел мен жердің иесі. Өсер ел бірінші кезекте ұрпағын ойлайды. Жас бала дүниеге келгенде – алға қойған арман – мақсаты болмайды.
Оны есіне салатын, ой туғызып, арманға жетелейтін – ата – ана, қоғамдық орта, дос – жаран, біздер үлкендер. Ең дұрысы баламен жақын қарым – қатынаста болу. Тәрбиелеу бір сөзбен ғана емес, немесе айтқанын істеу арқылы емес, жанұя мүшелерінің өзара сыйластығы, тума – туысқан, көрші – қолаңмен түсіністік сыйластықта болу, сөйлеу мәнерінің мәнді болуы. Бала – жанұя тәрбиесінің айнасы. Отбасы қоғамның алғашқы ұясы болғандықтан оны нығайту, тәрбиелік мәнін арттыру, сол қоғамның басты назарында болуы керек. Барлық өнеге отбасынан тарайды. Әр отбасы кішкене тәрбие мектебі болуы тиіс. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата – ананың табиғи құқығы әрі парызы. Ересектер тарапынан ұлттық, халықтық тәрбиеге баулу жетіспей жатады. Ана сүтімен бірге даритын, үлкенді сыйлап, ізет көрсету, кішіге қамқорлық жасау секілді асыл қасиеттерді дәріптеуде кемшілік тұстар көп. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы ағамыздың мына бір ұлағатты сөзіне құлақ салсақ, жаудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр.
«Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ әйелден қорқам, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып беретін әкенің азайып бара жатқанынан қорқам, үшіншісі дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді, үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке жоқ» деп мұңайған екен зиялы жан. Көптеген ата – аналар жеткіншек ұрпақтың тәрбиесімен жүйелі айналысудың орнына тиіп – қашып, барлық жүкті мектепке итере салады. Ал мектептен келген баланың күн ұзақ далада жүріп, көше бойының тәрбиесінде, әртүрлі ортада болатынын, жаңа достарының көмегінің нәтижесінде сорақы әдістерін қолымен жасайтыны жасырын емес. Ал бала тәрбиесі мұндай салғырттыққа, сылтау себеп іздестіруге төзбейді, оны дұрыс деңгейде жүргізу үшін кәсіптік білгірлігі, ата – аналардың мектеппен ынтымағы.
Сондықтан балаға ата – ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Бала отбасы жағдайында өмірдегі әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстауды, адамгершілік әліппесі: кішіпейіл болу, ізеттілік, сыйластық, үлкендермен және кішілермен қандай қарым – қатынаста болу сияқты тәжірибе жинақтайды. Моральдық жағынан азғындаған отбасында әдетте балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Бала ата – ана қамқорлығы мен, сүйіспеншілігін сезінбегендіктен ертеңгі күннің қуанышын жоғалта бастайды. Ал материалдық жағынан толыққанды жеткілікті отбасы – баланың кез – келген сұранысын сол мезетте қанағаттандыру арқылы, аламын деген нәрсені сөзге келмей сатып алып беруді бала тәрбиесіндегі міндетін орындаушылық деп түсінеді. Ал ол балалардың еңбек құнын сыйлауды білмейтін, арамтамақ, жалқаулар санын көбейтіп жатқанынан бейхабар болып қалады. Отбасында ананың сүтімен нәрленіп, ананың әлдиімен уілдеген бала әкенің рухымен қуат алуы тиіс.
Себебі әке – шаңырақ қорғаны, отбасын асыраушы, ақылшысы. Қазақ халық болып қалыптасқаннан әкені қорған, әкені пір санаған. Әке назары, әке мейірімі бала өмірінің бағдарын түзетуші құрал болған. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген халық даналығында. Сондықтан әр шаңырақ көтерілгенде от анасы әйел, от ағасы еріне құрметпен қарап, дүниеге келген сәбиге алып қорған әке екенін сезіндіре тәрбиелеу қажет. Сондықтан да отбасы тәрбие тірегі болады. Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы ата – ана, ата – анаға баладан жақын ешкім жоқ. Сондықтан баланың әдепті, арлы, азамат болып қалыптасуы отбасына тікелей байланысты. Тағы да Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзіне зер салсақ «Ұлттардың қасиеті – ұлт тілінде, дінінде, тарихы мен мәдениетінде, салт – дәстүрінде, олар жоғалса ұлт ұлт болудан қалады» деген ұлағатты пікірі бүгінгі ұрпаққа ой салуға тиісті. Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы сөз деп Абай атамыз айтқандай, тәрбие ұтымды болу үшін – күн ырғақ, өмір тәртібі дұрыс болуы керек. Алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя – мектеп. Иә, олардың алтынға балануы неліктен?... Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Өйткені отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамыта жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі, адамзаттық құндылықтары мен қоса жан – жақты жетілген, толысқан, өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын толыққанды адам етіп тәрбиелеп шығарады. Көзге көрінбейтін өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді жүректен – жүрекке үзбей жеткізу шебер тәлімгердің ғана қолынан келеді.
Ата – анасы тәрбиелі болса, адамдық ары биік азамат болады, ұстазы білімді болса – шәкіртінен озық ойлы азамат шығады. Ең басты тәрбие құралы – халықтық педагогика. Ғұлама ойшылдарды ақиық ақындарды, әділ билерді, шешендерді, ел қорғаған батырларды, халқын біріктірген хандарды, халқының тарихын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізе жырлаған жырауларды халық тәрбиелеген. «Еменді ій, иілетін кезінде, баланы тый, тыйылатын кезінде» дейді халық даналығында. Егер ата – ана баласын дұрыс тәрбиелемесе – қисық ағаш болып өседі. Сондықтан тәрбиенің негізі ата – ана, мектеп, қоғамдық орта болып – дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар – ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында адами қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.
Жалпы Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы №521 бұйрығымен бекітілді. Тәрбие тұжырымдамасының мақсаты – жас ұрпақты тәрбиелеу проблемаларына көңіл бөлуді күшейту. «Т. Ізтілеуов атындағы №29 қаза орта мектебі» мемлекеттік мекемесінде ата – аналар комитеті мен қатар ардагерлер кеңесі, әкелер кеңесі, ұлдар кеңесі, қыздар сырласу клубы құрылып, оқу жылы басталар сәтте жаңа жоспар мен алға атқарылатын жаңа міндеттер жүктейді. Жылына төрт рет әр тоқсанда жалпы мектептік ата – аналар жиналысы, жылына екі рет ата – аналар конференциясы, айына бір рет ата – аналар алдында педагогикалық оқулар, айына бір рет ашық есік күндері өткізіледі. Мектепте өткізілетін әрбір тәрбиелік шараларға айлық, онкүндік, апталық барысындағы тәрбие тәлімдеріне ата – ана ат салысады.
Әрбір сыныпта ата – ананың сабаққа қатысу кестесі жыл басында бекітіліп, сол кесте бойынша ата – ана мектеппен үздіксіз байланыста болады. Ата – анамен байланыс түрлері:
1. Сабаққа қатыстыру арқылы;
2. Үй аралау арқылы;
3. Байланыс дәптері мен хат жазысу арқылы;
4. Тәрбиелік шараларды бірлесіп өткізу арқылы;
5. Отбасылық сайыстар өткізу арқылы;
6. Ата – аналар жиналысын өткізу арқылы;
7. Қоғамдық сынып жетекшілер отырысы арқылы;
8. Педагогикалық оқулар өткізу арқылы;
9. Мерекелік күндері, демалыс, каникул уақыттарында мұғалімдер мен ата – аналардан беймезгіл уақытта оқушының бос жүруін болдырмау мақсатында кезекшілік рейдтер ұйымдастыру арқылы байланыста болады. Мектепте «Өзін – өзі басқару» орталығы, «Өнер» орталығы, «Жас ұрпақ», Ұлдар кеңесі мен «Қыздар сырласу» клубы интеллектуалдық танымдық білім сайыстарын, мәдени кештер, дөңгелек үстелдер, пікір сайыс, дебат, КТК бағдарламасы түрлі мәдени шараларды бір – бірімен ынтымақта, бәсекелестікте дамыта өткізуге дағдыланған.
Ата – ана, мектеп, оқушы үш тағаны берік болса, алынбайтын қамал жоқ. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер, бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Яғни тәрбиенің түпкі мақсаты – қоғамның нарықтық қарым – қатынасқа көшу кезінде саяси экономикалық және рухани дағдарыстарында жеңіп шыға алатын ізгілігі мен ХХІ ғасырды дамытушы, іскер, өмірге икемделген, жан – жақты, мәдениетті дара тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деп тұжырым жасаған. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында «Біздің балаларымыз ғалымдар, инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар, еңбеккерлер әртүрлі кәсіп иелері болады» деп келешек көк жиегіне көз тігеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл толу тұсында Қазақстан кемел жетістіктердің жасампаздық істерін төрткүл әлемге таныта білді. Кең байтақ, қазыналы, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ынтымақтың ордасы болған, Отанымыздың өркені дұрыс жайылуға тиісті. Тәрбиенің бастамасын бала жан ұядан алады. Отбасы әрбір бала үшін алтын бесік, сондықтан әрбір отбасы тәрбие тірегін осалдатпағаны абзал. Құрметті ата – ана, ұстаздар қауымы ұрпақ тәрбиесіне сергек қарау, серпінді тәрбие беру кезек күттірмес күн талабы.
Е. Байғұлиев.
Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы
- erjan8690
- 21 мам 2014
- 12871
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Ұрпақ тәрбиесінің тірегі отбасы
Ұқсас жаңалықтар:
Мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен отбасынының өзара әрекеттесу жағдайын ...
Серіктестік пен ынтымақтастық негізінде отбасы мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларға қойылатын біркелкі талаптармен біріңғай білім...Ата - аналар жиналысы
Отбасы мен мектептің өзара әрекетінің басты қызметтері мен міндеттері, отбасы мен мектептің өзара әрекетін ұйымдастыру жолдары туралы ақпарат беру,...Балабақша мен отбасы - бұл баланың өмір сүру ортасы
«Тәрбиелі - тәртіптің құлы, тәртіпті - елдің ұлы» деп, халық қаһарманы Б. Момышұлы айтқандай, еліміздің ертеңгі болашағы жас буынды имандылық пен...Отбасым - бақыт мекенім
Отбасым - менің жүрегім Отбасым - менің тірегім Отбасым – менің Отаным...Отбасы тәрбиесі
БҚО, Теректі ауданы, Приречный ЖОББМ, ІІ санатты математика-информатика пәндері мұғалімі Айшуаков Мерлан Адилович...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.