Өткізілген жері: Алмалы орта жалпы білім беретін мектебі
Қатысушылар: 9 - 11 класс оқушылары.
Жалпы көрермендер саны –
Қойылым барысы:
(Сахнаға Абыз бейнесіндегі қарт шығады.)
Абыз: - Қайран халқым! Қайран қазағым! Қара басынан гөрі қараша халқын биік қойған хандарым! Қара қылды қақ жарған билерім! Қаһарлы қалыппен халқын қорғаған баһадүр батырларым! Ғасырлар бойы бастарыңа не келіп, нелер өтпеді сендердің!
(Ұзақ толғанады.)
- Жәнібек пен Керейден,
Бастау алған қазағым!
Жетісуда Моғолдан,
Отау алған қазағым!
Есім салған ескі жол,
Еселенген қазағым!
Қасым салған қасқа жол,
Қаны тасқан қазағым!
Қалың жоңғар тұсында,
Ақ найзаның ұшында,
Кегі кеткен қазағым!
Абылай хан ел бастап,
Тура билер жол бастап,
Батырлары қол бастап,
Жауы жоңғар қалмақты,
Сетінеткен қазағым!
(Сахна жарығы жайлап сөне береді.)
І бөлім. «Абылай хан мен абыз билер»
(Сахна жарығы жанған кезде тақта отырған Абылай хан мен үш би кеңесіп отырады.)
Абылай: - Уа, ауызы дуалы аталар!
Үш ғасырда үш жүз болған аймағы,
Қазағымның бағы тағы байланды.
Етек - жеңі жиылмаған даласы,
Жоңғарлардың көз құртына айналды.
Жатқан кезде мамыражай маң тірлік,
Құмайына қырдан қоян шалдырып.
Қойға шапқан аш қасқырдай тал түсте,
Қалың жоңғар шапты естен тандырып!
Не істемек керек, бабалар?
Төле би: - Уа, Әйтеке! Жолың кіші болғанмен жасың үлкен емес пе? Не айтасың?
Әйтеке би: - Ел басына күн туса,
Қайтіп үнсіз қалайын?!
Жүрегімде кек тұнса,
Қайтіп үнсіз қалайын?!
Жігерін қайрап жұртымның,
Бір қадеге жарайын!
( Аз уақыт үнсіз қалады.)
Көрші қонған қоңсыға,
Ат сұраса, ат бергін.
Қыз сұраса, қыз бергін,
Мал сұраса, мал бергін,
Біреу емес, жүз бергін.
Ұлтарақтай болса да,
Жер сұраса, жауыңа,
Алды - артына қаратпай,
Алдаспанмен тап бергін!
Төле би: - Бәрекелді, данагөйім, жарадың! Ал, Қазыбегім! Сен ше? Сен не дейсің?
Қазыбек би: - Жау алдында тарылмаған тілім хан алдында қорынсын ба? Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген, айтарымды айтып қалам да!
(Аз - кем ойланады.)
- Біз, қазақ, мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Ешкімді ашындырмаған елміз,
Ешкімді басындырмаған елміз.
Ой менен сөз баққан елміз,
Найзаның басына үкі таққан елміз.
Ей, Абылай, жоңғарға айт,
Не сөз бағып, ұрысатын жерін айтсын,
Не қару алып, тұрысатын жерін айтсын!
Төле би: - Ойыңды ұқтым, Қазыбек! Олай болса, мен де хан алдында өз шешімімді айта кетейін.
(Толғана отырып, сөйлеп кетеді.)
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятты,
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені,
Ортасынан қуса игі!
- Абылай! Сен хан болсаң, ел қара. Қарадан шығып хан болғаның рас болса, қазақтың әйелдері ұл туғаны рас болса, халқыңның ел екені рас болса, көтер еңсеңді! Баста халқыңды! Қондыр атқа батырларыңды!
Абылай хан: - Даналарым - ай! Дұрыс жолды біле алмай отырғанда, дүдәмалдың бәрін қуып, бастар жолды тауып бердіңдер - ау! Міндім сертке, қондым атқа! Бөгенбай!
( Хан ордасына Бөгенбай батыр кіреді.)
Бөгенбай батыр: - Алдияр, хан ием!
Абылай хан: - Жина батырларды! Қондыр атқа! Қалың қалмаққа бет бұрамыз!
Бөгенбай батыр: - Құп, алдияр! (Жарық сөнеді.)
(Сахнада Абыз қайта шығады)
Абыз: - Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер?!
Қалмақ келді шошаңдап,
Қоқан шықты қоқаңдап,
Елім қайтіп күн көрер?!
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алар,» - демекші, қарсыдан қалмақ қысқанда, қоңсыдан Қоқан қыспақтап, қазақ тынысын тарылта бастады. Осы кезде Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан Ресей патшайымы Анна Иоановнаға көмек сұрап, екі биін жіберген болатын. Әлқисса, соған кезек берсек...
(Жарық сөнеді.)
ІІ бөлім. «Әбілқайыр елшілері Ресей патшайымының қабылдауында»
(Сахнада патша тағында отырған Ресей патшайымы қазақ елшілерін қабылдауда.)
1 - би: - Армысыз, ардақты патшайым!
2 - би; - Сізге қазақ ханы Әбілқайыр дұғай сәлем жолдады!
Патшайым: - Қазақтарды орналастырыңдар!
(Билерді көмекшілер үстелге орналастырады.)
Патшайым: - Иә, қазақтар, не жұмыспен келдіңіздер?
1 - би: - Аса мәртебелі патшайым! Өзіңізге де белгілі, қазақ халқы қазіргі таңда қиын халді басынан кешіріп отыр. Қалмақ пен Қоқан хандықтары кең - байтақ жерімізге көз алартып, жойқын жорықтар жасауда. Осыған орай, өзіңізге бас иіп, көмек сұрай келдік.
2 - би: - Сағы сынып, ер азды,
Жаны шығып, ел азды.
Құлазыған бел азды,
Нуы кетіп, жер азды,
Қуы кетіп, көл азды.
- Мәртебелі патшайым! Көмек ете көріңіз!
Патшайым: - Жағдайларыңызды түсінем, әрине! Бірақ, бұл бір адам шешетін шаруа емес. Сондықтан, біз ақылдасып, бір хабарын берерміз. Сіздер елдеріңізге қайта беріңіздер.
(қызметшіге қарап) Шығарып салыңыз!
(Сахна жарығы сөнеді.)
(Сахнада Абыз)
Абыз: - Содан бері де талай - талай су ақты, талай - талай жыл өтті, талай заман тарих қойнауына аттанды. Ақ патша қазақ жұртын түгел билеп, екі ғасыр тепкінің астына алды. Одан кейін ел басына келген коммунистер жетпіс жыл қазақ елін уысында ұстап, ұлт ретінде құртып жіберуге шақ қалды. Қолдан аштық жасап, ұлтты ұйыстырар зиялыларымызды сүт бетіндегі қаймақтай сыпырып алған да солар болатын. Сұрапыл соғыста да қасық қаны қалғанша шайқасып, батырлықтың нағыз үлгісін көрсеткен де қазақтар еді. КСРО атты алып елдің іргесі сөгілуіне түрткі болған әйгілі Желтоқсан оқиғасы еді. Қайрат, Ербол, Ләззаттарды қыршынынан қиған сол бір тарихи оқиға қалай басталып еді?!
(Сахна жарығы сөндіріледі)
ІІІ бөлім. «Желтоқсан ызғары және Қайрат»
(Сахна жарығы жанған кезде алыстан жастардың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұрған дауысы естіліп тұрады. Қолына жазуы бар плакаттар ұстаған бір топ жас сахнаға шығады. Орталарында Қайрат бар.)
1 - жас: - Әр халыққа өз көсемі керек!
2 - жас: - Қонаев қайтарылсын!
3 - жас: - Колбин, еліңе қайт!
Дауыс: - Жастар, тараңдар! Үйлеріңе қайтыңдар! Әйтпесе, әскер жіберіледі!
Қайрат: - Басшылар ел алдына шықсын! Шахановтан басқа ел үшін шырылдайтын адам бар ма? Біз өз сұрақтарымызға жауап алмай, ешқайда да бармаймыз!
(Осы кезде аласапыран басталып, сахнаға әскерилер шығады. Олар жастарды ұрып - соғып, қуалай бастайды. Жастардың шыңғырған, жылаған дауыстары естіледі. Сахна жарығы сөнеді.)
(Жарық жанған кезде сахнада тергеуші Қайраттан жауап алып жатады.)
Тергеуші: - Ал, декабрист - басурман, жауап бер! Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба?
Қайрат: - Мен ешкімді де өлтіргенім жоқ. Савицкийді танымаймын да!
Тергеуші: - Алдайсың, қанішер! Қане, айт шыныңды!
Қайрат: - Ешкімді өлтірмеген менен гөрі жазықсыз жастарды қан қақсатқан сендер қанішерсіңдер. Сендер нағыз қылмыскерсіңдер!
Тергеуші: - Ах, солай ма?! Ендеше, өз обалың өзіңе, иттің баласы! Тыңда өз үкіміңді!
(Сахна сыртынан дауыс үкім оқиды.)
Дауыс: - Үкім. Ұлтаралық араздықты қоздатқаны үшін және бұзақыларды алаңға бастап апарып, басқарғаны үшін,
Біртұтас Отанымыздағы халықтар достығына іріткі салмақ болғаны үшін Рысқұлбеков Қайрат ату жазасына кесілсін.
Тергеуші: - Сотталушы Рысқұлбеков, соңғы сөзіңізді айтыңыз!
Қайрат: - Жиырма бірде жасым бар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!
- Ел үшін құрбан болсам, арман бар ма?! Қош, мені мәпелеген ата - анам! Қош болыңдар, тай - құлындай тебіскен бауырларым! Қош бол, аяулы туған ел! Ақырғы құрбандығың мен - ақ болайын! Қош! (Жарық сөнеді.)
(Көңілді музыка жүріп, сахнаға бақытты жас бала жүгіріп шығады)
Бала: - Сүйінші! Сүйінші!
Қазағымның таңы атты!
Таңмен бірге бағы атты!
Тәуелсіздік ақ құсы,
Айнала ұш ҚАЗАҚТЫ!
Елбасымыз ел бастап,
Мойындаттық жан - жақты!
(Сахнаға қолдарына Елтаңба, Ту, Елбасы суретін, шар, гүл ұстаған балалар – бақытты жас ұрпақ шығады. Көңілді музыка ойнап тұрады.)
1 - бала: - Бақытты сенде бал буын,
Қолымда берік көк туым.
Танымал болған әлемге,
Жайнай бер, Қазақстаным!
2 - бала: - Отаным менің,
Отаның сенің.
Еңсесі биік,
Қазағым менің!
3 - бала: - Шалқарлы көлі,
Асқарлы белі.
Мейірбан, асқақ,
Қазақтың елі!
4 - бала: - Қиындық басқа салмасын,
Болмасын уайым, болмасын!
Тәуелсіз Қазақстаным,
Жасасын мәңгі, жасасын!
(Хор «Тәуелсіз Қазақстаным» әнін орындайды.)
(СОҢЫ)
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл
- Bolat80
- 18 ақпан 2013
- 4202
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл, желтоқсан
Ұқсас жаңалықтар:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құйрығы жоқ, жалы жоқ- Құлан қайтіп күн көрер?! Аяғы жоқ, қолы жоқ- Жылан қайтіп күн көрер!? Шыбын шықса жаз болып - Таздар қайтіп күн көрер?! Жалаң...Жәнібек батыр
Жәнібек Тархан Қошқарұлы, Шақшақ Жәнібек – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің қаһарманы. Орта жүз құрамындағы арғын...Мен - Қазақстанның болашағымын!
Мақсаты: Жас ұрпақты бейбітшілікті сақтауға және нығайтуға, өз Отанын сүюге, Отанымыздың саясатын қолдауға, ержүрек, адал, батыл болуға тәрбиелеу....Менің Отаным – Қазақстан
Атырау қаласы, Жалпы білім беретін №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Хасанова Галя Санахқызы...Желбірей түс, тәуелсіздік жалауы
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, «Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп» коммуналдық...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.