Сайтқа кіру Тіркелу

Менің Қазақстаным – менің болашағым

Сабақтың тақырыбы: Менің Қазақстаным – менің болашағым.
Сабақтың мақсаты: а) оқушыларға елін, жерін сүюді, қуатты, бай ел екендігін мақтан етуді, «Ата заң», «Конституция» ұғымы, қазіргі кездегі қолданысы жөнінде түсіндіре отырып, бүгінгі өмірмен байланыстыра білім беру;
ә) оқушылардың ой - өрісін, тіл байлығын, сөздік қорларын дамыту;
б) жан жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу;
Сабақтың көрнекілігі: ҚР - ның рәміздері, плакаттар, бүктеме.
Сабақ барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі.
II. Мұғалімнің кіріспе әңгімесі
- Балалар, сабағымызды халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен бастасақ.
«Түртіп алу» стратегиясы
Үш қатардан үш оқушы шығып, «Үш бақытым» өлеңінің бір-бір шумағын мәнерлеп оқиды. Қалғандары өлең жолдарындағы баршамызға ортақ қасиетті ұғымдарды түртіп алып отырады.
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Жасқанбай - ақ кел дағы от ал менен.
- Ал, балалар, өлең жолдарында баршамызға ортақ қандай ұғымдар бар екен?
«Топтастыру» әдісі
Халық қазақ, тәуелсіз, қонақжай
Тіл қазақ тілі, түркі тілдес тіл, ана тілі
Отан отбасы, туған жер, атамекен
- Халық, тіл, Отан туралы қандай мақал мәтелдер немесе тақпақ білесіңдер?
(Оқушылар тақпақтар, мақал мәтелдер айтады)
- Өте жақсы, балалар, олай болса біздің Отанымыз қалай аталады екен?
- Біздің Отанымыз Қазақстан.
- Қазақстан республикасы қай жылы өзінің тәуелсіздігін алды?
- 1991 жылы, 16 желтоқсанда.
- Әр мемлекеттің мемлекеттік рәміздері болады. Рәміздер еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
(ҚР мемлекеттік туының, елтаңбасының, әнұранының авторларын сұрау)
- Балалар, «болашақ» деген сөзді қалай түсінесіңдер? Болашақ деп, біз ертеңгі өмірімізді айтамыз. Біздің еліміздің болашағы – сендерсіңдер. Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы – «Менің Қазақстаным – менің болашағым». Балалар, теледидардан көріп, газет - журналдардан оқыдық, 30 - тамыз қандай мерекені тойладық?
- Ата заң күнін мерекеледік.
- Дұрыс айтасыңдар, Ата Заңымыздың қабылданғанына 14 жыл толғанын тойладық. Яғни, Конституция күні. Ал, енді сол «Заң» деген ұғымды қалай түсінесіңдер? (заң – тәртіп, ереже)
-«Конституция» деген сөз латын тілінен аударғанда «құрылым», «жарғы», «заң» деген мағынаны білдіреді. Кез келген мемлекеттің қалыптасқан тәртібі болады. Тіпті, әр отбасының белгілі қалыптасқан тәртібі болады. Яғни, Ата Заң - мемлекеттің қалыптасқан өмір сүру тәртібі. Ойлап қарасақ, «Ата Заң» деген атаудың өзі біздің табиғатымызға жақын, өйткені қазақта атадан үлкен адам жоқ., оның әрбір сөзі кейінгілер үшін заң болып есептелінеді. Ал, Конституция республикада қолданылатын барлық заңдардың атасы. Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда ең жоғарғы құндылық - Адам делінген. 6 жасқа толған бала 1 - қыркүйектен бастап, 11 жыл мектепте тегін білім алуға құқылы. Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Конституцияны, оның нормаларын пайдалана алады. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Отанымызды сүю, оның заңдарына бағыну, азаматтық жауапкершілікті сезіну – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Ата Заңның 1 - бөлім, 1 - бапта былай делінген: «Қазақстан құқықты, демократиялы, зайырлы мемлекет.» Демократия – еркіндік, зайырлы – мәдениетті деген ұғым. Яғни, Қазақстан – құқықты, өз еркіндігі бар мәдениетті мемлекет.
- Ұлыларды құрметтейтін халық болғандықтан, елімізде атын мақтанышпен атайтын Жұбан Молдағалиев атамыздың «Мен қазақпын» өлеңімен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтасақ.
Мен қазақпын, бір биік белеспін мен
Еуропа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын жетінші материктей
Бірақ барша адаммен тең өстім мен.
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім.
- Бәріміздің жүрегіміз отан деп соғып, Тәуелсіздік туы халқымыздың еркіндігін паш етіп желбірей берсін.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×