І. Сабақтың тақырыбы: Абылай хан - XVІІІ ғасырдағы қазақтың айбынды ханы.
ІІ. Сабақтың мақсаты: Абылай хан бейнесі арқылы сыни тұрғыдан оқу арқылы бабаларымыздың ерлігін бағалай білуге тәрбиелеу, сол арқылы еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру.
ІV. Сабақтың көрнекілігі: Абылай хан туралы слайд.
V. Сабақтың жүрісі:
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Абылай – үш жүздің басын қосқан данышпан хан, алып мемлекеттердің аузына іліктірмей елін сақтап қалған кемеңгер дипломант, жаумен айқаста жеңістің жолын таба білген көреген қолбасшы. Хан қазақ халқын тар жол, тайғақ кешулердің талайынан аман алып қалды.
Биыл – Абылай Ханның туғанына 300 жыл толады. Қазақ тарихында өшпес орны бар Абылай Ханның мерейін асқақтатуымыз керек. Егеменді ел болып, тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбіреткен шақта біз тамыры тереңде жатқан тарихымызды өзімізге де, өзгелерге де танытуға тиіспіз. Бүгінгі 8"В"сыныбында "Абылай хан - қазақтың XVІІІ ғасырдағы айбынды ханы" атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
БҮҮ стратегиясы бойынша
Білемін Білгім келеді Білдім
Абылай хан туралы не білеміз соны оқушылармен ақылдасып жазу.
Оқушылар Абылайдың бойындағы жағымды қасиеттерді атап шығады. Оқушылар 4 - топқа бөлінеді.
І. Топтық постер қорғау. Әр топқа Абылай ханның бойындағы негізгі қасиеттерді бөліп беру. Әр топ Абылайдың бір қасиетін ашып, қорғау керек. Осы қасиеті бойынша постер қорғау керек. Дайындалуға 5 - 10 мин уақыт беріледі.
1 - топқа Абылай хан айбында батыр
2 - топқа Абылай хан көреген саясаткер
3 - топқа Абылай хан ұлы хан
4 - топқа Абылай хан жаңашыл реформатор
Әр топ өз тақырыбын қорғайды, қалған 2 топ сұрақ қояды.
ІІ. "Болжау" стратегиясы.
Абылай хан туралы көптеген орыс ғалымдары, зерттеушілері, патша өкіметінің шенеуіктері, сонымен қатар қазақтың белгілі тұлғалары өз зерттеулерін арнаған. Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Абай Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды зерттеушілердің еңбектерін атап өтуге болады. Солардың бірімен танысайық. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Абылай хан туралы шежіресінен ” үзінді.
Оқушылар мәтіннің жалғасын өз ойлары арқылы жалғастырады, өз болжамдарын айтады.
"Қалдан Шеріннің Сәру деген інісін жорықта кез болып, Абылай өлтірген екен. Қалмақтан
шыққан Сына батыр Қалдан Шеріннен қашып, Абылайға келіп қорғалаған екен.
— Кісімді өзіме қайырып берсін! - дегенде, Абылай:
— Қолынан келгенін менен аямасын! - деп, бермей қалған екен.
Бұл туралы Қалдан Шерін қалмақтың өзінен басқа қоңтайжысы болсын, Аюке болсын, -
баршасына ат шаптырып, «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.
— Көктің астында, жердің үстінде Абылай бар болса, қоймасын, ұстап алыңдар! - деп,
және қалмақтың жайсаңдарына жарлық беріпті. - Абылайды тірі ұстап алып
келгендеріңе Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды қалың малсыз беремін! - деп.
Көкшетауда бүркіт салып жүргенінде, қалмақтың бір жайсаңы Абылайды ұстап алып
кетіпті, жанындағы жолдастары білмей қалыпты. «Абылайды тірі ұстап, алып келе
жатыр!» - деген соң, Қалдан Шерін жарлық қылыпты:
— Абылайды маған көрсетпей, жеті күн, жеті түн зынданға салыңдар, ас - су
бермеңдер, аш сақтаңдар! Сегізінші күн зынданнан шығарып, айдалаға бір ақбоз үй
тігіп, соның ішіне жалғыз қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып,
алып барып, қолына ұстата қойыңдар! Тобықтай тоң май қара суға ерімес. Ұрттап
жіберейін десе, аузына бармас. Қара болса, аяқтағы суға қолын салып жіберіп
майды аузына бір - ақ қағып қояр. Егер ақсүйек болса, аштан өліп бара жатса да,
майды керек қылмас! Мұны осылайша сынайық, - дейді. Ал балалар осыдан кейін не болды деп ойлайсыңдар? деді мұғалім.
Осыдан кейін оқушылар не болғаны туралы өз болжамдарын айтады.
Оқушылардың болжамдарын тыңдалғаннан кейін оқиғаның қалай аяқталғанын суреттейтін мәтінде оқиды: Ханының айтқан жарлығын айтқанынша қылып, зынданға салып, сегізінші күн дегенде, ақбоз үйдің ішіне жападан - жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суды ішіне тобықтай тоң май салып, апарып қолына ұстатты.
- Абылай суды ішіп еді, май не ерімеді, не аузына бармады.
Үрсем, кетпейтұғын неме едің, өпкенмен, келетұғын емессің ғой! - деп, қолындағы
аяқты, - Бар ендеше! - деп, аспанға бір - ақ атты дейді.
Көріп тұрған жігіт - желеңдер Қалдан Шерінге айта барды дейді.
- Мұның затында бір асылдық бар қу екен ғой! - дейді.
Мүғалім мәтінді әрі қарай жалғастырып, "Әрі қарай жоңғар қонтайшысы мынадай тапсырма беріп жатты: - Енді бір төрт жендет жалаңаш қылыш алып: «Ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды, сіздің мейманаңыз толды. Құдайдың сізге бұйрықты жазуы осы болды!» - деп, қылышпен шабуға дүрсе қоя беріңдер! Біреуіңнің астыңа тығылып, басын қорғаса, шауып, өлтіріп тастаңдар! Егер cap қасқа текеше қасқайғаннан қасқайып отырып қалса, шаппаңдар! Тағы қайтып келіңдер, не көргендеріңді айтып келіңдер!"
Ал балалар осыдан кейін не болды деп ойлайсыңдар? Сендердің болжамдарыңды тыңдайық" деді мұғалім. Әр топ өз болжамдарын айтады. Осыдан кейін мұғалім мәтіндегі оқиғаның шешемін айтады.
Қалдан Шеріннің айтқанын түгел орнына келтіріп, жендеттер жетіп барғанда, қаперіне
дәнеме келтірместен, қабағын қағып, жасқанбастан отыра берді дейді.
- Жүрегі тас па, мүйіз бе, түсі де қашпады! - десіп, айтысып келді дейді.
Қалдан Шерін тоқсан саркардасын жиып, бәрін өзінен артық жасап киіндіріп, бір үйдің іші лық тола қатар түзеп отырып, өзі орнында отырмай, көп саркарданың бірі есепті болып, бұлардың арасына кіріп отырды да:
- Абылайды осы үйге шақырып келіңдер, ешқайсың қағылып, орын бермеңдер! Қара
болса: «Бос жер - босаға ғой!» - деп, босағаның қасына, оттың басына, бала күндегі
отырып өскен жеріне отыра кетер! Ақсүйек болса, баса көктей жоғары өтіп, төрден
отырып, мені айтпай танып, сұрамай білер! - дейді.
Енді балалар осыдан кейін оқиға қалай өрбиді деп ойлайсыңдар? деп тағы да мұғалім сұрау береді. Оқушылар өзара ақылдасып, өз болжамдарын айта бастайды.
Бұлар мұнда ретін түзеп отырысып, Абылайды шақырып келіп, үйге кіргізгенде, жан -
жағына жалтақтап қарамастан, тақтың үсті бос тұрғанын көріп, тұпа - тура барып, таққа
мініп, Қалдан Шеріннің отыратұғын орнына отырды.
Ол тақтың үстінде қалмақтың табынатұғын тасы, хандарының Құдай деп сыйынатұғын
қуы болады екен де, оның қақ қасында Қалдан Шеріннің орны болады екен. Қалмақтар
Құдай болмысының қасына отырғанын ауырлап:
— Ол жерге неге отырасың?! - деп, қауқылдасты.
— Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. Оның құты қашты да, менің аруағым басты да, өз
орнында өзі отыра алмай, босып кетті. Енді бұл жерге мен отырмағанда, шайтан
отыра ма?! - дейді.
Қалмақтар біріне - бірі қарасып:
— Бұл сөзге не айтамыз? «Сөз тапқанға қолқа жоқ» - деген осы екен - ау! - десті"
Мұғалім мәтінді аяқтағаннан кейін оқушылардың көмегімен Абылай бейнесін жасайды.
ІІІ. Абылайдың үш арманын айту.
Мұғалім оқушыларға Абылайдың қандай үш арманы болған? деген сауал тастайды.
Оқушылар өзара ақылдасып өз ойларын айтады.
Мұғалім оқушылардың пікірін тыңдап боласын, мәтінді оқып, оқушылардың пікіремен Абылайдың арманын салыстырып, қорытындылайды.
Ұлы хан дүниеден өтер алдында қоштасуға келген Бұқар жырау: «Хан ием, не арманың бар?», – деп сұрайды. Абылай хан сонда: «Үш арманым бар. Біріншісі, менің елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емгізе алмадым. Екінші, менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді. Үшінші, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті», – деген екен
Абылай ханға арнау.
Ұлы Абылай хан алып ием,
Асқар таудай алып ең,
Қазағым деп жанып ең,
Қазағым деп налып ең,
Тосылғанда қалың ел,
Өзіңді - өзің танып ең,
Намыс өртеп жағып ең,
Ұлы Абылай, хан ием!
Қорғаным ең, бағым ең!
IV. Ой - толғаныс. Тәуелсіз қазақ елінің ұланынан атамыз Абылай ханға арнау.
Оқушылар эссе жазады.
V. Қорытынды:
Абылай бабаның аңсаған арманына да жеттік. Еліміз тәуелсіздік алды, басқа ұлыстармен теңесіп, көк туымызды желбіреттік. Біз бабалар өсиетін, аманатын ұмытқан жоқпыз. Олардың аруағына сиына отырып, істерін алға жалғастырып келеміз. Халқымыздың осындай біртуар ұлдарының бірі, тұңғыш президентіміз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Президентіміз басқа ұлттармен достық қарым - қатынасын нығайтып, дүние жүзі қазақтарының басын қосып, құрылтай өткізді. Бұл аталар дәстүріне адалдықты, сыйластықты білдіреді.
Қ. Р. Әнұранын орындау.
Абылай хан XVIIIғ. қазақтың айбынды ханы
- гулсим
- 3 мам 2014
- 12629
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Абылай хан қазақтың айбынды ханы
Ұқсас жаңалықтар:
Ай, Абылай, Абылай
Ай, Абылай, Абылай, Жеңбеген жауың қалмады-ау, Алмаған жерін аз қалды-ау....Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту
Ей, Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай....Төріңде жатып салмақтан
Ай, Абылай, Абылай! Қатын алма қарадан, Қара тумас сарадан. Қатын алсаң қарадан,...Абылай хан
Қазақ Ордасының ханы, Қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болған. Әбілмәмбет хан...Абылай хан тұсындағы қазақ хандығы
Сабақтың мақсаты: Білімділік: Қазақ халқының мақтанышы, Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау жолындағы Абылай ханның...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.