Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық жетістіктері

Тақырыбы: «Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық жетістіктеріндегі тәуелсіздіктің рөлі»

Мақсаты: Егемендік алған жылдардан бастап елдің өркендеу, даму кезеңдеріндегі толағай табыстарына арқау болған тәуелсіздікті құндылық ретінде танып, оны қастерлеуге тәрбиелеу. Халықтың әл-ауқатының жылдан-жылға дамуы мен ішкі-сыртқы саясаттағы болып жатқан жаңалықтардың барлығы азаттықтың арқасында екенін зердеге тоқи алуға баулу.
Көрнекілігі:
Слайдтар, плакаттар.
Барысы:
І. Әнұран.
ІІ. Топ басшысының рапорты.

ІІІ. Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Тәуелсіздік қасиетті де қастерлі ұғым. Ата-бабаларымыздың асыл арманы. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған күні өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп келгендей күй кештік. Одан бергі уақытта көптеген қиындықтар, экономикадағы дағдарыстар, жұмыссыздық, ауыл шаруашылығының күйреуі, кәсіпорындардың жаппай жабылуы - халқымыздың иығына зіл батпан ауыртпалықтарын артты. Түңіліп кете жаздап төзген халықпыз. Тәуелсіздікті аңсап, азаттық жолында қан төгіп, жанын қиған боздақтар арманы ақыры орындалып, көк түркінің ұрпағы еркіндік ауасымен тыныстағалы да 20 жыл. Осы аз мезгілде сан ғасыр әлемге әмірін жүргізген алып мемлекеттермен бой таластырып, биік мақсаттарға ұмтылуымыздың өзі әрине қызығарлық, әрі қызғанарлық. Бүгін біз Қазақстан кешегісі мен бүгініне шамамыз келгенше сапар шегетін боламыз. Сөз тізгінін оқушыларыма ұстатамын.

IV. Ақерке (жүргізуші):
Атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған әдептіліктен аспай, амандықтан бастайын әлқисамды. Армысыздар, алаштың азат елі. Азаттық тойы, Еркіндік тойы - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құтты болсын!

Иә, осы даталы күнді бүкіл республика көлемінде атап өтудеміз. Арнайы құрылған бағдарлама аясында әртүрлі тақырыпта берері мол игі шаралар ұйымдастырылуда. Бұған біздің білім ордасы да өз үлесін қосып жатыр. Осының нақты дәлелі ретінде бүгінгі сіздер мен біздің басымызды қосып отырған алқалы жиын - «Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық жетістіктеріндегі тәуелсіздіктің рөлі» атты дөңгелек үстел.
Бас қосудың басты мақсаты - елдің экономикасында және саяси өмірінде қол жеткен жетістіктердегі тәуелсіздігіміздің рөлін айқындау.

Алдымен дөңгелек үстелде тақырыпты талқыға салып, тарихтан шежіре шертіп, ой-пікірлерімен бөлісу үшін келген студия қонақтарын таныстырып өтейін. Саясатты саралап салиқалы сөз айтуға келген саясаттанушыларды дөңгелек үстел басына шақырайық. Төрлетіңіздер.
Еліміздің әл-ауқаты жайын жетесіне жеткізе жіктеп беретін экономистерді қарсы алайық. Жайғасыңыздар.
Ел мен жердің тарихын таратып, таныстыратын тарихшыларымызды қошаметпен шақырайық. Мереке құтты болсын.

Алғашқы сұрақ тарихшылар өздеріңізге.
Сұрақ:
1. Қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздігіне қалай жетті?

Айнар (тарихшы):
Алқалы жиынға жиналған баршаларыңызды ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап өтейін. Тарихы тереңнен тамыр алған ұлы ұлттың ұрпағы ретінде «тарих» абыздың даналық кітабын парақтай келе мынандай мәліметтер айтуға болады. Біз сонау XVIІІ-XIХ ғ. яғни 1730 ж. бастап 1917 ж. аралығында ақ патшаның бодандығында азап көрген елдің ұрпағымыз. Ақ патшаның қол астына енгендегі халқымыздың жалғыз мақсаты сыртқы жауларынан қорғану үшін одақтас табу еді.

XX ғ.дәлірек айтсақ, 1917 жылдан бастап Кеңестік үкіметтің құрамында болған Қазақстан өзінің азаттығы жолында қаншама қиындықтарды бастан кешті. Қылышынан қан тамған қызыл империя өзінің мүддесі үшін елімізді отарлауын аса бір әккі шеберлікпен жүргізгені ақиқатқа айналып отыр. Орыс үкіметі жеріміздің шұрайлысын тартып алып, тілімізді таптап, дінімізді қорлап, зиялы тұлғаларымызды жазықсыз жазалап, тізесін батыруын тыйған жоқ.

Наршын (тарихшы): Қоғамды реформалау 1985 жылы наурызда М.С.Горбачевтың билік басына келуімен басталған еді. Оның «қайта құру» идеясы сәтсіздікке ұшыраған тұста қоғамда «жариялылық» пайда болды. КОКП-ның басшылықтан шеттетілуі елді басқаруды әлсіретті, ұлттық қозғалыстардың дамуына әкеліп соқты. Д. А. Қонаевтың орнына Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы болып Г.Колбин сайланады. Кеңестік үкіметтің сұрқия саясатына бұрыннан бетер ызасы қайнаған қазақтың жастары бір үміт, бір күдікпен алаңға шығады.

Кеңес үкіметі өзінің қол астындағы елдердің ұлттық құндылықтарын бірте-бірте жойып, саясаттың салқыны есіп тұрған шақта, тоталитарлық режимнің тас құрсауын бұзу мүмкін еместей болғанда, шет елдік саясат сарапшылары демократиялық дүмпу бір шықса Кавказ елдері мен Балтық жағалауы елдерінен шығады деп болжам жасап жүргенде, Қазақстан жеріндегі Желтоқсан дүрбелеңі бұлтсыз күні найзағай ойнағандай әсер еткені белгілі. 1990 жылы маусымда Б.Ельциннің РКФСР-дің мемлекеттік егемендігін жариялап кеп жібергені КСРО-ны әлсіретпей қоймады.

Орталықтың нұсқауынан құтылуға ұмтыла отырып, басқа одақтас республикаларда өз тәуелсіздігін жариялап жатты. 1990 жылы сәуірде Қазақ Жоғары Кеңесінің отырысында Назарбаев Қазақ КСР Президенті лауазымына сайланады да, 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданады. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің заң жүзіндегі іргетасы іспетті.

Сұрақ:
Тәуелсіздік алған еліміз алғашқы қадамын қалай бастады?

Ұлар (саясаттанушы): 1991-1992 жылдар ҚР мемлекет ретінде саяси қалыптасу жылы болды десек қателеспейміз. Кеңестік үкіметтің саясаты халықтың қасіретіне айналған Семей ядролық полигонын жабу Жарлығын жариялау бүкіл әлемдік ядролық қарудан бас тартудың алғашқы қадамы болды. Жаһанда жаппай қарулану әрекеті жүріп жатқанда осы бір шешім дүниені дүр сілкіндіріп, әлемнің назарын Қазақстанға бұрды. 1991 жылы 29 тамызда Президент Назарбаев КСРО саяси басшылығының, Әскери өнеркәсіп кешенінің қарсылығына қарамастан, өзінің № 409-ыншы Жарлығымен Семей полигонын жапты. Қазақстан қуаты әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналынан бас тартатындығын жариялап, 1992 жылы 22 мамырда Лиссабон Хаттамасына қол қойды.

Жоғарыда айтып өткендей 1991-1992 жылдарда мемлекетіміз саяси сатыда бірталай белестерді бағындырды. Төрткүл дүние «қазақ» деген ұлттың барын жете түсіне алмай отырғанда қаны да жаны қазақ Тоқтар Әубәкіров 1992 жылы 2 қазанда ғарыштан бірақ шықты.
Осы жылы 2 наурызда еліміз БҰҰ мүшелікке қабылданады. 1 желтоқсанда бүкіл халықтық сайлау болып, онда Нұрсұлтан Әбішұлы басым дауыспен жеңіске жеткен еді.

Сұрақ:
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздің экономикалық ахуалы қандай жағдайда болды?

Минар (экономист): Тәуелсіздікке қолымыз жеткен жылы біз дүние есігін әлі ашпаған едік. Бірақ сол кездегі елдің тұрмысы туралы ата-анамыздан сұрап, газет-журнал мақалаларынан, қазіргі ақпарат айнасы - ғаламтордан іздейтін болсақ, елдің жағдай нашар болған. 1990-92 жылдары тоқырауға ұшыраған ел экономикасы жайлы мынаны айта аламын. Жұрт азын-аулақ айлық пен зейнетақыға қарап қалды. Тіпті оның өзі уақытында берілмейтін. КСРО ыдыраған кезде оның құрамындағы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өнеркәсіптер жаппай жабылып, халық тұтынатын тауарлар болмай, дүкен сөрелері қаңырап бос қалады. Өндіріс орындары жабылған соң халық жұмыссыз қалды. Қазір бізге осының бәрі ертегі секілді елестейді.
Ырыс (экономист): Қазақстан сол кездері КСРО-ның қол астындағы шикізат беруші артта қалған ел еді.

Ақерке (жүргізуші):
Халықтың басындағы сол жылдары болған қиындықтар жайында бүгінгі біздің бас қосуымызға арнайы шақырылған қонақтардан сұрап білсек. Сіздерді дөңгелек үстел басына шақырамын.

Сұрақ:
Тәуелсіздік алған жылдардағы халықтың жағдайы жайлы сіздер не айтасыздар?
Ата-аналардың жауаптары тыңдалады.

Ақерке (жүргізуші):
Бұл бір ғана біздің ауыл бойынша ғана келтірілген дәйектер. Ал бүкіл республикадағы ахуал бұдан да күрделі болған.

Сұрақ:
Еліміз осы тоқыраудан қалай шықты?

Аман (экономист): Әлемге әупірімдеп таныла бастаған тұста, яғни 1993 жылы мемлекетіміз үшін елеулі оқиға болды. Ол ел тарихында алтын әріппен жазылып қалатын атаулы күн. Өйткені дәл осы жылы Қазақстанның ұлттық валютасы -төл теңгесі шығарылды. Қазақстанның жаңа тарихи шежіресінде ұлттық валютаның енгізілгені шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. Нақ 1993 жылдың қарашасында біздің еліміз нағыз экономикалық және қаржылық тәуелсіздік алды. Теңгенің енгізілуімен бізде егемен мемлекеттің соңғы белгісі пайда болды.12 қарашада Президенттің Жарлығы жаряланады да 15 қарашада теңге алғаш рет айналымға түседі. Нағыз тәуелсіздік теңге айналымға кірген күннен басталады десем қателеспеймін.

Ырыс (экономист): Елбасының тікелей инициативасымен әкімшіл-әміршіл экономикадан нарықтық экономикаға, жабық елден ашық қоғам құруға кірісті. 1995 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін тікелей Президенттің қатысуымен 147 нарықтық заң қабылданды. Атап айтқанда «Жекешелендіру туралы», «Салық кодексі», «Орташа кәсіпорындар», «Жер туралы», «Меншік туралы» заңдары. Сол заңдардың арқасында ел экономикасы жекешелендірілді. Елге шетел инвестициясы кеңінен таралды. Инвестиция- пайда немесе табыс табу мақсатымен өз еліндегі не шет елдегі белгілі бір кәсіпорындарға, өнеркәсіпке, ауылшаруашылығына, құрылысқа күрделі қаржы капиталын жұмсау. Елімізге бірінші болып инвестиция құйған АҚШ. Алғашқы инвестиция мұнай саласына салынды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихында 122 миллиард доллардан астам қаржы тартылған.

Ақерке (жүргізуші):
Елбасы өзінің жыл сайынғы жолдауында, әр үндеуінде болашақ жастардың қолында дегенді жиі айтады. Елдің келешегі біздер екеніміз дау тудырмайды. Осында отырған оқушыларды күні ертең білікті экономист, көреген саясаткер боларына уақыт кепілдік берер. Ендеше болашақ саясаткерлер сіздерге сауал.

Сұрақ:
Еліміздің ішкі-сыртқы саясатын қаншалықты зерделеп, зерттедіңіздер?

Ерасыл (саясаттанушы): Қазақстанның өркендеп өрлеуі, ондағы ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру жауапкершілігі қазақ халқының мойнына жүктелетінін жалықпай айтылып келеді. Елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына шын мәнінде біздің ұлттың ұлылығы, төзімділігі өзек болуда. Мемлекетімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерін өзіміздің маңайымызға қалай топтастыруымыз керек деген мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ.

Біз ішкі реформаларымызды аса көп зардапсыз жүргізіп алдық. Әлемде қалыптасқан түсінік бойынша мемлекеттің толық егемендігін айқындайтын бес шартты белгісі болады.Олар халықаралық қоғамдастық тарапынан мемлекеттің жерін, шекарасын мойындау. Туды, Етаңбаны, Әнұранды бекіту, дипломатиялық егемендік, халықаралық саясатты тәуелсіз жүргізу мүмкіншілігі, әскери егемендік – агрессор шабылуын тойтару, өзіне және одақтасына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі, экономикалық егемендік – мемлекеттің өз күшімен өркендеуіне жеткілікті өндірісі және мәдени егемендігі болуы шарт.

Ал бізде бүгіндері осы талаптардың барлығы да бар. Біздің елді мекен еткен әр ұлттың дамуына жол ашық. Олардың тарихын, мәдениетін дамытуда 1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясының құрылуы үлкен рөл атқарып келеді. Мәжіліс депутаттығына осы ұйымнан 9 адам сайлана алу да өзге ұлт өкілдеріне деген біздің елдің ықыласының ерекше екендігін көрсетеді. Республика көлемінде әр ұлт пен ұлыстың бірлестіктері мен қоғамдастықтары бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап елбасының мақсаты мемлекетіміздегі бар халықтың тыныштығын, түсіністіктерін қамтамасыз ету еді.

Жанерке (саясаттанушы): Сыртқы саясатымыз да салмақты. Алыс жақын елдердің ешқайсысымен де алауыздығымыз жоқ. Егеменді мемлекет болған Қазақстан өзінің сыртқы саяси бағытын 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ға қабылданудан бастады. Осы жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтті. 2002 жылы 23-24 қазанда ІІ құрылтай рухани астанамыз саналатын Түркістан қаласында өтті, ІІІ құрылтай 2005 жылы 28-30 қыркүйекте Астанада болды. Сыртқы саясат көпсалалы сипатта дамуда. Тәуелсіз Қазақстан Республикасын дүниежүзінің 150-ден астам мемлекеті мойындап отыр.

1991 жылдың желтоқсан айынан бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан 50-ден аса мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен 850-ден аса келісімдерге, хаттамаларға, келісімшарт, меморандумдарға қол қойды. Шекаралық мәселелерді шеше отырып, Қазақстан Ресеймен, Қытаймен достық байланыстарын нығайтты.Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003, 2006, 2009 жылдары қатарынан үш бірдей құрылтайын өткізді. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан, Орталық Азия мемлекеттерінен және тұтас мұсылман әлеміндегі елдердің арасынан топ жарып, 2010 жылы 1 қаңтардан бастап ЕҚЫҰ-ға төрағалық миссиясын қолына алды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлемде қалыптасқан «созылмалы сырқаттардың» одан ары тереңдеуіне жорл бермей, мүмкін болса, оны жеңілдетуге ұмтылысымен де ерекшеленді. Мысалы - Армения мен Әзербайжан елдері арасындағы Таулы Қарабақ мәселесін реттеуге ықпал етуі, Шығыс Еуропадағы үш мемлекет - Беларусь, Украина және Молдова республикалары арасындағы кейбір өзекті мәселелердің шешім табуына ықпалы, төсекте басы, төскейде малы қосылған Қырғыз еліндегі ішкі саяси тұрақтылықтың жолға қойылуына ықпалы. 56 елдің басын қосқан Астана саммиті бұл мәртебелі міндетті сәтті қорытындылап берді.

Ақерке (жүргізуші):
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев таяуда өткен «Нұр Отан» ХДП 14 съезінде «Толық емес 5 жыл ішінде елдегі экономикалық жағдай 2 есеге ұлғайды»- дегенді айтып өтті.

Сұрақ:
Осы жайында, жалпы жаңа замандағы жандану, жаһандану жайы туралы жаңалықтарға тоқталсаңыздар.

Ырыс (экономист):
9 желтоқсанда Елбасының қатысуымен Онлайн режимінде жалпыұлттық телекөпір өтті. Ел экономикасындағы толағай табыстар сол жиында айтылды. Телекөпірдің беташарын Қостанай облысы ашса, алқалы жиынды Ақмола облысы аяқтады. Телекөпір барысында оннан аса өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосылды.

Ақерке (жүргізуші):
Қазақстан Республикасының 2012-2014 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы Заңы ақпарат беттерінде жарияланды.

Сұрақ:
Осы құжат жайында айтарларыңыз бар ма?

Минар (экономист):
Заң 24 баптан тұрады. 9 бапта 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының ең төменгі мөлшері-17439 теңге; мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері-8720 т; зейнетақының ең төменгі мқлшері-17491 теңге болатыны жазылған. 14 бапта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өңірлерде жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы; 15 бапта -«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыруға арналған қаражатты бөлу ҚР Үкіметінің шешімі негізінде айқындалатыны айтылған.

Ақерке (жүргізуші):
Еліміздің әр саласындағы жетістіктерін 1 сағат көлемінде айтып шығу мүмкін емес әрине. Дегенмен бүгін біз келешек ұрпақ санасына сіңіріп, парасатымен пайымдай алатын талай нәрсені талқыладық.
Бас қосуға келіп ой-толғаныстарыңызбен бөліскендеріңізге рахмет. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін мерейтойлық бір ауыз лебіздеріңізбен түйсеңіздер.
V. Сынып жетекшісінің қорытынды сөзі. Құттықтаулар.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Қазақстан шекарасы – ұлттық қауіпсіздік кепілі

Қазақстан шекарасы – ұлттық қауіпсіздік кепілі

Егемендік алған сонау 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы кезінде белгіленген шекараларымыз түгелдей ашық - шашық жатқан болатын....
Тәуелсіздік күні

Тәуелсіздік күні

16 желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті. Осының нәтижесінде 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан...
Теңгенің шығу тарихы

Теңгенің шығу тарихы

Арал индустриалды - техникалық колледжінің Нарықтық экономика негіздері пәнінің оқытушысы Аймурзаева Лаура...
Тәуелсіздік - ел тірегі

Тәуелсіздік - ел тірегі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп - гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Мейрманова Жансая Төленбекқызы...
1 желтоқсан - Тұңғыш Президенттің күні

1 желтоқсан - Тұңғыш Президенттің күні

Мақсаты: оқушыларға
тұңғыш президент туралы мәлімет беру; Н. Ә. Назарбаевқа арналған мұражайға сырттай саяхат жасау; президентті құрметтеуге, оны...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×